История начинается со Storypad.ru

Бір сәт, бар ғұмыр...

21 августа 2022, 13:52

Автордың ескертпелері:

1. Көзжақсым - Қазақ салты бойынша жеңгесі қайынысын, қайынсіңілін өз есімдерімен атамауы тиіс.

2. үй жігіттері - Жалшы жігіттерді Торғын бәйбіше осылай атады.

3. Кейкі батырдың салауаты - Ырысгүлдің өте жас кезінде естіген Кейкі батырдың салауатынан есінде қалған осы жолдар ғана. Салауат сөздерін жас қыз қалай естіді, солай жазылған.

4. "Әліпсін-ә, әлбасын-а..." - Кішкентай Ырысгүлдің әріптердің айтылуын қалай естігеніне негізделген.

5. "Ел басқарды құл-құтандар сайланып..." - Әкесін жоқтаған жас жігіттің жан айқайының жалғасы сақталмаған.

6. "мұжықтарының" - орыстың "мужик" деген сөзінен шыққан

7. бесік-кертпе - Бесіктегі сәбилерді атастыру

8. "шоқынды" - сол уақытта шашын өсірген қазақ жігіттерін халық осылай атайтын

9. "Қалмақ қырылсын!" - Сәтен әженің мәтелі

10. Саламат - ру аты

11. Кәрішал - ру аты

12. "Әубәкір ака, мына адалыңызды қараңызшы" - өзбектердің "адалыңыз" әйеліңіз деген мағынада

13. "Келің, айы!" - Бейтаныс әйелге айтылатын қаратпа сөз.

14. сүтірлек -  түрме күзетшісін халық осылай атайтын.

15. сом - Совет үкіметі кезіндегі қазақша ақша атауы.

16. "қара қатын!" - Ырысгүлдің таңқалғанда айтатын сөздері.

________________________________________________________________________________

Бір сәт - бар ғұмыр...

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді дәуірлер,замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға.

Мұқағали Мақатаев.

І бөлім

Туған үйге оралу.

Он үш жастағы жас қыз тәтті ұйқысынан қатты шошына оянып:

- Қап, ұйықтап қалыппын ғой, - деп дауыстап жібергенде жеңгесі Жібектің қатал түрі, жек көре қараған көзі есіне түсіп, орнынан шапшаң тұра бере жан-жағына қарап, түсі - не өңі екенін білмей бір сәт ойланып қалды. Өңі екеніне қуана соңғы екі-үш күнде болған уақиғаларды есіне түсірді. Осы екі-үш күнде өмірінің күрт өзгергеніне өзі де түсінбей қалған сияқты. Сағат таңертеңгі онға жақындап қалған болуы керек, бірақ күнделікті өмірінен тіпті басқаша тіршіліктің бар екенінің куәсі болып ойланып жатыр. Бұрын ерте тұрып шай қойып, шай жасау, жинау өзінің мойнында болса, мұнда апалары мен сіңілісінің ол шаруалармен жұмыстары жоқ. Бұл жұмыстар жалшы жігіттер мен әйелд ерінің үлесінде.

Жас қызды даладан естілген көңілді күлкілер еріксіз шақырып, далаға қалай тез шыққанын өзі де білмей қалды. Шіркін, қандай таза ауа десеңші! Даланың тап-таза ауасын кеудесін кере дем алған жас бойжеткен жан-жағына қызығып, қуана қарап тұр. Ауыл тірлігі түгілі, ауыл ауасы да тіпті өзгеше, өйткені мал тұратын қоралар үйден алыста, малға байланысты жабдықтар көрінбейді. Мал қораларынан шығатын иіс айналадағы ауаға кедергісі жоқ.

Қыздарға арналып бөлек тігілген киіз үйден шығып тұрған жас қыз жанындағы апалары мен сіңілісінің тұрып кеткенін байқамай қалыпты. Үлкен сегіз қанатты ақ киіз үйге көзі түскен бойжеткенге әкесі Сүйіндік байдың үйі құшағын жайып: «Келе ғой, қарашығым!» - дегендей ерекше сымбатымен жан-жағына марапаттана қарап тұрған сияқты.

Үлкен үйге жақынырақ тігілген ақ киіз үй байдың үлкен ұлы Бейсеннің отауы. Жақында үйленетін екінші ұлы Әлмағанбетке тігілген киіз үйде әзірше байдың үйленбеген төрт ұлдары орналасқан. Әріректе жалшы жігіттердің қараша үйлері көрінеді.

Көңілді ауыл көрінісі бойжеткенге қанат бітіргендей. Бір сәтке өзін осындай тіршілікте туғалы өмір сүргендей, таза ауыл жерінің құнарына шыққан көктем бәйшешегіндей сезініп тұр. Құрулы алтыбақанды көзі шалған бойжеткеннің қызыл шырайлы жүзіне күлкі жүгірді. Кешкі болатын ойын-сауықты көз алдына елестеткен жас қыз, көңілді шақтарды өткізген туыстарының өмірі мен өзінің күнделікті күйкі тірлікпен өткен балалық шағын салыстыра есіне алғанда, көңілін көлеңке басты. Женгесі Жібектің өзіне қойған құлаққа жағымды "Көзжақсым"(1) деген аты ерте тұрып, кеш жататын жас қызға тек үй тірлігін орындату үшін айтылатын сөз сияқты көрінетін. Күні бойы бітпейтін үй шаруасымен айналысып жүрген жеті жылы өмірдің ыстық суығына пісіртіп, ерте ержеткізді. Дегенмен, күндіз көрген қиналысын кешкі ас ішу кезінде алатын жылылық жас қыздың жүрегіндегі олқылықты толтыратын еді. Ағасы Күзембай күнделікті тірліктің тауқыметін орындай жүріп, қарындасына көңіл бөліп еркелетуге уақыт табатын. Атасы мен әжесінің жоқтығын күндіз ойлауға мұршасы жоқ, кешке аз уақыт ағасының мейіріміне бөленген жас қыз кешкі тамағын ішер-ішпесте шаршап төсегіне басы тисімен ұйқы құшағына кетіп, өсіп жатты.

Өмірге келген жас нәресте.

Күн жылынып жердің тоңы аздап ери бастаған, ұсақ малдардың бірен-сараңы ғана қоздап, лақтап әлі көк көріне қоймаған көктемнің алғашқы күндерінің бірі.

Сүйіндік байдың ауылы бүгін ерекше дайындық үстінде. Бай мен бәйбіше дүниеге келген сәбиінің тойын атап өтпек. Бәйбішенің қыздан бесінші көтерген құрсағы қап-қара шашы өсік туған кішкентай қыз Сүйіндік байдың оныншы баласы 1914 жылдың науырыз айының аяғында өмірге келді.

Қасапшылар тойға сойылатын жылқыны лезде жүйелеп тастады. Сойылған жылқының еті үлкен тай қазанға салынып, пісіріліп жатыр. Қазаннан бүйірлері томпиып шыққан ыстық бауырсақтарға көлемі үлкен бос ыдыстар тез толып, осы саланың майталман ақ жаулықты шеберлері өзара әзілдесе, қазіргі қалыпты өмірлеріне дән риза ошақ басындағылардың жұмыстары қыза түсті.

Мал бағу мен малдың күнделікті жұмыстарымен айналысатын ауыл адамдарына келін түсіру, қыз ұзату, нәрестелі болу, сүндетке отырғызу тойлары әрқашан көңілді мейрам. Жалшы жігіттер әрқайсысы өздеріне тиесілі үйреншікті жұмыстарын тез атқаруда.

Сүйіндік бай мен Торғын бәйбіше балаларымен ертеңгі болатын той мәселесін талқылау үшін жиналып, түскі астарын алдарына ала бергенде байдың ағасы Қуандық бәйбішесімен үйге кіріп келді. Таңертең ғана құтты болсын айтып кеткен ағасы мен жеңгесінің қайта келуі Сүйіндік байды таңдандырып, үйдегілермен бірге келгендерге аңтарыла қарады. Төрге шақырылған байдың ағасы мен жеңгесі дастарқанға жақындап, өздеріне құйылған шайларын асықпай ішіп, үй-ішінде белгісіз тыныштық орнады. Кенет жаңа туған нәрестенің жылаған нәзік дауысы жұмбақ тыныштықты бұзып, өзінің өмірде бар екенін отырғандардың естеріне салғандай болды. Дәл осы кезді күткендей Қуандық ақсақалдың бәйбішесі өзінің еркінен тыс әңгімесін тез бастап жіберді

- Шалымнан бұрын сөйлегенімді айыпқа бұйырмаңдар. Қайыным мен абысыныма үлкен қолқа салғалы келдік... - ойларындағы таудай мәселені асығыс бастаған Тиындық шалына қобалжи қарады. Айтылатын қиын әңгімені бастаған бәйібішесінің енді, өзі бітіргенін қалаған шалының қөзқарасын түсінген Тиындықты өзінің асығыс жасаған әрекеті айтарын одан әрі жалғастыруға мәжбүр етті.

- Күзембай балам ер бала болғандықтан, қартайған шағымызда шалымыз екеумізге шай кұйып беретін қыз керек. Бала көтеретін жастан кеткелі көп ойланып жүрмін. Жастау кезімде үмітімді үзбей аллаға сиынып жүруші едім, жасым келгелі жағдайымды түсіндім. Қайыным! Ағаң мен жеңгеңнің бетін қайтармай мына жаңа туған нәрестені бізге беріңдер. Қазақта туысқа бала ортақ деген мақал бар. Әуелі құдайдың, одан кейін біздікі болып бір бала ортамызда жүрсін. Өздерің шүкір құралақан емессіңдер балаларың бар, - айтатынын тез-тез айтып Торғын абысынына, Сүйіндік қайынысына, дастарқан басындағыларға қарап, қорқыныш пен үмітке толы көзімен отырғандарды шола сөзін бітірді. Күтпеген тосын талап бай мен бәйбішені, мәселені шешуге қатысы жоқ үйдегілерді ойландырып, үнсіздік орнады. Аз уақыт өтсе де, көпке созылғандай үнсіздікті Сүйіндік байдың қоңыр дауысы бұзды.

- Бұл, тілектеріңіз орынды. Құралақан емес екеніміз рас, Күзембайдың жалғыздығы мені де ойландырып жүретін. Сол олқылықты толтыратын кезең келген сияқты. Әуелі құдай бізге берді, енді сіздер ие болыңыздар, - шешімді сөзін түйіндеп Сүйіндік бай жас босанған әйелдерге ең қажет тамақ қаймағы алынбаған сүттен жасалынған майлы құрттың езбесіне сары май молырақ қосылып бірге қайнатылып дайындалған кұрт көже ішіп, терлеп қымтана оранып отырған бәйбішесіне қарады.

Байдың шешімімен келісе алмай Торғын іштей қиналуда. Қап-қара шашы өсік туып, жүкті болып жүргенде берекесі кетіп, жиі құсып қиналыңқырап туған жас нәрестесін біреуге беру ойында жоқ еді. Сүйіндік байдың ағасы мен жеңгесінің тосын өтінішіне іштей қарсы болса да, келісу керек екенін білетін Торғын жауап бере алмай отыр.

Бәйбішесінің бұл үнсіздігін Сүйіндік бай өзінің шешіміне қарсы пікірдей бағалап, қаттырақ жөтеліңкіреп дыбыс берді. Ұйқыдан шошып оянғандай болған Торғын ақсары жүзі күреңітіп, жүрегін сыздата ақырын ғана:

- Иә, сіздің шешіміңізбен келісу керек, - өз тарапынан айтылуға тиісті сөздерін әзер айтты.

Қайынысы мен абысын келінінің сөзін естісімен Тиындық көйлегінің етегіне пышылдап ұйықтап жатқан жаңа туған жас нәрестені салды да, біреу алып қоятындай тез-тез басып есікке беттеді. Қаттырақ қозғағанды сезген кішкентай, бір шөкім қып-қызыл бетін қыртыстана тыржитып қарлығыңқы дауысымен жылап жіберді. Тиындыққа жылаған жас нәрестенің дауысы ерекше әсер еткені сондай, көйлегінің етегін жоғарырақ көтере үйден атып шықты. Тиындық бәйбішенің бұл жұмысын ешкім түсінбей қалды. Бәрі қас-қағым сәтте болғандықтан Торғын не болғанын ойлайтын жағдайда емес еді.

Сөйтіп, тағдыры өте тез шешілген жаңа туған жас нәресте ана сүтін бір-ақ рет еміп, есімі де қойылмай өзінің болашақ үйіне, болашақ ата-анасына келді. Баланы етегінен алып кеудесіне қысыңқырап ұстаған Тиындық бәйбіше үйіне келген соң да қолын жіберер емес. Кеудесі қысылып, дем алуы қиын болып жылаған нәрестені жатқызғанда ғана кішкентай жылауын қойып тынышталды. Өзінің өрескел ісін сынаған Тиындық көп уақыт ойланып отыра берер еді, бала өзінің бар екенін білдіргендей қайтадан жылап, Тиындықты оятқандай болды. Нәрестенің жылағанын қарны ашқандықпен байланыстырған бәйбіше балаға не берерін білмей қатты састы. Сасқанынан үйдегі түйенің сүтін қасықпен аузына тамызды. Қақала-шашала сүтті жұтқан қызыл шақа нәресте шектері түйіліп қалғандай дыбыс шығарып, көзқарасы да өзгеріп кетті. Зәресі ұшқан Тиындық дереу баланың басын көтергісі келгенде, әлі қатаймаған нәрестенің мойыны кілт ете қалды. Қатты шар ете қалған кішкентайдың дауысымен бірге Тиындық та ышқына дауыстап жіберді. Не істерін білмей абыржып, баланың басын білегімен демеген бойы аспанға қарап аллаға жалбарынды. Білген аятымен жаратушыдан көмек сұрап, ышқына жылаған нәрестені көтеріп, үйдің ішінде олай-былай жүрді де қойды. Жылауын қоймаған нәрестенің мойынын өзінің жаулығымен таңған Тиындық көзінен жас парлап, құдайға жалбарынғаннан басқа амалы жоқ еді. Мойынының ауырғаны қойды ма, әлде шаршады ма әйтеуір, нәресте өксігі сиреп-сиреп ұйықтап кетті. Баланы жатқызған Тиындық кішкентай қызының бетіне қарап, манағы қызумен істеген жұмысын өзі де түсінбей, ой елегінен өткізіп отыр. Болар іс болды. Енді кішкентай қызының барын медеу тұтқан бәйбішенің көңілін қуаныш кернеп, денесі қызып сала берді. Емшегінен сүт шыққанын армандаған бәйбіше көйлегінің омырауындағы түймені ағытып төсін қанша уқалағанымен, емшегі сыр бермей кәрі терінің уқалаған жері қызарды да қойды. Талай жыл суалған емшектен сүт шығуы орындалмайтын арман екенін білетін Тиындық бәйбіше келешекке үміт артты. Аштан өлтірмейтініне сенімді оймен өзін-өзі құптап, кішкентай қызын түйенің сүтімен қоректендіруді жөн көрді. Түйенің сүті қою, қарны ашпайды. Тек балаға сүт ішкізу үшін емізік пен қолайлы ыдыс дайындау керек. Осы шешіміне қуанған Тиындық бәйібше көңілі көтеріліп, ұйықтап жатқан қызын мейірлене иіскеді. Ұмытылып кеткен сәби иісі Күзембайын туған уақытын есіне түсіріп, жас босанған әйелдің күйін кешті. Қызының есімі қойылмағаны есіне түсіп, кешке бәрі ақылдасып жақсы ат қоятындарын дауыстап айтып, ұйықтап жатқан нәрестемен сөйлесіп жүр. Баланың керек-жарақтарын дайындап жүріп күн түстен ауғанына біраз болғанын байқаған Тиындық шалының әлі келмегеніне алаңдап қалды. Кешке малды жайғастыруға келетіні көңілін тыныштандырып, өзіне тиесілі жұмыстарымен айналыса берді.

Кештете келген Қуандықтың қатыңқы қабағы Тиындыққа шалымен әңгімелесу артық екенін сездіріп, күнделікті үй жұмыстарын атқарып жүре берді. Кемпірінің бұл жүрісі одан сайын ашуын келтіріп, Қуандық сөзді өзі бастап Тиындықтан бүгінгі жасаған әрекетін түсіндіруін талап етті.

Баланы неге алып қашқанын өзі де білмеген Тиындық "үндемеген үйдей бәледен құтылады", деген қағидамен шалымен сөз таластырмады. Бәйбішесінің жауап бермегенін басқаша түсініп, ашуға бой алдырған Қуандық ілулі турған қамшыны ала бергенде, ұлы Күзембай кіріп келді. Әкесінің қамшымен шешесіне ұмтылғанын бірінші рет көрген ұлының қорқып жылаған дауысы қатты шықты. Қуандықтың қамшы ұстаған қолы көтеріле беріп, тұрып қалды. Сол кезде қатты шыққан дауыстан шошып кеткен кішкентай нәресте қосыла жылап анасын қорғаған сияқты болды. Екі қорғаушысы бар маралға шабуыл жасай алмаған кәрі арыстандай Қуандық қолындағы қамшысын лақтырып жіберіп, далаға шығып кетті.

Дереу аналы-балалы екеуі жылап жатқан кішкентай нәрестенің жанына келді. Бүгінгі маңызды жаңалығын баласына дастарқан басында салтанатты хабар ретінде жеткізу ойында болған Тиындық қазір қапелімде аузына сөз түспей, ұлына күлімдей қарап, кішкентай нәрестені ұсынды. Өмірі кіп-кішкентай баланы қолына ұстамақ түгілі жақыннан көрмеген Күзембай сәбиді қорқа қолына алды. Бір сәт жылауын қойған нәрестеге қуанып қараған ұлы:

-Әже, қайдан алдың? - Күзембайдың төтесінен қойған сұрағына жауабы дайын емес Тиындық бәйібіше кейін түсіндіруді жөн көріп, қарны ашып жылап жатқан нәрестені тамақтандыру үшін сүт дайындағанша қолындағы қарындасын ұстай тұруын өтінді. Құлатып алу қауыбы болмау үшін, орнынан тұрмай отырып ұстауын қатаң ескерткен анасы тез шығып кетті. Қайтадан жылап жатқан кішкентайға қарап отырған Күзембайға бұл жаңалық өте түсініксіз еді.

Қуандық үйінің бүгінгі кешкі асы ерекше болды. Кешкі асқа жақсы дайындалған Тиындық ас үстінде Қуандық пен Күзембайға кішкентайдың есімін қою керегін ескертіп еді, бүл ұсынысты Күзембай қуана құптады. Қуандық үндемегенімен, әрине, қарсы емес. Ойларын ортаға салып, біраз талқылап кішкентай қыз өмірде ырысты болып, үй-ішіне құт-береке әкелгенін қалаған жанашыр отбасы сәбидің атын «Ырысгүл» қойды.

Кішкентай Ырысгүлге Тиындық бәйбіше түйенің сүтін беріп жүрді. Қызының асқазанына түйенің қою сүті қалай әсер ететіні әжесінің ойына да келмейді, әйтеуір қызының тамағы тоқ болғанына мәз. Ырысгүлдің іші жиі кеуіп жылай береді. Атасының Торғынға еміздіріп алу жөніндегі ойына мүлдем қарсы Тиындық, ол үйге қарай қадам басқысы келмейді.

Ал, Торғын емшегінің сүтіне ие бола алмай, амалсыздан Күләндам келінінің бір жастағы қызы Бәтиманы емізіп жүрді. Бәтима екі ананың сүтін еміп, Ырысгүл түйенің сүтін ішіп өсіп жатты.

Қызы жақын жерде болса да, Торғын үшін алыста еді. Абысынын ренжітіп алудың қорқынышы, өзін-өзі тоқтатып жүрді. Бірақ, жүрегі сыздап есі-дерті кішкентай қызы болады да тұрады. Бірде қызын көргісі келгені сондай, орындалуға тиісті қағиданы мүлдем ойлағысы келмей, қайынағасының үйіне қарай жүрді. Ана жүрегі сезгендей үйге кіре бергенде қарлығыңқы жылаған таныс дауыс Торғынды өзіне шақырып жатты. Үйге жүгіре кірген Торғын бесіктегі жылап жатқан сәбиінің аузына омырауын ашып, емшегін сала қойды. Сондағы Торғынның сезімін тілмен жеткізуге болмайтын. Емшегінен сүт саулап сәбиінің аузына құйылып жатса, өзінің көзінен жас парлап бетін жуып жатты. О, шіркін!.. Дәл қазір Торғын үшін бақыт осы уақыты сияқты еді. Ұрлана келгені есінен шығып кеткені сонша, өзінің үйінде отырғандай емшегінен қылқылдата сүт жұтып жатқан қызының маңдайынан бой-бой болып аққан терді жаулығының ұшымен сүртіп, мейірлене қарап отыр. Көп соруға шамасы аз кішкентай таңдайы талғанша сорып шамалы дем алады, іле-шала емшектен айырылып қалатындай қайтадан жанталасып сора бастайды. Кішкентай асқазанын сүтке толтырған нәрестені ұйқы жеңді. Торғын қанша емшегін қызының аузына салғанымен оянбаған нәрестесін қимай бетіне қарап отырып, шелек толы суды үйге қоюға кірген абысынын байқаған жоқ.

Торғынды көрген Тиындықтың жүрегі зырқ етті. Дыбыстап қалуға өзін әзер тежеп, қолындағы шелегімен шегініп далаға шықты. Қызғаныштан жарылып кетуге аз-ақ қалған Тиындық бәйібіше шелегін жерге қойды. Өзі әрірек барып үйінің қабырғасына арқасын сүйеп, ақырын сырғанай отыра кетті. Осылай қанша уақыт отырғанын сезбеген Тиындық аяқ дыбысынан Торғын абысынының кетіп бара жатқанын көрді.

Сол күннен бастап Тиындықтан маза кетті. Шалына басқа жаққа көшу керектігін айтып, құлағына құя берді. Кемпірінің бұл ұсынысына келіспейтінін, тіпті бұл әңгімені естігісі келмейтінін ескерткен отағасына ең бастысы ойына ой салғанына өзіне ырза Тиындық, өскенше алып кету жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуге іштей дайын еді. Әйтеуір, бұл ойын келешекте іске асыратынына сенімді болып, осы шешіммен көңілін демдеді.

Өзгеріссіз бес жылдай уақыт өтті.

Бірде, даладан жылап келген қызын бәйек болып жұбатқан атасы мен әжесінің құшағына кірген Ырысгүл:

- Сүйіндік ата мұрныңның жуан жері маған тартқан деді. Неге?

- Ол атаң ойнап айтады, сен маған тартқансың, - атасы мұрнынан сүйіп, әжесі де мұны мақұлдап кішкентай Ырысгүлді құшақтарына алды. Бірақ, ішінен Сүйіндік атасының мұрнының үстінен сүйгенін жасырып, оның айтқаны өзіне ұнағанын сезген Ырысгүл атасы мен әжесіне өтірік жылағанын түсінді. Әйтеуір белгісіз бір күш сол жаққа барғыза беретін. Ал, Торғын бәйбішені көрсе жүрегі қатты соғушы еді. Бәйбішенің көзінен өзіне деген ерекше нұр, ыстық леп келетін сияқты. Есін біле бастаған Ырысгүл бес пен алты жас аралығында екі үйдің арасында жүріп өсті. Тиындық әжесі қанша қарсы болғанымен, ойынды сылтауратып Сүйіндік атасының үйіне бара беретін.

Байдың ауылының жылдағы мал үшін қыстаудан жайлауға көшетін уақыты келді. Ертемен тұрған көшпенділер тез арада шабадандарға үй жиһаздарын салып, буып-түйіп дайын болды. Жиі көшетін елдің адамдарына бұл жұмысты орындау қиын емес. Шабадан толы жүктер түйелерге тиелді. Кәрі аталар мен әжелер үшін, атқа мініп жүре алмайтын балалар үшін арнаулы қоршауымен түйелер дайын тұр.

Жылда інісімен бірге жайлауға көшетін Қуандыққа осы жолы Тиындық бәйбіше өзінің жорамалын дәлелдеп, қарсылығын айтып қоймай жүр. Ырысгүл көп уақытын Сүйіндік қайнысының үйінде өткізетінін, өсе келе шындықты білсе баланың көңілі басқаша болатынын, сондықтан іргені осы бастан аулақтату керектігін шалына жеткізе айтуда бар өнерін салып бақты. Ақыры Қуандық бұл дәлелге келісіп, құдай қаласа келесі жылы нақты шешім қабылдайтынын айтып Тиындықты тыныштандырды. Тиындыққа салса бірге болмау үшін биыл қыстауда қалып қояр еді, шалы келіспеген соң амалы жоқ көшуге дайындалып жүр. Асығып өз жұмысымен жүрген Тиындыққа жүгіріп келген Ырысгүл қоршауда балалармен бірге болғысы келетінін айтып, әжесінен жіберуін сұрап жалынуда. Осындай сұраныстан әбден мезі болған Тиындық келіскісі келмей, шалының жаңа ғана айтқан биыл соңғы жыл бірге болу жоспарын ескеріп, ұлықсатын берді. Қосымша ескерту айтқысы келіп қызын кідірткісі келген әжесінің сөзінің аяғын күтпей, Ырысгүл Сүйіндік атасының көшіне жүгіріп кетті. Қызының соңынан қарап тұрып, биылдан кейін Ырысгүліне ие бола алмайтынын түсінді. Келешекте болатын толғандыратын жайды ойлап, ой құшағында тұрған Тиындықты көштің дайындығын соңғы рет тексеріп жүрген жігіттің оқыс дауысы ойын бөліп, оған тезірек жауап бере алмай бөгеліңкіреген Қуандық ақсақалдың бәйбішесінің жауабын күтпей, жүктердің түйелерге тиелгенін, қоршауы бар түйенің де дайындығын көріп жігіт кетіп қалды. Дайын қоршауға қарт кісілер, балалар бөліне орналасты. Көш жүре түзеледі демекші, Қазыбай балалары ағайынды Қуандық пен Сүйіндіктің көштері Қызылорданың Тел көл қыстауынан Еспе-Нұра жайлауына бет алды.

Қазыбай бай балаларына еншіге мал басын бірдей бергенімен үлкен ұлы Қуандыққа тиесілі мал өспей, жаратушы бір ұлмен шектеді. Сүйіндікке бала санын артық беріп, малын көбейтіп, жаратушының берген несібесі ағайынды жігіттердің өмірден алған орындарын әртүрлі жасады.

«Қыс қысыл, жаз жазыл» - мақалының негізі қыстаудан жайлауға көшу кімге болса да көңілді өзгерістің дәлелі еді. Әсіресе, балалар үшін жайлау өмірі көшкендегі қоршаудан басталатын. Қоршаудан бір-бірін тыңдамай даурыға сөйлеген күлкі аралас бала дауыстары көш бойы сөнбей, қоршаудағы үлкендер түйелер теңселе басып жүре бастағанда ақырындап ұйқы құшағына кетіп қалғандарын білмей қалатын. Ұйқысы келмегендер үшін қоршау өмірдің рақат минуттары еді. Тәтті қиялдануға, бастан өткен көп уақиғаларды ой елегінен өткізуге немесе жай ғана жатуға әйтеуір, не қалайсың соған уақыт бар болатын.

Балалар дауыстары бәсеңсіп, кеубіреулерін теңселе басқан түйе жүрісі ұйқыларын келтіре бастаған. Кішкентай Ырысгүл де көзіне ұйқы тығылып қоршаудан басын шығарып қарап отырған. Кенет... күн сәулесіне шағылысқан бір затқа назары ауды. Алыстан көрінген зат жылт-жылт етіп, өзіне шақырып тұрды.

- Тоқтаңдар! - деп еркінен тыс айқай салған Ырысгүл тоқтамаған көшті тоқтатқысы келіп, одан сайын қатты айқайлап жылай бастады.

Көшті бастап келе жатқан жігіт атының басын тежей артына қарады. Тосын жағдайдың болмауын қатты қадағалаған көшбасшы жүк артқан алдыңғы түйелерді тоқтатып, өзі қоршауларға қарай атының басын асыға бұрды. Түйелер біртіндеп тоқтаған кезде, бәрі қоршаудан бастарын шығарып жан-жағына таңдана қарап жатыр. Көш бастаушы жігіт қоршаудағылардан жағалай сұрап, көшті тоқтатуға себепкер болған дауыс иесін нақты біле алмай, өктем дауыстап:

- Көштің тоқтауын талап етіп, айқайлап жылаған кім? - сұрағын ашулана қайталап жақындап келе жатқан жігіттің дауысы Ырысгүлді өзінің оқыс айқайынан ұялтып, әрі қорқытып қоршаудың ішіне бұға түсірді. Әр қоршаудан жауап ала алмаған жігіт бұларға да жақындады. Сұрағын сұсты дауыспен қайталаған көшбасшы Ырысгүл мен Зиба отырған қоршауға келді. Үндемей бұғып отырған Ырысгүлді Сүйіндік атасының кенже қызы Зибаның кінәлаған көзқарасы ұялтып, қоршаудан басын әзер шығара айқайлаған себебін ақырын естілер-естілмес көшбасшыға жеткізді.

Жігіт Ырысгүлдің көрсеткен жағына қарап, ештеңе көре алмаған соң, атының басын Торғын бәйбішенің қоршауына бұрды. Көш неге тоқтағанын біле алмай отырған бәйбішеге, Сүйіндік бай да атымен келіп жеткені осы екен. Көштің тоқтаған себебін көшбасшы жігіттен естіген бай алты жастағы баланың көңілі үшін көшті тоқтату, межелі жерге жетуге кедергі боларын ескеріп, көштің қозғалуын талап етті. Азырақ ойланған бәйбіше Сүйіндік байдан кішкентай Ырысгүлдің өзі барып көріп келуіне ұлықсат беруін өтінді. Көп уақыт кетпейтін бәйібешесінің дәлелді уәжімен келіскен бай, атының басын құрдасымен көш жөнекей болған әңгімесін жалғастыруға ықыластана бұрды.

Торғын бәйібішенің шешімін естіген жігіт кішкентай қызды қоршаудан түсіріп, жалтыраған затты өзі барып көріп келуіне ұлықсат етті. Қуанған Ырысгүл өзіне жұмбақ болып көрінген затты іздеуге кейін қарай жүгіріп кетті. Осы жер деп келгенімен, таба алмай біраз жүрді. Алыстан жалтырап көрінген зат елес қана болғандай, қанша іздегенімен көзіне түспеді. Күн сәулесімен шағылысып, қызықтыра жалтыраған затты іздеп жүрген Ырысгүл бәсеңдеу жалтыраған затты көріп, соған қарай ықылассыз жүрді. Жартысын топырақ басқан жасыл түсті дөңгелек затты қолымен аршып алғанда зат жалтырамай, іздегенін таппаған кішкентай қыз әжептәуір қабаржыды. Тауып алған затын мұқият қарағанымен жалтырағанын көре алмай, қолындағы затты жоғары көтеріп күнге тосып қарай салды. Күтпеген тосын өзгеріс!? Күннің жасыл болып көрінуі Ырысгүлді қанаттандырып, ерекше сезімге бөлеп жіберді. Бұрын байқалмаған қиялдың жетегінде ауылда аузын ашып таңқалған балалардың ортасында дөңгелек жасыл ғажап затын көрсетіп Ырысгүл тұрды. Көтеріңкі көңілдің әсері, тапқан жұмбақ заттың жасыл болып көрінуі қатты қуантып, табысының жалтырамай қалғанын уақытша ұмытқан кішкентай қыз тапқанын қолына қатты қыса ұстап, Торғын бәйбішенің қоршауына қарай жүгірді.

Қоршауынан түсіп өзіне қарсы келе жатқан бәйбішені көріп, көшті тоқтатқанына ұрысуға келе жатқанына сенімі мол оймен оған қобалжи қарады. Бәйбішенің мейірімге толы көзін көріп, қуанғанынан қолындағы затын оның қолына ұстата салды. Берген затынан бұрын бәйбішенің көзі қызының қан болған қолына түсті. Ырысгүлдің қан болған кішкентай қолынан сипап, шапанының жан қалтасынан алған бет орамалымен қолын орап берді. Сосын өзінің қолындағы Ырысгүл берген затқа назар салды. Сынған жасыл шыны бөтелкенің түбі, әдейілеп дөңгелентіп ыдыс үшін сындырылғандай екенін байқаған бәйбіше қызының табысының ерекшелігіне мән беріп, келешекте ойындарының бірінші ыдысы осы болар деген болжамын күлімдеп мейіріммен жеткізіп, Ырысгүлдің қолына тауып алған олжасын ұстатты. Тек, ойыншығын қатты қысып ұстамауын ескерту үшін қызының жүзіне қарағанда, оны алаңдатқан мәселенің барын байқап, Торғын бәйбіше ойыншығын қалай тапқанын сұрай қызын сөзге тартты. Ырысгүл жалтыраған затты көп іздеп таба алмағанын, жылтырағы назар аудартпайтын затты көріп, оны қолына алғанда тіпті жылтырамағанын, сол затпен күн жасыл болып көрінгенін көңілсіз айтты.

Қызын мазалаған мәселені енді түсінген бәйбіше, тапқан заттың ерекшелегіне тоқталды. Күннің сәулесі түскен шыны заты алыстан жарқырайтынын, жақыннан қарағанда ондай ерекшелік байқалмайтынын, шыны затының түсіне байланысты күн сәулесіне қандай түсті шынымен қарағанда күн сол түспен көрінетінін, шын мәнінде іздеген затын тапқанын айтып, маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп көшбасшы жігітті шақырды. Жігітке еріп қоршауына кетіп бара жатқан қызының соңынан қарап, жанында жүрген кішкентайын еркін құшағына ала-алмайтын бейбақ ана ауыр күрсініп, өзінің қоршауына келді.

Қоршаудағы орнына келген Ырысгүл тапқан табысын Зибаға көрсетіп, екеуі жаңа ойыншықты айналдыра қарап қызықтауда. Түйенің тербете қозғалған жүрісі екі кішкентай қызды тез ұйықтатып, орталарында жатқан жасыл бөтелкенің түбінің сынығы кейін балалар ойынының бірінші ыдысы болды.

Түйелер шөлге шыдамды болғандарымен ақырын жүрістерімен жол ұтылмай, ымырт үйіріле көшті тоқтатып, таңға дейін қонатын жер тағайындалды. Түйелердің жүктері алынып шөгерілді. Қоршауы бар түйелер қоршауымен шөгеріліп, жігіттер мен ер кісілерден басқалары қоршауда ұйықтауға келісілді. Жүрек жалғайтындай тамақтанып, бәрі түнгі демалысты қуана құптады.

Ашық аспанда ұйықтаудың өзіндік ерекшелігі көп. Тап-таза түнгі салқын ауа кеудеңді кере дем алғызып, біреулер тез ұйқы құшағына кетсе, біреулер ұйқысы ашылып, аспандағы жұлдыздарды қызықтауда. Ырысгүл қолындығы тапқан ойыншығының ойлы-қырлы жерлерін сипалап жатып, бүгінгі тапқан табысына дән риза. Ырысгүл мен Зиба мінген қоршауға жақын қоршаудағы Қорлан мен Бәтиманың әнгімелері тоқтаған. Қасында жатқан Зибаны құшақтап Ырысгүл де ұйқыға кетті.

...Ұйықтап жатқан Ырысгүл кеудесін ауыр зат басқандай қысылып оянды. Кеудесін басып жатқан не екенін түсінбей, қозғалуға дәрмені болмай бір сәт қаны басына шапшып, жүрегі аузынан шығып кететіндей жағдайда болды. Себебі, үстіндегі ауыр зат "жылан"-деген ой келгенде, есі шыққан кішкентай қыз қозғалыссыз сіресті да қалды. Қозғалмауды керек ететін саналы ой емес, қорыққанынан қозғала алмай қалды. Кенет үстіндегі сұп-суық ұзын зат судыраған дыбыс шығарып қозғалған сияқты. Кішкентай қыздың қорыққанын айтып жеткізу, тіпті қазіргі болғанды оймен сараптау мүмкін емес. Қозғалыссыз жатып қатып қалғаны сондай, демалысы да білінбей өлген адамдай болды. Өте қиын қалде жатқан шарасыз Ырысгүл кеудесіндегі сұп-суық заттың салмағы аздап азайып бара жатқанын сезді. Тұңғиыққа батып бара жатқанын еміс-еміс сезінген кішкентай қыз әрі қарай не болғанын білмеді. Белгісіз уақыттан кейін есін жиды. Өзінің жағдайын білу үшін қолын кеудесіне апарып, не басын көтеріп кеудесіне қарауға қорқып біраз жатты. Әйтеуір кеудесі бос, үстінде жатқан зілдей зат жоқ екенін түсінді. Өлім аузынан қалған Ырысгүл өзін-өзі күзетіп жатқандай көзін жұмып, қозғалуға да қорықты. Қоршау қозғалып, жиі-жиі түйенің ыңырсыған дауысын естігенде, не болғанын түсінбеген Ырысгүл жанындағыларды дыбыстап оятса, жылан қайтадан келетіндей қозғалыссыз жатып таңды атырды.

Ертемен тұрған үй жігіттерінің дауыстары естілгенде Ырысгүлдің жүрегі сонда ғана орнына түсті. Самауырға от салып шай жабдығымен жүрген әйелдердің дауыстары Ырысгүлге күш бергендей, қоршаудың ішінде дұрыстап созыла алмаған денесінің құрысып қалған жерлерін керіле қалпына келтіргендей болды.

Кенет:

- Ойбай-ау, мына түйе өліп қалыпты ғой! -деген ащы әйел дауысын естігенде түндегі үстінен өткен ұзын зат есіне түсіп, қалтырап зәресі ұшқан Ырысгүл атып тұрып қоршаудан жерге секіріп түсті.

Аузынан көбігі бұрқырап, көзі ұясынан шыға шөгерілген күйі бас жағының айналасындағы топырағы шашылып өліп жатқан Ырысгүлдер мінген қоршау тиелген түйенің жанына айналадағы естігендердің бәрі жүгіріп келді.

- О, тоба, бұған не болған? - деп көргендер жағаларын ұстап жатыр. Тұрғандардың ішінен біреуі:

- Мына түйені жылан шағыпты, -деп қатты айқайлап жібергенде не болғанын түсінген Ырысгүл дереу Торғын бәйбішеге айтуға жүгіре бергенде, қаттырақ шуылдаған дауыстарды естіп, Тиындық әжесі асыға басып қарсы келе жатыр екен. Түрі өзгеріп кеткен қызын көріп, шошына қолын жайған әжесінің құшағына кірген Ырысгүл ышқына өксіп жылап жіберді. Қызына бәйек болып, не болғанын сұрап, болған істі біреуден білгісі келіп жан-жағына қарады. Өксігін баса алмаған Ырысгүл не болғанын айта алмай тұр. Қызының өксіп сөйлей алмағанын өз жорамалымен Торғынды кінәлап, абысынының сыртынан біраз сөздер айтып үлгерді. Тиындық қызын құшағына қыса көтеріп Торғынды көзімен іздеп келе жатып, үлкен ұлы Бейсенмен сөйлесіп тұрған абысынын көрді. Ашудан көңіл-күйі қатты өзгерген Тиындық қызын көтерген күйі Торғынның жанына келе кінәлаған қөзқарасымен абысынын басынан аяғына дейін қарап жіберіп:

- Мына бала өксіп ештеме айта алмай тұр, түнде шамасы қатты қорыққан. Әрқайсың қоршауларыңда жатып алып ұйықтағансыңдар. Балама қарауды ешкім ойламаған - деп бір айтқанын қайталап тоқтайтын түрі жоқ. Торғын Тиындық абысынына таңдана қарады.

- Тұра тұрыңыз, әуелі не болғанын түсіндіріңіз, сонан соң кінәмізді айтыңыз! - манадан бері үндемей тұрған Бейсен еріксіз сөзге араласты. Бейсенге жауап берудің орнына Тиындық Торғынға ызғармен қарап, үндемегенін айтатын жауабының жоқтығындай бағалап абысынын көзімен атты. Торғын бұрынғыдай шыдамдылық көрсетпей Тиындыққа жек көре қарады. Екеуі арбасқан қөзқарастарымен бір-біріне қарап тұр. Екі абысынды айырып жібергісі келген Бейсен қаттырақ жөтеліп қалды, сол кезде Тиындықтың қінәлаған дауысы тағы шықты.

- Бала жылап, тіпті сөйлеуге шамасы жоқ, - деді басқа айтатын ештеңе жоқ екенін өзі де мойындағандай, бірақ сөзін әрі қарай жалғастыру керектігін түсінген Тиындық:

- Қызым өксіп жылап, ештеңе айтуға шамасы жоқ, - деп сөзін бітірді.

- Иә, оны естідік, содан кейін? - сұрақ қойған Бейсен екі қолын айқастыра тыңдауға әзір екенін білдірді. Не айтарын білмеген Тиындық:

- Баламды сендерге сеніп жіберсем... - дауысы манағыдай емес, бәсең естілді.

Сол кезде қаттырақ жүріспен келген үй жігіті Торғын бәйбішеге келіп:

- Сіздің кіші қыздарыңызға арналған қоршау тиелген түйені жылан шағып өліпті, - дей бергенде Тиындық:

- Ештеңе айта алмай тұрғаның сол екен ғой қарашығым, енді қорықпай айтшы не болғанын, жарығым? - деп Тиындық Ырысгүлдің бетінен сүйіп, айналып-толғанып жатыр.

Қалай болғанын көп сөзбен суреттеп жеткізе алмайтын кішкентай қыз:

- Түнде үстімнен ұзын ауыр жылан өтті, - бір-ақ сөйлеммен жеткізген хабар Бейсен мен жігіттің төбесінен суық су құйып жібергендей әсер етсе, екі ананың төбесінен жай түскендей ішектерін тартып тұра қалды.

Есін бұрын жиған Тиындық алуан түрлі сөз тізбектерін абысынына оқша жаудырды. Торғын қатты күрсіне Ырысгүлді құшағына алғысы келіп қолын соза бергенде, Тиындық қызын құшағына қыса артқа қарай екі-үш адыммен шегіне қалды. Енді ешқашан кішкентайын жолатпайтынын қолын сілтеп түсіндірген Тиындық, Ырысгүлді құшағына қыса өзінің қоршауына қарай тез бұрылды.

"Тазы ашуын тырнадан алады" демекші келе шалына тиіскен Тиындық:

- Жайлауда қайынымның үйімен бірге болғанымыздың алды-арты осы болады, - деп болған жайдың бояуын қалыңдата жеткізді. Бұл хабарды естіген шалының ойланып қалған түрін көріп:

- Сол түні қызымызды монтаны (жылан деген сөзді әдейі өзгерте айтып, қатер болатын жағдайды осылай жеткізді) шағып өліп кетсе, немесе шошымалы ауру болып қалса,.. - орнына келмейтін қауыптың болу мүмкіндігін отқа май құйғандай басымырақ айтты.

- Тамағыңды тезірек іше ғой Ырысгүлжан, қазір көш қозғалмай тұрып бүгінгі болған жайды Сүйіндік мырзаға айтып келейік, - деді Тиындық екпіндеп.

Үндемей тыңдап отырған Қуандық ойын сабырмен жеткізіп:

- Сен осы жолы көштің шырқын бұзбай ақылға келгенің жөн. Барып ойыңдағы ашуыңды айтқаныңмен қазір ештеңе өзгермейді. Сондықтан, ешқайда бармай тобаңа келіп, құдайға рахметіңді айт. Шүкір, балаң тірі. Торғынға айтатын өкпеңді айтыпсың. Ал, Сүйіндік мырзаңа айтатыныңды кейін жайлауда айтарсың. Мен осы жайлаудан кейін басқа жаққа көшуді дұрыс санап, нақты шешім қабылдап отырмын, - деді бәйбішесін көптен бері мазалап жүрген қауыпты ойынан оны біржола сейілтіп.

Көктен іздегені жерден табылған қуанышты хабарға Тиындық:

- Олай болса, әрине, кейін де айтуға болады, - деп кесесінде құюлы тұрған суып қалған шайын бал қосылғандай тамсана ұрттады.

Түн демалған көш жолға шықты. Жайлауға баратын жолдың азынан көбі қалса да, тыныққан көш көп шаршамай ағайынды Қуандық, Сүйіндік көштері жайлауына келіп жетті. Көш тоқтасымен ауылдың бәрі бірге жұмыла қимылдап, түйелерді тез шөгеріп жүктерді түсіруде.

Ауыл адамдары жаңа шыққан біркелкі көк шөпті басуға аяп, тұра қалып тап-таза шыны ауаны жұтып тұр. Шіркін, өзіндік ерекшелігі, қызығы мол жайлау өміріне не жетсін! Қылтиып шығып келе жатқан біркелкі көк, әлі ешкім баспағандықтан жаңа ғана тоқылған жасыл кілем сияқты көрінісіне көз тоймайды.

Ауыл қатар-қатар киіз үйлерін тігіп, бәрі қызу жұмыс үстінде. Үй жігіттерінің үйреншікті жұмыстары тез істеліп, енді мал союдың қамына кірісті. Жайлаудың кұрметі үшін сойылатын малға бата берген үлкендер енді, әңгіме - дүкен құрып, шариғат жолын айтып пікірлесуде. Ошақ басында жүрген әйелдердің көңілді күлкілерінен жайлаудағы алғашқы ас тез әзір болатыны байқалады. Үй тігу, ас әзірлеуде жұмыстары жоқ ойын балаларының бастары қосылып шуылдары біраз жерге естіліп жатыр. Ауыл қыстан аман-есен шыққан құрбандығына, әрі жайлаудың құрметіне арналған құдайы асын жеп, бір-біріне жайлаудағы қоныстарына оң болсын айтысып тарасты.

Малмен күнелтетін көшпелі ел тойларын тек жайлауда өткізетін. Сүйіндік байдың да көптен бері ойлап жүрген ойы екінші ұлы Әлмағанбетті үйлендіру. Айттырып қойған қалыңдығы үш ағайынды текті кісілердің қыздарының бірі. Болашақ құдалардың ер балалары баршылық. Қызығы әрқайсысында үш қыздан бар екен. Есімдері де ерекше: Айынжамал, Сақыпжамал, Бәдіғұшжамал; Шәмсібану, Шаһарбану, Паризаману; Гүлзада, Гүлжаһан, Гүлжауһар.

Осы қыздардың ішінде Шәмсібану Әлмағамбеттің қалыңдығы. Келін түсіру рәсімдерінің бәрін орындауға жағдайы бар Сүйіндік бай үшінші ұлы Есмағамбетті шақырып, той өткізу үшін керекті жабдықтар алу жөнінде нұсқаулар беріп, тез арада қалаға шығуды жүктеді.

Әдетте күздің суығы түспей тұрып малдарын мал базарына апарып сатып, тұрмысқа керек-жарақтар мен киім-кешек, азық-түлік алып келу сапарын халық «қалаға шығу» деп атайды. Көшпелі қазақтар үшін қалаға шығудың әр жанұяға өзіндік үлкен маңызы бар. Қалашыларды жанұяның әр мүшесі өзінше күтеді. Үй иесісі әйел азық-түлік таусылып қалашыларды асыға күтсе, балалар аздап болса да қантқа кенеліп, өрік-мейіз жеп қалатындарын ойлап күтеді. Ал, бойжетіп келе жатқан қыздардың қалашыларды күтулері ерекше. Себебі, бір жылға шақтап алынған иіс сабын, иіс сулары таусыла бастайды. Қалашылардың әкелген сыйлықтарын бір-біріне көрсетіп, өздерінше мәре-сәре болады.

Осындай қалаға шығу сапарын орындайтын байдың үшінші ұлы Есмағамбетке бұл тапсырманы орындау қиын емес. Сонда да тойға дайындалу ақылдасуды керек ететін жай болғандықтан, Есмағамбет Бейсен ағасына бірге баруды ұсынды. Інісінің ұсынысын тыңдаған Бейсен жанында отырғандарға бір рет қалаға шыққаны жөнінде айтқысы келіп сөзін бастады.

- Бір жылы қалаға шығатын уақытта Есмағамбет ауырып бара алмайтын болды. Үлкені мен болған соң қалаға шығу маған жүктелді. Жалшы жігіттердің көмегімен мал базарына қой малын айдап апарып өткіздік. Қойларымызды сатып алған өзбек ағайын дестеленген көп ақшаны менің алдыма қойып:

- Ака, санап алың, - деді. Мұндай көп ақшаны санаудың қиындығы қобалжытып, бірақ сыр білдірмеуге тырысып:

- Ака,.. өзің санай берің мен де пұл санау білемін, сен де білесің, саған сенбеймін бе, - деп ақшаны өзбектің алдына ысырып қойдым. Өзбек бұл ұсынысымды жуан қонышты қазақтың сыйлағаны деп түсініп:

- А, ака, олай болса бопты, - деп ақшаны санауға кірісті. Ал, мен қосылып санап отырған сыңай танытып көңіл қойып қарап отырдым. Өзбектің санап беріп кеткен ақшасын алып қалғаныммен көңілімдегі күдік ақшаның санының дұрыстығына көзім жеткенде ғана сейілді, - деп әнгімесін бітіріп тыңдаушылармен бірге күліп алған Бейсен:

- Серік болуға қалаған жігіттеріңді алып өзің бара бер, бұл шаруаны өзіңнен артық реттейтін ешкім жоқ, - деді.

Сонымен, тойға керек жабдықтар алу үшін тәжірибесі мол Есмағанбет бастаған қалашылар жол жүріп кетті. Бұл қала шығу мерзімінен ерте болса да туыс-туғандары, ағалары-інілері, жеңгесі, апа-қарындастары Есмағанбеттің сыйлықсыз келмейтінін біледі. Үй жігіттерінің әйелдері де өтініш-тапсырмаларын күтіп жүр. Сондықтан, ауылдың бәрі қалашыларды асыға күтеді. Әсіресе, қыздар жағының әңгімелері иіс су, иіс сабын төңірегінде болатын. Бәрі "Гүлжаһан" иіс суын іштей қалап, иісі көпке дейін сақталатын бұл иіс су бәріне ұнайтын еді.

Есмағанбет иіс су мен иіс сабыннан басқа қарындастарына қағаздан жасалған кішкене ыдысқа салынған ұн сияқты бірақ, ұннан да аппақ зат әкелуші еді. Бұл заттың не үшін қолданылатынын ешкім білмейтін. Сатып алған сыйлықтарға қосып қыздарға қажет дүние екенін дәлелдеп, сатушы осы затты беріпті. Содан бұл заттың не екенін білмеген қыздар жуылған көйлектері қоңыр құрғақ болып кепкенде, өздеріне белгісіз иісі жақсы ақ ұнтақты сеуіп көріп еді, таза көйлектеріне себілген ақ ұнтақтың иісі сіңіп, көйлектерінен жақсы иіс шығып тұрды. Бұл ашқан жаңалықтары бәріне ұнады.

Әкелінген сыйлықтардың ең қажеттісі иіс сабынмен Торғын бәйбіше қыздарының беттеріне ерте әжім түсіргісі келмей өзінің қамқор ойын ескерту ретінде айтып, беттерін сабынмен жиі жууға ұлықсат бермей жүрді. Бір жылға шақталып әкелінген қыздарға керекті заттар Бейсеннің қызы Бәтимадан басқаларына жетпей қалушы еді. Бәтима өзіне әкелінген сыйлықтарды өте үнемдеп жұмсайтын.

Күтіп жүрген қалашылар келді. Тойға керек жабдықтар әкелініп, күткендер сыйлықтарын алып, мәз болды. Бәрі тегіс бір киер киімдерін сандықтан шығарып, қыртыстары жазылу үшін далаға іліп, тойға дайындалуда.

Өз рәсімдерімен той өтті. Талдырмаш денелі, қараторы өңді, бет пішіні әдемі, жасыл мен сұр бояулардың қосындысы сияқты көздерімен күлімдеп, көп күміс теңгелермен, моншақтармен безендірілген басы көтере алмайтын сәукеле киген келін өз отауына келіп кірді. Жас келін Шәмсібану кұтты жеріне қонды. Кейін киім тігетін өнері бар Шәмсібану келін түскен еліне тігінші болып, ауылдың шешілмей жүрген мәселесі орнына келді.

Келінін қарсы алған Сүйіндік байдың үлкен ұлы Бейсеннің әйелі Күләндам қандай жағдайда болса да ешкімге дауысын көтеріп сөйлемейтін ерекше мінезімен танылған, оң жақта Сәтен анасының қатал тәртібімен өскен жас Күләндам келін болып басқа босағаға келгенде де, анасынан алған тәлім-тәрбиесін қалт жіберген жоқ. Анасының бір айтар қатал мінезіне қалыптасып бос әңгіме, бос сөзге үйір болмай өсті. Осындай үлгілі қыз келген жеріне ұнап, екі ел бұрынғыдан да жақын болып, аралас - -құралас өмірлері өтіп жатты. "Құда мың жылдық" деген мақал қазақтың сүйек жаңғырту рәсімін нығайта түсудің негізі болар. Жер шалғайлығынан сирек қатысатын құдалар көбінесе сүйек жаңғыртады. Ондағы ойлары әлі де араласып, бір-бірін ұмытпау. Оған негіз қыз беріп, қыз алысу. Осы екі елдің арасындағы бірінші құдалық Сүйіндік байдың Бейне атты апасы Күләндамның атасы Сәрсенбайға тұрмысқа шыққан. Содан бері қоян-қолтық араласқан екі ру екінші рет сүйек жаңғыртты. Осы айтылған жағдайдың куәгері Бейсен мен Күләндам.

Сүйіндік байдың екінші ұлының үйлену тойының өткеніне азғана уақыт өтті. Тұңғышына жүкті Күләндам сабырлы мінезінің арқасында ауырып жүргенін ешкімге білдірмей бағуда. Келіндердің күнделікті жұмыстарын атқарып, кешке төсегіне құлай жығылатын Күләндамның соңғы кезде ауырып жүргенін ешкім сезген жоқ. Кешеден бері белі аздап ауырып жүргеніне мән бермей, кешкі намазын оқып төсегіне жатты. Түн ортасында шырт ұйқыда жатқан Күләндам белінің бұрынғыдан қаттырақ ауырып жатқанын сезді. Басын көтеріп, жастықты арқа жағына салып керегеге сүйеніп отырды. Жаңағыдай емес белі ауырғаны қойып, тынышталған Күләндам қайтадан жастығын бас жағына салып қисайды. Таң ата толғағы жиілеп, қиналып жүрді. Күндіз күнімен осындай қиналыс екі күнге созылды. Сәтен шешесінің қиналысы көп толғағына ұқсас болған Күләндам үшінші күні таң ата әбден қажыды. Жанындағы күзетіп отырған әйелдер ұйықтап кетіпті. Әбден қиналып шаршаған Күләндам кенет қатты түзге отырғысы келіп, далаға тезірек шығуға асықты. Далаға шыға әрман қарай жүруге шамасы келмей, қой қораның есігіне әрең жетті. Қораға кіре бергенде қорданың үстіне нәресте түсіп қалғанын ғана біліп, көзі қараутып құлап бара жатты. Көздері жаңа ғана ілініп кеткен әйелдер жылаған баланың дауысынан шошып оянып, далаға жүгірді. Есінен танып құлаған Күләндам мен жас нәресте үйге жеткізіліп, Күләндам есін жиғаннан кейін бәрінің қуанышында шек жоқ. Сонымен, Сүйіндік байдың ұлдан туған бірінші немересі Бейсен мен Күләндамның тұнғышы қорданың үстіне дүниеге келіп "Қордабай" есімі берілді.

Сүйіндік бай тұңғыш немересіне арнаған тойын өткізіп, бай мен бәйбіше көңілдерін демдеді. Тойдан кейін Торғын бәйбіше жайланған көңіл-күймен өзінің үйінде өткенді еске алып, аз уақытқа жалғыз қалыпты. Бәйбішенің өмірінде осылай жалғыз болуы өте сирек кездесетін жай еді, және өзі де жалғыз қалғанды онша ұнатпайтын. Балалары, келіндері немесе ауылдың бір әйелі, жалшы жігіттер әйтеуір, жанында біреу болатын. Күнде біреуге бір нәрсе бергісі келіп тұратын дархан көңілді кеңпейіл бәйбіше жалғыз болып көрген жоқ. Торғын бәйбішемен әнгімелесіп шай ішкісі келмейтін бұл ауылда адам жоқ шығыр. Өткен тойдың жабдықтарын жинау жұмыстарымен айналысып, бәрінің қолы босамай дәл қазір бәйбішенің жалғыз отырып қалғаны содан еді. Белін жазып, киіз үйдің керегесіне сүйене үйдің ішін шола отырып, керегенің бастарына көзі түскен бәйбіше еріксіз жымиды, ол уақытта жылап еді.

Жаңа келін болып түскен уақытында болған осы уақиға өмірлік есінде қалып, жас келіншектің өмірге көзқарасын шұғыл өзгертті. Өзіне арналған қызықты той да, ойын да өтті. Жас келін үшін күнделікті үй тірліктері басталды. Келін болып түскен алғашқы күндерінде жас келінге өте қиын еді. Әрбір ісінің бәрі мінеліп, сыналып отыратын. Келін орындайтын жұмыстардың бірі табанан жабу үшін қиды жағып дайындалған Торғын жағылған қидың шоғын табаның үстіңгі бетіне шамадан тыс көп салып, нанның үстіңгі беті қап-қара болып күйіп кетіпті. Келінінің табадан күйік нанды алып жатқанын енесі көріп, нанды үлкен үйге әкеліп беруін талап етті. Енесінің айнымас талабын орындап, күйік нанды апарып берген Торғынның өзіне енесі нанның күйген жағын көрсетіп, керегенің басына ілдіріп қойды. Сол нан үлкен үйдің керегесінде көшкенге дейін ілулі тұрды. Енесі келген қонақтардың назарын аударып:

- Мынау Сүйіндік мырзаның әйелінің көмген наны, - деп отыратын. Неткен қаталдық!

Содан бастап жас Торғынның жүрегіне болашақ келіндеріне еш уақытта қысым көрсетпеу ойы мықтап орнады. Келін болып түскенде көрген қиыншылықтары бар және өзінің кісі аяғыш мінезі басым Торғын бәйбіше жаңа түскен келіндерді аяп, қамқор болып жүрді. Танымайтын елге жат жерге келіп, сол үйдың отымен кіріп, күлімен шығып, енесінің көңілінен орын алудың оңай емесін, өте жас қыздар үйлерінде балаша ойнап жүретін уақытында басқа босағаға келіп, сынға түсудің қиындығын білетін бәйбіше егер жас келіндерге істейтін ешқандай жақсылығы болмаса, онда жылы сөзбен көңілін жұбатып, балаға бергендей қолына түскен тәттісі болса жас келінге беруге әзір.

Ал, қыздарына үй жұмыстарын істетпейтін. «Сендердің қазандарың құрулы, самауырындарыңа су құюлы» дейтін. Олардың оң жақта жүретін аз уақытының бақытты күндері естерінде қалғанын қалап, ана жүрегі қыздарына осылай көмек бергісі келіп еді.

Күніне біреуге бірнәрсе бермесе өзін нашар сезінетін бәйбіше соғым сойылғанда етті шикілей, пісілей жалшы жігіттердің әйелдеріне беріп рақатқа бататын. Өзінің үйінің еті таусылғанда ұлдарының отауынан алып беріп жүрді. Қымыз құятын сабаның піспегін ешкімге ұстатпайтын бәйбішелердің піспек қолынан кетсе, айбыны кететіндей көретінін ешуақытта түсінген емес. Кейін кемеліне келген бәйбіше болғанда бұрынғы бәйбішелердің жасаған тәртібін ұстамады. Сабадағы қымыз тамақ үшін құрылған киіз үйде тұратын. Қымызды жақсы көретін үй жігіттері ағаштан жасалған үлкен сырлы тостағанға құйып алып далаға апарып ішетін. Жігіттер бұл жұмыстарын ешкім білмегенін қалап, май шамды жақпай қараңғыда қымыз құйып алудың қиындығынан сабадан әуелі меске құйып, местен ыдысқа құятын. Қараңғы киіз үйде ыдыс толғанын білмей:

- Шор еткеннен кетсе толғаны, шор еткен дыбыс бітсе толғаны, - деп бір-бірін асықтыра ыдыстарын толтырып алып далаға шығып қымыз ішетін ұрлықтарын білетін кең пейілді Торғын бәйбіше білмеген болушы еді. Үй жігіттерінің көрген қызықтары тек жеген тамақтарына ғана байланысты өмірлері жиі ойландырып, бұл істеріне кешіріммен қарайтын.

Осылай ой үстінде отырған бәйбішенің мал жайылатын өңірді ауыстыру туралы Сүйіндік баймен болған кешегі әңгімесі есіне түсіп, осы мәселе жөнінде үй жігіттеріне тапсырма беру үшін далаға шықты. Мал жайылатын жердің шөбі азайғанына алаңдап жүрген жігіттер бәйбішенің тапсырмасына қуана келісіп, ертемен көшуге дайыңдықты бастап кетті. Көшіп-қонудың мамандары ретінде, өз істерінің шеберлері болған жігіттер тез арада буынып-түйініп ертемен көшуге ауылды дайын етті.

Ерте жолға шыққан көш қоныс тебетін жерге жақындағанда иықтарында айырлары, тырнауыштары бар бір топ орыс әйелдеріне назары ауды. Айтып келе жатқан әндері көңілді күлкілерімен жалғасып, бір-бірін тыңдамай балдырлауда. Көшке жақындай келе дауыстары бәсеңдеп көшке, түйелерге таңқала қарап, әңгімелері осы төңіректе екені көрініп тұр.

Ал, көшпенділердің таңданысы, әйелдердің бәрінің кеудесі мен етегі екі түрлі матадан тігілген көйлектер кигені. Көштегілер бәрі бір ауыздан мата жетпеген ғой десіп жатыр. Сонда бір әйел:

- Құрақ көйлек кигенше маталары ұқсастары айырбастап дұрыс көйлек кимей ме, соған да мыйлары жетпеген ғой, - деп сылқ-сылқ күліп, өзінше әжептәуір бола қалды.

- Сен де білгішсінбей тұра тұршы, одан да еріндерін қараңдар қан ішкен тауықтар сияқты, және біреуі емес бәрінікі сондай, - деп маңызды жаңалық айтқандай жанындағы әйел ернін сылп еткізді. Екі жақ та бір-бірін жақыннан көргендіктен өзара міндерін айтып күлісетін әнгімелері жетерлік. Бірін-бірі тамашалаған көш пен шөп жинаушы орыс әйелдері қарама-қарсы жаққа қарай жүре бір-бірінен алыстай берді.

Жаңа қонысқа келіп жеткен ауыл бәрі жабыла үйлерін тігіп, кеш қараңғылығы түспей жайғасты. Ертеңіне шөбі көп шұрайлы жерде жайылған бай ауылының малдарының ішінде өрістен келе жатқан сауын сиырлардың сүт кернеген желіндері шөбі өсік жерлерге келгенде жерге сәл-ақ жетпей тұрған сияқты. Сол желіндерден сауылған сүттің майлылығының шегі жоқ. Сүттің бетінде жиналған қаймақтан азғана май шайқап үлгерген әйелдер тұздалмаған жас сары майды алақандарына салып бір жалап, алақандағы майды екінші алақанына аударып тағы жалап әңгіме құрған әйелдердің тақырыбы біреу-ақ.

- Неткен шұрайлы жер,

Неткен құнарлы жер!

Майдың дәмін айтсаңшы, - деп тамсануда.

Өткен ай бойы болған ыстық күндер, басталған тамыз айында да жалғасатын түрі бар. Ыстық ауа адамға да, малға да қиындық көрсетіп, күндіз күнімен өткір күн сәулесінен әбден қызған киіз үйлеріне кіре алмай, кешкі астарын ішіп алғаннан кейін, қас қарайып ымырт үйірілгенге дейін кешкі салқын ауамен демалатыны, ауыл адамдарының күнделікті әдеті болатын.

Ауылдан алысырақ тұрған малқора-жайды күндегі әдетімен малшы жігіт тексеріп үйіне қарай жүрді. Қой баққанда әрқашан еріп жүретін иті алдыңғы жаққа қарап үре түсті де, тың-тыңдағандай тұра қалып, көзін тігіп құлағын жоғары көтеріп, жер бауырлап жата қалды. Малшы жігіт итінің мына қылығына таң қала өзі де иті қараған жаққа қадала қарап тұр. Қанша қарағанымен ештеңе көрмеген жігіт итін шақырып кетуге ыңғайланды. Иті иесінің соңынан жүгірудің орнына жер бауырлап жатқан күйі жерге жабыса, құлағын тікірейтіп көзін қараған жағына бұрынғыдан да қадай түсті. Итінің бұл мінезі жігітті шынымен сескендіре бастады. Қасқыр туралы секем алған жігіттің бойын үрей билеп, тағы да иті үрген жаққа қарады. Бірақ қанша қарағанымен ештеңе көрмей не істерін білмей дағдарып тұр. Егер қасқырды сезсе, иті толассыз үруі керек еді. Итінің тың-тыңдаған жатысына қарағанда, басқа белгісіздік... жігітті шынымен қорқытты. Кенет иті атып тұрып, шабаланып үре бастады. Жігіт итінің үрген жағына қарап, өте алыстан екі жанған отты көргенде, ойына келген бірінші ой "Айдаһар" болды. Итіне де қарамай ауылға жан ұшыра жүгірген жігіт айқайлағанда дауысы шықпай, жиналған ауыл адамдарының жанына келіп, жаңағы екі от көрінген жаққа қарап қолын сілтей берді. Үйлеріне тарасуға ыңғайланғандар тез арада малшы жігіттің жанына шоғырланды. "Не болды?"- деген сұрақ жан-жағынан жауған кезде бейшара жігіт тағы келген жағын көрсетіп қолын сілтей берді. Бәрі жігіттің көрсеткен жағына қарап ештеңе көре алмай, жігіттің денсаулығына шүбә келтіріп, оған сезіктене қарады. Жайшылықта осы жігітті мазақ етіп жүретін екі әріптесі бұрын оның бәрін күлкіге кенелтетін істерінің жиі болғанын айтып, тұрғандарға мәліметтің шындығын жеткізгендей өзара бір-біріне қарап, даурыға күлді.

Өзін келемеждеп тұрған малшыларға ыза болған жігіт:

- Айдаһар, айдаһар келе жатыр! - деп айта алмай тұрған сөзін тез-тез айтып, көзі шарасынан шыға тұрғандарға жағалай қарады.

Қорқынышты хабарды естіген ауыл адамдары жігіттің көрсеткен жағына қарап, ештеңе көре алмағандықтан, бәрі жігітке жынның салқыны тиген деген тұжырымды ойда болды. Сол кезде малшының иті иесінің есі дұрыстығын дәлелдегендей малқора жақтан жүгіріп келіп, жігіт көрсеткен жаққа қарап үре бастады. Ізінше жер бауырлап жата қалып, кұлағын тікірейте көзін өзінің үрген жағына қадап толассыз шабалана үрді. Иттің мына қылығы таңдандырып, бәрін белгісіздік қобалжыта малқора жаққа тесіле қарап тұр. Кештің қараңғылығынан ештеңе көрінбей тұрғанын жиналғандардың біреуі айта бергенде, ит атып тұрып қатты үріп жіберді. Сол кезде бәрі екі оттың өздеріне қарай жылжып келе жатқанын көріп сілейіп тұрып қалды.

Манағы малшы жігітті келемеждеген жігіттердің біреуі бәрінің бір үйге кіріп, бірге болудан басқа амалдың жоқтығын дірілдеп асыға айтты. Алдымен басқа үйдегілерді шақырып, ақылдасуды ойластырған басқа бір кісі балаларды үйлерге жұмсады. Қас қағымда бәрі далаға шығып, бір жерге шоғырлана қалғандарын өздері де байқамай қалды. Бәрі бір сұмдықты сезгендей жүректері дүрсілдеп, тіл-ауыздан айырылды. Жұтуға келе жатқан айдаһардың әзірге екі көзі ғана көрініп тұрған қорқынышты жорамал шынға айналып, енді ауыл тұрғындары бастарына түскен өте қиын жағдайға сенбеудің қисыны жоғын түсінді. Жиналған жұртшылық дірілдеп-қалтырап іштерінен тілдерін кәлимаға келтіріп, кұдайдан айдаһардың басқа жаққа бұрылып кетуін сұраса, кейбіреулері аспанға қарап қолдарын жайып жаратушыдан күнәларын кешіруін сұрап жалбарынуда. Ауыл иттері жарқыраған екі отқа қарап, бәрі шабалана үріп тұр. Тұрғандардың үрейлерін алып, екі от ақырын ауылға жақындап келеді.

Сүйіндік бай ішінен қорқып, бірақ ауылдастарына басу айту өзінің парызы екенін түсініп:

- Алдын-ала даурықпаңдар, бұл оттың басқа себебі бар шығар, - деген байдың айтқан уәжіне, оған қарсы ойын айта алатын құрдасы:

- Сонда, енді бұл не? - деді сұрағына жауап ала алмайтынын білсе де.

Екі от жақындай келе, гүрілдеген дауыс естілді. Қорыққанға қос көрінеді демекші гүрілдеген дауыстың зор болып естілгені сондай, әрқайсысының ойында бір-ақ ой болды. "Шынымен айдаһар бізді жұтуға келе жатыр, бұған енді еш күмән жоқ".

Жиналғандардан біреу:

- Айдаһар деген жорамал дұрысқа шықты, мүмкін ертегідей бір қызды айдаһардың жолына байлау керек шығар? Оның сөзін ешкім тыңдаған жоқ. Бәрі жанталаса жақын тұрған киіз үйге таласып кіріп жатыр. Үйге кіре бір-бірін құшақтап жылап, бұл дүниемен қоштасып, біреуге жасаған қиянаттары болса сол адамнан кешірім сұрап, арыздасып жатыр. Әр қайсының толқынысын ешқандай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес жағдай орын алды. Қазір жарық дүниемен қоштасатындарын білген қандай ауыр. Ауырып өз ажалынан өлгеннің, мына өлімнен әлдеқайда артығын жан-дүниесімен сезген бейбақ жандар басқа түскенде ғана білетін өмір заңдылығын толық сезінді. Айдаһар өздерін жұтып сүйектерін бытырлатып жеп жатқан жантүршігерлік ой келгенде денелері тітіркеніп, құйқа тамырлары шымырлап, естері ауысып тұр. Гүрілдеген дауыс жақындап келе жатты. Алыстан көрінген екі от айдаһардың екі көзі екеніне енді ешкімнің күмәні болмады. Топтың ішінде айдаһар дегенге сенбей, неге жоруды білмей тұрғандар да басқаларға қосылып алақандарын аспанға қарап жайып, жалбарынып жаратушы алладан көмек сұрап, у-шу еңіреген дауыстарға қосылып кетті. Гүрілдеген дауыс жақындаған сайын, ауыл иттері қатты шабалана үріп қояр емес. Отырғандар білген аяттарын дауыстап оқып, құдайға жалбарынуда. Кейбіреулері құдайдан айдаһар жұтпай тұрып жандарын шығаруды сұрап жатыр.

Есіктің жабылғанын тексерген біреуі:

- Мана арамыздан ертегідей бір қызды ортамыздан шығару туралы ұсыныс болған, сол дұрыс шығар, - деп айналасына қарады. Оны қостағандар да болды.

Іле-шала өктем дауыс:

- Кім қызын айдаһарға құрбандыққа береді, айтыңдар? - деді. Үнсіздік...

Бұл орындалмайтын іс екені түсінікті еді. Жаңағы сұрақ қойған кісі:

- Егер келе жатқан шын айдаһар болса, неше қыз берсеңдер де қыздарыңды жұтқаннан кейін, өздеріңді жұтатыны анық. Сондықтан айдаһарды өлтіруді ойластырайық. Ол үшін қарулану керек! - мына сөз бәрін бір серпілтіп, күш-қуат қосылғандай болды. Ойға өте кеш келген бұл батылдықты іске асыру үшін үйлерінен қару әкелу керек. Далаға шығуды ойластыруға енді уақыт жоқ. Гүрілдеген дауыс тіпті жаққыннан естілді. Бәрі үнсіз, жүректерінің жанталасқан дүрсілі ғана өздеріне естіліп тұр. Отырғандар бір-біріне тығыз жақындап, қолдарының саусақтары тарақ тәрізді айқаса қалғандарын өздері білмей тұр. Бұрын бірін-бірі жек көретіндері, немесе атасы мен келіні екендері ешкімнің ойына келген жоқ, ойларында тек шыбын жандары ғана.

Гүрілдеген зор дауыс жақындап келіп күрт естілмей қалды. Иттердің шабалана үргендері тыныштықты бұзып тұр. Айдаһардың көзі сөніп қалғандай қап-қараңғы болды да, тарс ете қалған дауыстан кейін басқан аяқ дыбысы естілді. Басқа киіз үйлерге бармай адам иісін сезіп, айдаһардың екі аяғының дыбысы жақындап келіп, ауыл адамдары жиналған киіз үйдің қабырғасын сипағандай болды.

Қазір саудалары бітетінін білген соңғы ой бәріне бірдей келгені сондай, шапшаң бұйрық берілгендей бәрі біріне-бірі өте тығыз жақындап, тарақталған қолдар бір-бірін қатты қыса түсті. Кенет аяқ дыбысы әрірек кетті де, тағы айдаһардың көзі қайтадан жанғандай айнала жарық болып кетті. Қайтадан естілген аяқ дыбысы есікке жақындады. Есіктің алдына келіп тоқтаған дыбыс үн-түнсіз тұрып қалды. Сол кезде анасының алдында ұйықтап жатқан кішкентай сәби жылап жіберді. Емшегін тез баласының аузына салып үлгерген анасы ешнәрседен қабары жоқ төсіне жабысып мейірлене еміп жатқан баласын дірілдеген қолдарымен бауырына қыса түсті. Сәбидің дауысы басылысымен, есік қағыла бастады. Есік қағылған кезде, үйдегілердің ойы әртүрлі саққа жүгірді. Айдаһардың есік қақпайтыны белгілі. Сонда бұл не? Қағып-қағып жауап ала алмаған «белгісіз» үйдегілерге түсініксіз тілде сөйледі. Сол кезде жүрек шіркіндер қуаныштан жарылардай болып тулады дерсің.

Адам дауысы!!! Не деген құдіретті десеңші! Құлаққа қалай жағымды еді. Дауыстың мұндай құдіретіне бұрын кім мән берген? Адам дауысы! Кімнің?... тіпті жаудың дауысы болса да қандай қуаныш! Есікті ашудың орнына бірін-бірі құшақтап сүйіп, жылап бәрі бірауыздан:

- Жаратушы, бізді сақтағаныңа рақмет. Бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймыз, - деп айқайлауда.

Сыртта тұрған белгісіз жан есікті ұруын тоқтатып, тыңдап тұр. Оны да кенет естілген үйдегі шу таңдандырғаны белгілі. Шуы басылмайтын үйдің есігін тағы қаққан бейтаныс өз тілінде бірнәрсе айтып еді, Сүйіндік байдың төртінші ұлы Теңізбай:

- Ашыңдар, тезірек! Мына дауыс өзіміздің орыстың дауысы ғой, -

сол бұйрықты күткендей есікке жақын тұрған береуі есікті ашып жіберді. Айқара ашылған есіктен киіз үйге кірген даланың таза ауасы үйдегілердің тасып тұрған көңілін тіпті аспанға шығарды. Жарқыраған айдаһардың екі көзінің жарығы киіз үйдің ішін жап-жарық етіп жібергенде, үйдегілер қараңғы інге су құйғанда далаға шыққан аңдарға ұқсап, тезірек үйден шығып жатты. Бәрі өзара келіскендей келген бейтанысты қоршап тұра қалды.

Күлімдеген көгілдер көздерімен өзін қоршаған бейтаныстарға жағалай қараған бойшаң сары орыс бір нәрсе айтып, жауап күтіп тұр. Жаңа ғана сұмдық қорқынышты бастарынан өткізген ауыл адамдары орысқа қарап ыржалаңдап күле берді. Әрі не айтады, айдаһар туралы айтуды тілін білмейтін адамға қалай түсіндірсін.

Жауап ала алмаған қонақ өз тілінде тағы бірдеңелерді айтып, жол жақты көрсетіп, қолын сермеп, түсіндіріп әлек. Жаңа ғана өлім аузынан қалып, қуаныштың ыстығы басылмаған топ, бейтанысты түсініксіз қылықтарымен таңдантты.

Ол уақытта сол манайдың қазақтары орыс халқын түсіне қарап сары орыс және қара орыс деп екіге бөлетін. Сары орыс - сары шашты, ақсары келбетті, ал қара шашты, бет-пішіні дөрекілеу өздеріне белгісіз ұлт өкілін де орысқа жатқызып - қара орыс деді.

Сары орыс қазақтардың өзін түсінбегендерін біліп, ымдап түсіндіруге көшті. Алысқа қолын сермеп, машинасын көрсетіп, жолды көрсетіп, қосымша өз тілінде сөйлеп, еңбектеніп жатыр.

Теңізбайдың молда болғысы келіп, үй-ішінің келісімінсіз қашып кетіп қалада аздап оқығаны бар еді, сонда үйренген өте аз көлемдегі орыс тілі осы жолы пайдаға асты. Бейтаныстың ымдауымен, кейбір орыс сөздерін білетінін пайдаланып жолаушыны әзер түсінген Теңізбай ауылдастарына орыстың жағдайын айтып берді.

Оңтүстіктен Ресейге қауын алып келе жатқанда адасып, ауылдың оттарын, иттердің үргенін естіп бұрылған орыс түнде тынығуға рұқсат сұрағанын, таң ата ауыл тұрғындарынан өзін дұрыс жолға салып жіберуді өтінген тілегін жеткізді.

Сары орыстың жағдайын естігендер, бәрі бір ауыздан жолаушының қонып тынығуын қуана құптап, ертең жолды көрсетіп көмектерін аямайтындарын жандары қалмай ықыласпен айтып жатыр.

Енді айдаһар туралы сары орыстың білгенін қалап, жаңа ғана бастарынан өткен қорқыныш пен қуанышын бейтаныспен бөліскілері келіп, Теңізбайға қолқа салып жатқандар да бар.

Жаңағы болған жағдайды өзінің аз орысшасымен түсіндірудің қиындығынан бұл әңгімені кейін жалғастырудың дұрыстығын тұрғандарға ескертіп, одан да қазір шаршаған орысты тамақтандырып, тездетіп дем алғызу туралы Теңізбайдың ұсынысы мен орынды жауабын бәрі қош көрді.

Енді сары орыс Сүйіндік ауылының құрметті қонағы болды. Қонақты құрметтеп байдың ақ үйіне апарып, түн болса да алғашқы туған семіз қозыны сойып, бәрі жұмыла қонақты күтуге кірісті. Әп-сәтте қозының терісі түсіріліп, еті қазанға салынып, ауыл адамдарының көңіл күйіндей қазандықтағы оттың жалыны қазан толы етті аймалап құшағына алды.

Айдаһардың арандай ашқан аузынан жаңа ғана өлімнен қалған ауыл адамдарының қуанышында шек жоқ. Қонағасы дайындап жатқандардан басқалары далада жаңа ғана жандары қысылғанда не ойлап, не істегендерін айтып, бір-біріне сөз берер емес.

Сары орыс ауыл адамдарының бұл даурықпаларына түсінбегенімен, бір қызық тақырыпты талқылап жатқандарын көріп, Теңізбайдың жанына келіп не туралы айтып жатқандарын білгісі келетінін айтты. Сөзін бастай алмай біраз күліп алған Теңізбай шала орысшасымен жаңағы бастарынан кешіргендерін ұзақ түсіндіріп бақты. Теңізбайдың айтқандарынан не болғанын әзер ұққан сары орыс күлкіден тоқтай алмай көзінен жас аққанша күлді. Орыстың айдаһар туралы түсінгенін көрген ауыл адамдары қайтадан бәрі күлкіге кенелді. Бұл күлкі бәрі үшін бақытты, шат күлкі еді.

Көп күттірмей жас қозының былбыраған семіз еті де пісті. Дастарқан жайылып, бас тартылған сыйлы табақ сары орыстың алдына қойылды. Ауылдың жасы үлкен бір ақсақалы қолын жайып дастарқанға бата берді. Қазыбай әулетінің үлкені Қуандық ата еттен ауыз тиген соң, Сүйіндік бай сары орысқа қонақ асы салынған астауды көрсетіп тамақ алуын өтінді. Бәрі қозының былбыраған тәтті жас етін тамсана жеп, бір-біріне қарап күлімдесіп рақаттануда. Ет желініп болып, сорпа әкелінді. Үлкен сырлы тостағанға құйылған жас қозының майлы сорпасы алдымен қонаққа берілді. Сосын бәріне үлестіріліп, ошақ басындағы әйелдер де сорпа ішуге кірісті. Етке тойып алған сары орыс үлкен тостағандағы сорпаны тауыса алмай, міндетті түрде тауысу керек болса қалай тауысарын білмей қиналып, ойда отыр. Жанында отырған Теңізбай қонақтың мазасызданып отырған мәнін сұрап еді, сорпаны тауыса алмай, тауыспаса үй иесісін ренжітіп алуға қорқып отырғанын айтты. Үй толы ауыл адамдары қонақ қиналысын түсінгеннен кейін, тағы көңілді күлкіге жол берді.

- Ыдысы үлкен болса, өзі бұрын сорпаға үйренбеген болса, тауысу қайда? Әй, орыспысың... - деп бір-біріне қарап күліп, бастарын шайқап қояды. Сорпаны тауысу міндетті емесін естіп, қонақ көңілін демдеп ауыл адамдарымен қосыла күлді. Ет желініп, сорпа ішіліп болып дастарқанға бата тілеген көпшілік қолдарын жайып үлкендерге қарады. Қуандық ақсақалдың дастарқанға бата бергенін толықтырғандай, Торғын бәйбіше жаңа ғана бәрінің бастарынан өткен қызық естеліктің құрметіне бүгінгі қуанышты түнді ұзартып, қымыз немесе шай ішумен жалғастыруды ұсынды. Отырғандардың бәрі бәйбішемен келісіп, желпінуге далаға шықты.

Қонақ - орыс қауын тиеген машинасынан таңдап үлкен қауындарды ауыл адамдарының ортасына әкеліп, өзінің жағынан сыйларына сыймен жауап беріп жатыр. Қонақтың берген сары қауындары тұрғандардың бәрін тап бір сары алтындарды көргендей тамсантты. Қауындарын еттен бұрын бермеген сары орысқа кейбір қомағайлары сырттай өкпесін білдіргендерге, басқа біреулері қарсы ойларын айтып:

- Қауын тілімдерін үйіңе алып кетіп, ертең же. Айдаһар жұтып қойғанда жаңағы жеген етіңді де, енді жейтін қауындарыңды да көрмейтін едің, - деп тұрғандарды тағы бір күлдіріп алды.

Шамалы уақыт таза ауа жұтып, салқындаған ауыл адамдары көпшіліктің ұйғарымымен қымыз бен шайға рахметін айтып, мана Торғын бәйбішенің ұсынысына келіскендерімен, енді бәрі демалу керектігін сезінгендерін, әрі қонақтың ерте жолға шығатыны ескеріліп, тәтті қауынды жеп үйлеріне тарасты.

Ал, қонақ қауынның орнына қымыз ішті. Теңізбайға ертең балаларды машинасына мінгізіп қыдыртатынын, сосын жолға шығатын жоспарын айтып, ауыл адамдарын осы туралы ескертуін сұрады.

Әдейі қонақ үшін тігілген киіз үйге төсек салынып, ет пен қымызға тойып алған сары орыс ұйқы құшағына енді. Ұйқысы қанып тұрған қонақты байдың ақ үйінде дастарқанға төгілген жаңа ғана пісірілген ыстық бауырсақ, сексеуілдің шоғынан екі иығынан дем алып, шайдың ақырына дейін шуылдап тұратын самауырдың қаймағы алынбаған сүт қосылған қою шайы күтіп тұрды.

Шай ішіліп болғаннан кейін кешегі берген уәдесін орындау үшін тиелген қауындарды түсіріп, қонақ ауыл балаларын машинасының қорабына мінгізіп біраз уақыт қыдыртты. Машина жолсыз жермен жүргенде қораптағы балалар бір-біріне соғылып, соған мәз болып жатыр. Қораптың арт жағында отырғандар шаң-шаң беттеріне қарап, бірін-бірі мазақтауда. Машинамен қыдырған балаларға бүгінгі серуен, бұрын өздері байқамаған белгісіз сезімдер силағанын, шаң болған қуанышты жүздері айтып тұрды. Бұл сапарға қатысып, бірінші рет машинаға мінген Ырысгүл әжесі мен атасына алған әсерін қуана айтып, қояр емес.

Қонақ - сары орыс ауыл жігіттерінің көмегімен қайтадан қауындарды машинаға тиеп жолға шықты. Ресейге баратын жолды көрсеткен ауыл тұрғындары кездейсоқ қонақты ықыласпен шығарып салды. Сары орыс машинасына мініп, жолға түсіп жүріп кетті. Балалар да сары орысты қимай жаңа ғана көрген қызықтарын ойлап, кетіп бара жатқан машинаның соңынан жүгіруде. Беттерін шаң басқан балалар біртіндеп жүгірістерін азайтып, көздерімен машинаны шығарып салып тұр. Іштерінде кішкентай Ырысгүл да қимас көнілмен машинаның артынан қарауда. Ал, машина болса ауылдан алыстап-алыстап нүктеге айналып жоқ болды.

Жаңа заман

Октябрь революциясы жеңіп, елдегі болған өзгерісті жете түсінбеген қазақтар үшін белгісіз заман басталды. Қазақ даласында "белсенділер" деген атпен істері есімдеріне сай, тепсе темір үзетін жас жігіттер соңғы кезде көбейді. Бірде сондай топтар Сүйіндік ауылын да сырт қалдырмады. Не кінә тағылғаны белгісіз байдың үлкен ұлы Бейсенді іздеп жүр екен.

Торғын бәйбішеге хабар келгенде қапелімде не істерін білмеген бәйбіше жер ошақта жақында ғана өмірге келген немересінің тойының еті пісірілген тай қазан көзіне түсті. Бәйбіше үлкен ұлы Бейсенді төңкерулі жатқан қазанның астына жасырып үлгерді. Денесі барлау Бейсен қазанның астына әзер сиды. Төңкерулі қазан жер ошақтың үстінде болғандықтан Бейсенге аздап дем алатын ауа келіп тұрды.

Бейсеннің өзінің отауын тінтіп, белсенді қызыл жағалылар байдың үйіне келді. Есіктің алдында тұрған Торғын бәйбішеге аттың үстінде шірене отырған біреуі шамасы басшысы болуы керек зілдене сөйлеп:

- Бәйбіше, балаң қайда? Бізбен жүріп тексеру орнына барып жауап беруі керек, - деген бейтаныс басшының қойған ызғарлы сауалына қаймыға ақырын жауап беруге тырысқан бәйбіше:

- Жақында ғана жұмыстарымен қалаға кетті, әзір келмейді-ау шамасы, - дей бергенде қойларды қырқып жатқан қырықтықшыларға кетіп бара жатқан үй жігітінің жасөспірім баласы:

- Жаңағы әзірде көріп едім, сонда ол қашан кетіп қалған? - бала бәйбішеге таңдана қарады. Іздегенге сұраған дегендей белсенділерге де керегі осы еді. Қайдан көргенін, қашан көргенін қаталдықпен сұрақтарды жан-жақтан жаудырып, бәрі жас жігітті ортаға алды.

Торғын бәйбіше түсіндіруге тырысып:

- Бұл баланың есі дұрыс емес, ол бұрын көргенін бүгін көрдім немесе бүгін көрсе көрмегенін айтып, кейде әнгімеге еш қатысы жоқ жайлар айтады, - деген дәлелдеріне құлақ аспаған қызыл жағалылар жігітті енді қорқытып сұрай бастады. Бір нәрсені бүлдіргенін сезіп, дірілдеп төмен қарап тұрған жігітке басшы алара бір қарап:

- Бұның жауабын күтуге уақыт жоқ. Мына жігіттің айтуымен Бейсен жаңа ғана осында болған, знашит ешқайда кеткен жоқ. Алысқа ұзап қашып кетпей тұрғанда бүкіл жерді тінтіңдер! Сөздері өктем, қамшысымен бүйірін таянып аттың үстіндегі шіренген басшыға жақындаған бәйбіше тағы да оны келісімге шақырып:

- Мына есуас жігіттің бүгін көргені өтірік, ал бүгін көрген күнде де жолға шығу қиын емес, атқа мінеді де жолға шыға салады, - баласының жолға шыққанын дәлелдегісі келген бәйбішеге қараған басшы, оған тез жанынан кетуді бұйырғандай қолын сілтеп:

- Іздеңдер, тінтіңдер! - өктем дауысымен зілдене бұйыра атын тебініп қалып жүріп кетті. Ал, қатты қорыққан жігіт алды-артына қарамай қырықтықшылар жаққа құстай ұшты.

Белсенділер бұйрықты орындауды бірінші байдың өз үйінен бастады. Жиналған жүктің астан-кестенін шығарып, адам тығылуға болатын жердің бәрін қарап, басқа үйлердің де осылай берекесін кетіріп қарап жүр.

Басшы қайтып келгенде әлі бұйрығының орындалмағанын көрді. Атының үстінде шірене отырып, тұздығы күшті сөздерді боратып жіберген басшы жіті көзімен айналаны шолып тұр. Шегір көзімен жан-жағын тінте қарап, төңкерулі үлкен тай қазанға көзі түсті.

Далада жаратушы алладан көмек сұрап, ішінен білген аятын қайталап тұрған Торғын бәйбіше аттың үстіндегі басшының көзі төнкерулі қазанға түскенін байқағанда, жүрегінің дүрсіліне ие бола алмаған байғұс ана жан ұшыра қой қырқып жатқандарға жүгірді.

Сол кезде қызыл жағалылардың екеуі келіп, өздеріне бөлінген үйлерді тексергенін, бірақ өкінішке орай айтатын жаңалық жоқ екенін мәлімдеді. Басшысы ызғарлы шегір көздерімен өздерін жеп жібере қарағанда, әскери тәртіппен хабарлауды ұмытқан екеуі қорыққандарынан жерге кіріп кетердей болып төмен қарады .

- Басқаларың қайда, олар не бітірді? Кілең бозөкпелер, - деді ақырып. Басшының келгенін көріп, қалғандары екі-екіден әр үйден шығып, бұрыш-бұрыштың бәрін мұқият тінткендерін, бірақ іздегендерін таппағандарын әскери тәртіппен басшыға баяндауға кірісті.

Басшының ызғарлы көздері ежірейе бәрін жақсылап бір сыбап алып, қолымен тай қазанды көрсете бергенде, тұрғандардың бәрі күтпеген уақиғаның куәгері болды. Торғын бәйбіше тырдай жалаңаш денесіне түйенің жабуын жапқан, Бейсенді бүгін көрдім деген жігітті алып келе жатты. Белсенділер және сол маңайда болған ауыл адамдары бұл жағдайды неге жоруларын білмей аңтарылып тұр. Бәйбіше белсенділерге жақындай келе, аттың үстіндегі басшысына қарап:

- Бұл жігіттің есі дұрыс емесін айтып едім. Сөзімнің шындығын дәлелдеуге жігітті іздеп барсам, тырдай жалаңаш киімсіз жүр екен. Үстіне жабу жауып әкелдім. Есі дұрыс болса мынадай жағдайда болар ма еді?

"Жігітім, шын жындысың ба әлде...?" бәйбішенің мәліметін тексеру үшін басшы жартылай жалаңаш тұрған жігіттің көзіне шегір көзін қадап, ұзақ уақыт сынай қарағанда, бейшара жігіттің жанын суырып алатын әзірейіл сияқты еді. Жігіт жағдайды білдіріп қойса, не істерін білмейтін, қыл көпірдің үстінде тұрған Торғын бәйбішенің қазіргі қалын екшімнің басына бермесін. Шегір көзін қадаған басшыға ыржалақтап күліп тұрған жігітті көргендер еріксіз күлкіге ерік берді. Басшы көзін сығырайта бәрін бір шолып өтіп:

- Аттарыңа отырыңдар, кеттік! - деп жігіттеріне қарап атын тебініп қалды. Кетуге атының басын бұра бере бәйбішеге қарап:

- Осы жолы балаң құтылды, келесі жолы балаң құтылмайды, - деп атының бауырын екі аяғымен қаттырақ нұқып, шаба жөнелді.

Тізесі дірілдеп жерге отыра кеткен Торғын бәйбіше әбүйірін қолымен жауып тұрған малшы жігітті сөйлеуге шамасы келмей, ымдап өзіне шақырды. Жақындай берген жігітті басындағы кимешегінің үстіңгі жаулығын шешіп жасөспірімнің төменгі жағына жаба оны құшағына алып, тап бір кішентай Бейсенін құшқандай әсерде болды. Ал, анасынан ерте айырылған ана құшағын көрмей өскен жас жігіт үшін осы сәт өмірлік болар ма еді, шіркін!

Бейсені тұншығып өліп қалу қауыбы ойына келгенде, селк етіп зәресі ұшқан бәйбіше жас жігітті құшағынан тез шығарып, өзі төңкерулі қазанға қарай жүгірді. Денесінің толықтығын жүгіргенде еш сезбеген бәйбішенің ойы, ешкім көрмей тұрып баласын қазанның астынан шығарып алу еді. Жүгіріп жетісімен жер ошаққа еңкейіп:

- Дыбыс берші, балам, тірісің бе ? - деді алқына дауыстап.

- Тірімін, жеңеше! (Әжесінің тәрбиесінде болған Бейсен анасын "жеңеше"дейтін, кейінгі балалары да ағасынан үйреніп солай атады.) Баласының дауысын естіп, есін жиған бәйбіше енесінің бауырында өскен Бейсенін жоғалтып алып, жаңа тапқандай алғашқы кезде құлағына жағымсыз естілетін "жеңеше" атауы дәл қазір Торғын бәйбішенің қорыққан жүрегін тыныштандырды.

Бәйбіше баласының мына жағдайын қанша жасырғысы келгенімен айналасына ауыл адамдарының біразы жиналып қалғанын көрді. Жанында жартылай жалаңаш тұрған жігітті көрсетіп, екеуінің әңгімесі барын, оңаша қалғылары келетін тілегін әзер жеткізген бәйбішені түсініп, кете бастаған ауылдастарды өте жақыннан естілген аттың тұяқтарының дыбысы елең еткізді.

Үйлердің арасынан шыққан аттылы қызыл жағалылар мен аттың үстінде отырған басшысын көргенде, Торғын бәйбіше баласының мүшкіл қалын жеңілдету құдайдың құдыреті болмаса, енді ешкімнің қолынан келмейтінін ойлағанда әлі құрып, көзінің алды бұлдырап, шарасыз ана отыра кетті.

Көзді ашып-жұмғанша аттарынан түсіп, жанына жетіп келген бір топ қызыл жағалыларға қамшысын таянып аттың үстінде отырған басшы:

- Төңкерулі қазанды көтеріңдер, - деп әмір берді. Төрт жігіт қазанды көтергенде қазан астындағы жерошақта екі бүктетіліп жатқан Бейсенге ақырып:

- Тұр! Сүйіндік ұлы Бейсен, кімді алдағыларың келді шешең екеуің? Өктем сөз етінен өтіп, сүйегіне жетсе де Бейсен тұра қоймады. Ауыл адамдарына өзінің мынадай мүшкіл қалын көрсеткісі келмей орнынан тұра қоймаған Бейсенді атынан түскен басшы жақындап келіп бүйірінен теуіп жіберді.

- Баламды неге тебесің? Әуелі жазығын айтыңдар! - деп шыр-пыры шыққан бәйбішеге басшы сұқ саусағын шошайтып:

- Сен үндеме, бізді алдап шығарып салғың келгенімен тұрмай, бізді кінәлағың келіп тұр ғой. Ауызыңды жап, балаңмен бірге түрмеге отырғанды қаламасаң. Басшы Бейсенді тағы бір теуіп орнынан тұрғызды.

Беті - қолына, киіміне талай той, өлікке ас беру жиындары үшін ет пісірілген қазанның қап-қара майлы күйесі жұққан Бейсен жердің жарығы болса кіретіндей жағдайда тұр еді. Бейсеннің мүшкіл қалы, мына тұрысы шынында күлкілі болатын. Тұрғандар еріксіз езу тартып, бірақ күлудің өте орынсыз екенін түсініп, демдерін ішіне тартып күтуде.

Жан-жағына тез шола қараған басшы жынды болған жігітті көріп, шегір көзін қадап, тұра қалды. Басшысының әрбір қимылын айтпай түсінетін еңгезердей екі қызыл жағалы белсенділер жігітті басшысының алдына әкелді. Басшы дереу жігітке қарап:

- Кәні, нақұрысым, айта ғой бүгінгі көргенің осы ма? - деді Бейсенді көрсетіп. Көзін төмен салып, дірілдеп тұрған жігітті аз уақыт күткен басшы қолын шошаң еткізіп жерді көрсетті. Бұл белгінің не екенін жақсы түсінетін белсенділер жігітті итеріп жерге құлатып, қамшымен арқасына дүре соға бастады. Арқасынан шып-шып шыққан қанмен бірге жігіттің шыңғырған дауысы бірге шықты.

- Әй, тоқтатыңдар! Оның еш кінәсі жоқ, - деп балаға қарай жүгірген бәйбішеге басшы:

- Жынды сыбайласыңды аяп тұрсаң жанына барып жата қой, ауырлықты бірге көтеріңдер, - деп қарқ-қарқ күлді.

- Ал, жігітім, енді айтатын шығарсың, қазанның астына тығылған кім екені белгілі, бірақ сенің мені алдағың келгені кешірілмейді, - деп арқасынан қан ағып жатқан жігітті тағы дүренің астына өзі алу үшін қамшысын ыңғайлағанда кенет:

- Тоқта! - деді Бейсен, дереу өзін көрсетіп:

- Мен... дей бергенде, жүгіріп жеткен жігіттің әкесі:

- Өлтірмеңіз, жалынамын... - деді баласының арқасын өз денесімен қорғап. Өзін қорғаған әкесін күшпен тұрғызып жатқан белсенділердің тағы соғатын дүресінен қорқып:

- Иә, Бейсен осы, - деді жерде екпетінен жатқан күйі өксіп жылап жіберген жас жігіт.

- Вот, настояши Бейсен осы, - деп сұқ саусағымен Бейсенді көрсетіп, басшы атына қарғып мінді. Дереу қызыл жағалылар Бейсеннің қолын артына байлап атқа мінгізді.

- Ең болмаса киімін ауыстырсын, - деген Торғын бәйбішенің сөзін тыңдаған ешкім жоқ. Баласының түрмеге түспеуіне қанша тырысқанымен ештеңе шығара алмай, кірпігін қағып қалса, бетін жас жуғалы тұрған бейбақ анасымен қоштасып, үлкен ұлы еріксіз түрмеге кетті.

Түрмеде.

Түрменің аты кімді болса да шошындыратыны сөзсіз. Мұндай жағдайда болу, үш ұйықтаса ойында жоқ Бейсен қара көлеңке түрменің ішіне кіргенде, көзі үйренгенше ештеңе көре алмады. Тек түрменің сасық иісі қолқаны атып қарсы алды. Түрмеде отырғандарға жаңадан келген адамды көру өздерінше бір серпіліс. Әрқайсысы ішінен бейтанысты көздерімен сынап, келген адамға ойша баға беріп, келген жігіттің бас-аяғын шолып отыр. Бұл жолы да даланың еркін өскен бойы зор, ақсары, көк көзді сері жігітін көріп, бәрінің көңілдері босап, үйлерін ойлаған сағыныштарын жасырмай, көңілшектерінің көздеріне жас ұялады. Көзі қараңғыға енді ғана үйренген Бейсен отырғандарды шолып шықты. Түрменің ауыр жағдайы беттерінің сөлін сорып тастаған, жақтары суалған солғын беттегі шүңірейген көздерімен тесіп жібере жаздаған көз жанарлары бәрі Бейсенге қадалғанда, шынымен Бейсен өзін осы көздерден ала қашқысы келді.

Ауыр тылсым тыныштық... Тыныштықты ақ шашты егде кісі бұзып:

- Жігітім, мында кел. Қазақтың салтын сақтап, түрме болса да төрге шақырайық, - деп Бейсенге түрменің төр жағында өзі отырған жердің жанынан орын қалдырып, ығысыңқырады. Бейсен рахметін айтып, отырғандардың бәрімен қол алысып амандасып, көрсетілген жерге отыра кетті. Жаңағы қоңыр дауысты сөз бастаған кісі:

- Қазақта сұрай-сұрай келе қарын бөле болып шығады демекші жөн сұрасуға уақытымыз жеткілікті. Иә, қай туған боласың? - деді жанына келіп отырған қонағына жылы шыраймен ізеттілік таныта қарап. Бейсен өзін таныстырып, не үшін түрмеге қамалғанын білмейтінін айтып өтті.

Аздаған үнсіздіктен кейін ақ шашты егде кісі түрменің белгісіз бұл мәселесіне сәл кейінірек тоқталу туралы өзінің ойын айта отырып, кінәсіз дала арыстанынан киімдерінің, беті-қолдарының неге күйе болғанын сұрап, осыған орай өзінің болжауын қоса айтты. Жігіттің қазан жапқышты жамылып тығылған болуы немесе қазанның астына жасырынғаны үстіндегі киімдері дәлелдеп тұрғанын айтқан кезде отырғандардың бәрі дауыстарын барынша қатты шығара күліп, әжептәуір көңілдері көтеріліп қалды. Бейсен болжамның дұрыстығын мойындап, жасырынған себебі жауапқа тартылғандар үйлеріне қайтпағандарын білетінін, сөз соңында қалай ұсталғанын айтып берді. Отырғандар естіген әнгімені мақұлдап, бәрінің тергеусіз, сотсыз түрменің сылдыр суын ішіп, құдайдың рақымын күтіп жүргендерін бір-бірін тыңдамай айтып жатыр.

Шу басыла бергенде алғашқы егде кісі:

- Жігітім, әңгімеңнен байқағаным анаң бар екен, бақытты екенсің. Енді саспа, мұнда көп кідірмейсің. Ана тілегі қайткенде де қабыл болады. Біздің анамыз қайтыс болған, сондықтан көптен бері түрменің сасық ауасымен дем алып, сылдыр су тамағын жеп жүріп жатырмыз. Әйеліміздің, баламыздың тілегі қабыл болатын түрі жоқ. Қарт кісінің бұл жорамалын бәрі құптап, орындарынан қозғала бір-біріне қарап, мақұлдап жатыр. Айтқанындай, көп кідірмей Бейсен ақталып шықты. Күні-түні жаратқан аллаға сиынып, шын жүрегімен баласының ақталуын сұраған Торғын ананың тілегі қабыл болды.

Кейкі батыр жөнінде түсініктеме.

Аударыспақ-төңкеріспек заманы болып тұрған уақыт. Ел арасынан қазақ намысын жоғары бағалап, оны қорғаған қызу қанды жігіттер, батырлар шыға бастады. Солардың бірі - Кейкі батыр.

Кейкі-Нұрмағанбет Көкембай ұлы 1871 жылы Орта жүз құрамындағы қыпшақ тайпасының құлан-қыпшақ руынан шыққан мерген. Жастайынан аңшы мергендігімен танылып, құралайды көзге атқан мерген деген атаққа ие болған. Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық күресіне белсене араласып, оның негізгі қарулы күші мергендердің жасағын басқарды.

1919 жылы Торғайдағы жергілікті совет үкіметін құлатқан алашорда үкіметі большевиктерге көмектескен Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін, оның жақтастары ретінде Кейкіні ұстауға үкім шығарды. Елін қорғаған күрескер қашқын болып, бой тасалады.

Мергендігі, ержүректі батылдығы ел аузында аңызға айналып, халықтың жадында қалған Кейкі батыр екі дәуірдің алмасқан шағында елі үшін күрескен, тарихта аты қалған халық қорғанышы. Заманның алғашқы белгісіз кезеңінде октябрь революциясын жақтап, кейін коллективтендіру кезінде жаңа үкіметтің халыққа жасаған қиянатына төзе алмай қолына қару алған азамат.

Жаңа үкіметке қарсы жауларды әшкерелеу басталғанда батыр Совет үкіметіне, коллективтендіруге қарсы деп көрсетіліп қуғынға ұшырады.

Кейін Кейкі батыр сарбаздарын таратып, жаңа үкіметке зианы болмаса да, совет үкіметінен әділетсіздік көрген халықты батырдың жанынан көрсе, сатқындар жоғары жаққа батырды ел бұзушы ретінде көрсетіп, нәтижесінде батыр айуандықпен өлтірілді. Жаңа үкіметке қарсы шыққандардың өмірінің ақырын халыққа көрсету үшін, мергеннің басы сырыққа шаншылып қойылды.

Батыр осылай озбырлық пен жаланың құрбаны болды. Кезінде өзі құрысқан үкіметтен қуғын көріп, амалсыз қашқын атанған кезінде мекен еткен үңгір туралы Еңбек Ахметбекұлының әңгімесінен:

- Үңгір Ұлытаудың шалғай бір түкпіріндегі Шеңбер ауылынан 7-8 шақырым жерде орналасқан "Мақат" қыстағының маңайында екен. Үңгірдің тура үстінен түспесе көзге шалынуы қиын. Үңгірдің сипаты да ерекше. Таудың еңкейе біткен бір жартасының астындағы табиғи қуыс таңдалып алынған. Сол қуыстың ашық жағы тақта тастармен мұқият қаланған. Тек бір адам сиятындай ашық тұсы - үңгірдің аузы. Тасқамалдың ұзындағы шамамен 6 метр, ені 2-2,5 метрдей. Кариялардың айтуынша осы қорғаннан батырды жау ала алмаса керек. Өйткені, үңгірдің үстінен де, төменнен де келу өте қиын. Ал, қарсы беттен келуге жаулары мергеннің мүлт кетпейтін оқтарынан сескеніпті. Үңгір орналасқан тау етегінде Қараторғай өзенінің өткел бермес ағысты арнасы батыр үшін қосымша қорған, жаулары үшін тосқауыл кедергі болған деседі. Үңгірдің қарсы алдында өзенді бойлай біткен ит тұмсығы батпас тоғай ортасында үлкен арал бар. Сол аралда батырдың аты жайылып жүреді екен, иесісі ысқырғанда жетіп келетін болған, - деседі.

                                                                                         Тасқамал

Ұлытау өңірінің суырып салма ақыны Мұқаштың батырға арнаған өлең жолдары:

- Көкжал Кейкі!

Жыр арнадым бар тілмен,

Қиналғанда бере алды ма, халқым - дем?!!

Құн білетін қас жауларың басыңды,

Бағалапты ат басындай алтынмен.

Қолды сілтер патша жарнамасына,

Қолдаушылар және ертпедің қасыңа.

Кейкі десе сары орыстар селк етіп,

Қызылдардың қаны шыққан басына!

Туған жерден тықсырғанда жауларың,

Қорған еттің Қорғасынның тауларын.

Пана таппай қалың қазақ ішінен,

Тасты шауып "пәтер" салдың, тарланым.

Өзіңде де болған шығар есеп шын,

Жансыздардан өріп жүрді өсек - сұм.

... Төсеніш қып тас үңгірде астыңа,

Ағаштардың шіріндісін төсепсің.

Тар қапаста кепті-ау талай кенезең,

Телмірерің - тебен өтер терезең.

Ат бағарың - қалың тоғай төменде,

Оқ қағарың өткел бермес өр өзен.

Қанша қорған болғанымен қия-шың,

Көкжал Кейкі, оған қалай сиясың?!!

Тас үңгірің елестетіп тұр көзге,

Қыран құстың қол жетпейтін ұясын.

Кейкі батырдың ауыл аралап, қол жинап жүргені туралы қауесеттің естілгеніне біраз болған. Осы жаңалықты естіген Сүйіндік ауылы да алыстан салт аттыларды көрсе, Кейкі батыр мен сарбаздары шығар деген жорамалмен елеңдеп қалатын.

Жайлаудағы қыркүйек айының алғашғы күндерінің бірінде Кейкі батыр сарбаздарымен Сүйіндік ауылына келді. Батырдың енгізген тәртібі бойынша ауыл шетіне келе бергенде сарбаздар салауаттарын бастап жібереді екен. Ауыл балалары мына қызықты тамашалауға Кейкі батыр келе жатқан жаққа жүгіре жөнелді. Кейкі батырдың келуі ауыл үшін ерекше жаңалық болды.

Келін түсіру, қыз ұзату, жаңа туған нәресте үшін жасалатын шілдеханалар мен сүндет тойы, жасөспірім баланың атқа бірінші мінгенде ата-анасының жасайтын кішігірім тоқымқағар тойы мен көкпар, палуандар күресі, ақындар айтысынан басқа қызық көрмейтін ауыл адамдарына бұл бір ерекше жай еді.

Ержүрек сақадай сай жігіттер салауатты бірдей дауыспен нықтап айтқанда жер сілкініп тұрған сияқты болып көрінді.

Кейкі батырдың салауаты.

Аспиә Аллаһ-у

О, Аллаһ, мал маулан,

О, Аллаһ, мал маусыр.

Ұрандасып рабым-ай,

Алла-ай, қалмайық.

Камөнес деген шықты дерт,

Мың-мыңға келді-ау үлкен дерт...

----------------------------------------

----------------------------------------

Лә илләһә ил Аллаһ,

Лә илләһә ил Аллаһ!

Ұрандасып рабым-ай

Алла-ай, қалмайық.

Түлкі терісінен тігілген сары тонын атының еріне ілген, үкінің терісінен тігілген бас киімді бауынан мойнына байлап, алдағы болатын суық күндерге дайындалып шыққан Кейкі батыр бастаған сарбаздар салауатын айта ауыл шетіне келіп кірді. Белдеріне күміс түймелермен безендірілген бірдей қайыс белбеулер таққан сарбаздар аттарының үстінде отырған қалыптарымен салауат айтқанда қамшыларын бүйірлеріне таянып тұрған күйлерін өзгерткен жоқ. Ауыл халқы үшін бұл бір ғанибет көрініс еді.

Батыр шапшаң қимылмен атынан түсіп, топтың алдында тұрған Сүйіндік бай мен ақ сақалды үлкендердің қолын алып, жиналған қауыммен басын иіп сәлемдесті.

Бай Кейкі батырдың күнге тотыққан келбетіне сынай қарап, қазақ елінің батыл жігітінің сәлемін ықыласпен алды. Батырға өздеріне арналып ас дайындалатынын айтып өтті. Байдың қонақжай қабылдауын қуана қабыл алған батыр сарбаздарына ат шалдырып, осы ауылда бөгелетіндерін көңілдене хабарлап, өзі баймен әңгімелесіп отырды. Батырдың ауыл аралау мақсатын білетін Сүйіндік бай үй иесінің кәдесін орындап, қонағынан жолға шығу сапарын сұрады. Батыр жауабын зор мән бере жеткізіп, ауылдарды аралап сарбаз жинау мақсатының негізі - қазақ даласын "камөнестерден" тазарту екенін баса айта келіп, себебіне тоқталды.

- Жаңа өкімет халыққа жақсы заман орнату туралы берген уәдесін орындаған жоқ. Малы көбірек қазақтардың малын алып, өздерін жер аударып, орта шаруаларға байдың құйыршығы деген ат тағып, қолындағы күн көріс малын алып жатыр. Жаңа өкімет дінді жою мәселесін жедел қолға алып, қазақтарды шоқындырмақ та ойы бар. Камөнестердің шешімі - мал, меншік дүние, тіпті әйел де ортақ болуы керек екен. Бұл талапқа қөне алмаймыз. Кең даламызда бұрын қалай өмір сүрдік, солай өмір сүреміз. Сондықтан қолына қару ұстай алатын әрбір қазақ жігіті бостандық үшін күресуі керек, - батыр тыңдаушыларға жанашыр ойын ашына жеткізді.

Сарбаздардың айтатын салауатында:

"Камөнес" деген шықты дерт,

Мың-мыңға келді-ау үлкен дерт, - деген сөз жолдары Кейкі батырдың қазақ халқына бостандық үшін күресу мақсатын түсіндіруге негізделген сияқты. Батырдың айтқандарын баймен бірге отырған ауыл адамдары кұптағанын білдіріп, ықыласпен тыңдады. Мал сойылып батырға қонақ асы әзірлеу қызу жүріп жатыр. Әзірлік жасап жүргендер батырдың қағидасын талқылауда.

Байдың кіші үлы Бекіш Кейкі батырдың сарбазы болуды ниет етті. Осы шешімін айтуды ойлап, екі-үш үйге кіріп анасын іздеген жігіт бәйбішені үлкен отаудан тапты. Бәйбіше үлкен ой үстінде отыр еді. Жігіт болған балалары егер батырдың ұсынысын қабыл алса, шешімдерін қалай қабылдау керектігін жан ұшыра ойлауда. Кейкі батырдың бір уақытта жеңіліске ұшырайтыны белгілі. Камөнестердің көп екені, күннен-күнге олардың қатары көбейіп жатқаны қазақ даласына кең таралып жатыр. Бірақ, батырдың айтқан дәлелді қағидасы да ойынан шығады. Сондай ой үстінде отырғанда ұлының қалай отауға кіргенін байқаған жоқ. Бекіші дыбысын шығарып, өзінің келгенін білдірді. Ана жүрегі дүрсілдеп ұлының не айтқалы тұрғанын сезгендей, шынымен шешім қабылдап, соны айтуға келгені ме?.. Бірақ, басқа себеппен келуі де мүмкін ғой. Соңғы ойын қатты қалап, өзін-өзі жұбатқан үмітпен баласына қарады.

Қабылдаған шешімін дұрыс санап, қуана келген ұлы анасының қатты ой үстіндегі түрін көріп, алып ұшқан көңілі су сепкендей болды. Лап еткен көңілі басылып, ойлаған маңызды шешімін айтудың қиындығын сезініп кідіріп қалды. Дегенмен, айтылуға тиіс шешім кейінге қалдырылмайтыны белгілі, уақыт тығыз. Бекіш Кейкі батырды тыңдағаннан кейін, өзінің жаңа ғана қабылдаған шешімін айта бастады. Ана жүрегі қинала сабыр сақтап, сөзін бөлмей тыңдады. Бекіш ойын айтып болып, шешімін құптайтынын немесе даттайтынын тез білгісі келіп анасына сабырсыздана қарады.

Торғын бәйбіше бірден жауап бермей үндемей ойланып отыр. Бекіш анасының үндемегенінен ойын құптамайтынын түсінді. Жас жігіт бәрінің Кейкі батырды ықыласпен сүйсіне тыңдағандарын көріп, өзінің шешімінің дұрыстығына кәміл сеніп еді, енді анасының мына салқын көңілін түсінбей қалды.

Ал, бәйбіше баласына өз ойын қалай дәлелді түсіндіріп жеткізуді ойлап отыр. Қалай дегенмен де айту керек, сондықтан сөзін бастады. Ұлының қабылдаған шешімін сыйлайтынын бірақ, бұл шешім туралы ойланатын көп мәселелер барын айту дәл қазір қажет болғандықтан, баласынан өзін зейін қойып тыңдауын сұрады. Жаңа үкімет бәрібір жеңетінін, егер олар жеңсе батырмен бірге батырдың сарбаздарының бәрін құртатын белгілі жағдайды ұлына ескерткенін, өзінің аналық парызын орындағаны деп бағалауын өтінді. Батырдың сарбаздарына ат пен қарудың жеткіліксіздігі жеңіліске тікелей байланысты болуы да мүмкін, осы мәселені орнына келтірудің нақты жолы сарбаздар мінетін ат және қару-жарақ сатып алу үшін мал берілсе, бұл өте орынды көмек болатынын сеніммен жеткізді.

- Енді өзіңнің қабылдаған шешіміңді асықпай талқылайық. Әлі үйленбегеніңді есіңнен шығарма, балам! Жаман айтпай - жақсы жоқ тіпті айтуға аузым бармайды, егер суық хабар алсақ өзіңнен кейін артыңда ұрпақ қалмайтыны сені ойландыруы керек. Шынымен қазақ жерін сарбаз болып қорғағың келсе, кейін де бұл ойыңды жүзеге асыруға болады, - сабыр сақтап сөйлеген Торғын бәйбішенің дауысы, оның ішкі толқынысын байқатып тұрды.

Баласы анасының өзі үшін қинала толғанып отырғанын енді ғана түсінді. Анасының бетіндегі аздаған санаулы әжімін, самайынан көрініп тұрған ақ шашын, келбетті ақсары жүзін, етжеңді мол бәйбішеге лайық денесін жаңа көргендей үнсіз ойлана қарап отыр.

Осы үнсіздік екеуінің де қатты ойланып отырғанын білдірді.. Біреуі қалай баламды райынан қайтарсам, екіншісі қалай ата-анамды көндірсем деген ойда еді.

Бәйбіше баласының бетіне барлай қарап, ұлының қатты қиналып ойланып отырғанын көрді. Шынында Бекішке анасының айтқан дәлелді сөзері қатты әсер етті. Ұлының жүзінен көзін алмай отырған бәйбіше, оның бет құбылысынан Бекіштің бір шешімге келгенін сезді. Бірақ, ол қандай шешім?.. Ана жүрегі толғана күтуде!..

Кенет Бекіш:

- Жеңеше, менің сарбаз болуымды қаламасаң, өзің айтқандай бұл ойымды кейін де орындауға болар. Бірақ, мен ол жорыққа әкемнің, анамның ақ баталарымен аттанамын! Орнынан тұрып, нақты ойын жеткізген баласының сөздері ана жүрегін қуаныштан қарс айыра жаздады.

Отырған жерінен тез көтерілген бәйбіше құшағын жайғанда ұлы анасының мол құшағына енді. Тер мен күн иісі шыққан ұлын бәйбіше мейірлене иіскеді. Есіктің ашылған дыбысына жалт қараған аналы-балалы екеуіне келген үй жігіті Кейкі батырға арналған қонақ асы дайын болғанын айтып, бәйбішені баласымен қонақ үйге шақырды. Бекішінің шешіміне дән риза болған Торғын бәйбіше маңғаз жүріспен қонақ үйге қарай беттеді.

Қонақ асы желініп болып батырдың жолға жиналатын уақыты болды. Сарбаз болуға бел буған жігіттердің үй-іштері қиналыста. Ауыл маңы у-шу, жылап-сықтаған дауыстар естіліп, сырттан бақылаған кісі үшін бұл көрініс жұмбақ болар еді. Сарбаз болудың негізгі мақсатын дұрыс түсінгендерге де, түсінбегендерге де үйінен азаматы кетіп бара жатқаны қандай ауыр!

Кейкі батыр сарбаздарына жақсы тілек айтып, жаңа қосылған сарбаздарды батырлық пен табандылыққа шақырды. Бай мен бәйбішеге шын ықыласымен берген қонақ асы үшін рахметін айтты.

Сүйіндік бай батырға аман-саулықпен жеңіс тілей отырып, өзінің аулынан кетіп бара жатқан сарбаз жігіттердің астына мінетін ат, сол жігіттерге қару-жарақ үшін қосымша мал сыйлайтынын айтты. Бұл сыйлық шығарып салып тұрғандарды дүр сілкіндірді. Тұрғандар байдың сөзін қол шапалақтаумен толықтырып жатыр. Торғын бәйбіше көмек ретінде берілген малды қуана құптап, ойын айтпай орындаған байдың шешіміне дән риза болды.

Ал, сарбаздар бөріктерін аспанға атып, рахметтерін осылай білдіруде. Батыр алға шығып жаңа ғана сарбаздар қатарына қосылған жігіттердің ата-аналарына жүрегіндегі толқынысымен үмітке толы тілектерін айтып, қазақ жерін, тілін, дінін қорғау үшін тек қолға қару алып күресуден басқа жолдың жоқтығын қысқа түсіндіріп, халықты батылдыққа шақырды. Байға берген сыйлығына ерекше көңіл бөлгенін, қазақ елін қорғауға қасық қандары қалғанша күресетіндерін айтып, жылдам қимылдайтын денесімен лып етіп атына мініп, атының басын жүруге бұрды.

Сақадай сай жас жігіттер бірдей анық дауыстарымен зікір салғандай салауаттырын айтып, алыстап көзден таса бола бастады. Дауыс ақырындап естілмегенше байдың кіші ұлы Бекіш ұзақ тұрып, сарбаздарды көзімен шығарып салды.

Баласының жанында тұрған Сүйіндік бай батырды көрінбей кеткенше соңынан қарап, өзінің екінші әйелі Айманкүл батырмен туыс жақындығы болғандығы үшін емес, халық қамын ойлайтын осындай өжет жігіттің үйінде қонақ болғанына ырза болып тұрды. "Би болмайын, би түсетін үй болайын" деген мақалды іштей жиі қайталайтын бай жаратушыға берген несібесі үшін рақметін тағы айтып, кетіп бара жатқан ел қорғаушыларын құдіреті күшті аллаға тапсырды.

Бұл уақиға көп уақыт ауыл адамдарының әнгімесінің тиегі болды. Осы болған уақиғаны бастары қосылған жерде жиі талқылап, кейбіреулері зор үмітпен, кейбіреулері белгісіз ойларын айтып пікір таластыратын.

Бәйбіше баласымен арадағы әнгімені байға жеткізе айтты. Бекішті келесі жолы райынан қайтара алмайтындарын да жасырған жоқ. Сүйіндік байды бұл жаңалық қобалжытып, ішкі ойы елін, жерін қорғаған Кейкі батыр мен ержүрек сарбаздардан баласы Бекіштің артықшылығы бар ма деген сұрақты өзіне қойғанда, орынды жауапты өзінен алған байдың жан-дүниесі тез тынышталды.

Ал, Торғын бәйбіше балалары Кейкі батырдың сарбазы болып кеткен аналардың қатулы қабақтары мен түнерген жүздерін көргенде, баласының сарбаз болу ойын өзгерткенін ешкім білмесе де, өзін кінәлі сезініп жүрді. Бекішін жібермей қалғанына үйленбегені негіз болғанын ойлағанда, қуанып қалады. Үйленбеген жігіттердің сарбаз қатарына қосылғандарын білгендіктен, әрі қарай өзін қалай ақтарын білмей қысылады.

Осындай көңіл-күймен көп уақыт толғаныста жүрген бәйбішені Ырысгүлдің хат танымайтыны ойландырып жүрген. Жақында жетіге келетін қызын бұл жаста молдадан хат таныған басқа балаларымен салыстырып, енді кідіруге болмайтынын толық түсінді. Ренжісе де абысынымен сөйлесуді қажет санап, нақты шешім қабылдады. Кейінге қалдыруға болмайтын бұл мәселені тез шешу үшін Торғын бәйбіше қайынағасының үйіне беттеді. Өте жақын тұрған қайынағасының үйіне тез келіп қалған Торғын, абысынының үйінің жақын болғаны мақсатының орындалуына септігі тигендей, алыс болса бара жатып ой сарабына салып, қайтып кетуі де мүмкін дүдамал ойымен қайынағасының үйіне кірді .

Торғынды көрген Тиындық, абысынының үйіне келуін жай қабылдай алмай, сәлеміне селқос жауап беріп, секем ала қарады. Шалқасынан жатып шаңырақтан түскен күн сәулесін көш жөнекей тауып алған жасыл бөтелкенің сынығымен бір көзін жұмып, екінші көзімен қарап өзімен-өзі ойнап жатқан Ырысгүлге Торғынның көзі түскенін байқаған Тиындық қызының жанына тез келіп:

- Сәулем, қолыңдағы ойыншығыңмен күннің сәулесі далада жақсы көрінеді - деп шығарып жіберді. Қызы шығып кеткен соң Тиындық жай келмейтін Торғын абысынын күдігі мол көзқарасымен шолып, төрге шығуын қолының қимылымен көрсетіп, үй иесінің келген қонақты қабылдау ырымын жасады. Торғын қазақ дәстүрін аттамай қайынағасының төріне шыққан жоқ. Тиындыққа қарсы отыра жайғасып сөзін бастады.

- Жеңеше, келген шаруам Ырысгүлге байланысты... тіксіне қараған абысынының бет әлпеті Торғынның айтарын аздап кідіртті.

- Иә, сосын... - іле-шала шыққан Тиындықтың зілді дауысы Торғынды қамшылап жібергендей айтарын асыға айта бастады.

- Балалардың бәрі молдадан хат таныды. Ырысгүлдің де хат танитын уақыты болған сияқты. Егер, қазір молдадан дәріс алмаса, кейінірек қатары кетіп қалған соң, бала ұялып қиналады. Жеңеше, молдамен сөйлессем сөйтіп, жайлаудағы қалған аз күнді пайдаланып Ырысгүлдің молдадан сабақ алуын қамтамасыз етсек, келесі жылы жайлауға келісімен оқуын жалғастырар еді. Соңғы кезде ойымда жүрген осы мәселемен бөлісуге келдім... Торғын сөзін бітіре абысынына қобалжи қарады.

Торғын өзінің ойын қанша тігісін жатқыза айтқанымен, осындай өтінішпен келетінін ойламаған Тиындық алғашында не айтарын білмей, бірақ ойын тез жинақтап:

- Иә, бала сенікі екенін білеміз, оны неге біздің есімізге сала бересің? Молдамен оқу жөнінде сөйлесу қайынағаңның, не менің қолымыздан келмей ме? Өзіміз бұл жайды реттейміз. Бұған сенің көмегің қажет емес. Тиындық орнынан тұрды. Қанша сабыр сақтағанымен, дауысының екпінінен ашулы екені білініп тұрды.

Торғын да орнынан тұрды. Абысынының әңгіме бітті дегенін түсініп, шығуға бет алды. Есікке жақындай бере, абысынына бұрылып:

- Молдамен келісу қолдарыңыздан келетінін білемін, бірақ уақыт өтіп жатыр, бала өсіп келеді, асығу керек, - осы сөздерін шығып бара жатып қатқылдау айтты. Үйден шыға бергенде Қуандық қайынағасына қарсы жолыққан Торғын оның қойған сұрағына жауап бере алмай кете барды.

Үйіне кірген Қуандық кемпірінің үйдің ортасында түрегеліп тұрғанын, Торғын келінінің қабағы қатулы кетіп бара жатқанын көріп, күнделікті жай әңгіме болмағанын түсінді.

Қоныс аударуға тағы бір дәлел табылғанына қуанған Тиындық, шалына болған жайды бұрынғыдан да бояуын қоюлата екпінді сөздерімен жеткізіп:

- Қоныс аудару туралы талай айтып едім, бір тыңдамадың. Торғын абысыным қызымыздың шешесі екенін әрбір ыңғайы келгенде біздің есімізге салумен болады. Ырысгүлдің молдадан сабақ алмағанына бізді кінәлап және ұялмай ақыл айтып кетті. Сабақ алу жөнінде мен ойламай жүргендей, шамалы өскенін күтіп жүрмін. Тағы өзін ақтап, біраз сөздер айтқысы келген кемпіріне Қуандық зілді ескерту жасап:

- Жә, әрман қарай жалғастырмай-ақ қой, шынында ол туралы ойлап жүрген жоқсың, - деп кесіп айтты. Шалына айтатын дәлелі жоқ Тиындық үндемей керегеге басын сүйеп отыра кетті. Ырысгүлді оқыту жөнінде ойламаған ойын дәл басып айтқан шалынан екінші соққыны алған Тиындықтың басына бір-ақ ой айналып келе берді. "Молдаға бару керек, ия бару керек..."

Ал, Қуандық кемпірі мен келінінің арасындағы шиеленіс қоныс аудару арқылы ғана шешілетініне бүгінгі жағдайдан көзі анық жетті. Ойын жинақтап, өсіп келе жатқан қызының оқуы жөнінде ойламағандарын ұяла мойындаған ақсақал үйінен шығып, ауылдан оқшау тұрған молданың киіз үйіне қарай асыға жүрді.

Сөйтіп, кішкентай Ырысгүл бір күннің ішінде есейіп молдадан сабақ алатын болды. Қызын сабаққа бірінші күні атасы ертіп келді. Сегіз қанатты ақшыл-сұр киіз үйдің жанына келіп тоқтаған Қуандық ақсақал Ырысгүлге мейірлене қарап, қызының кішкентай қолын қысыңқырай ұстап үйге кірді. Киіз үйдің ішінің қапырық ауасы көтеріңкі көңілмен келген Ырысгүлге кері әсер еткендей үйден шығып кетер еді, атасының қолын қатты ұстағаны кедергі болды. Қызымен үйге кірген Қуандық қарияның сәлемін салқын қабылдаған молда кішкентай қызға сұр көздерімен барлай қарағанда Ырысгүл еріксіз атасының шапанының етегімен бетін басты. Қызының бұл ісіне ішінен күлген атасы ақырын Ырысгүлді өзінен итеріп молдаға жақындатты. Кіп-кішкентай тобылғы таяқшаның басына қыстырылған жазуы бар қағаздағы "әліп, би, ти" әріптерін дауыстап оқыған молда таяқшаны Ырысгүлге беріп, бұл тапсырма жаттау үшін берілгенін ескертті. "Мына үш сөзді жаттау қиын емес, е-е, оқу оңай екен ғой"... таяқшаны алып оқуға ынталанған кішкентай қыз киіз үйдің ішін шолып, екі қызға көзі түсті. Үй толы оқушылардың осы екі қыздан басқалары ер балалар екен. Қолдарындағы таяқшаның басына қыстырылған қағаздағы жазуға қараса да, бәрінің көңілдері жаңадан келген қызда, көздерінің қиығымен ұрлана қарайды.

Молдаекең:

- Оқыңдар! - деп қаттырақ дауыстап қалғанда, бәрінің бастары қолдарындағы таяқшаның басына қыстырылған қағазға үңілді. Манадан бері бақылап тұрған Қуандық ақсақал тек тақиялар ғана еңкейген сияқты құбылысқа қарап жымиып қойды. Әп-сәтте қойша жамыраған бала дауыстары өздеріне тиесілі әртүрлі әріптерді қайталап айта бастағанда, киіз үйдің іші түсініксіз дыбыстарға толып, Ырысгүлге мына көрініс қорқынышты әсер етті. Енді тұрудың артық екенін сезінген Қуандық ата оқу ақысы апарылғанын молдаекеңе ізетпен айтып, кетерінде Ырысгүлін мейірлене иіскеді. Шынымен сол кезде өзіне ырза болған ақсақал мектеп-киіз үйден паңдана шықты.

Атасы шығып кеткеннен кейін молда Ырысгүлге отыратын орнын көрсетті. Ырысгүл қолындағы тобылғы бұтағына қыстырылған бір жапырақ қағазымен молданың көрсеткен жеріне отырды. Орнына келіп жайғасқан Ырысгүл молданың ызғарлы көзі үндемей қалған шәкірттерін шолып өтіп, алдында суы бар ыдыста жатқан жасыл жапырақты жас шыбықты қолымен қозғап қойғанын байқады. Мына шыбықпен мені де сабақ білмесем ұрады-ау деген ой Ырысгүлдің денесін дір еткізді. Бастарын тұқыртып, малдас құрып отырған балалар тағы да дауыстап оқи бастағанда у-шудан ештеңе түсініп болар емес. Киіз үйдің ішін шола қарап отырған Ырысгүлге бәрі қызық. Молдаекең бәріне айтқан: "Оқы, найсап!" деген күнделікті ызғарлы сөзін жаңа оқушы Ырысгүлге айтқан жоқ.

Бірінші күнгі сабақтан шығып келе жатқан Ырысгүлді үлкен ақ үйінің жанында тұрған Торғын бәйбіше қарсы алғандай оған мейірлене күле қарап:

- Мына кездесуімізді қарашы, жай үйден шығып едім, - қуанған бәйібіше жүзі нұрланып Ырысгүлдің қолын ұстады. Қызы жөніндегі жаңалықты бүгін тәңертең Қуандық қайынағасынан естіген Торғын бәйбіше сабақтан шыққан Ырысгүлді дәл қазір көремін деп ойламап еді, шынымен қуанып қалды.

Ал, Ырысгүл бәйбішені әрбір көрген сайын өзіне күннің шуағынан жылылық құйылғандай әсер алып, алғашқы оқу күні туралы білгісі келген оның сұрағына көрген әсерлерін асыға баяндап, сабақ оқыған киіз үйге өте жақын тұрған ақ киіз үйдің алдында киімі өзгеше әдемі әйелдің ыдыстарды жуып отырғанын да айтып үлгерді.

Ырысгүлдің асыға айтқан әнгімелерін ықыласымен тыңдаған бәйбіше:

- Иә, ол молдаекеңнің бибісі. Жуған ыдыстарын орамалмен сүртпей далада күнге кептіреді. Кентті жерден келген, бізден өзгеше. Енді үйіңе бара ғой, атаң мен әжең күтіп отырған шығар, - деп арқасынан қаға жеңіл итеріңкіреген бәйбішенің көзі Ырысгүлдің көзімен кездесті. Осы мейірімді қөзқарас Ырысгүлге әрқашан өзі түсінбейтін әсер беретін. Бұны түсінуге әлі жас Ырысгүл үйіне қарай жүгіре жөнелді.

Үйіне келе атасы мен әжесінің өзіне қойған сабақ жөнінде сұрақтарына құлшына жауап беріп, рақаттана түскі асын ішті. Атасы мен әжесі де бір үлкен жұмыс бітіріп көңілдерін демдеді.

Тәнертең ерте тұрып үйренбеген Ырысгүл тамағын ішісімен ұйқтап кетті. Ұйқыдағы оны ауыл балаларының көңілді дауыстары оятып жіберді. Мал байланғаннан кейін кешкілік балалардың қолдары босап, далада ойнайтын. Ырысгүл де күнделікті кешкілік ойнайтын уақытында далаға шығып ойынға қосылды. Сол кезде басқа ауылдан келе жатқан қолында малдың іш майынан қорытылып жасалған тоң май салынған ыдысы бар бала қолындағы ыдысын жерге қойып, ол да ойынға кірісті. Біраз ойнап анасының тоқаш пісіру үшін өзін майға жібергені есіне түсіп, кетуге асыққан бала қойған жерінен майды таппай жан-жағына алақтап қарап тұр. Кенет өзінің Құтжол атты иті тілімен аузының айналасын жалап, құйрығын бұлғаңдатып тағы беретінің бар ма дегендей жанына жетіп келді. Сәл алысырақта май салынған ыдысы төңкеріліп жатқанын көріп, таңқалған бала:

- Тоба-тоба тоң май-ды да ит жей-ді екен-ау? - деп қаттырақ дауыстап жібергенде, ойнап жүрген балалардың бәрі жүгіріп келіп, бұрын көрмеген құбылысты көргендей бір-біріне таңдана қарады.

Ойыннан үйіне келе Ырысгүл тоң майды ит жегенін әжесіне бір үлкен жаңалық айтқандай болып, бірақ әжесінің түрінен таңданыс көрмей іркіліп қалды. Қызының әнгімесіне мән бермеген әжесі Ырысгүлді құшағына қысып, ұйықтау керектігін ертең ерте тұратынын ескертті.

Өзгеріссіз күндер өтіп, оқып жүргеніне біраз болса да "әліп, би, ти" әріптерінен әрі жылжымайтын молданың сабағы жалықтырып, жан-жағына қарап отырған Ырысгүл киіз үйдің ашық тұрған есігінен үйдің ішін шола қарап тұрған өзіне таныс емес әжені көрді. Жамырай дауыстап, әрқайсысы өзінің қағаздарына жазылған жазуды оқып отырған балалардың ешқайсысы әжені байқаған жоқ. Төмен қарап оқып отырған балаларды көзімен шолып, шамасы немересін іздеп тұрған болуы керек, Ырысгүлдің көзімен көзі кездескен әже саусағын ауызына апарып, үндеме деген ұғымды білдірді.

Кенет, әжесін байқап қалған нәзік дауысты ер бала:

- Әже, әже! Қарным ашты. Тапсаң нан, таппасаң мейіз бер,-деп дауыстап жіберді. Дауыстап оқып отырған балалар кілт тоқтап, есікке қарады.

Молда суға салып қойған жас шыбығын көтеріп:

- Оқыңдар, найсаптар! - деп ақырып қалды.

Дереу бәрі дауыстап:

Әліпсін-ә,

Әлбасын-а

Әлбатыр-о,

А-и-о.

Бисін-бә,

Биасын-ба,

Биатыр-бо

Ба-би-бо,

Жұмсын- ә,

Жұмасын- а,

Жұматұр - о,

Жа -жи- жо, - деп жамырап айтып жатқан дауыстардың ішінен:

- Әліп, би, ти - қарным ашты, әжеки-и-й, - деген жіңішке ер баланың дауысы тағы естілді.

Сол кезде:

- Найсап, - деп молда шыбығын көтере, қайсысы айтқанын байқамай қалып ала көздерімен балаларға қарап, шыбық көтерген қолын кімге сермерін білмей шыбығын қайтадан суға салды. Есіктен қараған әже де тез ғайып болды.

Ырысгүл молдадан сабақ ала бастағалы Торғын бәйбіше бір үлкен жұмыстың бетін қайтарғандай болып жүр. Шынында, үлкен жұмыс екені рас еді. Балаларының бәрі сауатын ашып, намаз сабағынан хабарлары бар болатын. Ырысгүлін уайымдап жүрген бәйбішенің жүрегі орнына түсті. Көңілін бір демдегенде өзінің үйінде арқасын керегеге сүйеп отыратын. Сол әдетімен бүгін де отырып еді, лезде басына балалары туралы ой кезегімен келіп жатты.

Тұнғышы Шарипаның жағдайы қалай екен, аяғы ауыр еді. Жақын арада баруды ойлап жүрген қамқор ана, ойша жоспар құрып та үлгерді. Құдайға шүкір тұрмыс құрған елі көңілінен шығады. Шарипасы есіне түссе қызына байланысты ерекше жай әрқашан ойына келетін. Қызының тоғыз жасқа келген шағы болатын. Күндізгі күннің ыстығынан өте қатты қызған киіздердің әсерінен киіз үйдің іші түнде тіпті ысып кететін. Торғын бәйбіше қапырық ыстық ауадан дем ала алмай оянып кетті. Үстіндегі жамылған қөрпесін серпіп салып, жанындағы Шарипасының да көрпесін ашу үшін төсегін сипағанда қызы орнында жоқ болып шықты. Жүрегі қатты мұздап кеткен бәйбіше шапшаң далаға шықты. Қызы үйдің жанында жүрелеп отыр екен. Дереу жанына келіп, не болғанын сұрап бәйек болған анасына қызының берген жауабы бәйбішені қатты таңдандырды.

- Еш жерім ауырған жоқ. Ыстықтап, шөлдеп су ішкім келіп құманның шүмегінен су ішкенімде, құмандағы су қою сияқты болып көрінді,- дей бергенде бәйбіше:

- Не дейсің, жаным-ау! Су қою дедің бе, сол суды сен іштің бе, бәрін іштің бе? - бәйбішенің үрейлене қойған сұрақтарына асықпай жауап берген қызының қою суға шөлі қанбай, суды көп ішкені бәйбішені қатты алаңдатты. Ұйыған су шаңырақтың байлығы болып саналатын қағида есіне түскен бәйбіше орнынан шапшаң көтерілді. Үйдегі құманды алып шығып, ішіндегі су өте аз мөлшерде қалғанын көрген Торғын бәйбіше шынымен мазасызданды. Ұйыған суды ішкен балаға әкесінің байлығы тұрақтайтын жорамалды бұрын естіген бәйбішені, бар байлық қызының ұзатылған жеріне ауысуы мүмкін деген қорқыныш ой, тезірек құманның түбінде қалған өте аз мөлшердегі суды ер баланың біреуіне ішкізуді ойлаттырып, ұлдары жатқан киіз үйге асықты. Оянғысы келмей, ұйқылы-ояу әзер басын көтерген жеті мен бес жастағы Бейсені мен Әлмағанбетіне құмандағы азғана суды бөліп ішкізіп бәйбіше көңілін демдеді.

Енді далада салқындап отырған қызына асықты. Келсе қызы манағы отырысынан өзгермепті. Торғын бәйбіше жанына келіп, қызын иығынан құшақтай отырды. Шарипасы басын анасының тізесіне қойып жата кетті. Аналы-балалы екеуіне де таза ауада отыру ұнағаны сондай, іші ыстық қапырық киіз үйге кіргілері келмей, далада біраз отырды. Шалқасынан жатқан Шарипа жұлдыздарға, айға қарап жатып:

- Қандай сүттей жарық-ай! Бірақ, мана далаға шыққанымда дала бұдан да жарық сияқты болып көрінді. Сол жарық ақырындап алыстай берді, - дегенде бәйбіше қызының басын қолымен демеп тізесінен тез тұрғызды. Басын таңдана көтерген Шарипаның екі бетінен ұстап, қызының көзіне тесіле қараған бәйбіше асыға сұрап:

- Сен не дедің, ештеңе айтпадың ба? О, тоба! Ол Қадір түні ғой. Қазір ораза айы, осы айда болатын бұл ерекше құбылыс. Қадір түні адамға көрінбейді. Ал, көрген адамның алладан сұраған тілегі орындалады. Сен ештеңе сұрамадың ба? Тағатсыздана сұрағын қайталай берген ана мінезінің өзгерісіне түсінбей:

- Екі дүниенің абыройын бер, - дедім. Неге бұлай айтқанын өзі де білмеген қызын құшақтай алып:

- Құдай беретін бала боларсың. Адамзатқа өте сирек көрінетін Қадір түнді көрдің, құмандағы ұйып қалған суды іштің. Әкеңнің байлығының жартысынан көбін қайын жұртыңа алып кететінің қиындау болып тұр, бас аман болса, ол да орнына келер, - бәйбіше Шарипасына мейірлене қарап, қызының басын қайтадан тізесіне қисайтты.

Бәйбіше ол уақытта осы айтқандары орындалатынын қайдан білсін. Сүйіндік байдың ұлдары барымтамен әуестеніп, әкесінің байлығын шашып мал басы азаятынын, Шарипасы тұрмысқа шыққан соң барған жерінде билік айтатын келін болатынын, қызына төсек-орын жасауына қосып берілген мал басы өсіп көбейетінін сөйтіп, Шарипасының барған жері бұрынғыдан да байып, қызы қадірлі, құрметті би келін аталатынын, ең өкініштісі қызының өмірі қысқа болып, екінші баласын босану үстінде дүниеден кететінін әрине, білген жоқ.

Кейін, Шарипасы қайтыс болғаннан кейін жүрегі езіле оны есіне алғанда, Қадір түннен екі дүниенің абыройын сұраған қызының тілегін алла орындап Шарипаға бұл дүниеде абырой беріп, қайын жұртында айтқан әділ билігі жұртшылық көңілінен шыққанын, ол дүниелік абырой туралы ойлаған бәйбіше баласын туу жолында қайтыс болған қызы пейіштің төрінен орын алған шығар деп өзін жұбататын.

1928 жылы болған мал-мүліктің конфискациясына алғашқы байлар тобының тізіміне Сүйіндік бай легіп, байдың бес жүз жылқысы қазынаға өткізілді.

Ал, Шарипаның атасының малының саны көп болуына байланысты түрмеге қамалды. Әкесінің түрмеге қамалуы жөнінде Шарипаның күйеуінің шығарған өлеңі былай басталатын еді:

Әкем кетті-ау Қостанайға айдалып,

Мың қой деген бір бәлемен байланып.

Не шара бар жаратқанның ісіне,

Ел басқарды құл-құтандар сайланып...

Ойлай-ойлай ой түбіне жетпеген бәйбіше, әйтеуір Шарипасының балалары Шайза мен Шәденханы барын медет тұтып, өзін әрқашан жұбататын.

Бүгін де күнделікті тіршілік өткен ауыр ойларды ысыртып, ата-баба рухтарына құран бағыштауды көптен жоспарлап жүрген бәйбішені орындағысы келген ойы көңілінен келеңсіз естеліктерді ұмыттырғандай болды. Ірі мал соймай жайлаудағы ауылдастарды ғана шақыруды жөн көрген бәйбіше қонақ шақыру жөнінде үй жігітіне, әйеліне тапсырма беріп, қамырдың орнына күріш басуды тапсырды. Ертеңіне таң ата қонақ шақыру қамына кіріскендер үйреншікті жұмыстарын тез атқара қойды. Әрі шақырылатын қонақтар аз болғандықтан, қонақ күту жұмысы тез орындалып жатыр. От басындағылардың дайындық жұмыстарын көріп келген бәйбіше, басылатын күріш ақталып жатқанын, қонақ күту жұмыстарының бәрі ойдағыдай жүріп жатқанына көңілі жайланып үйіне келді.

Қонақ үйге жалғаса тігілген киіз үй ауызғы бөлме үшін арналған. Сол ауызғы бөлмеге келіп бәйбіше дем алуға отырды. Шақырылған қонақтар алыс жерде болмағандықтан қолдары бостары әңгіме айтып, әңгіме тыңдау үшін ертерек келетіндері де бар. Бұл жолы да сондай қонақтардың алды келе бастады. Ауызғы бөлмеде отырған бәйбішеге қонақтар амандаса төргі бөлмеге өтіп жатыр. Үйдің ішін көзімен шолып отырған бәйбіше ішінде күріші бар қалтаға көзі түсті. Асыққан әйелдердің күріш қалтаны ашық тастап кеткенін көріп қалтаны көтере бергенде, бүйіріндегі кішкентай тесіктен күріш төгіле бастады. Қалтаның кішкентай жыртығын тездетіп тігіп жібергісі келіп, керегедегі ілулі тұрған ине сақтайтын қалташадан алған бір инені екі ернін жымдастыра аузында ұстап, жіпті керегеде ілулі тұрған шабаданнан іздей бастады. Жіпті тауып алғанша ине туралы ұмытып кетіп, өзінің демімен бе әлде, жұтынып қалды ма әйтеуір, ине жып етіп тамағына көлденең тұрды да қалды. Қозғалса ине әрі қарай кететін түрі бар, сәл қозғалса қадалып бара жатыр. Қара терге түскен Торғын бәйбіше шарасыз мүшкіл қалде тұрғанда үйге ауылдың келіндерінің бірі кірді. Бәйбішенің бетінің қаны қашқан түрін көріп, не болғанын сұрауға ынғайланған келінге дәл қазір ештеңе айта алмайтын бәйбіше, қонақтарды басқа үйге апаруын қолымен әзер түсіндірді.

Қонақтардың шығуын қатты қиналып, жаны шыға күткен бәйбіше тез қасына келген келіншекке қолын сілтеп есікті көрсетті. Өзінің далаға шығып ешкімді кіргізбеуін қалаған бәйбішені қалдыра алмай тұрғанда, оның қып-қызыл қанталаған көзінен "Тез шық" деген әмірді түсінген жас әйел далаға атып шығып, есікті сыртынан құшақтап тұра қалды. Келін кетісімен бәйбіше басындағы жаулығын алып мойнына орады да, аузын барынша кең ашып саусағын тамағына салып жіберіп, көлденең тұрған инені тамағынан суырып алды. Инемен бірге тамағынан қан саулап қоя берген бәйбіше ес-түссіз отырып қалды.

Бұл уақытта үйден не үшін тездете шыққандарын түсінбеген қонақтар өң-түссіз есікті құшақтап ешкімді кіргізбей, ештеңе түсіндіріп те айта алмай тұрған жас әйелді көріп, ауыл адамдары Сүйіндік байға хабарлауды жөн көрді. Бай өзі келгенде ғана, келін амалсыздан есікті ашты. Баймен бірге қонақтар үйге кіргенде, басындағы жаулығы мойнына оралған, аузынан аққан қан ақ жаулығын қызылға бояп, қолына қан болған ине ұстап отырған бәйбішені көрді.

Содан бері Сүйіндік бай кейде біреулермен келіспей қалған кезеңдерде өзінің ісінің дұрыстығын дәлелдеу үшін:

- Сендер менімен сөз таластырмаңдар мені құдай қолдайды, бәйбішемнің тамағынан алланың көмегімен ине суырылып алынған, - дейтін әзілдеп.

Жайлаудағы қызық өмір күнделікті тірлікпен өтіп жатты.

Жаңалық атаулыны көшпелі қазақтар өте сирек естігенімен Кейкі батыр жөнінде хабар жиірек естілетін. Қызылдардан қашқан Колчак әскерлерінің елді тонағанына, бұған қосымша жаңа үкіметтің қызыл әскерлері салық жинау сылтауымен қазақ ауылдарына зорлық көрсеткеніне қатты наразы батыр халқының болашағына бей-жай қарай алмай сарбаздарымен қайтадан атқа қонды. Орын алған осы мәселелерге байланысты Кейкі батыр орыстардың бәрін жау санап, сарбаздарына берген жаңа бұйрығын халық естіп жатты. Елін қорғау жолында көп шығынға ұшырап, батыр тағы қол жинаудың үстінде екені, осы жолы батырға әйелі мен інісі еріпті деген қауесет тарады.

Сарбаз болып кеткен жігіттердің көбісі бұл дүниеде жоқ, тірі жүргендері үйлеріне қайтпайтын. Себебі, сарбаздардың арасы сиреп, үйлеріне қайту мүмкіндігі жоқ болатын. Сондықтан, бұл жаналық ешкімді қуанта қойған жоқ.

Қол жинаған Кейкі батыр Сүйіндік байдың ауылына кіре бере сарбаздарына әскери тәртіппен салауаттарын айтқызып, ауыл адамдарының бастарын тез бір жерге шоғырландырды. Балалар мәз болып, күнделікті ойын қызықтарынан басқа өздері үшін ерекше көрініс, сарбаздардың бірдей дауыспен айтатын салауаттарын естуге бәрі жүгіре жөнелді.

Батыр бастаған сарбаздар жақындай келе айтып жатқан салауаттары біткенше аттарынан түспей қамшыларын тізелеріне тіреп отырды. Сарбаздар батырдың әйелі өздерімен бірге екенін халыққа жариялап:

- Ақжүніс сұлу ерді ғой,

Бізге де құдай берді ғой, - деген өлең жолдарын салауат сөздеріне қосыпты. Батырды қолдауға әйелі мен інісі ерген жорамалдың шын екеніне ауыл адамдарының көздері жетті.

Салауат айтылып болған соң батыр бірінші болып атынан түсіп жиналған жұртшылаққа сәлем беріп, өзімен бірге аттан түскен жас жігітті жиналған қауымға інісі Шұбарды (Нұрмұхамбет) таныстырды.

Сарбаздардың бірінің көмегімен атынан түскен үстіне киген өзіне шақ жорыққа шығуға ыңғайлы киімдері мен бас киімі өте үйлесімді Кейкі батырдың әйелі ауыл адамдарының сынай қараған көзқарастарын сезініп, аздап қолайсыздана жиылған қауымды күлімдеген көздерімен шолып, қолымен жүрегін баса басын иді. Ақсақалдар, бай мен бәйбіше, ауыл адамдары сұлудың сәлемін жылы қабылдады. Сәлемдесіп болып, жанына келген жұртшы руының қызы Ақжүніс сұлудың есімін айтып, батыр әйелін таныстырды.

Батырды бұрынғыдай емес ауыл салқын қабылдады. Ел аралап қайтадан қол жинап келе жатқан Кейкіге мұндай қабылдау таңсық емес еді. Батыр тұрған орнынан сәл алға жылжып, айтар ойын мейлінше тұрғандарға шынайы жеткізгісі келгені дауысының толқынысынан сезіліп сөзін бастады.

- Ата-бабамыздың бізге қалдырған аманат жерін қорғау кейінгі ұрпаққа міндет! Жерімізден басқа елдігімізді, ұлтымызды, салт - дәстүр, дінімізді сақтап қалу үшін көп шығын болды, әлі болады да. Қазақ халқын сақтап, оны қорғау жолында көп ержүрек жігіттеріміздің жоқ болуы өмір заңдылығы. Қазақ халқының жойылмауын ешкім қаламайтынына сенімім зор. Айтқан ой-пікірімді сарапқа салып, сиреп қалған қатарымызды толықтыру сіздерге байланысты, - деп батыр ойын ашық айтты.

Батырдың сөзін тыңдаған ауыл, ол сөзін бітіргенде де ешкім ештеңе айтпай үнсіздік орнады. Сарбаз болғысы келген жігіттерді үйлерінде ата-анасы құлақтарына құйған ақылдарының нәтижесі осылай болып, ауылдан бір-ақ жігіт сарбаздар қатарына қосылды.

Кейкі батырдың келесі қол жинауында Бекішінің сарбаз болу ойын өзгерте алмайтынын толық түсінген Торғын бәйбіше батырдың келу қарсаңында ұлының үйде жоғына шындап қуанды. Сүйіндік байдың не ойлағанын білуді бәйбіше өзіне міндет деп есептемеді. Баласының амандығын тілейтін әрбір анадай бәйбішеге ең бастысы баласының өмірі еді.

Өздеріне арналған қонағасыдан кейін Кейкі батыр жолға шығатындарын хабарлады. Ауыл ақсақалдары батырға ел намысын қорғағаны үшін алғысын білдірді. Сүйіндік бай сарбаздардың шаршаған аттарын керегінше тың аттарға ауыстыруларына болатынын және қосымша аттар сыйлайтынын айтты. Сарбаздар қуаныштарын қалыптасқан әдетпен бөріктерін аспанға лақтырып білдіріп жатыр. Күн өткен сайын қолдау азайып, көңіл-күйлері пәс ел қорғаушылар салауаттарын айта ауылдан аттанып кетті.

Жайлаудағы күздің соңғы айы басталды. Ауа райы салқындап, ашық көңілді күндерді жаңбырлы күндер алмастырды.

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.

Ерте барсам шөбімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай. - деп ақын Абай айтқандай Сүйіндік байдың ауылы жайлауда суық қатты түскенше отырыңқырап қалатын. Бай ауылы жайлаудағы мал жайылатын жерді тағы бір ауыстырып, сол жердің шөбі таусылғанда қыстауға көшетін ниетімен соңғы рет мал жайылымын іздеп көшуге дайындалды. Көшуге тез дайын болған ауыл, жолға ерте шығып біраз жерді ұтқанымен мал жайылмаған жерді кездестіре алмай келе жатыр.

Кенет, көштің соңындағы қоршаудан:

- Тоқтау керек! - деген қатты дауыс шықты. Соңғы көштен салтатты жігіт көшбасшыға келіп, әйелінің көш бойы толғағы қысып, қатты қиналып келе жатқанын, қазір көшті тоқтатпаса жол-жөнекей туып қалуы мүмкін деген қауыпты ойын айтты. Көш басшы жігіт Торғын бәйбішенің қоршауына келіп, болған жайды тезірек баяндағанша, болашақ әке де ізінше келіп, әйелінің жанын бәйбіше алып қалатындай оған жалынышпен қарап тұр. Мына жедел хабарды естіп, қоршауынан түсуге ыңғайланған бәйбішені мазасыздана күтіп тұрған жігіт қолтығынан демеп тез түсіріп алды.

- Әзірше көшті жықпай тұра-тұрыңдар, - деп жанына бір әйелді ертіп толғатып жатқан жас әйелге асығып жеткен бәйбіше келе жас нәрестені өмірге келтіру әрекетіне кірісті. Көшуге дайындалып жүргенде аздап толғақтың белгілері болғанымен, көш тез басқа жерге қоныстанар деген үмітпен өзінің жағдайын айтпаған жас келіншек енді қатты қиналуда. Бәйбішенің келуі жас әйелге күш бітіргендей қиналған жүзіне күлкі үйіріліп, бір сәтке тынышталып ұйықтап кетті. Ұйқысы көпке созылмай, әйелді қайтадан толғақ қысты. Көш жөнекей толғағы пісіп, аяғы ауыр жас келіншектің күнделікті жасайтын үй-тірлігін босанғанға дейін өзінің орындағаны дене еңбегінің бір саласындай әсер етіп, бәйбіше келген соң көп уақыт өтпей нәресте тұнғыш ұл дүниеге келді. Күздің суық күнінде көш жөнекей дүниеге келген нәрестенің кіндігін кескен әйелдің қолынан баланы тез жұлып алған бәйбіше жаңа туған қызыл-шақаны қойнына тығып жіберді. Жып-жылы денесінің қаны да сүртілмеген нәресте бәйбішенің кең көйлегінің ішінде жылап жатыр. Бәйбіше көйлегінің түймелерін ағытып нәрестенің бетін ашып еді, бос ауаны қармап аузын аша берген кішкентайдың бұл қылығына көріп тұрғандар күліп мәз болуда. Сөйтіп, жаңа ғана дүниеге келген жас нәрестемен бірге ағайынды Қуандық, Сүйіндік көштері жайлаудағы соңғы қонысына кетіп бара жатты.

Сыр бойының жаңа тұрғыны.

Қыстауға келе Қуандық қоныс аудару ойын іске асыруға кірісті. Бір малын сойып ауылды тегіс шақырып, келесі жылы жайлауға шықпайтынын, Шиеліге көшетінін мәлімдеді. Бұл жаңалыққа бәрі таң қалды. Әсіресе інісі Сүйіндік мазасыздана жұрттың тарауын асыға күтіп отыр. Ауыл адамдары кетісімен ағасынан оқыс асығыс шешімнің себебін міндетті түрде айтуын сұрады. Жауап беруге асықпай отырған ағасынан сұсты жүзін жеңгесіне аударып, жағдайды түсіндіруді талап ете қарады.

Жеңгесі қайынысының тесілген көзіне шыдай алмай, айтарын тез бастады. Қоныс аудару себебі Ырысгүл үшін қабылданған шешім болғанын, Торғын абысыны қызын туғанын ыңғайын келтіріп естеріне сала бергені ұнамай, осындай нақты шешім қабылдағандарын шегелеп жеткізді. Көптен бері ойлаған мақсатын іске асыруды асыға күтіп жүрген Тиындық ойындағысын құлшына айтты.

Жеңгесінің екпінді сөзін тыңдап болған Сүйіндік, орынсыз көшудің мәселесін Торғын бәйбішеден талап ете талқылау барысында нәтижесі ойдағыдай болатынын, тағы басқа дәлелді қорытындылармен толықтырғысы келген Сүйіндіктің сөзін бөлген ағасы мен жеңгесі көшу туралы шешімдерін өзгертпейтіндерін ескертті. Әңгіме осымен біткенін түнерген жүздерінен түсінген Сүйіндік үнсіз қалды.

Ағасы мен жеңгесін тыңдаған Сүйіндік, бәйбішесіне ренжіген сұсты жүзін аудара орнынан тұрып кетуге бет алды. Торғын да байға ілесе шықты. Үйлеріне келе жастықты екі бүктеп бас жағына қойып, төрдегі көрпешеге жата кетіп төбеге қарап үнсіз жатқан Сүйіндік бай ештеңе сұрамаса да, Торғын өзін ақтау үшін пікірін ортаға салды.

- Ырысгүл өсіп, уақыт өтіп бара жатқанына алаңдап, молдадан сабақ алу жөнінде кіріскенімді толық мойындаймын. Ал, көшу мәселесіне еш қатысым жоғын айтып өтуді дұрыс санадым. Соңғы кезде абысынымды бала өсіп шындықты білгенде бізге кетіп қалу қауыпты ой қатты мазалап, қоныс аударуды ұйғарған. Ойлаған жоспарын іске асырудың қысқа жолы тырнақтың астынан кір іздеп, кінәні маған жауып қайынағаны көндіру болған, - деп Тиындықтың өзінің іс-әрекетін осылай жасырғысы келгенін, Торғын дәлелмен түсіндіріп Сүйіндік байға шебер жеткізді.

Жылы орынды суытып, көшудің салдарынан Ырысгүл алтыдан жетіге қараған жылы ойнайтын балалардан, молдадан сабақ алудан қол үзді. Әсіресе, Торғын бәйбішенің кездескен сайын өзіне қарайтын нұрлы ерекше көздерінен, Сүйіндік атасының өзін көрсе құшақтап мұрнынан сүйетін жылы ықыласынан айырылды. Осындай естеліктер есіне түссе белгісіз сезім билеп, күрсініп қалады.

Шиеліге көшіп келген Қуандық үйі жайлауға шықпайтын отырықшы қазақтардың бірі болды. Ақырындап көршілерге үйрене бастаған үлкендер сияқты Ырысгүл де көрші Егор, Ефим, Платон деген ағайынды үш орыс «мұжықтарының» қыздарымен танысып көп уақытын солармен бірге өткізіп жүрді. Олар қазақшаны өзіндей болып сөйлегендіктен, Ырысгүл орыс тілін үйренбей-ақ қойды.

Танысқан алғашқы күндерінің бірінде өздері барған жерлеріне Ырысгүлді бірге алып жүретін әдетімен қыздар базарға келді. Базардан орыс қыздар қойдың үйітіліп пісірілген басын сатып алып, былай шыға бастың мыйын таласа жеген қыздардың бұл ісіне таң қалған Ырысгүл, өзі де қосылып кетті. Төртеуі мыйы таусылған бастың құйқасы мен тілін жеп, құлақтары мен жақ еттері таусылғанда бастың таңдайы мен көздердің айналасындағы еттеріне дейін турап жеп мәз болып, қолдарына жұққан құйқа сірнелерін бір-бірінің беттеріне жаққысы келіп, өзен суына жеткенше біраз күлкіге кенелетін. Осылай тамақтану өздеріне ұнап, кейін базарға барғанда піскен қойдың басын жиі алып жүрді.

Бірде ауруханада жатқан туысына барған үш қыз Ырысгүлді де ала кетті. Аурухана Ырысгүлге өте үлкен болып көрінді. Емделіп жатқан адамға жолығуға қыздардың біреуіне ғана ұлықсат берілді. Қалған екі қыз бен Ырысгүл үшеуі аурухананың қабырғасында ілулі тұрған суреттерді қарап жүрген. Кенет, ұзын-шұба дәліздің басқа жағында жүрген орыс қыз шар ете қалғанда, Ырысгүлмен бірге жүрген үшінші орыс қызы екеуі солай қарай жүгірді.

Жанына келгендерге қыз тілі жоқтай қолымен қабырғада ілулі тұрған қорапты көрсетті. Қораптың ішінде су құйылған үлкен шыны ыдыс тұр. Ыдыста жыланға ұқсас нәрсені көргенде зәрелері ұшқан қыздар қаша түсіп тоқтап, жаңағы ыдысқа қарады. Жүректерін тоқтатып ақырын кері бұрылып шыны қорапқа тағы қарады. Бұлардың жанынан өтіп бара жатқан ақ халатты әйел:

- Қорықпай қарап алыңдар, бұл адамның ішінен шыққан жылан. Тазалық сақтамай, тамақ ішерде қолдарыңды жумасаңдар, кірден осындай жылан іштеріңде пайда болады. Жылан жеген тамақтарыңды жеп өсе береді, ал сендер арықтап өлесіңдер, - жаны ашып ескерту үшін айтылған әйел сөзі қыздардың санасына найзағайдың құдыретіндей әсер етті.

Енді, емделіп жатқан туысының бөлмесінен шыққан қыз қосылып, төртеуі жыланы бар ыдысқа жақынырақ келіп жыланның бірі ұзын, екіншісі қысқа бір емес, екі жыланды көріп естерінен танғандай даурығып:

- Бұлардың бастары қай жағында? Екі жағы да үшкір сияқты, - деп бір-біріне таңдана қарады. Қыздардың бірі бұл өзгешелікті көру үшін, анықтап қарауға да дәті шыдамайтынын мойындап жатыр. Қайтып келе жатып жол бойғы әңгімелері сол жылан болды. Ішінде жылан барын адам арықтағанда ғана білсе, өскен жыланды іштен қалай түсіретіні белгісіз жауабы жоқ сұрақты төртеуі бір-біріне қойып, қыздар үйлеріне келді.

Ырысгүл бүгінгі көргенін аса үреймен адам ішінен шыққан екі жағы үшкір жылан туралы айтқанда, үйдегілердің бәрі жағаларын ұстап:

- Астапыралла, біз білмейтін неше түрлі сұмдық бар екен бұл өмірде... - атасы мен әжесінің таңданған сөздерінің бітетін түрі жоқ. Әсіресе әжесі:

- Заманның ақыры таяп қалған екен, адам ішінде жылан пайда болғаны соның дәлелі. Сонда жылан адамның ішіне қалай кіріп кеткен? Тамаққа тоймайтын, арық адамды ішінде жыланы бар дейтіні сол екен ғой. О, құдыретің күшті алла-тағала! - деп әжесі құдайға сиынуда.

Ырысгүл ауруханадағы ақ халатты әйелдің айтқанын есіне түсіріп:

- Әже, жылан кірден болады екен. Егер тамақ ішердің алдында қолды жумаса, адам ішінде жылан пайда болатын көрінеді.

- Не дейсің? Сонда қолдың кірі қалай жыланға айналады? Әй, қой! Бұл енді ті-іпті ақылға сыймайды, - әжесі қызының айтқанына нанар емес.

Ырысгүл бұған не айтарын өзі де білмейді. Шынында әжесінің айтқаны дұрыс сияқты. Қолдың кірі қалай жыланға айналады?..

Бүгін көргенін тағы қосымша толықтырып:

- Жылан біреу емес, екеу екен. Біреуі ұзын, ал екіншісі қысқа.

Енді бәрі қатты шошынып:

- Сонда, адам ішіне екі жылан қалай сиған? Ана бейшара адам әбден арықтаған шығар. Жеген тамағын екі жылан жегенде несі қалды дейсің?

- Мүмкін екеуі екі адамның ішінен шыққан шығар, Көзжақсым? Сол жыланын алдырған адамды көрген жоқсың ба? Доқтырлар ішіндегі жыланды қалай түсірді екен? - әңгіме барысында жақында ғана келін болып түскен Жібек жеңгесі де сөзге араласты. Жеңгесінің сұрағы Ырысгүлді ойландырып, мана сол адамды көрмегеніне өкініп отырған ойын оқығындай атасы:

- Қойыңдар, ол адам сонда дейсіңдер ме? Жыланын алдырған соң үйіне кеткен шығар. Сонда болған күнде де оны көрмегенің дұрыс болған екен. Ішінен екі жылан шыққан адамның қаңқа сүйегі мен терісі ғана қалуы мүмкін, көрсең түсіңе кіріп шошып кетер едің. Енді бұл туралы айтпаңдар, ойламаңдар, - атасы Ырысгүлдің басын өзінің тізесіне қойып, қызыл гүлді шыт көйлегін көтеріп арқасын сипап, қызының тотыққан бетіне мейіріммен қарады. Атасының жарылған қатқыл алақаны күндізгі көрген жағымсыз көріністерді ойынан қуғандай Ырысгүл тәтті ұйқы құшағына енді.

Отырықшы елдің басты ерекшелігі жанталаса малдың жағдайын жасап көше бермей, адам тыныштығы басым екенін Ырысгүл сезіп жүр. Мұнда, әрине, көш жөнекей көретін қызықтар жоқ. Бірақ, оның орнына сыр бойының тәтті қауындары бар. Қуандық үйі көктем болысымен қауын екті. Жерден қылтиып шыққан екі жапырақтан бастап, бәлектегі жапырақтар саны көбейіп, су жүретін арықтардың ішінен де әрі қарай созыла өскен желідегі жапырақтар әдейі сап-сары гүлдермен безендіріліп жіпке тізгендей көрініс берген ерекшелікті бақылай Ырысгүл өсіп келе жатқан қауындарды уақытымен суарып, керексіз өскен шөптерді жұлып, ықыласымен еңбек етіп жүрді. Сары гүлдер кішкентай түйіндерге айналып, түйіндер күн санап емес, сағат сайын үлкейгендей Ырысгүлдің еңбегін жандандырып жатты. Қауын піскенде жаз бойғы еңбегінің рахатын көріп, күнұзаққа қауын жейтін болды. Бет-жүзі ағарып, денесі семіріп, семіргеннен мұрнының қыры көрінбей кетті.

Қауын егуді әдетке айналдырған Қуандық ақсақалдың отбасының бір мүшесі Ырысгүлдің алғашқы қауын өсірген жылғы тәжірибесі жылдан-жылға артып, қауын түрлерін қабығына қарап ажырататын дәрежеге жетті.

- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тілінбей, - деп ағасы Күзембай қауынды құмарлана жиі жейтін қарындасына қарап күліп отыратын.

Атасы мен әжесінің қамқорлығында болып, Ырысгүл ешқандай кемдік көрмей өсіп жатты. Ерке Ырысгүл тамақ ішкенде Күзембай ағасының мойнына мініп, ал ағасы ренжімей тамағын іше беретін. Осындай бақытты шақтарды өткізіп жүргенде атасы қайтыс болды, көп уақыт өтпей әжесі де бұл дүниеден кетті.

Сол жылы жұқпалы ауру шығып, адам шығыны өте көп мөлшерде болғандықтан, халық жаппай қырылып жатқаны туралы қауесет тарады. Көп ұзамай ауру бұларға да келіп жетті. Ауру жұққан адам ішек-қарыны тырысып, бойын жаза алмай қиналып өледі екен. Сондықтан, халық ауруды "тырысқақ", - деп атаған сияқты. Бұл жұқпалы аурудан өлгендерді жуып, намаздап жерлеу мүмкін емес. Сондықтан өліктердің бәрін жинап, терең қазылған шұңқырға көмеді. Үй-үйді аралап, өлген ауруды тез арада жерлеуді ұйымдастырушылар әр үйді тексеруге келгенде, жақындарын қимағандарымен олар қайтыс болысымен тез жерлеу талабын орындау, өздерінің амандығы үшін жасалатын алдын-алу шарасы туралы келген сайын ескертіп кететін.

Күзембайдың үйінен бірінші болып Ырысгүл ауырды. Аурудың белгілері басқаша болғанына ешкім мән бермей, Ырысгүлден өмір белгісі білінбеген соң, арбамен өлік жинап жүргендерге оның денесі берілуі қатаң талап еді. Сонда да әкесі мен шешесінен жақында ғана айырылған Күзембай жақсы көретін Ырысгүлін көппен бірге шұңқырға тастауға қимай, қарындасын жасырып қалды. Әйелі Жібекті қарындасының денесін жууға көндіре алмаған Күзембай, көрші әйелді әзер көндірді. Жалынып жылаған Күзембайдың көңілін қимаған көрші апа Ырысгүлді жақсы көргендіктен, бұл рақымды ісін құдайдың қолдауын, жаратушыдан өзінің амандығын сұрап, әзер келісті. Жұқпалы аурудан өлген денені жууға келген жүрек жұтқан көрші апай дәреттеніп, беті-қолын жуып шымылдықтың аржағында жатқан Ырысгүлге жақындай бере, кілт тұра қалды. Құдайға жалбарынған сөздерін қайта-қайта қайталаумен көрші апа далаға шығып, Күзембайды көзімен іздеп тұр. Қайғылы ойымен көңілсіз тұрған Күзембайды көрген апа оны қолын бұлғап шақырып, өзі ішке кіріп кетті. Апаның Күзембайды шақырғанын естіп Жібек те Күзембаймен бірге бір уақытта үйге кіріп, екеуі есікке кептеліп те қалды. Асыға келіп шымылдыққа кірген екеуін, шымылдық ішінен қарсы шыққан апа иықтарынан итеріп далаға шығарды. Апаның мына істері шынымен таңданарлық еді. Біресе шақырды, енді шығарып жатыр. Бәрі далаға шығысымен:

- Сүйінші, қарындасың тірі, қарындасың көп жасайды екен. Ауруы тырысқақ емес, бірақ қандай ауру екенін білмеймін. Қазір қозғамаңдар, терлеп жатыр, - қуанған көрші апа айтқандарын қайталай берді. Өлім аузынан қалған Ырысгүл ақырындап денсаулығы қалпына келіп, ағасы мен жеңгесі үшеуі жүріп жатты.

Бірақ, атасы мен әжесі қайтыс болғаннан кейін Ырысгүлдің өмірі күрт өзгерді. Жеңгесі Жібек Ырысгүлді таң қылаң бере оятатын еді. Ағасымен бірге егілген егінді суару, арам шөбін жұлу, жеңгесіне үй тауқыметіне көмектесу осындай бітпейтін шаруалар қауын піскен кезде тіпті көбейетін. Піскен қауыннан қауыншек дайындау үшін қауынды жіңішкерте тіліп, оларды бір-бірінен алшақтата шидің үстіне жайып, жақсы қауыншек алу үшін жиі аударып тұруды керек ететін көп көлемді жұмыс та Ырысгүлге тиесілі. Кептіріліп жатқан қауыншекке қонған шыбындармен күресу, әйтеуір таусылмайтын үй тірлігінен қолы босамай, дос орыс қыздарымен ойнауды қойғалы қа-шан. Олар да бұған келуді сирете, кейін мүлде келмейтін болды. Сөйтіп, өмірдің ағымымен тез есейген Ырысгүл тілім-тілім алақандарына қарап күрсініп, әрі қарай жұмыстарын істей беретін.

Күдіретті ана құшағы!

Бірде, үйге асыға кірген Жібек жеңгесі:

- Көзжақсым, кірсіз көйлегінді ки, бәйбіше келе жатыр, - деді де өзі қабырғада ілулі тұрған таза көйлектер салынған қалтадан тездете Ырысгүлдің көйлегін алып, орнынан қозғала қоймаған қайынсіңіліне қарап:

- Көзжақсым, болсайшы енді, - деді дегбірсіздене. Жеңгесінің жалынышты үнін, бейшара түрін көріп, оны осындай қалге түсірген белгісіз күшке риза болғандай:

- Бәйбіше менің көйлегімді көруге келе жатқан жоқ шығар, - деп пештегі жанып жатқан отты көсеумен қозғап отыра берді. Қолына Ырысгүлдің көйлегін ұстаған Жібек дағдара қайынсіңіліне қарап тұрғанда, есіктен мол денелі Торғын бәйбіше кіріп келе жатты. Сол кезде Ырысгүлдің жүрегі жарылардай дүрсілдеп, жүрегінің қатты соғысын біреу естіп қоятындай жүрегін алақанымен басып, бәйбішеден көзін алар емес.

Сасып қалған Жібек бәйбішені отыруға үлгертпей құшақтап қазақтың дәстүрі бойынша көрісіп жатыр. Атасы мен енесінен айырылғанын жырға қосып, дауыстап айтып жылаған Жібек сыртынан бәйбіше туралы толық білетіндіктен, Торғын бәйбішемен көптен араласып жүргендей құшағынан босатар емес. Жер шалғайлығынан қайынағасы мен абысыны қайтыс болғанда келе алмағаны, Торғын бәйбішенің қабырғасына қатты батып жүрген. Абысыны екеуінің арасында қызы үшін жағымсыз әңгіме болғанымен, қатар жүрген абысынын өкпеге қиса да, өлімге қияр ма?.. Ал, қайынағасы өзі үшін орны толмас қаза еді. Енді екеуі де жоқ.

Бәйбіше де Жібек келінін құшағынан жібермей біраз жылап алды. Екеуін тоқтатып, айыратын адам болмаған соң көздеріне ерік берді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Жібек далаға самаурын қойып, шай дайындауға шығып кетті. Төрдегі көрпешеге отырып жатқан Торғын бәйбішенің назары пештегі жанып жатқан отты көсеп отырған қызға ауды. Аңсап келген Ырысгүлі қол созымдай ғана жерде отыр.

Қолынан көсеудің түсіп кеткенін байқамай, пештің отына қарап тапжылмай отырған қыздың бетіне түскен от сәулесі күнге күйіп тотыққан жүзін піскен бауырсақтай көрсетіп тұр. Қызының тотыққан жүзіне көңілі толып, киіміне көзі түскенде бәйбішенің көңілін жабырқатқан, Ырысгүлдің үстіндегі өте кірлеп кеткен көйлегі еді. Екі бұрымдап өріп қойған қап-қара ұзын шашы бүгін таралмағаны көрініп тұр. Бұрымы тарқатылмас үшін гүлді шүберекті жыртып жіп ретінде пайдаланыпты. Шашының ұшындағы сол жіпті жоғары көтеріп бұрымының бас жағына байлап қойған. Шамасы ұзын бұрым жұмыс істегенде кедергі жасамау үшін ойластырылғанын түсінген бәйбіше, қызының арық білегін де шолып өтті. Бәйбіше шыдамай қызына бірдеңе айтып қалар ма еді, егер Жібек келіні қолына шоқ салған таба алып кірмегенде. Үйге асыға кірген Жібек, анасы мен қызын оңаша қалдырғысы келмегені көрініп тұр. Аққұман қоятын табаға шоқ салу, самауырды үйге әкелгенде істелетін жұмыс. Ал, самауыр қайнай қоятындай уақыт әлі болған жоқ.

Жібек келе:

- Көзжақсым, әлі отырсың ба? Бәйбішенің алдына дастарқан жая бер. Самауыр да қайнап қалды. Өзім самауырды ала келемін, - деді дауысын төмендете. Жеңгесінің дауысының өзгергені, бұрын шай қайнату жұмысы өзіне тиесілі еді, сол жұмысты атқарып жатқан Жібек жеңгесінің мына өзгерісін жүрегінің түбіндегі ой толқытып, жас Ырысгүл жеңгесінің мүсәпір түріне ойлана қарады.

Толқынысын білдіргісі келмей ақырын орнынан тұрып, даладан леген мен құман алып келіп бәйбішеге қарай жүрді. Көзін жерден алмаған күйі бәйбішенің қолына су құйғанда оның толық ақ білегіндегі күміс білезіктер мен саусағындағы жүзіктер үйлесімді дыбыс шығарып қыздың жас шағын бір сәт есіне түсіріп, сүлгіні бермей кідіріп қалған Ырысгүлдің қолынан бәйбішенің өзі сүлгіні алды. Қолын жуған бәйбіше Ырысгүлдің ұялшақтығына көңіл бөлгенін жасырмай айтып, мейірімді дауысымен рақметін айтты. Шынымен ұялып тұрған қыз легендегі суды төгуді сылтауратып шығып кетті.

Өте тез қимылдап Жібек сексеуілдің шоғының қызуынан екі иығынан дем алған самауырынды алып кірді. Жібекпен бірге үйге кірген Күзембай сағынышын жасырмай көзінің жасына ерік беріп, бәйбішенің мол құшағының ыстығын жүрегімен сезінді. Ішкі жан-дүниесі өзі түсінбеген әсерде болып, еркіндіктің дәмін білетін жырақта жүрген дала жігіті тордан босанғысы келгендей, кең-байтақ елден келген бәйбішемен толғана амандасты.

Торғын бәйбіше әкесі мен шешесінің қазасына қайырлы болсын айтып, бәрі дастарқанға жақындады. Шай үстінде елдің амандағы сұрастырылып, Күзембай кейбір ауыл адамдарына ерекше тоқталып, қалдарын сұрап шай ұзақ ішілді.

Бәйбіше әңгімеге араласып отырып, кесесін әперіп отырған қызының тілім-тілім қолына көзі түсе берді. Шай жасап жүріп, қазанға ет салып үлгерген Жібек бүгін тым шапшаң қимылдап жүр.

Күзембай бәйбішеге қарап:

- Қазір қауынның пісіп жатқан уақыты, қауын жеп біраз уақыт бізде болыңыз, қауын туралы Ырысгүлден сұрасаңыз, сұрағыңызға толық жауап аласыз, - деп қарындасына қарап күліп алды. Бұған қосыла күлген Жібек бәйбішенің ойында бір күрделі әңгіме барын сезіп қобалжып отыр еді, мына күлкі оны бір сергітіп тастады.

Жібектің қобалжуы негізсіз емес еді. Бәйбіше шынымен өте маңызды мәселемен келген жұмысын айту үшін бір қозғалып қойып, сөзін бастады:

- Күзембай, маған айтқан қошеметіңе ырзалық. Пісікшілік уақыты екені рас, қауын Мұхаммед пайғамбарымыздың сүйіп жейтін асы дейді ғой. Қауынның бәлектен өскен жағынан шайтан ұстап, жарықтық пайғамбарымыз қауынды екі қолымен мықтап ұстаған тартыста шайтанды жеңгенін мұсылман қауымы біледі. Кейбір қауынның сыртындағы тілімге бөлетін сызықтар пайғамбардың он саусағының ізі деген болжам бар. Ал, қауынның бәлектен өскен жағын дөңгелете кесіп, сол дөңгелекті төртке бөлетініміздің себебі, шайтанның ұстаған жерін алып тастағанымыз деп түсіндіреді бұрынғылар. Сыйларыңа рахмет, тез қайтуымның себебі бар. "Айранға келіп, шелегімді несін жасырайын" дегендей мен де әңгіменің шындығына көшейін.

Қайынағам мен абысынымның орнына келгенім бірінші - парызымды өтеу. Екінші - келген жұмысым бар. Егер, жер шалғай болмағанда мен үшін маңызды екі мәселеге екі бөлек келу менің міндетім. Өздеріңе келудің қиындығы екі шаруамды бірге орындатты... - бәйбіше өзін толғандырған жолға шығу себебін айтарда сәл кідірді.

Сол кезде Жібек Ырысгүлге шайды өзі жинайтынын айтып, іздеп келе беретін орыс қыздарына барып бойын жазып келуін қалағаны, бұрын ойнауға жібермейтін жеңгесінің мейірімін түсінбей, оған таңдана қарады. Бәйбіше де жеңгесінің өтінішін құптаған ойын білдірген соң, орнынан ақырын көтеріліп далаға шықты. Үйдегілердің мына өзгерістері Ырысгүлге жұмбақ болып, енді ол ешқайда барғысы келмей, есіктің алдындағы көп адам отыру үшін жасалған атаяқ орындыққа отыра кетті.

Ырысгүл кеткен соң, бәйбіше сөзін жалғастырды.

- Қайынағам мен абысыным о дүниелік болып кеткелі Ырысгүлдің тағдыры мені көп ойландыратын болды. Бұрынғыдан соңғының қағидасы немесе ата-ана борышы - ұлды үйлендіріп шаңырақ иесі жасау, қызды өмірлік үйіне апару яғни, құтты жеріне қондыру. Қыз - жат жұрттық бала, Ырысгүлдерің де бір уақытта сендерден кетеді. Қазақтың қай мақалын алсақ та, бәрі өмірден алынған. Мысалы: "Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер" - мақалына байланысты ойымды айтсам, сендер жырақта жүргендіктен Ырысгүлдің бой жеткенінен ел хабарсыз болып, оған ешкім құда түскен жоқ. Сонда он үш жастағы қыздың болашағы жоқ, бақыты белгісіз. Қайынағам мен абысынымның көзі тірі болса сөз басқа болар еді. Енді Ырысгүлдің тағдырын мен ойлауым керек. Заман бұрынғыдай емес өзгерді. Ел тағдыры бұлыңғыр. Сендердің бастарың жас, қазір өздерің ғана болғандырыңмен, алла берсе көбейерсіңдер. Ал, енді осы сапарымның екінші жағын айтудың уақыты келді. Ол - Ырысгүлді көзім тірісінде құтты жеріне қондыру, - сөзін бітірген бәйбішенің түрінен қайта талқылауды қажет етпейтін мәселе туралы айтылған шешімді түсінуге болатын.

Күзембай да, Жібек те үнсіз қалды. Бәйбішенің айтқан дәлелді сөздерімен іштей екеуі де келіседі. Бірақ, намыс! Күзембайды қарындасын дұрыс бақпапты деген атақ алу мазаласа, Жібекті үй тірлігіне үнсіз көмектесетін Ырысгүлден айырылып қалу ойы мазалап отыр. Жас қыздың болашақ өмірі туралы Жібек ешуақытта ойланған емес еді.

Бәйбіше ертең жолға шығатын түйекештермен келісіп қойғанын айтты, бүгін ертерек дем алғысы келетінін ескертті.

Бәйбішеге қарап мақұлдағанын білдіре басын изеген Жібек:

- Қауынның қазан болған уақыты, сонда да сіз үшін үлкені табылып қалар барып алып келейін, әрі Көзжақсымды да шақыру керек, көрші орыс қыздарымен ойнап жүрген шығар, - деп шығып кетті. Далаға шыққан Жібек есіктің алдындағы орындықта отырған Ырысгүлді көріп, оның ешқайда бармағанын түсінді. Бұрын не болса соған қаттырақ дауыс көтеретін жеңгесі бұл жолы жәйлап:

- Жүр, Көзжақсым, бәйбішеге үлкен тәтті қауынды таңдайық. Таңдауын өзіңе саламын, тәтті қауынды қабығына қарап ажырататын білімің осы жолы пайдаға ассын, - деп Ырысгүлге күле қарап, мінезі тез арада өзгерген жеңгесі қауын жинаған қораның есігін ашты. Орнынан сылбыр көтерілген Ырысгүл жеңгесіне үш қауын таңдап берді. Жібекпен бірге далаға шыққан Күзембай қауынның екеуін алып көмектесіп, үшеуі үйге кірді. Үлкен табаққа үш үлкен қауынды тіліп, жайылған дастарқанның үстіне қойып, Жібек бәрін қауын жеуге шақырды. Қауын толы табақты қонағының алдына қарай жылжытқан Күзембай Торғын бәйбішеге қарап:

- Бүгін кеш болып қалды. Жаңа жеген ет сізге арналған сыбаға емес, таңертең өзіңізге арнап мал сойып көршілерімді шақырамын. Сол қонағасыңызды жеп кетіңіз. Келген жұмысыңыздың орындалуына еш кедергі болмайтынын білесіз. Қайынағаңыз бен абысыныңыздың орнына тағы бір түн қоныңыз. Ал, қазір мына сырдың тәтті қауындарынан дәм татыңыз, - деп сап-сары, қызғылт-сары, ақшыл-сары түсті әбден піскен қауын тілімдерін бәйбішенің алдында тұрған ыдысқа салып берді.

Күзембайдың дауысынан өкпені де, назды да түсінген бәйбіше қауын тілімдерінің ішінен қызғылт-сары тәтті тілімді таңдап алып, жеуге кірісті. Көптен қауын жемей, шырынын рақаттана жұтқан бәйбішенің көзі төмен қарап қауын жеп отырған Ырысгүлге түсті. Қауынды құмарта жеп, нұрлана түскен қызының жүзінен осы сәтте бәрін ұмытып, рахат шақта отырғанын көрді. Осы кезде Күзембай мен Жібек те Ырысгүлге көздері түсіп бір-біріне қарап жымиып қойды. Қауынның піскен уақытында Сыр бойында Ырысгүлден артық бақытты ешкім болмайтынын, беті семіргенінен мұрны да көрінбей кететінін айтып ағасы Күзембай Ырысгүлге мейірлене қарады.

Бұл сөзді жиі естіген Ырысгүл бәйбішеге ұялыңқырай қарап, орнынан тұрып кетуге ыңғайланды. Торғын бәйбіше Ырысгүлді иығынан ұстап, оны отырғызды. Қауынды қанша қарынды сыздатып тойып жегенмен тез қорытылып, денеге тез тарайтынын айтып, қызының тағы жегенін қалап сөзін жалғастырды.

- Осында келу үшін керуеннің жолға шығуын көп күттім. Олар мұнда көп аялдамайтынын ескерткен. Керуеннен қалып қойсам, қайтуым қиын болып, отбасындағы мен ғана шешетін тірлікке байланысты жағдайларға қажеттігімнен көп жата алмаймын. Күзембай, ниетіңе рақмет. Қонақ асымды кейін бірде сәті түскенде жермін. Маған айтқың келген өкпеңді түсінемін. Қазіргі жағдай осындай шешім қабылдауымды қажет етеді, себебін түсіндірдім. Бұл жаққа ата-анаңның көшуінің сырын сен білесің. Енді ол кедергі жоқ, сондықтан елге қайтыңдар. Кішкентайлы болсаңдар балаларың туыс-туғанды білмей жат болып өсер. Елге қайтсаңдар бергің келген қонағасыдан бүкіл ауыл болып дәм татармыз. Ал, мен ертең сол түйекештермен жолға шығуым керек. Ырысгүл, менімен бірге жолға шығасың, - деді.

Сол кезде қауын жеп отырған Ырысгүлді өзіне түсініксіз сезім іші-бауырын оттай қыздырып жүре берді. Өмірі туралы айтылмаған шындықтың беті кенеттен ашылғандай көзін жоғары көтерсе, ішкі сезімін біреу біліп қоятындай қозғалмай отырып қалды.

Енді, тіпті өзгеше тыныштық орнады. Төртеуінің әр қайсысын әртүрлі күйзеліс ойлар баурап алып, бәрі де қиналып отыр. Бұдан кейін әңгіме желісі қиюласпады. Дастарқанға бата беріліп, Ырысгүл оны жинауға кірісті.

Жібек төсек салуға төргі бөлмеге келді. Төсекті Ырысгүлге қайда саларын білмей қиналып тұр. Бұрын төргі бөлмеде Күзембай екеуі, Ырысгүл ауызғы бөлмеде жататын. Бүгін бәйбіше мен Ырысгүлге төсек төргі бөлмеге салыну керек, өйткені ауызғы бөлмеде Күзембай екеуі жатады. Өзіне түсініксіз сезім бәйбіше мен Ырысгүлді бір бөлмеге қалдырғысы келмейді. Сонда бұл не - қызғаныш па, әлде қорқыныш па? Қызғаныш емес, қорқыныш екенін шарасыз Жібек іштей мойындады. Қайынсіңілін үй қызметші ретінде пайдаланғаны өзіне мәлім жас әйел, болашақта Ырысгүлдің асқар таудай жанашырының алдында қауқарсыз болатыны үш ұйықтаса ойына келмеген.

Шеше алмаған төсек салу мәселесі тағы ойландырды. Кенет ойлап тапқан ақылына ырза болып, Күзембайға төсекті ауызғы бөлмеге дайындады. Өзі мен Ырысгүлге төсекті төргі бөлмеге бәйібшенің жанына салды. Тек бәйбіше үшеуінің төсек араларын алшақтау салып, үстінен үлкен жүк түскендей болған Жібек жұмысын бітіріп, төргі бөлмеден ықаластана шықты. Салынған төсекке бәрі тез жата қалғандарымен, ұйқылары келер емес. Әрқайсысы өз ойларымен әуре.

Таң атпай тұрған Жібек самауырынға от салып үлгерді. Ерте оянған Торғын бәйбіше Ырысгүлді оятып, өзі далаға шықты. Күздің аздап болса да таңғы суығы жылы төсектен тұрған адамды тітіркендіріп, бәйбіше қайтадан үйге асыға кірді.

Шай қайнағанша бәйбіше мен Ырысгүл дайындалып үлгерді. Бәйбішенің киімдері өзінің үстінде. Ал, Ырысгүлдің азғана киімдерін жинастыруға көп уақыт кеткен жоқ.

Таңертеңгі шай үнсіз ішілді. Түйекештер қайтарда соғатын уәделерінде тұрып:

- Ассалаумағалейкум, - деп амандаса жас жігіт үйге келіп кірді. Жігіт төрде отырған Торғын бәйбіше мен Күзембайға қолын беріп амандасты. Жібек пен Ырысгүлге басын ие сәлемдесті. Сосын, бәйбішеге қарап далада күтіп тұрғандарын айтып, сыртқа шығуға беттеді.

Сол кезде Жібек жанында отырған Ырысгүлді құшақтап, дауысын қатты шығарып ойындағысын айтып жылап босатар емес. Жайшылықта жеңгесін жек көретін Ырысгүл босап, жеңгесінің құшағында шын егіліп жылады.

Келген жас жігіт шыдамсыздық көрсете бәйбішеге қарап:

- Жүріңіз ертерек жолға шығып, кешкі қараңғыға дейін біраз жерді ұтуымыз керек, - деген жігіттің ескертуіне бәйбіше Жібек пен Ырысгүлді көрсетіп, сәл күту жөнінде өтінішін айтты.

Бұлар қалатындар ғой жылап-жылап өздері қояр неменеге күтеміз, - деп қалатындар неге бірін-бірі құшақтап жылап жатқандарына мән бермей жігіт шығып кетті.

Бәйбіше амалсыздан Жібек пен Ырысгүлді айырды. Түйекештердің күтіп тұрғанын ескерте Ырысгүлді тұрғызып, қолынан жетектеп далаға шықты.

Көз жасын тия алмай бірге ере шыққан Күзембай мен Жібек бәйбішемен қоштасты. Енді, қарындасына жақындаған Күзембай Ырысгүлін құшағына қысып, айдалада жалғыз қалғандай сезіммен көз жасына ерік берді.

Екеуін құшақтап, жыр айтып дауысын шығарып жылаған Жібекті, көз жастары бетін жуып тұрған Ырысгүл мен Күзембайды түйекештер асықтырған жоқ. Үйге кіріп хабар берген жігіт мән-жайді енді түсініп, манағы айтқандарына ұялып тұр. Қоштасу қанша ұзақ болғанымен, ақыры жолға шығу керектігі белгілі.

Қарындасын бірінші босатқан Күзембай, Жібектің қолын Ырысгүлден ажыратып:

- Ал, қарындасым, құлыншағым, енді бара ғой. Біз қанша сені қимағанымызбен өмір өз дегенін орындайды. Елге, туыстарға барғаның дұрыс, біз де кейін елге оралармыз. Құлыным, қайда жүрсең аман бол! - деп Ырысгүлді мінетін қоршауына отырғызу үшін керуенге жақындады. Арналған қоршауға жігіттің көмегімен бәйбіше мен Ырысгүл жайғасып, керуен жолға шықты.

Қоршаудың ішінде қол бұлғап кетіп бара жатқан Ырысгүлдің соңынан көңілдері құлазып қарап тұрған Күзембай мен Жібек бұрын жете мән бермеген отбасының бір бөлшегі кішкентай қыздың өздерінен біржола кеткенін мойындады. Енді туыс-туғаннан алыс жерде өтетін мағынасыз өмірлері саналарын жете ойландырып, ақырын жүретін түйелердің қарасы үзілгенше қарап тұрған Күзембайды жүрегінің жартысы кетіп бара жатқандай сезім баураса, Жібек өмірі ойына келмейтін "алтынның қолда барда қадыры жоқ" деген мақалды қайта-қайта қайталап тұрғанын өзі байқаған жоқ.

Қоршауда үнсіз төмен қарап көзінен жасы ағып отырған Ырысгүлдің ойына кенет мынадай өлең шумақтары келе қалды.

- Қош, деймін Шиелінің елдеріне,

Бұл жерге жеті жыл болды келгеніме.

Кір жуып, кіндік қаным төгілген жер,

Мен кеттім Еспе-Нұра жерлеріме.

Мынадай жаңалығына таң қалған Ырысгүл жас толы көзін жоғары көтергенде, өзіне елжірей қарап отырған Торғын бәйбішемен көздері кездесті. Қолын жайған бәйбішенің өзін үнсіз шақырғанын ұққан Ырысгүл оның құшағына кіріп кетуі қас-қағым сәтте болды. Ет-жеңді бәйбішенің құшағында нәзік қыз ешкімге айтып жеткізе алмайтын сезіммен Торғын бәйбішенің омырауынан "жұпар иісті" емірене иіскеп жұтып жатты. Осындай иістің бар екенін жүрегі сезетін бірақ, оның қандай екенін білмейтін. Көздерінен аққан ыстық жастарына ие бола алмаған аналы-балалы екеуі дәл қазір пейіштің ішінде ұшып жүргендей еді.

Сөйтіп ана құшағына біржола кірген, түйенің ақырын жүрісінен бесіктегі балаға ұқсап рақатқа батып ұйықтап кеткен, әлі ешкімге белгісіз суырып салма ақындық қасиеті бар Ырысгүлді түйе керуені кіндік қаны тамған туған жеріне алып келе жатты.

Қызығы мол жастық шақ.

Сұнғақ бойлы, ұзын қара сүмбіл шашты, қызыл шырайлы қыздың далаға шыққанын байқаған үш әйел бір-біріне қарады да үнсіз түсініскендей бастарын изеді. Бойжеткеннің әрірек кеткенін байқаған әйелдердің бірі өте тез өзгерген қызды тамсана айта бастағанда, қалғандары мақұлдап, Ырысгүл тұрған жаққа қарады.

Шынында бір айдың ішінде Ырысгүлдің тез өзгергені сондай, ауыл адамдарының бәрінің назарынан тыс қалған жоқ. Екі әйелдің бастары қосылса әңгімелері Ырысгүлдің төңірегінде болатын. Айтатындары бір-ақ мағынада: "Шіркін, анаға не жетсін, ана мейірімінен артық не бар?!" Біраздан бері айтылатын әңгімелері болмай жүр еді, жаңа тақырып табылып, ауыл әйелдерінің жерошақ басындағы жұмыстары қыза түсті.

Жас бойжеткен ана мейірімін көріп, дала табиғатының құдіретімен туған үйдің, туыстарының ыстық ықыласынан нәр алып, күн сайын емес, сағат сайын өскен сияқты.

Жаңалықты асыға күтетін ауыл алыстан нүктедей болып қарайып көрінгенді біреуі байқап қалса, жерден жеті қоян тауып алғандай тез бір-біріне хабарлап, бәрі жасап жатқан жұмыстарын тоқтатып сол қарайған нүктені бақылайтын. Бүгін де алыстан көрінген нүктені біреуі байқаған екен, үйреншікті әдеттерімен бәрі сол нүктені жіті қарап тұр. Қара нүкте жақындай келе салт атты екені белгілі болды. Салт атты атының басын Сүйіндік байдың үйіне қарай бұрды. Атынан түскен бейтаныс жігіт атын ат байлауға арналған бағанға байлап, өзі үйге кірді.

Далада шыдамсыздана күткен топ үйден тезірек ешкім шыға қоймаған соң, жаңалық білгісі келген қыздардың біреуі әкесінің үйіне кетті. Көп уақыт өтпей үйден жүгіре шыққан қыз құрбыларына асыға келіп, бейтаныс шабарман тойға шақыра келгенін айтып бәрін қуантып тастады. Мұндай қуанышты хабарды естіп, біраздан бері ешқайда бармаған қыздар қолдарын шапалақтап, бірін-бірі құшақтап сүйіп жатыр. Кейбір жеңілтектері секіріп-секіріп қояды. Қуанышты хабар айтқан қызды бәрі құшақтап сүйіншісін беретіндерін айтып шуласуда. Қосымша қимыдарымен көрсетіп, ойларын бүкпесіз жеткізген қыздарды көріп, Ырысгүл өзінің еркіндігі жөнінде бұлармен тіпті салыстыруға да болмайтынын ойлағанда көңілі құлазып қалды.

Келген хабаршы жігіт үйден шығып байлаулы атына қарай жүрді. Келгендегідей емес жүрісі баяу. Айтылатын хабарды орындаған хабаршы асықпай атына отырып, желе жортқан аттылы ақырындап алыстай берді. .

Үйінен сәл кейінірек шыққан Торғын бәйбіше жаңалықты білгісі келіп тұрған қыздары мен келіндерінің жанына келіп, тұрғандарды маңыздана бір шолып, ертең кешке көрші ауылға қыз ұзату кешіне бәрінің шақырылғандарын салтанатпен жеткізді.

Тойға киетін киімдерін сандықтан шығарып, далаға жіп керіп жайып, жел қақтырып дайындалу туралы анасының қамқорлығын естіген қыздары енді шын қуанғандарын білдіре қолдарын тағы шапалақтап, секіре бірін-бірі көтеріп жатыр. Сол жерде тұрған жастар сауық кешіне киетін сәнді киімдерін ойша киіп, өздері сол кеште жүргендей сезініп, біразға дейін кете қоймады. Сауық кеші кешкі мал жайланған соң басталатыны бәріне белгілі болса да, қыздардың біреуі:

- Мал жайлайтын қонақтар емес, неге сауық кешін сол атқарылатын жұмысқа қаратады екен?

- Тойды өткізу үй жігіттерінің жұмысы емес пе? Олар кешке мал жайлаумен жүрсе келген қонақтарды кім қарсы алады? - біреуінің осындай дәлелді жауабына орай тұрғандар сұрақ қойған қызға қарап күліп алды.

Біртіндеп үйлеріне тараған қыз-келіншектер келе-сала сандықтарынан бір киер киімдерін шығарып киіп көріп, қағып-сілкіп далаға жайып үлгерді. Киімдерін дайындап болып, жуынып-шайынып тойға баратын жастар ертеңгі кешті асыға күтіп жүр.

Уһ, келесі күн де басталды-ау әйтеуір! Киетін киімдері туралы әңгіме-дүкен құрып, отауда отырған жастарға Сүйіндік байдың екінші әйелі Айманкүл келіп, той болатын ауыл шалғайда болғандықтан, түскі астан кейін тойға шақырылған жастар киініп, кешікпеу үшін ертерек жолға шығуды ескерткен Торғын бәйбішенің сәлемін айтып, кетуге ыңғайланған кіші шешелерін бәрі шулап, құшақтап жіберер емес.

- Мына жазғандар қайтеді өзі, біраздан бері той болмап еді, әбден іштері пысып қалған екен. Шіркін жастық-ай, жастық өмірге не жетсін! -деп шығып кетті. Кетіп бара жатып, Әбділда мен Байділданың да тойға барғандарын қалаған ана ұлдарының көңілдерін көтергісі келді. Бүгін қой-ешкіні, қозы-лақты қораларына қамауды ауыл балаларына тапсыруды, өзі де көмектесетінін қуана ойлап, тезірек оларды да жібергісі келген Айманкүл ұлдарын мейірлене есіне алып, үйіне қарай асыға жүрді.

Сүйіндік байдың үй-іші түскі астарын ішіп болғаннан кейін, тойға баратындардың дайындықтары басталды. Балаларының тойға шақырылатынын білетін Торғын бәйбіше Ырысгүлінің киімін алдын-ала дайындап қойған. Басқа қыздарынан кем болмауын ойластырып Ырысгүлді алып келісімен іс тігетін шебер әйелді шақырып, қызына киім тіккізген. Дайын киімдерді қызына беріп, оны қатты қуантты.

Тойға баратындар - Сүйіндік байдың балалары, келіндері, ауыл қыз-бозбалалары киініп дайын болып далаға шығып бір жерге шоғырланып тұр.

Тек қана байдың қыздары дайын емес. Киімдерін киіп болып, енді шаштарына шашбауларын тағып, шолпыларының сылдырымен бірге өздерінің бір-бірімен таласа сөйлескен сөздері киіз үйден естіліп тұр. Қайынсіңілдерін асықтыру үшін үйге кірген Шәмсібану қыздарға тойға баратын жастар күтіп тұрғандарын айтып, шығып кетті.

Бұрын қыздары мен келіндерінің киген киімдерін сын көзімен тексеріп, шығарып салатын Торғын бәйбіше бұл жолы да сол әдетімен әрқайсысының киімдеріне жіті қарап, жолға шығуларына ұлықсатын берді. Сосын Ырысгүлінің жанына келіп:

- Атқа мінуді әлі толық меңгеріп үйренбеген саған жуас ат дайындадым, жақсылап көңіліңді көтеріп қайт, - деп әр талы ірі сүмбіл қап-қара шашына, жұп-жуан бұрымдарына сүйсіне қараған бәйбіше балаларына қызын тапсырды.

Сөйтіп, көңілді жастар аттарына мініп, көрші ауылдың қыз ұзату тойына аттанып кетті. Кетіп бара жатқан жастардың артынан ауыл әйелдерімен бірге қарап тұрған Торғын бәйбіше бәріне алланың жар болуын тілеп, қамқор ана балаларын шығарып салды .

Былай шыға бере жастар аттарының басына ерік беріп қоя бергені сол еді, иелерінің көңіл-күйлерін түсінгендей жәй желісті жүріспен келе жатқан аттар шаба жөнелді.

Апалары мен сіңілісіне бүгінгі той үйреншікті болса Ырысгүлге ерекше еді. Жас қыздың көңілі осыған сай. Болатын той, күздің соңғы жылы уақытына дәл келді. Сәл салқындау самал жел қыздардың бөрік астынан шығып тұрған балапан шаштарын жел үрлеп мәпелеп тұр. Көңілді жастар көтеріңкі көңіл-күйлерімен ауылдан алыстап бара жатты. Қыз-келіншектердің тойға киген киімдері дала гүлдеріне ұқсап, кетіп бара жатқан осы көңілді топ үшін, "көңілді көтермесе кір басады" деген өлең жолдары дәл келер еді.

Бүгінгі көңілі шарықтаған жастардың ішінде жаңа ашылған гүлдей жас Ырысгүлдің көңіл-күйі аспандай түсіп, үстіндегі сары түсті шайы көйлегінің қос желбіршекті етегі мінген атының үстін жауып, қызыл шие түстес мақпал барқыттан тігілген ноқалы шапаны тамаша үндестікті көрсетеді. Сұлу, сүмбіл шаштан өрілген бұрымын талдырмаш беліне орапты. Басындағы жиегі құндызбен көмкерілген төбесі шапанының матасындай мақпал барқытты бөріктің бір жағына тағылған үкісі желмен тербетіліп, қызыл-шырайлы жүзі ерекше нұрланып еріксіз өзіне қаратады. Қара құрым етігінің сірісіндегі күміс шегелеріне шашындағы шашбауы тиіп сылдыр қағып, қыздардың шашбауларының дауысына қосылып енді, өзінің де бар екенін паш еткендей.

Ұзақ жол жүресіңдер деген ата-аналарының болжамына орай, жолға кететін уақытты ойша межелеген жастар той болатын ауылға тез келіп қалғандарына таң қалды. Үйден шыға аттарына ерік бергендері ойларында жоқ. Алыстан ауыл айналасындағы жер ошақ басындағы адамдарды көріп, бүгінгі сауық кешіне, ертеңгі тойға қызу дайындық жүріп жатқан ауылға астарындағы аттардың жүрісін баяулата, тойға шақырылған жастар жақындады.

Ауылға жақындап келе бергенде, ілтипатпен қарсы алған жігіттер тобы қыз-келіншектердің аттарынан түсуіне көмектесіп, көліктерін арнаулы бағанға байлап, қонақтарды айтыс әндері естіліп жатқан үйге шақырды. Жастар толып отырған үй келген қонақтарды жылы қарсы алып, ақындардың бір-біріне айтқан әзіл өлең жолдары тыңдаушыларын күлдіріп жатыр. Айтысып тұрған ақындар Қорланмен ерекше сәлемдесіп, домбыраларын ақырын шерте айтыстарын тоқтатып орындарына жайғасты. Сол кезде тойға келген көршілес ауылдың қыздарының бірі:

- Айтыс енді қызатын болды, - деді жанындағы қызға сыбырлап. Себебін білгісі келген құрбысына жауабын толықтырып:

- Сүйіндік байдың суырып салма ақын қызы Қорлан келді, - деді ақырын ғана.

Той басқарушы жігіт келген жастарды таныстырып, шақырылған қонақтардың соңғы тобы аттарынан түсіп жатқанын, көп ұзамай қыз ұзату кешін бастайтынын, тек кеш көңілді өтуі үшін жігіттер мен бойжеткендер араласып отыратын сауық кешінің бұрыннан келе жатқан заңын ескертіп жатыр. Аға-жеңгелерімен бірге келген қыздар сауық кешіндегі осы заңдылық орындалғанда ұялып отырушы еді. Күнделікті әңгіме барысында Сүйіндік байдың қыздары үш ағаларының бірі Әлмағанбеттің тойда шамалыдан кейін отырған жерінде ұйықтайтынын сөз етіп, ағасының бұл ісіне зілсіз күліп, өздері ұялмау үшін ең болмаса ұйқышыл ағаның тойда болмағанын қалап, ішкі ойларын дауыстап айтпай бір-бірінен жасыратын.

Соңғы келген қонақтар орналасып болғаннан кейін, той басқарушы жігіт қолындағы домбырасын шертіп жіберіп, әдемі қоңыр дауысымен ауылдың алты ауызын бастап жіберді.

Сол кезде киіз үйдің есігінен қарап, қанша рет үлкендерден ескертулер алса да, кетпей тұрған бір топ ер балалардың ішінен біреуі:

- Өлеңді айт дегенде ақырамын,

Төрдегі Ақбаршаны шақырамын! - деп айқалап жіберді.

Мына күтпеген баланың сөзі ду күлкімен көміліп, төрде отырған үш апалы-сіңілілер Ақбарша, Аққұман, Ақбөпе сұлулардың бет-жүзін ұялта қызартып төмен қаратты. Баланы ұстамақ болып жүгірген жігіттер ұмтыла бергенде, тез көзден ғайып болған жасөспірімнің соңынан достары да жоқ болды.

Қолына домбырасын алған той басқарушы:

- Енді, еш кедергісіз болатын сауық кешті жалғастыруға толық мүмкіндікті пайдаланып, арамыздағы дарынды жастар ғана емес, кеш көңілді өту үшін осында отырған "әу" дейтін жастардың да өз үлестерін қосуларын қажет ететін қыз ұзату кешінің басталғанын хабарлаймын. Үзіліп қалған ауылдың алты ауыз өлеңін бастағаным, қызықты кешті жалғастырғаным. Бастадық сауық кешін! Бастадық қызымыздың ұзатылу кешін!

Күмбірлеген күй мен әсем ән айтылған үй - жалындаған жастық шақтың куәгері еді. Бір-біріне орамал тастап ән айту кезегі бәрін қанаттандырған көңілді жастарға той басқарған жігіт желпініп далаға шығуларын хабарлап, көп кешікпей сауық кешіне арналған сый тамақ әкелінетінін, тамақтан кейін кеш жалғасатынын ескертті.

Далаға шығып желпінген жастар біраздан кейін үйге тамаққа шақырылды. Той малының жас еті желініп, жаңа ғана пісірілген бауырсақ пен қою сүт құйылған күрең шай қонақтардың тойып жеген семіз етін басты.

Кешті әрман қарай жалғастыруға әзір жастар, сауық кешінің екінші бөлімін суырып салма ақындар айтысымен бастады. Үлкендердің қалауымен ақындар айтысы далада ұйымдастырылды. Ақын жігіттер Қорлан аруға қарап, айтысқа шақырғанда айтылатын өлең жолдарын айтып қояр емес. Тойға жиналғандарға әрине, қызық керек жиналған қауым жан-жақтан Қорланнан жігіттерге жауап беруін өтініп шулап жатыр. Қорлан біраздан бері айтысқа түспегендіктен кідіріңкіреп отырған.

- Егер жауап берілмесе ақынның жеңілгені болып бағалануы мүмкін, - осындай ойын жанында отырған Бәтима Қорланға жеткізгенде, өзі де сондай қорытындыға келген Қорлан тамағын бір кенеп, зор дауысымен айтысты бастап жіберді. Әуелі, екі жігіттің бір қызға әлі келмейтіндей қосарлана айтысқа шақырғандарын айтып бір түйреп алды. Мінезі екпінді, ойындағысын тіке айтатын Қорлан, бұл жолы да айтыста қысылған жоқ. Жігіттің біреуі кезегін жолдасына беріп, Қорланның айтқан әділ сынын мойындайтынын айтып, тыңдаушылардың қатарына қосылды. Айтыс біразға созылды. Қызып алған тыңдаушылар екі ақынды кезек қолдап, көтерме сөздерін қайталауда. Ақындар бірін-бірі жеңе алмай, ақырында ақын жігіт Қорланға домбырада ойнамайтынын баса айтып өтті. Айтысты қызықтаушы жиналған топ ақын жігітке жеңілмеудің жолын іздеп айтқан дәлелін бетіне басты. Көрермен тобының айтқан сынын мойындаған ақын жігіт Қорланды қолынан демеп орнына отырғызды. Қызып алған тыңдаушылар жастардың ішінде тағы айтысатындар тобын үмітпен күтіп тарағысы келмей тұр.

Кенет, жұрттың назары алыстан күздің гүлдері сияқты болып көрінген топқа көңіл аударды. Қыз ұзатудың рәсімін білетіндер қалыңдықтың қоштасуы екенін біліп тұр.

Тек бәріне таңдана қарап тұрған Ырысгүл, жанында тұрған осы ауылдың қыздарының сөздерінен туған елімен, туыстарымен қоштасу рәсімімен келе жатқан қалыңдық тобы екенін түсініп, келе жатқан қыздар тобына қызыға қарады. Жанына келген Зиба сіңілісінің түсіндіргісі келгенін байқаған Ырысгүл, ол жөнінде білетінін айтып, тағы да қыздар тобына көз салды.

Жақындай келе орталарына ұзатылатын қызды қоршаған құрбылар тобы көрінді. Айтылған жар-жар өлеңінің сөзі анық естіле бастады. Ақындар айтысын тамашалаған тойшыл қауым, енді жар-жар әндерінің жүректі толқытар сөздерін естіп көздеріне жас алып тыңдап тұрды.

Көпшілікке жақындаған қалыңдық көзін төмен салып, өзін қоршаған құрбыларының ортасында ата-ана бауырындағы оң жақтағы өмірінің соңғы күндеріндей көңілсіз еді. Ал, құрбылары бар жандарын салып, жар-жар сөздерін анық, әсерлі айтып тыңдаушыларға жеткізуде. Жар-жар әнін естіп көздеріне жас алған әйелдер мен үлкен кісілер ғана емес, жүректері сезімтал ерлерді де көруге болатын еді. Тойға барған Сүйіндік байдың үлкен ұлы Бейсен қалыңдыққа қарап көзіне жас алып, бір сәтке өзінің жігіт екенін ұмытқандай.

Жар-жар айтқан қалыңдық тобы ұзай бергенде қонақтарға қымыз әкелінді. Күздің қою аз қымызы тілді үйіріп, қымыз ішкендер алғаш рет дәмін татқандай тамсана жұтуда.

Қызықты сауық кешін жүргізген талай тойды басқарған осы саланың майталман шебері той басқарушы жігіт сөйлеген сөзімен, домбырамен айтқан әндерімен жиналған қауымның көңілінен шығып, қонақтарды далада ұйымдастырылған ойын түрлеріне шақырып, кешті жалғастырды. Әртүрлі ойынның ішінде көпшілікке кең тараған "ақсүйек" ойынына жастардың көбісі қуана келісті. Түн ортасы ауған уақыт бұл ойынға лайық болатын. Қараңғы түнде лақтырылған сүйекті тауып, ойын басқарушыға өте тез арада әкеліп беру үшін жанталасып сүйекті іздеген жастар ойыннан шабыт алды.

Алтыбақан теуіп, ән айтуды ұнататын жастар тобымен бірге тетелес Ырысгүл мен Зиба алтыбақан басында қалды. Алтыбақанда тербетіліп, талай жүрекке жағымды әндерді тыңдап, өздері де айтылған әндерді қосыла шырқап, әңгіме барысында Ырысгүл шай ішіп отырғанда жанында отырған жігіт ақырын санынан шымшығанын Зибаға таңдана айтты. Зиба тойларда сондай белгімен жігіт қызды оңаша сөйлесуге шақыратынын, бірақ қыз мұндай шақыртуды қабылдалмаудың дұрыстығын қайта-қайта ескертіп, өзінен екі жас үлкен аңқау апасын сақтандырып жатыр.

Таң біліне бастағанда сауық кешіне келген қонақтар үйлеріне қайтуға дайындалып жатты. Келгенде күтіп алған жігіттер тобы қонақтардың дем алып тыныққан аттарын дайындап, көліктеріне отыруларына көмектесіп болғанда, кетуге дайын тұрған жастарға ұзатылатын қалыңдық жағының жанашырлары келіп:

- Бүгін қызымыздың ұзатылу тойы жалғасады. Тойға Сүйіндік байдың ауылы тегіс шақырылып еді. Бұл хабар үлкендерге айтылса да, тойдан ата-аналарыңның қалмауын қалап, балаларына да ескертуді жөн көрдік. Ертең жаңа құданың келін түсірген тойы болады. Тойында салт-дәстүріміздің негізі көкпар тарту, ат шабыс, палуан күресі тағы басқа ойындар ұйымдастырылған. Құдамыздың тойына да Сүйіндік байдың ауылы шақырылған. Жүйрік арғымақтарын, палуандарын ала келіп сайысқа қатыссын, - деп той иелері болатын той рәсімдерін толық хабарлап, жас қонақтарын шығарып салды.

Торғын бәйбіше балаларын қуанышпен қарсы алып, ойын-сауықтың қалай өткенін қыздарының таласа айтқан әңгімесінен қуат алғандай, рахаттана тыңдады. Бәйбіше тыңдап тұрып, ойын-сауыққа алғаш рет барған Ырысгүлге қарап, қызының нұрланған жүзінен ешқандай түсініктеменің керек емес екенін білді. Қызының көзі анасының көзімен кездескенде Торғын бәйбіше Ырысгүлінің қазір шексіз бақытты екенін түсінді, қызымен бірге бәйбішенің өзі де қазір бақытты еді. Бақыт құшағында тұрған бәйбіше денсаулығының күрт өзгеріп, соңғы кезде қатты ауырып жүргенін ұмытып көңілі шарықтап тұр.

Соңғы кезде ауырып жүргенін балаларына сездіргісі келмеген бәйбішенің тамаққа тәбеті болмай, беті ісіп жатып қалды. Етжеңді денесі күннен-күнге ысылып, бұл өзгеріс үй-ішіне байқалды. Анасының тамақ ішпегеніне қатты уайымдаған Ырысгүл Қуандық атасының үйінде жиі дайындайтын кеспе көже есіне түсті. Қысқы соғым уақытында күнде семіз ет жеу ас-қазанға кері әсері болатыны ойландырып, сұйық кеспеден аздап ішер деген үмітпен түскі астың қамымен жүрген әйелге кеспе дайындайтынын ескертті. Түсте ішілген дәмді кеспе бәріне ұнап, Ырысгүлдің үлкен ағасы Бейсен кейін қарындасынан жиі кеспе дайындауын өтінетін. Тек Торғын бәйбішенің тәбеті болмай ештеңе ішпеді. Күннен-күнге денсаулығы төмендеген бәйбішенің бетіндегі ісік ұлғайып, үй-іші қорқынышта жүрді. Ана денсаулығы қатты алаңдатып, көз жастарын тия алмай жүрген қыздарына бәйбіше бәрінің өскендерін естеріне салып, өзінің жазылатынына кәміл сенетінін айтып жұбататын.

Бәйбішені атақты балгерге көрсеткенде, балгер қара қой сойылуын талап етті. Сексеуілдің шоғын әкелуін сұрады. Қандауырды сексеуілдің шоғына қатты қыздырып, бәйбішенің ісіп тұрған бетіне қандауырдың ұшын тіреп итерді. Еттің күйген иісіндей иіс шыға қандауыр ісіктің ішіне кетіп барады. Бәйбіше қатты айқайлап жібергенде, балгер қандауырды суырып алды. Қанды ірің қандауырмен бірге ере шықты. Одан кейін бәйбішенің басынан сойылған қара қойдың өкпесін айналдырып, өкпені лақтырды. Балгер емін жасап, өзіне арналған қонағасын ішіп кетті. Ертеңіне бәйбішенің бетінің ісігі қайта бастады. Бірақ, тәбеті сол қалпы өзгермеді. Тамаққа зауқы жоқ бәйбіше арықтай берді. Емшіден көмек болмаған соң, балалары Қызылордадағы ауруханада бәйбішені екі ай емдетті. Бұрынғы қалпына келіп, сауығып үйіне келген бәйбіше балаларымен қуанышпен қауышты. Ауруханада емделіп келгеннен кейін Торғын бәйбіше біреулердің белгісіз дәріні тастайын деп жатқанын көрсе:

- Доқтыр дәріні өлсін деп бермейді обал болады, маған беріңдер мен

ішіп қояйын, - дейтін болды. Бәйбіше келгелі байдың үйінің тіршілігі бұрынғыдай орнына келе бастады.

Ырысгүлдің байқағаны кешке уақ малды қамау кезінде қызықты уақиғалардың болып тұратыны. Қой мен ешкі малдарын қозы-лақтарынан бөліп қораға қамау, көп адам санын керек ететін жұмыс. Үй жігіттерінің балалары, байдың екінші әйелі Айманкүлден туған Әбділда мен Байділда кешке мал өрістен қайтқанда осы жұмысты атқарады екен. Күнде кеш сайын қозы-лақтарды қораға қамай алмай қиналып жүрген Әбділда мен Байділда:

- Үйдегі қыздар төрелер ме? Олар неге бізге көмектеспейді, - деген реніштерін соңғы кезде жасырмай айтып жүріпті.

- Қыздар ата-ананың қонағы, - деп туыс-туғанның қыздарға қамқорлығының себебін айтқысы келген бәйібішенің сөзін ызалы балалар бөліп:

- Қонақ болса кетсін. Неге осы уақытқа дейін кетпей жүр, - деп қоймайтын. Інілерінің ренішін естіген қыздар көмектесу үшін шыққан болып, малдың алдынан шығып еді, арнайы бөлінген қораға енді ғана кіріп жатқан қозы-лақ тым-тырақай кейін қарай қашты. Әсіресе, лақтар қашып алысқа ұзап кетті. Әбден әуре болып қойлар мен ешкілерді қозы-лақтарынан әзер бөліп қораларына қамаған Әбділда мен Байділда қайтып апаларының көмегін керек етпеді.

Осы екі жасөспірімдер рамазан айында мұсылман қауымының ораза ұстайтын үлкендерімен бірге ауыз бекіткісі келген ойларын айтып, шыдамдылықты қажет ететін бұл ниеттерін орындау қиындығын ескерткен үлкендердің сөздеріне құлақ аспай ауыздарын бекітті. Таң атпай тұрып үлкендермен бірге сәресі тамағын ішкен балалар түс мезгілінде киіз үйдегі төр көрпешелердің үстінде шалқасынан жатып біреуі:

- Міне, оразаның жарты күні өтті, енді жиырма тоғыз жарым күні бар, - дегенге екіншісі де басын көтеріп жымың етіп:

- Солай екен-ау, қалай менің ойыма келмеген, - деп қуана күлімдей бауырына қарады.

Осындай қызық уақиғалар болып, тіршіліктің жақсы жақтарының әсері Сүйіндік ауылын алаңдатпай тұрып жатқанда, қалыңдығын алып кетуге ұлықсат сұрап Қорланның айттырған жері хабар жіберіпті. Бұл хабар әйтеуір бір уақытта болатыны бәріне мәлім болса да, тосын жағдайдай қарсы алынды. Атақты, текті елден шыққан болашақ күйеу жігіттің денсаулығы қалыңдықты, ата-ана мен туысқандарды қобалжытып жүрген. Бесік-кертпе құдалығының келеңсіз жақтары жиі кездесіп, алдын ала берілген қалың мал болашақ құдаларға басқаша шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтін. Ата-аналары бірін-бірі ұнатып, қазақтың бесік-кертпе атастырылуы кейде болашағы бұлыңғыр құдалықтың жиі болуының дәлелі еді.

Болашақта әйтеуір бір уақытта болатын өмірінің келеңсіз кезеңі жас Қорланның басына келді. Әлі оң жақта көбірек ерке өмір сүрсем деген ойы күрт кесіліп, жас қыздың басына бұлт үйірілді. Торғын бәйбіше Шарипасынан кейін құтты жеріне қонатын Қорланының тойын ерекше өткізу үшін үй жігіттеріне, той қамымен жүрген әйелдерге тапсырма беріп, мұқият тексеруде. Қызының өте көңілсіз, қапа болған жүзі шарасыз бәйбішенің күпті жүрегін сыздата, қызының тойына дайындалып жүр.

Қалыңдығын алып кетуге құдалардың, күйеу жігіттің келетін күні де жетті. Ауыл болып құдаларды өз рәсімдерімен қабылдап, қонақтар арнаулы тігілген үйге орналастырылды. Құрметті қонақтарға арнаулы қонақасы беріліп, кешке алтыбақанда көрші ауылдардың әдейі осы сауыққа шақырылған жастар тобы көңілді кешті өткізді. Ән - күй тыңдаған қонақтар, ауыл адамдары ақындар айтысын құлақтарының құрышын қандыра тыңдап, тойға арналған астарын жеп үйлеріне тарасты. Ертеңіне қонақтарға жаңа қонағасы берілді. Қонақтар ас ішіп болып желпініп далаға шықты.

Бұрынғы өткен естеліктер мен жаңалықтарды әңгімеге тиек еткен қонақтар мен ауыл адамдары екеу-үшеу болып өздеріне қызықты әңгімемен оқшаулау отыр. Әңгіме - дүкен біразға созылар еді, алыстан жар-жар айтқан қыздар тобының дауыстары естіліп, жиылған қауымның назары соларға ауды.

Қорланды ортаға алып келе жатқан құрбылар тобы жақындап қалды. Жар-жар сөздері де анық естіле бастады.

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Әкем-ай деп жылама Қорланымыз жар-жар-ау,

Әке орнына қайын атаң онда болар жар-жар-ау.

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Әке орнына қайын атам болад(ы) дейді жар-жар-ау,

Асқар таудай әкемдей қайдан болсын жар-жар-ау? - деген құрбыларының дауыстарына іштей қосылған Қорлан Сүйіндік байдың құшағына келді.

Құрбылар жар-жардың жоғарғы екі жолын қайталап, келесі жолдарын Қорланның анасына, туыстарына арнап айтып келе жатыр. Әкесінің құшағынан әзер шыққан Қорланды құрбылар тобының:

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Анам-ай деп жылама, Қорланымыз жар-жар-ау,

Ана орнына қайын енең онда болар жар-жар-ау. - деген сөздерімен Торғын бәйбішенің құшағына көмілді.

Жар-жар жырына қалыңдықтың қосылмайтын рәсімін бұзып Қорлан анасының омырауына басын салып:

- Асық-жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Ана орнына қайын енең болад(ы) дейсің жұртым-ау,

Айналайын анашым, сенен артық кім бар-ау?! - деп ышқына дауысын шығарғанда тұрғандар Қорланмен бірге өксіп жылап жіберді. Қорланды ана бауырынан әзер тұрғызған құрбылар қатар тұрған ағалар тобына беттеді :

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Ағаларым деп жылай берме Қорлан құрбы жар-жар-ау,

Қайынағаларға бай екен баратын ел жар-жар-ау.

Қорлан ағаларына жақындап, Бейсеннің алдына келіп:

- Қайынағалар көп дейді баратын елде жар-жар-ау,

Бірге туған ағадай қайдан болсын жар-жар-ау.

Бейсен көке, Қорланды қалай қидың жар-жар-ау,

Танымайтын жат елге қалай сиям жар-жар-ау? ...- дегенде ағасы Бейсен Қорланды құшақтап отыра кетті. Онсызда қыз ұзатылғанда жар-жар сөздері әсер ететін көңілі бос Бейсен туған қарындасын бауырына басып көз жасына ерік берді. Көз жасы парлап ағып, бетін жуып тұрғанын өзі байқамай отыр. Бар жан-тәні құшағындағы Қорланында. Қарындасының ұзатылу тойында құрбыларына айтқызбай өзі ышқына айтқан жар-жар сөздері етінен өтіп, сүйегіне жетті. Қорланының баратын жеріне қарсы екенін, бірақ амалының жоқтығын аға шын жүрегімен түсініп отыр. Бейсен бір сәт бұлай болмайды, бұл мәселенің шешуі барын айтып айқайлағысы келді. Өкінішке орай, олай айта алмайтыны есіне түскенде, қатты тістене тісін қайрағаннан басқа амалы жоқ еді.

"Қайран ата дәстүрі-ай, кейде жақсы, кейде жамансың-ау", - деген ауыр ой жайлаған Бейсен дәл қазір шарасыз еді. Қорланды Бейсен көкесінің құшағынан шығарған ағасы Есмағанбет құшағына алып егіле жылап тұрып, көп жылап көзі ісіп кеткен қарындасын жылата бергісі келмей, өзінен үлкен ағасы Әлмағанбетке қарай жүрді. Басқаларға қарағанда болмысы суықтау Әлмағанбетке де қарындасының мына жағдайы әсер етпей қалған жоқ. Ағасының құшағында біраз тұрып қалған Қорланды кіші ағалары Теңізбай мен Бекіш келіп құшақтағанда, Қорлан тағы көз жасына ерік берді.

Көп жылап шаршаған Қорланды жылата бермеуді ойлап сіңілдері келіп құшақтады. Құрбылар тобы осыны күткендей:

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Сіңілдерім деп жылама Қорлан сұлу жар-жар-ау,

Жалғыз қайын сіңілің саған серік жар-жар-ау. - дегенде іле-шала Қорланның айтқан жауабы мынау еді.

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Сіңілдерім орнына қайынсіңлім бар дейді-ау,

Туған сіңілдер сендердей қайдан болсын жар-жар-ау,

Бәтима, Ырысгүл, Зибажан сендермен өткен күндер-ай,

Оң жақта жүрген ерке қыз, өмірің қандай болады-ай? - деді де бұрынғыдай емес шираған Қорлан інілеріне қарай өзі құрбыларын бастап жүрді.

Әкесінің екінші әйелінен туған інілері Әбділда мен Байділда бұрын Қорлан тарапынан өздеріне жылылық көрмегендіктен апасы келіп екеуінің иықтарынан ұстап, өзіне қаратып жасыл-сұрлау жас толы көзін көздеріне қадағанда екі бала ыңғайсызданып, өздерін қалай ұстарын білмеді.

Іле қыздар тобы қосылып балаларға қарап:

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Інілерім - деп жылама Қорланымыз жар-жар-ау,

Қайындарың өзіңе көмек жасар жар-жар-ау.

Аздап қарлығыңқы шыққан дауысымен Қорлан:

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Інілерім жасайтын жұмыстары өзгеше,

Қайындардың көмегі қандай болар жар-жар-ау? - деп екеуін қысып құшақтап, жақында ғана қойлар өрістен келгенде қозы-лақты үркітуді өзі ұйымдастырып, екі інісін шырылдатқаны есіне түсіп, егіліп жылады.

Неге бұлай Қорлан қатты толқығанын сол күнгі істің басы-қасында болған сіңілдері ғана түсініп, олар да егіліп жылап тұр. Қалыңдық Қорлан оң жақтағы жастық шақпен біржола қоштасқанын түсінді. Сол ойын мықтап санасына жеткізгісі келгендей екі ақын жігіт Қорланға жақындай домбырасын шертіп жіберіп:

- Асық - жілік толарсақ санда болар жар-жар-ау,

Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар-ау.

Туған ел деп жылама кететін қыз жар-жар-ау,

Туған елдің орнына қайын жұрт бар жар-жар-ау, - дегенде жар-жар сөздерін ыңғайлап жауап беретін суырып салма қалыңдықтан бұрын енді ештеңе айтпай тұрған құрбыларын түсінген Қорлан:

- Туған елім орнына қайын жұртым бар дейді-ау,

Өскен елім дәл сендей қайдан болсын жар-жар-ау,

Туған жердің топырағы қош аман бол жар-жар-ау,

Туған елім, өскен жерім сен де аман бол жар-жар-ау,

Ата-анам мен туыс-туған сен де аман бол жар-жар-ау,

Қорландарың сендерге симады ма жар-жар-ау? - тыңдаған жұртшылықты егілтіп жылата, құрбыларының қоршауында қалыңдық Қорлан өзіне арналған отауға бет алды.

Сонымен, ертеңіне қыз ұзатылу ырымдарының бәрі жасалып қалыңдық сіңілдері мен жеңгелерінің қоршауында өзіне арналған күймеге отырды.

Құдалар еліне келген қалыңдық тобы мен қонақтар өте жақсы қабылданып, ертеңіне неке қию рәсімі басталды. Неке қию үшін төрде отырған молданың көмекшісі жас жігіт, күйеу жігіт пен қалыңдықтың ризашылығын алып, неке суы құйылған ыдыстан су ішкізуі керек. Бірақ, ойламаған жерден неке қию ұзаққа созылды. Көмекші жігіт қолына неке суы құйылған кесесін ұстап:

- Куә-куә куәдірміз,

Куәлікке жүрәдірміз,

Бүгін таңның нақ қасында,

Куәлігін берәдірміз, - деп татар молданың тілінде куәлік сөздерін айтып бірнеше рет жүргенімен, күйеу жігіт риза екенін айтады да, қалыңдық үндемей қатып қалды. Молда қайта-қайта көмекші жігітін жұмсап қалыңдықтан еш жауап ала алмай қойды.

Көмекшісі молдаға келіп:

- Қалыңдық үндемей отыр, - деп айта бергені сол еді, онсыз да өзі байқап отырған татар молда ызғарлы сұр көздерін көмекшісіне қадап:

- Тағы барып сұрап кел, "......"! - деп "малғұн" деген сөзді ішінен айтса да молдаекісінің ашуланғанда өзіне жиі айтатын сөзін білетін көмекші суы бар кесені алып қайтадан қалыңдыққа беттеді. Жігіт тағы қалыңдықтың алдына келіп, татарша сұрақ қойылған тақпақ жолдарын қайталап, жауап күтіп тұрды.

Қорланның жанында отырған Ырысгүл басын төмен салып ақырын ғана "ризамын" деп айтып қалғанын өзі де білмей қалды. Іздегенге сұраған демекші жігіттің күткені де осы сөз еді. Кім айтқанын байқады ма, әлде байқамады ма ол арасы белгісіз, тап бір сүйінші сұрағандай молдаға жетіп келіп:

- Қалыңдық риза, молдаеке, - деп ыржиып күлді. Молдаекесі жігіттің қуанышына ортақтасқандай түрекеліп тұрған көмекшісіне төменнен сұр көздерімен жымиған болып қарап, "енді неке суын ішкізбейсің бе?" деген бұйрықты суық көзқарасымен түсіндірді.

Жігіттің бетіндегі қуанышты күлкі су сепкендей басылды да, қолындағы су құйылған ыдысын ұстай қайта келіп, кесені қалыңдыққа қорқа ұсынды. Ұсынған кесені жігіттің қолынан жұлып алып, кеседегі шайқала төгілген суды сіміріп салған Қорлан, босаған кесені жігіттің қолына қаттырақ итеріп ұстата салды.

Мына күтпеген өзгерісті түсінбеген жігіт бос кесені әкеліп молданың алдына қойды. Кесенің ішіндегі тиындарды қалтасына салған молдаекең манадан бері күтіп отырған бос кесенің құрметі үшін қолын тезірек жайып, екі жастың ерлі-зайыпты болғанын жұртшылыққа хабарлап батасын берді. Отырғандардың бәрінің күтіп отырған бос кесе мәселесі орындалғаннан кейін үй ішіндегілер бір-бірімен даурыға сөйлесіп, жас жігіттер қолға су құятын құмандары мен сүлгілерін дайындап, дәйекшілер табақ толы ет әкелуге дайындалып, бәрі жылмаңдаған ерсі жылдамдықпен іске кірісті.

Қалыңдық ризашылығын қалай берді, оның ешкімге керегі жоқ еді. Бәріне тезірек ет жеп қарнын тойдырса болғаны. Сөйтіп, неке қию рәсімі аяқталды. Жиналған қауым алдына әкелінген асты жеуге құлшына кірісті. Қорланның бетін жуған жасты өзіне құрылған шымылдық пен бетін жаба басына салынған ақ жібек салы жасырып қалды. Қан жылаған жүрегінің дүрсілін өзі ғана естіген жас Қорланның қазіргі қалы қазақ қыздарының басында болатын, бірақ көмек беру ешкімнің қолынан келмейтін жай еді.

Ойын-тойды өткізіп, Қорланның туыстары жолға шықты. Құданың үйінде де, жол-жөнекей де Ырысгүлді бір ғана ой мазалап болар емес. Неге маған Қорлан ештеңе айтпады? "Ризамын" деген сөзді мен айтқанымды естіді ғой. Сонда неге маған ұрыспады? Неге?..

Үйге келген соң Торғын бәйбішеге осы туралы ойын айта алмай Ырысгүл қиналып жүрді. Жанында әрқашан біреу болатын бәйбішемен оңаша сөйлесу қиын еді. Көптен айта алмай жүрген құпиясын айту үшін, үйден анасын алып шыққан Ырысгүл, бәйбішеге болған жайды айта бастады. Неке қию барысында Қорлан молданың көмекшісіне көп уақыт жауап бермегенін, ал өзінің молданың көмекшісі тағы сұрағын қайталап келгенде байқамай "ризамын" деп айтып қалғанын. Қорлан өзіне ұрсудың орнына молданың көмекші жігітінің ұсынған кеседегі неке суын сіміріп салып, бос кесені жігіттің қолына ұстата салғанын түсінбей, содан бері қобалжып жүргенін анасына қорқа баяндады.

Торғын бәйбіше қызының асыға айтқан әңгімесін тыңдап, ештеңе айтпастан Ырысгүлді құшағына алды. Шашынан, арқасынан сипап үндемей қалды. ...Тағы да түсініксіз. "Маған неге ұрыспайды?" осы сұраққа жауап ала алмаған Ырысгүл Торғын бәйбішенің құшағында көп отырды.

Кейін бұл уақиғаны естіген туыстары:

- Ризашылық берген сен, Қорланның орнына сен тұруың керек, - деп Ырысгүлді қорқытып жүрді.

Үйдегілер Қорланның кеткеніне үйрене бастады. Тек Торғын бәйбіше көңіл-күйін орнына келтіре алмай жүрді. Шарипасын ұзатқанда да біраз қиналып еді. Әйтеуір, Шарипаға шаруасын атқаратын үй жігіті мен әйелін қосып бергені көңіліне медеу болған.

Жалпы, тұңғышы Шарипадан басқа балалары туралы ойласа, ұлдары Бейсен мен Әлмағанбетінен кейін туған Күліші жастай қайтыс болды. Есмағанбет, Теңізбай, Бекіштен кейін туған Мырзайымы да кішкентай кезінде шетінеді. Одан кейін туған Қорланын ұзатты. Бәйбіше қызына жақында үйленген үй жігітін әйелімен қосып жібергеніне өзіне-өзі риза. Жігіт пен әйеліне қызын тапсырған бәйбіше келешекте сол елде қалу немесе елге қайту өз еріктерінде екенін, тек Қорланға қорған болуын қалаған тілегімен шығарып салды. Осы жолы есіне, таңертең ерте тұра алмай қиналатын жас келіндерге енесінің:

- Тұр! Неменеге жатырсың шалқиып, үйіңнен құл мен күң жұмсап келіп пе едің? - деген сөздерге бұрын аса мән бермеген бәйбіше енді, қызының жаңа елінде жалғыз болмайтыны көңілін тыныштандырды. Қалған балалары Есмағанбет пен Теңізбай үйленді. Бекіштің айттырған қалыңдығы бар. Кенжесі Зибасының баратын елін біледі. Тек Ырысгүлінің болашағы белгісіз.

Балаларын бір құдайға тапсыра іштей күбірлеген Торғын бәйбішенің ойына өзінің жиі қайталайтын: "қайсына қауындай жарылайын" деген өзінің үйреншікті сөзін айтып, тізерлеп орнынан тез тұра алмай жатқан бәйбіше жаңа ғана кірген ауыл балаларының бірін байқады.

Баланың жаңа туған інісі бар екен, соған арналған шілдеханаға шақыра келгенін естігенде, кімнің тойы екенін түсінген бәйбіше баратындарын айтып орнынан тұрды. Нәрестелі болған үйдің балаларының аралары өте жиі. Үйелмелі-сүйелмелі кішкентайларды көргенде егіз туған балалар көп екен деген ой келеді.

Кешке шілдеханаға жиналғандар төргі үй мен ауыз үйге аузы - мұрнынан шыға толды. Үйдің іші тамақтың буы мен адамдардың көптігінен қапырық бола бастады. Кішкентай нәрестенің әлсіз дауысы шығып жылай берді. Бұрышта төсегінде жатқан осы үйдің жүз жасқа жақындаған қариясы басын көтере май шамның жарығымен қабырғаға түскен адамдардың көлеңкелеріне бір қарап, үй толы адамдарға бір қарап көзін сығырайта түсініксіз бірдемелер айтып отыр. Ешкім назар аударып, жауап бермеген соң, айқайлап:

- Бұл не? Бұл не жиын? - деді өзіне жақынырақ отырған қонақтың біреуін түртіп. Сонда ғана қартты байқаған жігіт:

- Ата, келініңіз кішкентай нәрестелі болды, - деген жігіттің жауабына түсінбей сұрағын тағы қайталаған атасына қарттың немересінің бірі құлағына айқайлап:

- Жаман неме туды, - деді.

- Е-е-е, жаман неме туды дейсің бе? Жаман немесі жоқ па еді? Жаман немесі жоқ екен ғой, онда дұрыс болған екен жаман неме туғаны, - деген қарттың сөзіне үй толы қонақтар ішектері қатып, күлкілерін тия алар емес. Бұл құбылысқа көзін ашып-жұмып, сығырайған солғын көздерімен түсінбей қарап отырған қария жастығына басын салып, лезде қор етіп ұйықтап кетті. Міне, нағыз шілдехана деп осыны айт!

Осындай тойлар, шілдеханалар өтумен қыста қыстауда, жазда жайлауда бай ауылының күнделікті өмірі өтіп жататын.

Сүйіндік бай кенеттен қатты ауырды, денсаулығы нашарлап, төсектен тұра алмайтын болды. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығар деген үмітпен үй-іші онша алаңдамай, байдың өзі де балгерге қарала қойған жоқ.

Өкінішке орай бай елу үш жасында дүние салды. Байдың үйінде қатты қайғырыс басталды. Сүйіндік байдың жылын өткізгенше жеңгелері, келіндері, қыздары күніне үш мезгіл таңертең, түсте, кешке байды жоқтап жыр айтатын. Жоқтау жыры жиі айтылатыны сонша, ауыл балалары жырдың сөздерін жаттап алып, өлең ретінде айтып жүрді.

Құдай қосқан қосағы Сүйіндік бай қайтыс болғалы, тіршілік тауқыметінің өзі ғана шешетін жағдайлары жиі кездесіп бәйбіше көп қабаржып, шаршап басына түскен қиындықты орнына келтірудің жолы ұзақ болып жүрді. Ұлдары мал барымтасымен күштерін көрсетіп, анасының ескертуін жүре тыңдады. Барымтамен байланысты көрші ауылдармен ерегіс жиі болып, Сүйіндік байдың малы барымтаға жем болды. Мал басы азайып, байдың ұлдарының іс-әрекетіне қарай, ұлдардың санымен бес қасқыр ауылы атанды. Байдың тірі кезіндегі қадыр-құрмет азайғанын сезген бәйбіше іштей күйзеліп бір аллаға жалбарынумен жүрді.

Сүйіндік байдың өмірден озғаны жөнінде Күзембайға хабар кешігіп жетті. Кеш естіген Күзембай жер шалғайлығынан бара алмай, біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін немере ағасы Сүйіндік байдың орнына құран оқуға келді. Ырысгүлін көрген Күзембай көпке дейін оны құшағынан босатпай жылап, өздерін тоқтата алмаған ағалы-қарындастың көңілдері көп босады. Әсіресе, Күзембай қарындасына қарап біресе күліп, біресе көзіне жас алып үлкен толқыныстың әсерінен айыға алар емес. Өте көрікті болып өскен қарындасын көріп мәз болды. Ырысгүлінің аз уақыттың ішінде тез өзгергеніне қуанып таң қалуда.

Ал, Ырысгүлді қуантқаны ағасынан естіген жаңалығы Тұрсынәлі, Жүрсінәлі атты әлі өте кішкентай үйелмелі-сүйелмелі екі інілі болғаны.

- Қандай жақсы болған шынымды айтсам, сендерді тастап кеткеніме іштей көп қапаланып жүрдім, - деп Ырысгүл қайта-қайта естіген жаңалығын айтып, ағасын құшақтай берді. Әсіресе, екі кішкентай інілері туралы көп айтып, қуаныштан қызылшырайлы жүзі нұрлана түсуде.

Бәйбіше де кішкентайлар туралы жаңалыққа қатты қуанды. Ол да өзін кінәлі сезініп жүр еді. Қандай тамаша жаңалық!

Қоштасарда Торғын бәйбіше мен Ырысгүлді елге қайтатын ойын айтып, одан сайын қуантып Күзембай жүріп кетті.

ІІ – бөлім.

Бір сәт - бар ғұмыр...

Сүйіндік байдың үлкен ұлы Бейсеннің қызы Бәтима құрбылары мен апа-сіңілдері отырған үйге қуана жүгіре басып кіріп:

- Әубәкіржан келді! - деп осы өзі үшін өте маңызды қуанышты хабарды асыға жеткізді. Қыздар аңтарыла тыңдағанымен, дәл өзіндей көтеріңкі серпіліспен қабылдамаған құрбыларына жаңалығын жеткізе айтқысы келіп:

- Әубәкіржан... өте әдемі болып өскен. Бойы сырықтай, нағыз аққұбаның өзі. Бұрынғы жас бала емес, Сары-Арқаның көрнекті жас жігіті, - деп мақтау сөздерін қайта-қайта қайталап, оның қандай туыс екенін айтуды ұмытып, келген қонақтың сыртқы келбетін айта береді. Енді қонақтың сымбаты қызықтырып, оның туыстығы ешкімге маңызды болмай, бәрі далаға шығып, қонақты көруге асықты. Далаға шыққан қыздар арнаулы бағанда екі ат байлаулы тұрғанын көріп, бейтаныс қонақтарды сыйлап баса-көктеп үлкен үйге бармай кідірді. Бірге ере шыққан Бәтимадан анасы Күләндамның кіші інісінің келгенін естіген құрбылары Бәтиманың қуанышына ортақтасып, бірге қуанып жатыр.

Үлкен үйдің есігін назарларынан тыс қалдырмай тұрған қыздар далаға шыққан бәйбіше мен бейтаныс екі кісіні көріп, дауыстарын сәл бәсеңдете қонақтарға көңіл аударды. Отаудың жанында тұрған топты жанына шақырудағы мақсатын ілтипатпен орындаған бәйбіше қонақтарды таныстыру барысында жас қонақтың жақындығына баса тоқталып:

- Осы үйдің қызы Бейне апамыздың немересі, Бейсен ұлымның әйелі Күләндам келінімнің кіші інісі, Сары-Арқадан бізге сәлем беруге келген қонағымыз - Әубәкір. Ал, жанындағы жас қонағымызға жол серік болып елінен әдейі шыққан жігіт ағасы өзін сендерге таныстырсын, - деп екеуіне құрметпен қарады. Ұзын бойлы, ақ құба, қыр мұрынды, әдемі жас жігіт күлімдеп тұрғандармен сәлемдесіп, жол серік аға өзін шебер таныстырып, танысқан екі жақ бір желпініп алды.

Бәйбіше тұрғандарды қонақтарға жекелеп таныстыруды жөн көріп, әрқайсына толығырақ тоқталды. Кезек қыздары Ырысгүл мен Зибаға келгенде анасының таныстыруынан кейін, танымайтын адамға өмірі тік қарамайтын Ырысгүлді белгісіз күш көзін бойшаң жігітке қаратты. Көздері кездескен жас жігіт пен Ырысгүл бір сәт көздерін бір-бірінен ала алмай тұрып қалды. Сол мезгілде Ырысгүлді мүлде белгісіз сезім баурап алды. Қас қағымдай бір сәтте тағдыры шешілгенін жас қыз жүргегімен сезді. Шынында - бір сәт!.. Осы қас-қағым сәтті кейін Ырысгүл талай есіне алатын. Сол бір сәт есіне түссе - бар ғұмырымен бірге, өткен өмірі көз алдынан өтіп жатады.

Ертеңіне қонаққа арналып мал сойылып, қонақ асы берілді. Бәйбіше қонағасыға Сүйіндік байдың бұрынғы сыйлас кісілерін шақырды. Қонағасыдан кейін жас қонақпен бірге келген жігіт ағасы жолға шығуларына негіз болған мәселенің барын, уақыт тауып өзін тыңдау барысында бәйбішемен жеке сөйлесудің қажетін сыпайы ескерте жеткізді. Қонақтың өтінішін орындап, жол серік ағаны бәйбіше баласының бір отауына бастап жүрді. Төрге шығып жайғасқан қонақ бәйбішемен әртүрлі әңгіменің басын шалып, аздаған отырыстан кейін негізгі әңгімесіне көшті.

- Марқұм Сүйіндік байдың орнында енді өзіңіз болғандықтан сізге ғана айтылатын маңызды әңгімем бар. Алыс жолға шығуымыздың басты себебі Әубәкірдің ата-анасының көңіл қалауымен әдейі келдік. Жас Әубәкірдің айттырған қалыңдығы жоқ, басы бос. Бұрынғы көп жылғы құда болған екі рудың жекжаттығын тағы жаңғырту үшін, Сүйіндік байдың қыздарының біріне тоқталып, жақсы үмітпен келіп отырған жайымыз бар, - ойын шебер айтып жеткізген қонақ өзі үшін өте жауапты мәселені айту барысында дауыс ырғағына да аса мән берген сияқты.

Сабыр сақтап тыңдаған бәйбіше жауап беруге асыққан жоқ, біршама үнсіздіктен кейін:

- Екі рудың бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста екені рас, дегенмен де қыз айттыру рәсімін тым жеңілдетіп жібергендеріңізді мойындайтын шығарсыз, - бәйбішенің дауысы зілді шықты.

Қонақ бәйбішенің бұл ескертуіне толық қосылатынын, құдалыққа қатысты рәсімдердің айнымас міндетін орындау мүмкіндігін мына келешегі белгісіз заманда осылай шектегендеріне кешірім өтінді.

- Бәйбіше, бір шешімге келген жағдайға байланысты бірге ақылдасып шешілетін сізге ұнамайтын тағы талқылайтын мәселе бар. Осы сапардың жемісінің тәтті болуы маған жүктелген. Айту қиын болса да, жекжатыңыздың басты өтінішін жеткізу маған міндет. Егер Сүйіндік байдың бір бойжеткенін бұрынғы құдаңызға қисаңыз, қалыңдығымызды осы жолы алып кетуіміз керек. Міне, осындай өте қиын жұмыс сапары маған тапсырылып, сізге айтып жеткізгенше өзім де қиналдым, - деп қонақ қалтасынан беторамалын алып тершіген беті мен мойнын сүртіп, бәйбішенің ойын оның жүзінен тез білгісі келгендей бетіне барлай қарады.

Бұрынғы құда, енді болашақ құдасының бұл өтініші бәйбішенің үстіне біреу әдейі суық су құйып жібергендей қатты ашуын келтіріп, сабырлы бәйбішенің жүрегі аттай тулады. Бәйбішенің түсі өзгеріп кеткенін байқаған жігіт ағасы әңгіменің тігісін жатқыза Торғын бәйбішеге қарап сөзін жалғастырды.

- Жаңа заманның халыққа жасап жатқан қолайсыз іс-әрекеттері естіліп жатыр. Бұл жөнінде сіз де хабардар шығарсыз, - деп қонақ айтатын ойын жинақтағысы келгендей, аз уақыт үндемей қалды.

Бәйбішенің дүлейленген ішкі ойы сабырға келтірмей, құда түсу мен қалыңдықты алып кету рәсімдерінің бөлек орындалатынын ескермей, адам өмірінде бір-ақ рет болатын ерекше сәтті жеңіл орындағысы келген болашақ құдасына ырза емес ойын Торғын бәйбіше жасырмай қонағының айтар әңгімесінің соңын күтпей қатты айтты.

Қонақ мәселені шешудің басты адамы ретінде берген жауабын орынды жеткізу үшін, орнынан бір қозғалып сөзін бастады.

- Жер шалғайлығынан Сүйіндік байдың қыздары туралы мәліметтің жоқтығы, әрі болашақ қалыңдықтың басты иесі - Торғын бәйбіше өзіңіздің шешіміңіздің белгісіздігі алаңдатып, екі адаммен шығу жоспарланды. Саны көп жолға шыққан жолаушылар тобы жаңа өкіметке күдік туғызып тексеретінін ескеріп, мәселені талқылаған жанашыр туысқандар ойға алған мақсатқа кедергі болмаудың дұрыс жолы аз адаммен шығуды, қосымша қалыңдық үшін берілетін кәделерсіз жолға шығуды таңдады.

Мұндай қиын өтінішпен бетпе-бет келіп, оны шешу мәселесіне дайын емес бәйбіше мен осы мәселені айтуға келген қонақ екеуінің көңіл-күйлері дәл қазір бір деңгейде еді.

Қонақ үнсіз отырған бәйбішемен қиын әңгімені жалғастырды.

- Құдаңыз бен құдағиыңыз сізге бұл өтініштің ұнамайтынын біледі. Жер шалғай, заманның келешегі түсініксіз. Осындай себептерді ескеріп осы жолы қалыңдықты құтты жеріне қондырмасақ, жаңа заманның өкіметі жаңа заң шығаруы мүмкін. Ол заң қандай болары белгісіз, сонда қызыңыздың келешегі де белгісіз. Жаңа заманның талабы жастардың бақытына кедергі келтіруі әбден мүмкін. Бәйбіше, бұл мәселені сіз де жете ойлағаныңыз жөн. Құдалардың арасында болатын кәде-жоралар міндетті түрде келешекте орындалады. Ал, қалыңдыққа қай қызыңызды лайық көретініңізді өзіңіз шешесіз, - деп қызын айттыра келген қонағы әрбір сөзіне аса мән бере сөйлеп, жүрексіне жауап күтті.

Қонағының дәлелді пікірін ой-елегінен өткізген бәйбіше сабасына түсіп, ойланып отыр. Шешімін кейінірек хабарлайтынын айтып қонағын шығарып салды. Қонақ кеткен соң бәйбіше көп ойланды. Өзі шеше алмайтын осындай маңызды мәселелер болғанда, Сүйіндік байдың жоқтығы бәйбішенің көзіне жас алғызып, көңілін құлазытатын. Тағы көңілі төмендеп, көзінің жасына ие бола алмаған бәйбіше өзін зорлап қайраттандырды. Қыздарының бақыты үшін жылап отыра бермей, бір шешім қабылдау керек. Айтылған дәлелдер орынды, заманның болашағы белгісіз екені рас Жаңа өкіметтің тұсында қазақтардың жағдайы қалай болатыны бір құдайға ғана аян. Ендеше, бұл мәселені жақсылап ойлану керек. Ұзататын қызын бәйбішенің өзі шешуі керек болғаны тағы бар.

Қыздарын ой тізбегінен өткізіп отыр. Шарипасы тұрмыста, Қорланын ұзатты. Немересі Бәтиманың айттырған жері бар, әрі құда түсуге келгендер туған нағашылары. Жас Зибасының да болашақ орны бар. Сонда қалғаны Ырысгүл - басы бос сол ғана. Иә, Ырысгүлі. Алыста көп уақыт ұшып жүрген көгершіні жақында ғана қолына келіп қонып еді. Оң жақта ата-анасының аясында енді ғана шалқып өсіп келе жатқан Ырысгүлін тез арада басқа елге жіберу бәйбішені қиналтып отыр. Құда мен құдағиын сыйлағанымен қызынан құтыла алмағандай шешілмеген мәселені айтуға, бұрынғы құданың сәлемін жеткізуге келгендерге қосып жіберуі керек. Ал, тереңнен ойлағанда баратын елі ертеден араласқан жақсы ел. Осы елге барса қызының құтты жеріне қонатынына кәміл сенеді. Егер Ырысгүлін осы елге ұзатса, бұл үшінші сүйек жаңғырту болар еді. Бейне апасы осы елге ұзатылды - алғашқы сүйек жаңғырту. Ұлы Бейсенді Бейне апасының немересі Күләндамға үйлендірді - екінші сүйек жаңғырту. Тонның ішкі бауындай болып араласып кеткен құдаларға бұл құдалық қуантарлық жай. Бәйбішені қиналтатыны қызына ауадай қажет ана мейірімі мен туыс - туғанның қамқорлығының тоқталуы. Көп ойланып, мың толғанып соңғы кездегі денсаулығын ескеріп, қайынағасының үйінен қызының болашағын ойлап алып келген мақсаты, қызын көзінің тірісінде құтты жеріне өзі қондыруды орындайтын кез келгенін түсінді. Бұл ауыр, бірақ дұрыс шешім! Әттең, қалыңдықты алып кетуге болашақ құданың елінен арнайы шыққандарға емес, құда түсе келген қонақпен бірге қызын жіберуі керек. Бәйбіше өзін зорлап осы шешімге көндірді.

Ең қиыны қызына өзінің шешімін айту болды. Ырысгүлін шақыртқан бәйбіше толқып үйінде күтіп отыр. Көйлегінің кең етегін жайып, дұрысталып отырған бәйбіше көп күттірмей келген қызын құшағына шақырды. Қызы тез келіп анасының құшағына кіріп отыра қалды. Осылай екеуі көп отырды. Қызы ақырын басын көтеріп, өзін шақыртқан ана жүзіне сұрақ қоя қарады. Бәйбіше сөз бастайтын уақыттың жеткенін түсінді. Қызын ренжітіп алмауға тырысып, сөзін әріден бастады. Қыз жат-жұрттық екенін, өзі болса жасы ұлғайып келе жатқанын, әрі денсаулығының соңғы кезде сыр беріп жүргенін, әкесінің жоқ екенін ата-ана балаларын орналастыруына борышты болғандықтан келген қонақтардың өтінішіне келісім беретінін айтқан кезде, қызы:

- Жеңеше, - деп өз ойын айтуға оқталған Ырысгүлінің қолын алақанына салып аялап сипап, сөзін бөлмегенін қалайтын ойын үнсіз білдірді. Айтарын жалғастырмақ болып дұрысталып арқа жағындағы жастығын алып қолымен қомпитып арқасына қарай тікейтіп қойып, өзі де жастыққа сүйеніп түзеліп отырды.

Сөзін жалғастыра неге өзіне тоқталғанын түсіндіре бастады:

- Шарипа мен Қорлан туралы айтудың қажеті жоқ. Бәтиманың анасы Күләндам сол үйдің қызы, әрі оның айттырған жері бар. Зибаның да басы бос емес, ол сенен жасы кіші. Сонда басы бос сен ғана. Ал, баратын елің жақсы, ол жөнінде ойланудың қажеті жоқ. Жақсы қарым-қатынаста болған құдалар бір-бірін ұмытпай жекжаттықты одан әрі жалғастыру үшін сүйек жаңғыртады. Сол сүйек жаңғыртудың үшінші кезеңінің негізі өзің боласың. Тек ата-ана аясында аз уақыт болғаның жүрегімді қатты қынжылтады, ең бастысы қабылданған шешімнің дұрыстығына еш күмәнім жоқ, - деп сеніммен айтып сөзін бітірген бәйбіше үнсіз тыңдап отырған қызының жүзіне барлай қарады.

Ырысгүл көзін төмен салып отыр. Талай ойлар келіп, кетіп жатыр. Балалық шағы туралы ойлар келсе, алдымен ас ішетін уақыт келе қалады. Жібек жеңгесі дастарқан жайып, керекті ыдыстарды дайындағанша Күзембай ағасының мойнына мініп алып отырғаны, ағасы ренжудің орнына күліп, ал атасы мен әжесі бұған мәз болғандары есіне түсе беретін. Қазір де балалық шақтың сол бір пәк сәті көз алдында. Өзі ағасының мойнына мініп, ағасы жеңгесі ұсынған кесені алуға қолын созып, соған өзі кедергі болғанына рақаттана күліп отырғандай. Көңіл-күйі қандай жағдайда болса да, ағасы өзін көргенде мейірімге толы көзімен аймалап, құшағына алатын. Балалық шағында есте қалатындай көп уақиға болмағанымен, балалық шақтың аты - балалық шақ. Ал, қазіргі өмірі тіпті басқаша. Салыстырғанда әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар. Енді белгісіз болашағы алаңдатқан Ырысгүлдің көзіне жас толды.

- Бұған не айтасын, жарығым? - анасының қойған қиын сұрағына өмірде тәжірибесі жоқ жас қыздың жауабы жоқ еді. Жұмып қалса көзінің жасы төгілуге дайын, өзіне қадалған қызының қара көздерін көз жасымен бірге бәйбіше мейірлене ұзақ сүйді. Ауызына қызының көз жасының кермек дәмі бар жас тамшыларын тілімен сезінген бәйбіше, қызын құшағына алды. Арадағы әңгімеден кейін, бәйбіше шешімнің дұрыстығына көзі жетіп, дайындалуға бел байлады. Алдымен қызының жолға шыққанша қалған күндері есте қалу үшін, күнде кешке ауыл жастарына ойын-сауық жасауына ұлықсат берді.

Бәйбішені толғандырған келесі мәселе қызының жасауы болды. Жер шалғай болғандықтан беретін төсек-орынды қызымен бірге жіберуге тура келді. Егер алда жасау дайындауға уақыт болса, қаладан керекті дүние-мүлікті алдырар еді, оған енді мүмкіндік жоқ. Сондықтан қолында бардан қызының жасауын құрастырды. Өз топшылауымен төсек-жайды дайындап болып, Торғын бәйбіше көптен ашылмаған сандығын ашты. Өзі үшін қимас дүниесі - қымбат матадан тігілген өте ашық жасыл түсті шатырды сандықтан шығарды. Шатырдың сәнді ширатылып жасалған шашақтарын, бұратыла істелген алтын жалатқан қазықтарын сипап тұрып, өзінің жас келін болып түскен кезеңі есіне түсті.

Қазыбай байдың үйі Сүйіндік баласына отау үшін тігілетін киіз үйдің орнына осы шатырды құрып, басындағы зілдей сәукелесімен жас келіні Торғынды шатырға кіргізді. Шатырдың ішіне кірген Торғын бұрын көрмеген мынадай өзгешелікке қатты таңқалып, ерекше қуанышқа бөленді. Сәнді шатыр ішінде жас сұлу шатырдың матасының ақшыл жасыл түсіне, сәл ғана жасылы көбірек түсті томпақтау гүлдеріне қызығып, шатырдың матасының үйлесімді бояуларының ерекшелігіне мән бере қарап тұр. Шатырдың аумағы үлкен, киіз үйдей дөңгелек емес, төрт бұрышты. Төрт бұрышы алтын түсті бұрандалы қазықтармен бекітілген. Қазықтардың жоғары жағы үшкірленіп, сәл төменірек ширатыла жасалған шашақтар байланған. Өте үйлесімді көрініс.

Бұның бәрі жас Торғынға қалай әсер етті десеңші! Сол уақытта шарықтаған көңілмен шатырдың ішінде дөңгелене билеп жіберуге дайын еді. Жаңа түскен келін бұл ойын қалай іске асырсын. Өмірде болатын кездейсоқ жағдайларға байланысты адам көңілі тез шарықтап, тез басылатындай бұл жай жас Торғынға да ерекше әсер етіп, дәл қазір ол өзін ең бақытты қыз сезінді. Ол уақытта ұзатылған қызда бұл сезім бола қоймайтын. Қосылатын қосағы ата-ана қалауымен болатын, таныс емес елдегі болашақ өміріне алаңдаған жас келіннің күпті жүрегінде бақыт сезімі қайдан болсын. Сондықтан дәл бүгінгі қалыңдық Торғын сияқты аз уақыт болса да, қуанғандары өте аз шығар. Шатырдың ішіндегі жас Торғын өзін сол уақытта ханзадаға тұрмысқа шыққан ханшайымдай сезініп, айналасында хордың қыздары билеп жүргендей еді. Бұл тамаша елес өте аз уақытқа созылды. Шатырға қалыңдықты кіргізіп жіберіп, қалжың сөздерімен Торғынның жеңгесі мен сіңілдерін, құрбысын осы елдің бозбалалары есіктің алдына кідірткен топ және осы елдің қыздары келіп кіргенде Торғынның тәтті елесі де бітті.

Келгендер шатырды тамашалап, шатырдың сәулетіне қызыға, тамсана қарауда. Міне, осы шатырын Торғын бәйбіше Ырысгүліне силамақшы. Басқа қыздарын айттырғандар бай, атақты кісілер болса да, бұрын араласпаған жаңа құдалар. Шатыры өзінің ата-тегін білетін, көптен бері силасып-араласып жүрген құдаларында қалғанын қалады. Қызының жасауы төсек-орны буылып-түйіліп дайын болғанда, жолға шығуға асығып жүрген жігіт ағасына хабар берді.

Көңілі жақын тілектес ағайындарын, жекжаттарын шақырып Торғын бәйбіше қызының ұзатылу тойының кәдесін орындады. Жасалған кәде бұрынғыдан өзгеше ұзатылу тойды жартылай ғана толықтырды. Дегенмен, көңілі пәс бәйбішені Ырысгүлінің баратын елін жақсы білетіні тыныштандырады.

Жолға шығуға дайындық бітіп, өмірінің өзгерісін ойлауға да шамасы келмеген, қатты толқулы жас Ырысгүлді жеңгелері күйменің өзіне арналған орнына отырғызды. Туыстары бір-бірлеп кезегімен келіп Ырысгүлмен қоштасып жылап кетіп жатыр. Бұл қоштасу бұрынғы ұзатылу тойларындағы қоштасуға мүлде ұқсамайтын. Қоштасқан ағаларының ішінде жақында үйленген Бекіш ағасы қарындасын құшағынан босатпай ұзақ жылады. Енді қайтып көрмейтіндей сезімде болған Ырысгүл, кейін еңбек армиясына шақырылған Бекіш ағасы мен Байділда інісінің белгісіз себеппен қайтыс болғанын естігенде, сол күнгі қоштасу соңғы болғанын ағалы-қарындасты екеуі де сезгендей болып еді.

Жер шалғайлығынан ертіп барған адам қашан қайтатыны белгісіз, соңдықтан көп адамды ертіп жіберудің орны жоқ. Ырысгүлін жалғыз жібере алмай қатты қиналған бәйбіше тез шешім қабылдап, Бәтиманы атастырған жерінен жақында ғана қалыңдығын алып кету жөнінде хабар жіберген болашақ құдасына аздап кутудің себебін түсіндіріп, оны жолға дайындады. Бәтима тез қайта алмаса, нағашыларында болатыны бәйбішенің көңілін орнықтырды. Туыстар, ауыл адамдары Ырысгүлмен қоштасып болып, күйме қозғала бергенде, бәйбіше Әубәкірдің қолынан ұстап:

- Ырысгүлімнің тағдырын әуелі құдайға, содан кейін өзіңе тапсырдым, - деген бәйбішенің қолын қысып, ойын үндемей жеткізген жас күйеу баласын жақсы түсінген Торғын бәйбіше ырзалықпен қолын босатты.

Сөйтіп, Ырысгүл туған үйінде үш-ақ жыл болып, қонатын құтты жері Сары-Арқаға жүріп кетті. Күймелі арба көзден таса болғанша қимастықпен қарап шығарып салғандардың алдында тұрған Торғын бәйбіше Ырысгүлінің өмірлік құтты жеріне қонатынын болжап, ішкі ойы сеніммен өзін құптап, әрі жұбатып аз уақыт жанында болған қызын жүрегі езіле аллаға тапсырып шығарып салды. Тағдыр бәйбішеден кішкентай Ырысгүлін туысымен қалай тез алып кетсе, бой жеткен Ырысгүлін ұзатқанда солай тез алып кетті. Бұл 1930 жылдың көктемі еді. Он алты жасқа жаңа ғана толған Ырысгүл туған ана құшағынан алыстай берді...

Жаңа дәуір, жаңа ел, жаңа өмір.

1930 жылдың көктемінде он алты жастағы сыр елінің жас қызы, қыр қалыңдығы болу үшін ұзақ жолға шықты. Танымайтын елге, танымайтын жерге келе жатыр. Жас қыз келін болуға әлі дайын емес, оны жүрегі сезеді. Анасына осы ойын айтқанда, қабылдаған шешімінің дұрыс екенін, аз уақыт ішінде үйреніп кететінін мұқият түсіндіріп еді. Сонда да болашағы алаңдатып, көңілі босай береді. Жаңа өмірін елестете де алмайтын белгісіздік жас Ырысгүлдің күпті жүрегін тыныштандыра алмай, осы туралы өзіне қойған сұрағын қайталаумен келе жатыр.

Үйіндегі аз ғана болған жайбарақат өмірі есіне түскенде, жүрегін мұң басты. Кешке қыздарын жанына жинап, бәйбіше басынан кешкен қызықты уақиғаларын айтатын еді. Бірде, қыз Жібекті Пісте атты әженің көргенін Торғын бәібішеден естіген қыздары Жібек туралы көбірек білгілері келіп, бәрі анасын қоршап аса қызығушылық танытты. Анасы да қыздарына Жібек туралы естігенін толығырақ айтуды көңілі қалап, сөзін жалғастырды.

- Пісте әжеміз Жібекті қартайған шағында көріпті. Оның Жібек туралы әңгімесінен түйгенім "сырлы ыдыстың сыры кетсе де, сыны кетпес" дегендей әжім түскен бет-ажары, ақ құба өңі жас кезінде өте әдемі болғанын, арықтаған қолдарының тамырлары көгеріп көрініп тұрғанымен бұрынғы сүйрік саусақтардың иесісі Жібек екенін, ұясынан әрірек кеткен көздері нұрлы, әдемі көздер болғанын түсіндім, - деп бәйбіше сөзін аяқтады.

Осы сияқты қызықты, қайталанбас кештер енді болмайтынын анық сезген жас қыздың жүрегін мұң басып, қатты күрсініп көзіндегі ыстық жасы бетін жуып кетті. Жанында отырған Бәтиманың аздап болса да үлкендігін білдіріп, айтқан дәлелді сөздерінен кейін қобалжыған көңілі басылып, жорға жүрісті аттардың күймені тербете теңселткені Ырысгүлді ұйқы құшағына енгізді. Жолаушылар кедергісіз аман-есен Сары-Арқаға жетті.

...Сәтен әже ұлының үйленгеніне қатты қуанып жүр. Жер шалғайлығының, заман өзгерісінің себебінен қалыңдықты осы жолы алып келу мәселесі талқыланғанымен, бұл ойлары бола қоятынына шүбә келтірген. Торғын бәйбішенің келіспеуінің негізін дұрыс санап, осы тұжырымды ой Молдабек ақсақалдың үй-ішінде де басым болатын.

Келін түсіру ойын-тойы өтті. Ертіп келген Бәтиманы қимай қоштасқан Ырысгүлдің жаңа өмірі, сын өмірі басталды. Келін атқаратын үй шаруалары он алты жасқа жаңа ғана толған Ырысгүлге қиынға түсті. Жеңгесі Жібекпен тұрғанда көп жұмысты атқарып ысылғанымен он алтыдағы жас қыз емес, тұрмысқа шыққан келіншек есебінде үй жұмыстары жоғары деңгейде орындалуы керек болатын.

Атқарған жұмыстары әжесіне ұнамай қабаржып жүрген Ырысгүл, анасының қыздарына үй жұмыстарын істетпегенін есіне алады. "Шаруаларың басқа жақта күтіп тұр. Қазандарың құрулы, самаурындарыңа су құюлы" деген бәйібішенің айтқанына сонда қыздары мән бермеп еді. Енді қиналған кезде, Ырысгүл анасының сол уақыттағы ісін түсінбей ойда жүр.

Туған үйіндегі аз уақыты мен тірлік тауқыметі болашақ өмірлерінің аяғына дейін болатынын ескерген бәйбіше қыздарының оң жақта еркін өсуіне жағдай жасап, келешекте қиналатындарын білсе де, балапандарына қарлығаштың қанатымен су сепкендей ата-ана аясындағы жылдарына осылай еркіндік силап еді.

Анасының сонда айтқан астарлы сөздерінің мән-жайын енді шындап түсінген Ырысгүлдің келінге тиесілі ақиқат өмірі басталды. Таң сәріден тұрып ымырт үйірілгенше бітпейтін үй жұмыстарынан әбден шаршап, бірде қатты ұйқысы келгенде сылтау үшін басы ауырғанын әжесіне айтты. Сәтен әженің аяушылықпен берген ұлықсатын алған Ырысгүл төсегіне басы тисімен ұйықтап кетті. Аузы ашыла рахаттанып ұйықтап жатқан жас келінді бір қайынағасы көріп, оның басының ауырғанын растаған күлкісіне үйдегілер жас келінді түсіне, бәрі қосыла күлді.

Күздікке сойылған малдар мен соғымға сойылған ірі қара малдың ішек-қарынын тазалау Ырысгүл үшін бір бітпейтін жұмыс. Көп ішек-қарынның жартысын ғана пайдаға асыру туралы ойын, ішек-қарын таусылғанша күнде ішек-қарын жеу Ырысгүлдің жүрегін айнытып жүргенін қабаржып әжесіне айтып еді, әженің жауабы ұзақ болды.

- Ішек-қарын да тамақ, оны тастауға болмайды. Ішек-қарынды келін-кепшік, бала-шаға жемегенде кім жейді. Шақырылған қонақтарға, сәлем беруге келгендерге, әдейі түстене келген кісілерге, үйдегі үлкендерге ішек-қарынды бере алмаймыз, - деген әженің толық түсініктемесіне қарсы күнделікті үй жұмыстарынан шаршап, жеген тамағы асқазанына әсер етіп, қиналып жүрген жас келіннің әжеге айтары тез болды.

- Келінге ішек-қарын да бермеу керек!

Осы айтқан қарсы сөзіне әжеден бір-ақ сөйлеммен айтылған жауап алды. Етінен өтіп, сүйегіне жеткен сол жауап өмірлік есінде қалды. Мұндай қатты сөз естімеген Ырысгүл жылағанын ешкім көрмегенін қалап үйден алысырақ кетіп, көзінен парлап аққан жасты тоқтата алмады. Жайылып жүрген үйінен келген боталы інгенді көріп, одан сайын көңілі босап інгенді мойынынан құшақтап, дауысын шығарып жылап ішіндегі шерін тарқатты. Аздап өксігін басып, көзін сүртіп тұрғанда інгеннің көзіне көзі түскен Ырысгүл түйенің көзінен жас ағып тұрғанын көрді. Сол кезде бойын билеген сезімнен туған жеріне, туған еліне, үйіне, анасына деген сағыныш лап етіп, қайтадан көзіндегі жасқа ерік берді. Інгеннің мойынынан тағы құшақтап, айқайлап жылап мауқын басты. Ұзатылған қыздың өмірінің белгісіз болашағы қатты ойландырып, далада ұзақ жүрді. Әжесінің көп сөйлеп мазасын алмайтынын, ескертуін бір рет санаға жеткізе қатты айтатынын осы жолы байқады. Осыдан кейін әжесімен бірге өмір сүрген уақытында қарсы келіп, қадірін түсірген емес.

Ырысгүлдің жаңа елде келін болып бастаған алғашқы жылы балалық ойлармен өтіп жатты. Оның істеген бұрыс жұмыстарына күліп, түбі бірге туыс - жекжат болғандықтан болар, көп білместігін келген үйі кешіретін.

Әжесінің:

- Су әкелгенде көйлегіңнің етегі шелектегі суға матырылды немесе от көсейтін көсеуді ұстарда қолыңды жудың ба? - сияқты тазалық үшін айтатын көп ескертулеріне қамығып:

- Ту-у-у, әже! Маған күн көрсетпейсің - дейтін. Сәтен әженің айтқан күн көрсетпеген - тамақ бермеу болып саналатын дәлелді жауабына жас Ырысгүл ойланып қалады.

Кейде әжесімен іштей келіспеген ойларын Әубәкірмен бөлісіп, пікірін білгісі келсе, оның айтары бір жақты - әжені тыңдау айнымас міндет. Әженің берген бағасының жақсы немесе жаман болуы Ырысгүлдің өзіне байланысты екенін, келешекте осындай мәселеге өзін кірістірмеуін осы айтқандарымен түсіндірген өзінен жеті жас үлкен қосағының ойын қош көрді.

Жас келін жаңа өміріне үйрене бастады. Абысын-ажындарымен, қайындары, қайынсіңілдерімен ойнап-күліп жүріп жатты. Кейін келе қайынағаларымен де ойнап сөйлесетін болды. Қайынағалары да Ырысгүлдің ойын сөзіне күлкімен жауап беріп жүрді.

Күннен-күнге жаңа заманның жаңалықтары көбейіп жатты. Көктемнің алғашқы күндері еді. Қар әлі ери қоймаса да, тығыздалған қардың іргесі сөгіліп, еруге жақындап жатқаны сезіледі. Мұғалім жігіт тұрғындарды ерекше хабар айтылатын жиналысқа шақырып, жаңалық хабарды жиналысқа қатысу арқылы ғана білуге болатынын хабарлау барысында ескертіп, мұқият қадағалап айтып жүр. Ескерту зая кетпей, ерекше хабарды білгісі келген жүруге жарайтын жұртшылық қауымы жиналысқа бәрі қатысты.

Жиналысты ауданнан келген уәкіл Совет үкіметі туралы баяндамамен ашты. Баяндамасында үкіметтің бақылау-бағдарламасының бағытын халыққа таныстырып, ұлы көсем Лениннің еңбегі жөнінде айтып өтті. Енді уәкіл бүгінгі жиналыстың негізгі мәселесіне көшетінін хабарлады.

- Ауыр әйел еңбегі есепке алынбай наразылық туындап, біраз елдерде әйелдер шерулері болып тұрды. Неміс елінің халықаралық саяси қайраткері, әйел бостандығын қорғаушы, 8 - март халық-аралық әйелдер күні туралы ойдың авторы Клара Цеткиннің, тағы басқа әйел тағдырына байланысты көп себептердің әсерінен қоғамда әйел бостандығы туралы ойлар қалыптасты. Совет үкіметінің негізгі ақпаратына тоқталсақ 1921 жылы коммунистік партия әйелдер конференциясының шешімімен "8 - -март әйелдер мейрамын" тойлау жөнінде шешім қабылдаған. Осы қабылданған шешімнің орындалуын қадағалаған Лениннің зайыбы, жанашыр жақын досы Крупская Надежда Константиновна жолдас болғанын халыққа жеткізу үшін сіздерді жинадық. Крупскаяның өмірбаянымен таныстырып, қоғамға жасаған еңбектері жөнінде жете тоқталған уәкіл жиналған жұртшылықты шола қарап, орнынан тұрып:

- Совет үкіметінің атынан, "8 - март халықаралық әйелдер мейрамының" қолдаушысы Крупскаяның атынан, осындай мерекенің бар екенін сіздерге жариялап, бүгін март айының 8-інші жұлдызы болғандықтан мерекелеріңізбен құттықтау үшін келіп отырмыз. Әйел жолдастар ерлермен тең праволы яғни, ерлердің атқаратын жұмыстарын орындауға, сайлауға, сайлануға ерікті. Қалыңмал мәселесі жойылған. Енді қазақ қыздары көңілі қалаған жігітіне тұрмысқа шыға алады. Құрметті аналар, апалар, жеңгелер, қарындастар - бір сөзбен айтқанда әйел жолдастар! Сіздерді бүгінгі мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Алған теңдіктеріңіз баянды болсын! Совет үкіметіне ерлермен бірдей қызмет етіп, жаңа қоғамды өркендетуге өз үлестеріңізді аямаңыздар! - уәкіл жігіт дауысын салтанатты түрде соза, қолын шапалақтап сөзін бітірді. Уәкілдің жанындағы екі жігіт пен мұғалім жігіт орындарынан тұрып, қолдарын қаттырақ соғып, отырған халыққа күлімдей қарады. Мектеп ішінде тыныштық орнады. Ешкім ештеңе түсінбегені көрініп тұр. Бұл тыныштықты бір әже бұзып:

- Қарағым өкіл бала, жаңағы әйелдің атын ұмытып қалдым, сол әйел бізге теңдік берді дедің ғой. Сонда бізге не берді? Теңдік деген не? Оның бізге не керегі бар? Бізге керегі: үстімізде үйіміз, жейтін тамағымыз, жататын төсегіміз, қойнымызда байымыз, бауырымызда баламыз болып, солар аман болса болды. Мен өзім жаңағы айтқан теңдігіңе түсінбедім. Егер теңдікке бір килә шай, сол шаймен ішетін аздаған қант береді десең, түсінер едім. Жиналыста отырғандар әженің айтқанымен келіскендерін білдіріп, қолдарын шапалақтап, күліп жатыр. Шамасы әже бәрінің ойларынан шыққан болуы керек.

Әйелдер жағы теңдік туралы ой сарабына салып отыр. Өздерінің теңсіздікте жүргендеріне күмәндана, ойланып қалды. Мұндай ой олардың басына өмірі келмеген ғой. Ал, ерлер жағы... теңдік?.. Әйелдер теңдік алса, құтырады деген ойда отыр.

Теңдіктің негізін түсінбей сұрақ қойған әженің шын ойы: "Теңдік алып мен не бітіре қояр едім. Егер жаңағы әйел маған теңдікке шай мен қант берсе, шайды тәтті қантпен ішіп, теңдікке берген сыйлығын ұмытпай айта жүрмеймін бе?" Осы ойын дұрыс санап отырғандардың түрінен өзін қоштағандарды көргісі келіп, жан-жағына маңыздана қарады. Уәкіл жігіт әженің қойған сұрағына жауап беру үшін, әйел теңдігі туралы толығырақ тоқталғанымен, жиналыстан қайтқан қалың топ өз ойларымен қалған сияқты.

Жаңа Совет үкіметі күнделікті тұтынатын заттар мен халықты қамтамасыз ете алмай жатқанымен, халық өміріне біраз өзгерістер енгізуді жоспарлады. Дінге сенушілікті түп тамырымен жою туралы жаңа өкіметтің жоспары бойынша қазақтың жас жігіттері жұмыс жасады. Бұл жігіттер халық арасында «белсенділер» деген атпен танымал. Осы белсенділер ораза айында әр үйге кіріп, тексеріс жасайтын. Алдарына қойған міндеттері: мұсылман қауымының парызы - бес уақыт намаз оқу мен отыз күн ораза ұстауды тоқтаттыру. Жаңа заманның талабын білсе де, бұрыннан оқитын бес уақыт намазын, рамазан айында ұстайтын оразаларын орындамауға дәттері бармай қарт кісілер намаз оқу мен ораза ұстау рәсімдерін жасырын атқарып жүрді. Қарттардың бұл жұмыстарынан хабардар "белсенділер" ораза уақытында күндіз ауыл үйлеріне кенеттен келеді де, ауыз бекіткен кісілерге бір-бірден конфет береді. Бұл ораза ұстағандардың аузын аштырғаны. Еріксіз әмір жүргізгендер күнәларын өздері тартады деген қарттардың ойлары молдамен бір жерден шығып, ықтиярсыз ауыз ашқандар ораза айы біткенше бірнеше рет кәмпит жеп, әрі қарай қайтадан ауыз бекіте беретін.

Бірде белсенді жігіт Сәтен әжені ықтиярсыз аузын аштырғаннан кейін, атасының атын айтуды бұйырды. Атасының есімі түгілі, қайындарының есімін атамай, оларды өзінің қойған аттарымен атап жүрген әже мына бұйрықты қалай қабылдарын білмей, белсендіге таңданып қарап тұр. Жігіт түсін суытып, бұйрығын тағы қайталады.

- Шырағым-ау, атамның атын айтқанда сендерге не түседі, жаңа өкімет атаның атын айту туралы заң шығарған ба?- дегенде жігіт ұялып қалып, дереу ішкі толқынысын білдірмеу үшін:

- Фамилияңызды айтыңыз, фамилияңыз атаңыздың атымен емес пе? Болыңыз енді, сіздей ерегісетін әжелер мен аталар көп, солардың бәрін аралағанша кеш болады, - деген басына шаш қойған "шоқынды" жігітке қараған Сәтен әже осындай жастардың бар екенін мойындағысы келмегендей, тұрған орнынан әрірек барып шетте жатқан көрпешеге қарай жүрді. Енді жігіт қатты ашуланып:

- Тез айтыңыз, болыңыз күтуге уақытым жоқ, - деп өзіне төнген қабағы қатулы жігітке қарап әже ақырын ғана:

- «Сәрсенбай» деді де қолдарымен басын ұстады. Абзал әже өзі үшін құдіретті сөз - атасының есімін айтып, өмірі жасамаған ауыр қылмыс істегендей сезініп:

- Ал, ендеше... қалмақ қырылсын! - деген мақалын қоса айтып, жоғарыдағы белгісіз күштен өзін қорғағандай екі қолымен басын ұстаған күйі төмен қарап, көрпешеге отыра кетті. Мына күтпеген көріністен шоқынды жігіт қатты ыңғайсызданып, үйден тезірек шықты.

Осы ыңғайсыздықты көрген Ырысгүл жаңа заманның әділеттілігі жөнінде айтылып жүрген хабарлар туралы қайшылық дәлелденген сияқты. Ойына өзінің кішкентай уақытында қызыл жағалары бар әскери киім киген кісілер бой жеткен қыздар мен жас келіншектерді еріксіз күшпен қырдың аржағына алып кеткендері, мылтық кезеген жігіттерден қорқып ауылдағылар қозғалмай тұрғандары еміс-еміс ойына келді. Жаңа заманның талабына сай емес мұндай келеңсіз уақиғалар айтылмайтын.

Жаңа өкімет үшін келесі шұғыл орындалатын мәселе жоғары кеңеске, облыс пен жергілікті кеңеске депутаттар сайлауын жүргізу болатын. Осы жөнінде қабылданған қаулы бойынша іс-шаралар жүріп жатты. Халық депутаттарды сайлау үшін, үгіт-насихат жүргізуде көп қиындықтарға кез болды. Депутаттыққа сайланатын кандидаттардың өмірбаянын сайлаушылардың білуі шарт болатын. Кандидаттар орыс халқының өкілдері болғандықтан өмір баяны түгілі, олардың аты-жөнін естеріне сақтаудың өзі жасы келген кісілерге қиын еді. Жазып алып оқып жаттайын десе, әріптерді толық білмейді. Сондықтан күнде кешке малдарын жайлап, пештеріне отынды толтыра жағып, балаларын тамақтандырып жергілікті халық мектепке жиналады. Үгітші кандидаттардың аты-жөнін, өмір-баянын дауыстап оқиды, сосын бәрі үгітшімен бірге бірнеше рет қайталайды. Шыққан соң үйлеріне жеткенше жаңағы жаттағандарын ұмытып қалмас үшін қайталап естеріне сақтауға тырысады.

Осындай жиылыстан шыққан талтаңдап жүргендігінен ауылдастары «Талтақай» деп атап кеткен әже Пенкасов Игнат Исакович деген депутаттыққа кандидаттың аты-жөнін ұмытып қалмау үшін қайта-қайта қайталап келе жатып, қыстың қараңғы кешінде үйіне қарай емес басқа жаққа кетіп, адасып әзер табылғаны бар. Ертеңіне Ырысгүл сол әженің үйіне әдейі қалын білуге барғанда, Талтақай әжей өзінің ойын Ырысгүлге асыға жеткізіп:

- Кеше жепутаттың аты-жөнін жаттап келе жатып, адасып кеттім ғой. Дегенмен де, ойыма түсіру оңай екен аты-жөні - Гдалит Пенқасық. Ал, әкесінің аты тіпті оңай, өзімнің балам Исаның атын ұмытпаймын, соған көжені көп іш деген сөзді қоссам болды. "Иса көжені көп іш" осы сөздерді тез айтсам болғаны. Демек - Гдалит Исакөженікөпіш Пенқасық.

Талтақай әженің айтқандарын естіп, күлкіге кенелген Ырысгүл үйіне қайтып келе жатып, сайланатын депутаттардың аты-жөнін, өмірбаянын жаттау маған да қиын, ал қарт кісілерге тіпті қиын. Оларды осы міндеттен босатса, жаңа өкіметке ешқандай зиян келмейтін шығар деген оймен үйіне келді. Тездете ыңғайлана отырып, дайындап қойған бидайды үстіңгі диірмен тасының ортасындағы бидай салатын арнайы тесігіне салып, диірменді айналдыра депутаттардың аты-жөні мен өмірбаянын жаттауға кірісті.

Ауыл жаппай болашақ депутаттардың аты-жөнін, өмірбаянын жаттап, жаттай алмағандары қинала халық қалаулыларын сайлауға өз дауыстарын жоғарыдан келген қаулы бойынша ауданға барып беру үшін, шаналарын атқа жегіп жолға шықты. Өте қатты науқас болмаса жүруге жарайтын қарт кісілер де осы шанаға жайғасты. Себебі, бұл кісілер Совет одағының азаматтары болғандықтан, сайлау ережесін сақтауға міндетті. Ересек балалары жоқ үйлерге сайлаушылар дауыс беріп келгенше жергілікті басшылық бас-көз болу үшін бір комсомолдан бөлді.

Аудан орталығына барудың ұзақ жолынан шаршап, өздеріне таныс емес кісілердің аты-жөні жазылған бір парақ қағазды ағаш жәшікке салу үшін, талай шақырым жерге барып қайтқан сайлаушылар үйлеріне келгенде Ырысгүлдің кішкентай қызы сұп-суық үйде төсекте жатыр екен. Анасын көріп, қол-аяғы мұздай әлсіреген қыз жылап жіберді. Қызын төсектен құшағына алған Ырысгүл, төсектегі қатып қалған қызының құмалақ нәжістерін көріп жүрегі дір етті.

- Апа, келдіңдер ме? - деп даладан қуана кірген үлкен ұлына ренжіп:

- Мына баланың аяқ-қолы мұздай, өлуге сәл-ақ қалыпты, дәретке отырғызбағансыңдар ма? - өзінің абыржып қойған сұрағына ұлының ақтала берген жауабын Ырысгүл толқи тыңдады. Жақын туыс комсомол жігіттің кішкентай қарындасын тоңасың деп төсектен тұрғызбағанын, пешті таңертең бір рет ғана жағып кеткенін айтқан баласының хабарынан кейін, кеше ғана жолға шығып бір түн үйінде болмағанда ата-анасыз бала өмірінің қорқынышын ойынан тез кетіруге тырысып, кішкентай қызын құшағына қыса түсті. Осылай жаңа заман қараңғы халықты қиналта басталып, өз дегенін жасап жатты.

Заманның жетістіктері мен кемшіліктерін талқылайтын жиналыстар болып тұратын. Жиналыстарға күнделікті үй тірліктерінен қолдары босамайтын әйелдер қатыса алмайтын себептерін айта бастаса, 8 март мерекесі мен теңдік туралы естеріне салынып, жиналысқа ерлермен бірдей қатысуларын, талқыланатын мәселелерді бірге шешу керектігі қатаң ескертіліп айтылып жүрді. Сондай жиналыстың бірінде күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Мәселелерді талқылауға шығып сөйлеушілерге сөз берілді. Кезекпен сөз алып сөйлеушілердің ішінен қарт кісі мінбеге шықпай-ақ орнынан тұрып:

- Сталин қартайды орнына басқа адам қою керек, - деді аса маңызды мәселені айтқандай байсалданып.

- Ақсақал, бұл ойыңыз артықтау, алдымен басқа мәселелелерді шешіп алайық, - деген жиналыс төрағасының айтқан ескертуін тыңдамай қарт кісі өз сөзін тағы қайталады. Ертеңіне сол кісі із-түссіз жоғалып кетті.

Өкімет жоспарының орындалу барысын қадағалайтын жергілікті әкімшілік жаппай хат тану мәселесін тоқтатқан жоқ. Бұл күн тәртібінен түспейтін бағдарламаға басшылар тарапынан қатты көңіл бөлініп, осы тапсырма орындалу үшін бөлінген жас азаматтар халықты кешке мектепке жинап оқу-жазу жұмыстарын жүргізетін. Үй шаруасынан қолдары босамайтын әйелдерге, өмірі қолына қарындаш ұстап көрмеген қарт кісілерге әріп үйрену қиын болды. Бәрі қиналса да мектепке барып жүр.

Ырысгүл үйінен ертерек шығып, туыстығы жақын жеңешесімен мектепке бірге баруға келіскен уәде бойынша көтеріңкі көңілмен келе жатып, тастың үстінде отырған әжеге көзі түсті. Танымаса да амандасу үшін жақын келіп, соңғы кезде Совет өкіметі кезінде сәлемдесу түрімен:

- Саламатсызба, әже! - деді. Ол да іле-шала қуанышты түрде:

Жоқ, шырағым, кәрішалмыз, - әжейдің жауабына күлген Ырысгүл қазіргі сәлемдесу туралы, жаңа заман жөнінде пікірлерін ортаға салып, біраз уақытын жіберіп алды. Енді асыға қатты жүріспен жеңешесінің үйіне жақындағанда ашық тұрған есіктен естілген бала айқайы тездетіп үйге кіруге мәжбүрледі. Үш-төрт жастың арасындағы тілі шыққан кіндік қызы бесіктен өзін шешіп алуды талап етіп жатыр. Бесікбала жасынан әлдеқашан шыққан кішкентайдың аяғы бесіктен шығып жатқанына күліп, бүлдіршінді киіндіргенше даладан жеңешесі келді. Уақыттары жоқ әйелдерге бесіктің пайдасы көп, дегенмен осылай бесіктің көмегін пайдаланған жеңешесі Ырысгүлге қарап, екеуі бір-бірін түсіне күліп алды.

Енді, күндізгі екеуінің келісімімен мектепке келді. Кезекті сабақтан қайтып келе жатып, жеңешесі маңызды жаңалық айтатындай байсалдана түсін өзгертіп:

- Ырысгүл-ау десе, ойлап қарасам біздің Таңатар екі-ақ әріптен тұрады екен: "Тар, таңатар". Ал, абысындарымыз Рәзима мен Маржан есімдері ұқсас және өздері бір үйдің келіндері, - деп өзіне-өзі ырза болып Ырысгүлге күле қарады. Болжамдарыңның екеуі де дұрыс емес десе, жеңешесі қолын сермеп тыңдайтын түрі жоқ. Өз айтқанын дұрыс санап, әңгімесін жалғастырды.

- Мен не көрмедім, мына тұрған Ұлытауды да көрдім ғой. Дүкенінің ішінде заттар қалай көп, көптігі сондай қарағанда тіпті басың айналады екен, - деп әңгімесін бітіре үйіне кетті.

Ырысгүл балаларын әжесіне қалдырып мектепке кеткеніне екі сағаттан артық уақыт болғаны толғандырып, әжесінің шаршағанын сезіне қаттырақ адымдап кеш қараңғылығы алаңдата үйіне жақындады. Үйге кіре әжесінің көңіл-күйін көтергісі келген келіні оған күле қарады. Шаршаған сыңайы бет-ажарынан байқалған әже жанында жатқан матаны келініне қарай самарқау жылжытып, жақында көшіп келген көршінің әйелі күйеуіне кәстөм тігуін өтініп тастап кеткенін айтқанда Ырысгүлдің бетінен күлкі нышаны тез жоғалып, асыға сөйледі.

- Мені киім тігу шебері деп кім айтқан? Кастөм тігу жөніндегі өтініші қызық екен. Ерлердің кастөмін тігу өте қиын жұмыс, оны нағыз шебер ғана тігеді, - осы сөздерді айтып, әжесінің матаны алып қалғанына кейіп, бұл жұмысты орындай алмайтынына қиналған Ырысгүлдің дауысы жарықшақтана қатты шықты.

- Қайдан білейін, кейде іс мәшинемен жұмыс істеп отырғаныңды көріп, қолыңнан іс тігу келеді екен деп ойлайтынмын. Қайыр жасасаң батасын аласың, егер тіпті тіге алмаймын десең апарып бере ғой, - деп әжесі матаны алып қалғанына өзін кінәлі санап бәйек болып жатыр. Әжесін аяп кеткен Ырысгүл неде болса тігіп көруге бел байлап, матаны алып үйіне келе жатып: «Салмастан құранға түстім» деді іштей күбірлеп. Үйіне келе Әбеннің ескі костюмін сөгіп, матаны соған салып пішіп, көп әуреленіп костюмді тікті. Костюм көршісіне шағын болып, жаңа көршілері үшін Ырысгүл тігінші болып шыға келді. Көршісі тағы тігуге киім әкелмеуін қалап, костюмды апарып бергенде киім тігуге уақыты жоғын екі баланың барын, әжесінің кәрілігін ескертіп үйіне келді.

Ырысгүл соңғы кезде өзі туралы басым ойдың жетегіне беріліп, қара сүмбіл шашы ұзара өскенін, денесінің аздап толғаны ұзын бойына жарасып, әдемілене бастағанын байқап қуанышта жүр. Тойға барса көйлектерінің ішінен сары жібек көйлегін таңдап киетін. Өзіне осы көйлегі жарасып, қызыл камзолын кигенде, тіпті нұрланып кетуші еді. Ойын-тойды жібергісі келмей абысындарын көрмесе тұра алмайтын Ырысгүл әсіресе Ақтамақ абысынымен жиі кездеседі.

Тойлар сиреп кетсе Ырысгүлдің әжесіне қоятын сұрағы жиілеп:

- Тойлар болмай жүр ғой, ешкім нәрестелі болмағаны ма, көптен бері келін түспей, қыз ұзатылмады ғой әже, ішім пысып жүр, үй шаруасын жайғастырдым, енді аузымның дәмін алып әңгімелесіп келейін, - деп әжесінің ұлықсатымен абысындарына барып келетін.

Осындай аузының дәмін алып, әңгімеден келген Ырысгүлге әжесі жаңа ғана Шәріп келіп, кеше келінінің аурухананың терезелеріне қарап, Әубәкірдің атын атап қатты айқалап жүргенін көргендіктен інісінің денсаулығын сұрауға келгенін айтқан әжесіне кеше оған тамақ апарғанда бірінші рет барғандықтан, нешінші палатаға орналастырылғанын білмей, фамилиясымен сұрауға атасының атын айта алмай, аурухананың терезелерін жағалап атын атап шақырғанын растап, Ақтамақтың үйіндегі қайынағасының аурухана жанынан өтіп бара жатып естіген айқайына ұяла күлген Ырысгүлге әжесі қосыла күлді.

Енді екеуі жақында болған жаңалықты әңгіме етіп, тағы еске алды. Осы өңірдің тұрғындары бұл тақырыпты назарынан тыс қалдырмай, көршілер ерекше жаңалықты талқылауға бәрі міндеттеме алғандай бір-бірінің үйлеріне барудың сылтауы табылып, бастары кездейсоқ кездесіп қалғандары болса, олар да қызу талқылады.

"Шынберген бала асырап алыпты" деген сөз лап ете қалған өрт сияқты үйді-үйге өте тез тарады. Естігендер таңдана шындықты білгісі келіп:

- Сонда қалай?.. Оның тоғыз баласы бар емес пе?

- Бұл баланың тағдыры өзгеше. Жаңа туған жас нәрестені белгісіз шешесі құндағымен бет ағашы тозып ортасына түскен көрге тастап кеткенін айтып, бір-біріне түсіндіріп жатыр. Бұл тосын жаңалықты естігендер Шынбергеннің үйіне қарай ағылды. Шынберген келгендерге болған жайды қайта-қайта жалықпай айтуда.

- Таңертең өте ертемен жұмысқа кетіп бара жатқанымда өліктер жерленген қорымның жанынан өтіп бара жатып, жылаған баланың дауысы естілгендей болды. Тұра қалып тыңдап едім, ештеңе естілмеді. Шалыс естігеніме сенімді болып, жүре бергенімде тағы жылаған баланың дауысын естідім. Анық баланың дауысы екеніне шүбә келтіріп, не істерімді білмей тұрып қалдым. Сөйткенше, әлсіз жылаған жас нәрестенің дауысы тағы естілді. Неде болса қорымның ішіне кіруге бел байлап, қорықсам да өзімді өзім күштеп қайраттандырдым. Бейіттің ішінде жын-шайтанның болмайтыны туралы естігенім, бұрыннан айтылатын айнымас халық ұғымы мені әжептәуір батылдандырды. Құдайға сиынып, сол қорымда жатқан әруақтарды көмекке шақырдым. Білген аятымды дауыстап айтуға

қорыққанымнан ішімнен оқып, дірілдеп қорымның ішіне кірдім. Қорымның іші әлі ерте болғандықтан қараңғы еді. Сәбидің дауысы естілмей мені шындап үрей билеп, тезірек қорымның ішінен шығуды ойлап бұрыла бергенде өте әлсіз сәбидің дауысы естілді. Дауыс шыққан жаққа келсем, бетағашы шіріп түскен қабырдың ішінде құндақтаулы нәресте естілер-естілмес дыбыс шығарып жылап жатыр. Қабырдан кішкентай нәрестені көтеріп алғанымда, қолым қалтырап баланы қолымнан түсіріп ала жаздадым. Бишара нәресте жаялықтың шеті бетіне тигенде аузын ашып, жылауға шамасы келмей қырылдады. Баланы таңертең ерте әкеліп тастаған болуы керек, егер түнде әкелсе тоңып өліп қалар еді, тезірек нәрестені жылыту үшін бауырыма қысқан бойы асыға қорымнан шықтым. Енді бала туралы ой, сол уақытта шешуі жоқ мәселе еді. Қазір үйге апарып тастап, жұмысқа содан кейін барсам, бұл ойымды іске асыру үшін көп уақыт кетеді. Үйім мен қорымның арасы едәуір жер және үйдегілерге бір-екі ауыз сөзбен түсіндірмейсің. Ал, жұмыстан кешіксем жұмысымды жоғалтамын. Еңбек тәртібін қатаң қадағалап, өздерін алдыңғы қатарда көрсету үшін жанын салып жүрген белсенділер баршылық. Солардың көмегімен жұмыстан шығарып жіберсе, тоғыз баланың жеп отырған нанынан айырыламыз. Ендеше, неде болса баламен жұмысқа баруға бел байладым. Нәрестені бауырыма қысып, шым-шытырық оймен келе жатырмын. Жолдың үстінде жатқан қызарған бір кішкене затқа көзім түсті. Жақындай келе, затты көтергенімде пілдің суреті бар қызыл түсті қатты қағазбен қапталған үнді шайы екен. Мына жағдайға таң қалдым. Шайды нәрестеге көрсетіп, алланың өзіне бірінші несібесін жібергенін қуана хабарлап бетінен иіскегенімде, аузын ашып жымиған сияқты әлсіз дыбыс шығарды.

Күзет жұмысыма келдім. Түнде күзетте болған кезекшім асығыс шаруам бар ертерек кел деген. Үйден ерте шығып едім, енді ерте келудің орнына кешігіп келіп, жағдайды түсіндіруге оқтала бергенімде, ашулы кезекшім тез кетіп қалды. Әттеген-ай, мына баланы қайттым... Кезекшімнен орныма аз уақытқа қала тұруын өтініп, баланы үйге апаруды көздеген ойым болмайтын болды. Шарасыздықтан шешім таба алмай қолымдағы нәрестеге қарадым. Сол кезде сәбидің бетінің қыртыстары көбейіп, көзі аларып түрі өзгеріп бара жатқаны зәремді ұшырды. Қатты сасып, баланы отыратын ұзын орындықтың үстіне қойдым. Пештің үстінде қайнап тұрған шайнектен аққұманға су құйып жаңағы тауып алған шайдан салдым. Үйден алып келген нанның бір тілімінің жартысын кесеге турадым. Нан ыстық шайдың ішінде езілді, енді бұл дайындаған нәресте үшін жүрек жалғауға болатыны белгісіз тамақты қалай берерімді білмей дал болдым. Езілген нанды берсем, қақалады. Бет орамалым есіме түсті. Орамалға езілген нанды салып, төрт бұрышын біріктіріп баланың аузына орамалды сықтым. Орамалдан шыққан сұйық аузына құйылғанымен бала жұтпай сұлық жатыр. "Өліп қалған" деген қорқыныш жүрегімді мұздатып ессіз тұрған мені оятқандай, жылауға шамасы жоқ нәресте ыңырсығандай дыбыс шығарды. Жаялығын ашып көруді жөн көріп, тездетіп баланы құндақтаған шүберектерді шеше бастадым. Соңғы жаялығын ашқанымда су жаялықтың ішінде қол-аяғы тастай, өте арық жақында ғана дүниеге келген нәресте - ұл сұлық жансыз жатты. Сол уақытта дәрменсіз болып тұрған менің басыма келген ақыл, аяқ-қолын уқалау болды. Үстімдегі жейдемді шешіп, баланы соған жатқызып аяқ-қолын уқалай бастадым. Бұл жұмысым нәтиже бермесе не болары белгісіз қорқыныштан көзімнен аққан жас тамшыларына ие бола алмадым. Үзбей уқалау нәтиже беруі мүмкін?! Осы ой үміт беріп, бұл жұмысыма құлшына кірістім. Қанша уақыт уқалағанымды білмеймін баланың аяқ-қолы жылына бастағанын байқадым. Баланың бетіндегі қызғылт реңді көріп, жүрегім аттай тулады. Кішкентайдың қол-аяғын жейдеммен қымтап, үстіне күпәйкемді жаптым. Енді тезірек тамақ берудің қамына кірістім. Жаңағы орамалдағы нан қосылған сұйықты баланың аузына сықтым. Нәресте сұйықты қақала-шашала жұтты. Осы тәсілмен екі-үш рет қайталанған тамақтанудан кейін бала ұйықтап кетті. Жүрегім енді ғана орнына түскен соң, жаялықты тез жуып далаға жайып, бүгін баланы құрғақ жаялықпен қамтамасыз ету міндетін мүлтіксіз орындау, баланы сақтап қалуыма септігі тиетінін мойындадым. Көзін жұмып жатқан нәрестенің кеудесіне құлағымды тосып, әлсіз жүрек соғысын естігенде жүрегім жарылардай болып қуандым. Көңілім жайланып енді тез далаға шығып, күзететін жерімді бір қарап шықтым. Бүгін күзет жұмысыма ештеңе кедергі болмауын алладан жалбарына сұрадым. Сөйтіп, күзететін жерімді айналып қарап, баланы қолдағы мардымсыз тамақпен тамақтандырып, жаялығын кептіріп, бөткеге кіріп-шығып жүргеніме біраз уақыт кетіп, түс мезгілі болыпты. Бала жылынып, ұйқысын қандырғаннан кейін қарны ашып, жыласты көбейтті. Көтеріп жүрсем де жылауын қоймады. Әсіресе, түнде аш баланың жылауға да шамасы келмей, ыңырсыған дыбысын естігенде, еш амалым жоқ еді. Баламыз екеуміз әбден берекеміз кетіп, сол күнгі жұмысымызды бітірдік-ау! Ең бастысы құдай қолдап, бүгінгі жұмысым тыныш өтті. Мені ауыстыратын кезекші келгенде балам аштықтан әбден әлсіреп еді. Баланың өмірі қыл үстінде тұрғанын жүрегім сезіп, бір минуттің өзі біз үшін қымбат болғандықтан, түсінбей таңқалған кезекшіме ештеңе айта алмай, үйіме қарай ұштым, - деп басынан өткен оқиғасын айтып бітірді.

Тыңдағандар Шынбергеннің әңгімесін естіп таңқалып, нәрестені бірінен кейін бірі қолдарына алып, өмірі бала көрмегендей болуда. Ерекше жаңалықты тыңдағандардың бәрі кетіп бара жатып бір ауыздан біреу бір балаға зәру, біреуде жалғыз ғана бала, ал мына Шынбергенге тоғыз баланың үстіне тағы бала берген құдайдың құдіретін айтып, бір-бірін қоштап тарасты. Жоқшылық қысып тұрған 1932 ашаршылық жылында Шынберген жанұясына оныншы бала қосылды.

Осы жылдың ауыртпалығы өз дегенін халыққа көтерткізіп өтіп жатты. Тамақ ішіп отырғанда ас үстіне келіп қалған адамды ашық қабағымен төрге шығаратын қазақтар, енді қанша қиын болса да астарын ішер кезде есіктерін ішінен іліп алып, тамақтарын ішетін болды. Ұрылар көбейіп қолдағы малдары ұрланып, малы ұрланған үй зар жылап, шарасыздықтан ұрыны қарғаумен болатын. Егер мал сойса етін ұрлатып алмау үшін, күні-түні үй-іші болып кезекпен күзететін еді. Ал, ет асып жеу өте сирек болды. Ет асқан күні пісіріліп жатқан еттің иісін сездірмеуді үй иелері мұқият қадағалайтын.

Түс кезі болатын. Үй-үйді аралап азаматтық құжатты тексеріп жүрген жігіт Молдабек ақсақалдың үйіне үрейлене кіріп келді. Түскі асқа дайындалып жүрген Сәтен әже мен Ырысгүл асыға басып кірген бейтаныс жігітке таңдана қарады. Келген жігіт дауысы дірілдеп:

- Ауылдарыңызда адам етін жейтін кісі бар екен, - дегенде күтпеген мынадай қорқынышты хабарды естіген әже мен Ырысгүл жігітке қарап екеуі де сілейіп тұрып қалды. Аздан кейін әже жаңсақ естідім бе деп ойлап:

- Не дейсің, балам-ау, бұл айтып тұрғаның адам нанғысыз хабар емес пе? Жігіт сөзінің шын екенін дәлелдеп ойындағы күдігін тезірек айтқысы келіп, асыға баяндады:

- Азаматтардың паспортын тексеру бұйрығы бойынша үйлерді аралап жүргенімде, бір үйде төсекте жатқан ер кісіден басқа ешкім жоғын байқадым. Төсекте жатқан кісіге өзімнің келген жұмысымды айтып тұрып, кереуеттің астында жатқан етсіз сүйектерге көзім түсті. Сүйектер туралы сұрағыма қарттың берген жауабы зәремді ұшырды.

- Адамдардың сүйегі ғой, етін жеп сүйегін кереуеттің астына тастай берем. Қызым келгенде далаға шығарып тастайды. Қызым уақыты болмай келмей қалып еді, сүйектер жиналып қалыпты. Бүгін келіп қалар, келісімен шығартып тастаймын, - деді. Мынадай сұмдықты естігенде, далаға қалай атып шыққанымды білмей қалдым. Сол кісі туралы ойлаған ойым дәл келіп тұр. Тіпті дәлелдеудің де керегі жоқ. Ашаршылық. Тамақ ішпей ауырып, арықтап кеткен кісі. Кәрі емес, бірақ түрі ақсақалға ұқсайды. Үйде басқа ешкім жоқ. Кереуеттің астында етсіз сүйектер. Адам етін жеген кісі... Басқа ой менің басыма келер емес. Тез милиция мен дәрігерді шақырып, ол кісінің ақыл-есін тексертемін, - деп жігіт қазіргі жағдайға байланысты өзінің қорытқан ойын әже мен Ырысгүлге қызуқандылықпен тез айтып шықты. Жігіттің айтысына қарап, әже оның кім екенін біліп:

- Балам, кімді айтып тұрғаныңды түсіндім. Ол кісі менің қайындарымның бірі. Соңғы кезде ауырып төсек тартып жатып қалды. Әйелі қайтыс болғаннан бері бабы болмай жүр. Қызы тұрмыста, алыста тұрады. Оған көршілері, туыстары ет пісіріп әкелген шығар. Сол жеген еттің сүйегін далаға тастауға шамасы келмей кереуетінің астына тастаған болар. Соны көріп ойыңа жаман ой келіпті, оған бола алаң болма. Ол бір аңқау, ешкімге зияны жоқ адам. Тыңдағың келсе, сол кісі туралы әңгіме айтып беруге болады, - деп қайнысы туралы жігіттің ойын өзгерткісі келген әже оны шайға шақырды. Шайға қарсы еместігін білдірген жігіт:

- Әже, ол кісінің «адамдардың сүйегі» деп айтқаны көңіліме сұрақ туындататыны заңдылық, осы тұрғыда сіздің ойыңызды білгім келеді. Жұмбақ кісінің сөзін тағы талқылағысы келген жігіт әжеге сұрақ қойып, көңілінің күдігін біржола сейілткісі келгендей жасалған дастарқанға жақынырақ отырды.

- Адамдардың пісіріп әкеліп берген етінің сүйегі деп айтқысы келген шығар, жаңылып «адамдардың сүйегі» деген болуы керек, ауырып жалғыз жатқан кісіден не сұрайсың, - әженің орынды айтылған сөздері жігіттің көңілін орнына түсірді. Шай құйылған кесені алып жатып жігіт:

- Ал, әже, әңгімеңізді айта отырыңыз. Жұмыста жүріп бұл отырысым еңбек тәртібіне қайшы, бірақ сізді де тыңдайын өмірге керек тәжірибе алып қалуым мүмкін, - деп әжеге күле қараған өкіл жігіт ыстық шайды рақаттана ішіп, Ырысгүл екеуі әженің әңгімесін ықыласпен тыңдауға кірісті.

- Осы қайынымның әйелі қайтыс болғаннан кейін, өзінен көп жас кіші әйелге үйленді. Алғашқы отасқан жылдары қонаққа берілетін малдың мүше сүйектерін әйелі білмегендіктен, қонақтың сыбағасы қайынымның айтуымен асылады екен.

Бірде таныс емес кездейсоқ бір жолаушы жол сұрау үшін бе, немесе жоғалған малы туралы ма, ол арасы белгісіз қайынымның үйінің жанынан өтіп бара жатып далада тұрған қайыным екеуі бір-бірінен жөн сұрасып, шөлдеп су ішкісі келген жолаушыны үйіне кіргізген қайыным мен әңгімені жақсы айтатын жолаушы екеуінің әңгімесі ұзаққа созылған көрінеді.

Әйелі қолға су құятын құман мен легенді әкелгенде шалы таң қалыпты. Қолдарына су құйған әйелінің бетіне қолын сүлгімен сүртіп жатып қараған шалына төмен қарап су құйып тұрған әйелі оған қарау ойында да жоқ. Іле дастарқан жайып жамбасты жасауымен сірестіріп бір табақ етті алдарына әкелгенде қайынымның таңданысында шек болмапты. Қайыным амал жоқ алдарына қойылған етті турап, бейтаныс қонаққа ілтипат білдіріп отырыпты. Жамбасты жасауымен асқанынына қарап, жолаушы Күлпәштің жақын туысы болғанын іштей мойындап, әйелінің қонақтың сыбағасын дұрыс таңдағанына ырза болған көрінеді. Қонақтан Күлпашқа қандай жақындығы барын сұрауға оқталып, әйелінің жақын туысын сырттай болса да білмегенін өзіне ұят санап іркіліп қалған екен.

Бейтаныс кісі ойламаған жерден мынадай қошаметті көріп, жолға шыққаннан бері ыстық тамақ ішпеген жолаушы етке тойып, ыстық сорпа ішкенде самайынан аққан терге ие бола алмай, жомарт жандардың үйінен сыйлы қонаққа арналған қонағасы жегеніне таң қалып, еттен кейін сүт құйылған қою шайды ішіп, дән риза болып аттанғаны айтпаса да түсінікті.

Жолаушы кеткен соң, қайыным әйеліне:

- Күлпәш-ау, жаңағы қонақ кім? - осы сұрақты сөйлемді қайнысының жіңішке дауысына салып айтқан әженің әңгімесін тыңдап отырған Ырысгүл мен өкіл жігіт күліп жіберді. Күлпәш таңдана шалына қарап:

- Сіздің туысыңыз емес пе еді, - дей бергенде шалы мына сұрақты естіп, толғаныстан дауысы бұрынғыдан да жарықшақтана жіңішкеріп:

- Не айтып отырсың батыр-ау, жамбасты жасауымен асқаныңа қарап, сенің туысың екен десем,.. әрман қарай ештеңе айта алмай қалған шалын көріп, не болғанын енді түсінген кінәлі Күлпәш:

- Қайдан білейін, өзіңіз қонақпен жақсы әңгімелесіп отырдыңыз. Далаға шығып қонаққа асылатын ет жөнінде айтпадыңыз. Сіз шықпаған соң өзім келіп есіктен қарап едім, қонақпен қызу әңгімеде екенсіз. Алыстан келген мен білмейтін туысымен әңгімесін бұзғысы келмегені деп түсіндім. Маған қарадыңыз да, жамбасыңызды қасыдыңыз. Жамбас сыйлы кісіге асылатынын білемін, жамбасты жасауымен асқанымның себебі осы. Егер қонағасы жөнінде далаға шығып айта алмайтын болсам, қонақтың сыбағасын сол жерімді сипап көрсетем дегеніңізді ұмыттыңыз ба, - деп ақталыпты.

Болған жағдайды енді толық түсінген Тынымбай мен Күлпәш не күлерін, не өздеріне ашуланарын білмей екеуі бір-біріне дәрменсіз қарап әңгімелерін жалғастырып:

- Сен есіктен қарап тұрғаныңды көрдім, жәй әңгіме тыңдап тұрғандай көріндің. Сол кезде жамбасым қыши қойғанын қарашы. Қап, әттеген-ай, жаңағы жолаушының аузының салымын қарашы-ей! - деп өкіне шырылдаған дауысымен Тынымбай кездейсоқ қонақты жақсылап сыбап алыпты.

- Не дегенмен, қонақтың шынымен аузының салымы бар екен. Тынымбай сыртынан қанша сыбап боқтағанымен, қонақтың ұпайы түгел еді. Тұз сіңген тәтті етке тойғаннан, жиі ықылық атқан кекірігін сүті мол қою шаймен басып, ол кетті, - деп әже сөзін бітіргенде жігіт пен Ырысгүл күлкілерін қоя алар емес.

Күліп отырып жігіт:

- Бұл әңгіме көп уақыт бұрын болған шығар, әйтпесе қазіргі ашаршылық жылда жамбасты жасауымен асу қайда?

Әже жігітті мақұлдап:

- Әрине, бұл оқиға бұрын болған ғой. Қайынымның бұдан да басқа себепсіз күлетін әңгімесі бар, тыңдағың келсе айтайын. Жігіт асықса да, мына өзгеше мінезді кісі туралы тағы тыңдағысы келіп бөгелді.

Әже екінші әңгімесін тез бастап жіберді.

- Бірінші баласы дүниеге келгеннен кейін, жас нәресте қызына туу туралы куәлік алу үшін Тынымбай қайыным ауданға жолға шығыпты. Тиісті қеңсеге келіп, дәл куәлік жазатын уақытта әйелінің айтып жіберген қызының есімін есіне түсіре алмай, ойланып отырған қайыныма куәлікті жазып жатқан жігіт қызының есімін айтуын сұрап бетіне қарағанда, сәбидің атын ұмытып қалғанын айтуға ұялып, ойына бірінші келген қыз баланың есімін айта салыпты.

Үйіне келіп:

- Күлпәш - ау, дәл куәлік толтырар кезде баланың атын ұмытып қалып, ойыма келген қыз есімін айта салдым. Шынымды айтсам осы уақытқа дейін есіме түсер емес. Енді кішкентайдың аты куәліктегідей «Айша» бола берсін, - деген шалына Күлпәш таңданып:

- Не айтып отырсыз жазған-ау!.. Айша менің анамның есімі емес пе? Тынымбай қайыным сасып қалып:

- Бәсе, неге бұл есім менің ойыма бірінші түсті десем? - ақталған қайынымның жауабы осылай болыпты.

Әженің мына әңгімесін тыңдаған жігіттің шегі түйілгенше күліп:

- Мына кісі нағыз әулие ғой. Аңқаулығының арқасында ұзақ өмір сүретін кісі екен. Сізді тыңдарда өмірге керекті тәжірибе алу туралы айтып едім. Шынымды айтсам, әңгімелеріңізден адам мінезінің мен білмейтін басқа қырымен таныстым, - деп шайы мен әңгімесіне рахметін айтып, ырза болып кетті.

Ашаршылық жылы халық әбден қиналып, аштан өлмеу қамын әр жанұя өздерінше шешіп жатты. Молдабек ақсақалдың үй-іші ақылдасып ел-іші бір жайлы болғанша қоныс аударуларын жөн көрді. Ақсақалдың Өзбекстанда тұрып жатқан үлкен ұлының жанұясының жағдайы жаман емес екен. Елден кетудің қиын шешіміне себеп болған негіз осы болды.

Мына жаңалық Ырысгүлге мүлде ұнаған жоқ. Бөтен елде қайынағасы мен жеңешесі бар екені ғана көңіліне медеу. Сол үлкен абысынына байланысты бір оқиға есіне түсіп, еріксіз жымиды. Ырысгүл келін болып түскен алғашқы күндерінің бірінде далаға шығып тұрған. Кенет, күлген немесе жылаған екені белгісіз дауыс естілген жаққа қарап еді, сыбызғыдай талдырмаш денелі келіншекті кішкентай таяқшаның басына өлген жыланды ілген қараторы өңді жас бозбала қуып келе жатыр екен. Бұл күлкілі көріністі ауылдың бар балалары қызықтау үшін у-шу болып соңдарынан жүгіріп келе жатыр. Келіншек қатты жүгірген бойда қолында құманы бар үйіне бара жатқан Молдабек атасына жақын келіп:

- Атке, атке, құтқарыңыз! - деді атасына жалына қарап. Атасына келінінің мына қылығы ұнамай, келіншекке әрірек бар дегендей қолын сермеді. Келіншектің үлкен жасыл көздері үрейлене тағы басқа қорғаушыны іздеп Ырысгүлге де қарап өтті.

Сол кезде жыланмен жанына келе қалған балаға ата ұрсып, қуып жіберді. Балалар кеткен соң келініне қарап:

- Қорыққаныңды білдіріп алып, балалардың ойынының ермегі болдың, - деп үйіне кіріп кетті.

Ырысгүл да жыланды көргенде өлген болса да қорыққаны сонша, денесі дірілдеп, іші-бауыры қалтырап кеткен. Әйтеуір, балалар өзін байқамады, бәрінің назары қорыққан жеңгесінде болды.

"Қорыққанды білдірмеу керек - міне, табылған ақыл!" Жанында тұрған жасыл көзді, талдырмаш қараторы әдемі келіншекке ақыл айтқан ешкім болмаған ғой, енді оған Ырысгүл шынымен аяушылықпен қарады. Екеуінің көзі кездескенде, өте әдемі үлкен жасыл көздер тартымды жылы көзқараспен келінін үнсіз өзіне шақырды. Үлкен абысынын енді ғана таныған Ырысгүл жеңешесін құшақтап, екінші рет қана көргеннен кейін танымай қалғанына ұялып мойындады. Жат елде сол жеңешесінің бары ғана Ырысгүлдің көңілін тыныштандырды.

Молдабек ақсақалдың үй-іші өзбекстанға көшпес бұрын, аяғы ауыр келінімен басқа елге көшуді кейінге қалдырып, қазақстанның оңтүстік аймағында Келес өзені бойындағы Келес ауданына орналасты. Жаңа қоныста Әбеннің от басында қуанышты жаңалық болды. Ырысгүл келін болып түскеннен кейін толық екі жыл өткенде, 1932 жылы қазан айында тұңғыш баласы дүниеге келді.

Жасы ұлғайған Сәтен әже денсаулығы ойдағыдай болмай, соңғы кезде бұрынғы сергектігі азайғанын сезіп жүрді. Осыған орай бала бағуда өзінің көмегі болмайтынын, келініне пысып шыңдалуы үшін айтқан ескертуі, әжесіне шынымен сенген Ырысгүлге дөрекі естілді. Осы жайды қатаң ескерткен әже сөзі, сәбиін туған күні жас босанған Ырысгүлдің көңіл-күйін көп төмендетіп еді. Енді, Ырысгүлге жас нәрестені өсіру міндеті айырықша қиынға түсті. Анасының сүтіне тоймай қарны ашқандай, немесе бір жері ауырғандай кішкентай түнімен жылап шығатын. Нәрестені өсіруде тәжірибесі жоқ жас ананы көп қиналтып, есімі Молдабек атасының қалауымен қойылған кішкентай Арыстанбай өсіп жатты.

Тұңғыш немере өмірге келген соң, көп кешікпей Молдабек ақсақалдың от-басы өзбекстанға көшіп келіп, үй жалдап тұра бастады. Бұл жақтың халықтарының жағдайлары қыр қазақтарының күн көрістерінен көп артық екен. Мұнда азық үшін дәнді дақылдар мен еттен басқа көкөніс қосымша тамақ.

Аулада тұрған екі үйге ортақ дәретхана көбіне бос болмайды. Ырысгүлдің байқағаны осы үйдің әйелі аузы құрғамай тамақ жеп жүреді екен. Көкөністі талғамай көп жегендігінен болар, әйтеуір дәретхананы бір босатпайды. Ұялған тек тұрмас дегендей Ырысгүлді көрсе шағынып:

- Әй, Ырыстыбай, ішім жаман кетә, әмәнда сондай болып жүрмін, - деп ақтала бастайды.

Үй иесі өзбекті ойыншыл Ырысгүл біраз әурелеп ойнайтын. Өзбек әйелдері пәрәнжімен жүріп, бетін ерлеріне ғана көрсетеді екен. Бетінде пәрәнжісі жоқ Ырысгүл өзбекті шынтағынан ұстап қатар жүре бастайды. Бұл ойынды өзбек шын көріп, қазақ отағасыдан сескеніп:

- Әубәкір ака, мына адалыңызды қараңызшы, - деп қайта-қайта айтады. Өзбектің қорыққанын қызық көріп Ырысгүл бұл ойынын қоймайды. Әубәкір бұларға қарап жымиып күледі де қояды. Қазақ жігітінің бұл сабырлылығын өзбек түсінер емес. Өздері бұндай жағдайда қатты ашуланып, шатақ мінез көрсетер еді. Қызу қанды, қызғаншақ мінездеріне мүлде керісінше мына қазақтың жайбарақаттығына өзбек таңқалады. Ал, қазақтардың ішінде Әубәкірдің мінезі ерекше ұстамды екенін білмейтін өзбек қанша өзін қорғамақ болып қазақ жігітіне шағым айтқанымен, Әубәкір акасынан жымиған күлкіден басқа ештеңе ала алмады.

Ырысгүл осында келгелі бірінші рет керекті азық алу үшін, өзбек базарына келді. Ыстық базар ішінде Сарыарқаның кең даласына үйренген Ырысгүлдің алғашқыда дем алуы қиындап, мазасы кетті. Шамалыдан кейін ауаға үйрене базарды аралап жүріп, өте көп жиналған адамдарды көріп, қатты таңданды. Бала кезінде сыр бойында көрші орыс қыздарымен Қызылорданың базарына барғаны есінде бірақ, дәл мынадай көп халықты көрген жоқ еді. Базардың үстінен қараса адамдар құмырысқаларға ұқсап көрінер еді, илеудің ішіне бірі кіріп, бірі шығып жатқандай. Мына көпшіліктің ішінде жүріп адасып кету қауыпты ойы Ырысгүлдің зәресін ұшырды. Басқа күні көрші өзбектің әйелімен бірге келуді жөн көріп, үйіне қайтты. Қайтарда адасып, шаршап үйіне келіп бір самауыр шайды бір өзі ішкені бар.

Ертеңіне тыныққан соң кешегі шаршағанын ұмытып, базар қызықтарын тағы көргісі келді. Көрші өзбек әйеліне базарға бару жөнінде ойын айтқанда, ештеңе алмаса да базарға бару өзбек ағайындар үшін жаңалық емес, сондықтан көршісі келісе кетті. Кеше шөлдегені есіне түсіп, шыныға су құйып алып, Ырысгүл өзбектің үйіне келді. Көрші әйелдің салқын суды базардан алып ішуге болатын мәліметімен келісіп, суды алмай көршісіне ілесті. Базарды аралап жүргенде көп таңданысын ішінен білдірмей келе жатқан Ырысгүл қисық тот басқан шегеге дейін сатып отырған өзбекті көріп:

- Мына шегелерді алатын адам табылмас, - деп күліп жіберді. Ырысгүлдің күлкісіне орай, сатушы өзбекті қорғағандай көрші әйел түсіндіріп жатыр.

- Мысалы, мал қораның шарбағын жөндеуге мына шегелерді арзан бағаға алуға әбден болады. Қисығын түзетеді, ал тот басқаны қолданған кезде еш кедергісі жоқ.

Базар іші у-шу. Сатушылар сататын заттарын дауыстап мақтағанда базардың ішінің шуылынан ештеме естілмейді екен. Майлы самсаларын мақтаған өзбектен самса сатып алып жеп, мұз салған салқын суын жарнамалаған кішкентай қыздан су алып ішіп, өзбек әйел мен Ырысгүл әлденіп әрі қарай базарды аралады. Базарды біраз аралап, үйлеріне келе жатқанда ұзыннан ұзақ керілген жіпке ілінген әйел киімдерін көрген Ырысгүлге таныс емес көріністерді айтуды өзіне парыз санаған көрші әйел, қыз ұзату тойы болатынын айтып өтті. Ілулі тұрған көп киімдердің себебін түсінбеген Ырысгүлдің ойына жауап бергендей көрші әйел өзбек салтында тұрмысқа шығатын қызының киімдерін жұртшылыққа ата-анасы көрсететінін, қалыңдықтың киімдері, жасауы көп болса, барған жерінде сыйлы болатынын толықтыра айтып жатыр.

- Ертең осы қызға менің көршімнің баласы үйленеді, барғың келсе ертіп апарайын, - деген ұсынысына қарсы емес Ырысгүл, үйлеріне жақындағанда көршілердің бірінің биік дуалының ар жағында қарбалас жұмыс жүріп жатқанын байқады. Көршісінің айтқанынан келін түсіру дайындығы болып жатқанын түсініп, өзбек тойын көрудің сәті түскеніне қуанып үйіне кетті.

Ертеңіне Ырысгүл көрші өзбек әйеліне еріп тойға келді. Биік дуалдың есігінің алдында күйеу жігіттің туыстары келген қонақтарды күтіп алып тұр. Көрші өзбек әйел есіктің алдында тұрған той иелерін құшақтап, әрқайсысының арқасынан қағып:

- Амансыз ба, есенсіз бе, есен-амансыз ба? Тойларыңыз тойға ұлассын, - деп амандасты. Ырысгүл де той иелерімен өзбекше амандасып құтты болсын айтты. Той иелері бұлармен дәл солай амандасып, тойға келгендеріне ризашылығын білдіріп, қошаметпен үйге кіргізді. Көрші өзбек әйел Ырысгүлді таныстырып, қолдарындағы орамалға түйген шашуларын әдейі шашу үшін арналған үлкен дөңгелек столдың үстіне қойды.

Тойға келген қауым толық жиналғаны, жас келінді қарсы алу уақыты келгенін білдіріп, той басқарған асаба жігіт қонақтарды далаға шақырды. Ырысгүл мен өзбек әйелі тойға келгендермен бірге далаға шықты.

Ақ дәке мата қалыңдықтың үйінен күйеу жігіттің үйіне дейінгі жолға жайылған. Бұл жас жұбайларға арналған жол екен. Ұзын керілген жіпте қалыңдықтың киімдері ілулі тұр. Көңілді өзбек музыкасы ойналып жатыр. Тойға келген қонақтар екі жарылып үйленетін екі жасты күтіп тұр.

Көшенің бас жағынан ән айтқан көңілді жастар тобы көрінді. Ақ дәке матаның үстімен күйеу жігіт пен қалыңдық, үйленетін екі жастың екі жағында музыка кепшіктерін қағып билеп достары келе жатыр. Тойға жиналған қауым жастарды қошаметпен қарсы алды. Енді той иелері қонақтарды тойға әзірленген дастарқан басына шақырды. Дәмді палау желініп, қонақтардың қалауынша шорпа немесе шай ішіліп, би биленіп өзбек салтымен өте көңілді үйлену тойы өтіп жатты.

Ұлықсат сұрап кетіп жатқандарға есіктің алдында тұрған той иелерінің жақындары рақметін айтып, шашулар жатқан дастарқаннан орамалға түйілген шашудың біреуін беріп, шығарып салып тұр. Тойға келген қонақтарға әкелген шашуының орнына орамалға түйілген басқа бір шашу беріледі. Айырбас сияқты өзбек дәстүріне таңқала Ырысгүл берілген шашудың біреуін алды.

Тойдан шыққаннан кейін Ырысгүл қалыңдықтың киімін көріп жатқан топқа қосылды. Киімдердің санына қызыға қарап тұрған Ырысгүлдің ойымен келіскендей, қалыңдықтың киімдерінің көптігін сөз етіп, өзбек әйелдері бір-бірін қоштап жатыр.

Жолай көрші әйел бұдан да киімдері көп бай қалыңдықтар барын, қызы тұрмысқа шыққанда ұятқа қалмау үшін, өсіп келе жатқан қызына қазірден бастап өзінің тапқан пұлын жинап, ұзатылғанша алуға болатын керек-жарағын алып жатқанын айтып өтті. Көрші өзбек әйелінің сөзінен кейін, бүгінгі базарда өзіне су сатқан тойына дайындалып жүрген болашақ қалыңдық - кішкентай қызды аяп есіне алды. Базарда балалардың: «Салқын су, мұз салған салқын су» деп зыр жүгіріп жүрген өзбек халқының болашақ күйеу жігіттері мен болашақ қалыңдықтарының тойларының ішінде жүргендей әсерде болды.

Дегенмен, Ырысгүлге өзбек тойы ұнады. Әсіресе, жолға ақ мата жайылуы, сол ақ матаның үстімен келе жатқан күйеу жігіт пен қалыңдықтың жаңа өмірге бет алу үшін ақ жолға түскені сияқты екен. Ал, болашақ жас жұбайларды қоршаған жастар көңілді музыкамен жаңа өмірге шығарып салып келе жатыр. Өте үйлесімді. Жақсы ойластырылған тойды көз алдына елестетіп, жастар тобын қызыға есіне алды.

Осында келгелі Ырысгүл бұл жақтың адамдары базарға жұмысы жоқ болса да бара беретінін байқаған. Оның себебін түсінбей жүретін. Соны енді өзінше былай топшылады. Базар іші қайнаған өмір, қызық жайттар да көп. Жергілікті халық сол қызықтан қалғысы келмейтін сияқты. Ырысгүл де қызықты көріп, осы елдің өмірі туралы біле түскісі келеді. Ертеңіне өзіне әлі жақсы таныс емес базар өмірі тағы келгенін қалағандай, қол бұлғап шақырып тұрды. Көрші өзбек үйіне келіп, Ырысгүлдің базарға шақырған ұсынысына көрші әйелдің бүгін емес, ертең баруды қош көрген жауабынан кейін, ойланып өзі баруға бел байлады.

Сұрай-сұрай Меккеге да баруға болады. Үйде көп шаруа жоқ, мал жоқ болған соң малға байланысты көп жұмыстар жоқ. Үй жалдап отырғаннан кейін, салынған егін де жоқ. Әжеме осы ойымды түсіндіріп ұлықсатын алсам, аз уақытқа баланы әжеме қалдырып, базарға барып тағы біраз қызықтар көрер едім. Ендеше, неге бармасқа...

Сөйтіп, өзі баруды шешкен Ырысгүл өзбек әйелімен базарда болып, базар өміріне аздап қанық болғандығынан, базар ішіне сенімді кірді. Дегенмен, жалғыздығының әсерінен базарға келген көпшілік бүгін екі есе көбейгендей, бүкіл жер жүзінің халықтары осында жиналғандай көрініп, базар ішін жүрексіне аралады. Бір нәрсе алуды көздемеген Ырысгүл жерге қатар-қатар орналасқан өзбектердің сату үшін жайған заттарын ақырын қарап келе жатты.

Кенет көзіне әсем тігілген мәсі түсті. Ағасы Есмағанбет қаладан әкеліп беретін мәсіге мүлде ұқсамайды. Ағасы ер кісілерге былғары мәсілер, қарындастарына жұқа құрымнан тігілген мәсілер әкелетін. Ал мына мәсілер өзгеше, қоныштары әртүрлі жіптермен әшекейленіпті.

Сатып алушылардың бет әлпетінен сатылатын затқа қызыққанын өте тез байқайтын әккі өзбек саудагерлері сауда жөнінде түк білмейтін қазақтың келіншегінің мәсіге көңіл аударғанын байқап, сатушы өзбектердің назары Ырысгүлге ауды.

- Келің, айы! Міне, көрдіңіз бе мәсі өте жақсы тігілген, - деп қатар отырған саудагерлер отырған орындарынан тез тұрып, Ырысгүлді қоршап алды. Бәрі жан-жақтан шулап, бірін-бірі тыңдамай мәсілерін мақтаған өзбектердің енді түрлерін көргісі келмей, кеткісі келген Ырысгүлді артында тұрғандар иығынан түртіп:

- Айы, қараңыз менің мәсім басқаларынан артық, - деп олар да жан-жағынан шулап қояр емес.

- Маған мәсі керегі жоқ, ауырып тұрмын жіберіңдер, - деген сөзін ешкім естімейді. Естісе де оған мән берер саудагер бұл жерде табылмайтыны анық. Ыстықтан басы айналып, жүрегі айныған Ырысгүл өзбектердің қоршауынан шыға алмай қиналып, бой-бой болып терлеп ауа жетпей жанталасты. Дәл қазір Ырысгүлге шынымен ештеңе керек емес еді. Саудагерлердің қоршауынан әзер шығып, жанталаса базардың шығатын есігін көзімен іздеп тұр. Қазақ келіншегінің тоқтағанын көріп, өзбектер тағы да жанына иығындағы қос-қос мәсілерімен келе қалғанда, мәңгілік қоршауда қалып қоятындай қорыққан Ырысгүл, келген өзбектерді итере қаша жөнелді. Қашып бара жатқан жас әйелдің артынан қарап, саудагерлер шектері қатып, бастарын шайқап күлкілерін тия алар емес.

Таза ауаға шыққан Ырысгүл базардан аулағырақ бір тастың үстіне отырып, жаңағы көргендерін ой елегінен өткізді. Пайдакүнем халықтың кейбір жұмыстары Ырысгүлді таңдандырады. Діндері бір, тілдері туыс екі ұлттың бір-бірінен өзгешелігі айтарлықтай бар екен.

Біреуі қолдарында барын өздері жемей қонағына береді. Жанындағы кісіні ренжітпеуге тырысып, өзінің пайдасы үшін ойын айтпайды.

Екіншісі сауда жөнінде қажет болса барлық жағдайға барады. Өздеріне қатысты айтылған ұнамайтын пікірге ренжімейді, өйткені өзі де солай айтады. Бұлардың бір ерекшелігі қатты сөзге бармайтыны. Ашулы сөзбен қатты айтылса, «Ә-ә, бопты» деп келісе салады да, өзіне керекті пайдасын жасай береді.

Ырысгүлдің есіне күлкүлі бір әңгіме түсті. Бір кісі өзінің қалтасынан бейтаныс өзбектің ақша ұрлап жатқанын байқап қалып, ақша иесісі ұрының қолынан шап беріп ұстап, ақша салған қалташасы ұрлықшының қолында тұрғанын жұртқа көрсетіп:

- Мынау менің ақшамды ұрлады, - деп айқайласа, ұры:

- Ә-ә... Ака, қалтаңа қолымды өз қалтам екен деп байқамай салыппын, - деген екен. Сол уақытта Ырысгүл бұл әңгіме тек күлкі үшін айтылғанына сенімді болатын. Енді ойланып қалды.

Осы ойлармен ақырын басып үйіне қарай аяңдады. Көргендерін көрші әйелге айтуға асықты. Келе көршісінің үйіне кіріп, мәсі сатқан саудагерлерлердің бір-бірінің көңілдеріне қарамай, өзінің мәсісін мақтап, жанындағы саудагердің мәсісін даттаған өрескел жұмыстарын таңдана айтқанда көрші өзбек әйелі бұл әңгімеге еш мән бермей, қайта Ырысгүлге түсіндіруге тырысып:

- Әрқайсысы күн көріс үшін отыр. Сатып отырған заттары тезірек өтуін қалайды, сондықтан айтқан негізсіз сөздерге бір-біріне ренжімейді, - деген әйелдің дәлелін тыңдаған Ырысгүл, өзбектер туралы өзбекке айтқаны өзінше жаңалық ашқандай артық болғанын түсініп, үйіне келді. Өзбек халқының өзіндік ерекшеліктерін басқаша түсіне алмайтын қазақтың жас келіншегінің туыс халық жөнінде ойлауы ұзақ болды.

Өзбекстандағы күнделікті өмір ақырындап өтіп жатты. Күн көріс жөнінде өзбектердің тәжірибесі де артық екен. Бір-екі қой немесе ешкі ұстап дуалдарының ішіне арқандайды. Көкөністің жапырағын, қабығын беріп семіртіп сояды. Сойған малдың етін қазақтарға ұқсап тез жеп қоймай, біраз уақытқа жеткізеді.

Ырысгүл бұрынғыдай емес өзбек жерінің ыстық күндеріне үйренді. Өзбек ағайындардың тілдерін түсінетін болды. Енді базарға өзі ғана баруға қорықпайды. Өзіне қай күн ыңғайлы, сол күні базарға барып жүрді. Ертең ерте тұрып үй тірлігін тезірек қамдап, базарға бармағалы көп болғанын ойлап, ұйықтап кетті. Түнде кішкентайы өзін мазаламай, ертеңіне жақсы көңіл-күймен оянған Ырысгүл есіне кешегі ойы түсіп, тезірек ертеңгі шайды қамдауға кірісті. Атасы мен әжесі де оянған екен. Көтеріңкі көңілмен ертеңгі тамақтану дастарқанын дайындады. Атасынан кейін, әжесіне шай құйылған кесені беріп жатып, бүгін базарға баратын ойын айтты. Әжесінің өзі туралы базарға деген әуестігін түсінбеген жүзін көріп, базарға барғысы келетін себептерін түсіндіре бастады.

- Абысын-ажындарым алыста болғандықтан, әңгімелесіп көңілімді бөле алмаймын. Елдің ішінде тұрмағанымыздан, бұл жерде бізді ешкім ойын-тойға шақырмайды. Өткенде өзбек тойына бардым, бірақ ол кездейсоқ жай ғой, мұндай кездейсоқтық бола бермейді. Енді менің баратын жерім базар болмағанда, не болады? - осылай әжесіне дәлелдер келтіре айтып, қосымша тамаққа қараған ұлын әжесінің қарауын жалына сұрап, Сәтен әженің ұлықсатын әзер алды. Сөйтіп, осы жолы базарды асықпай аралауды жоспарлады.

Ырысгүл базарға кіргенде күннің қатты ыстығынан базар ішінде дем алуы қиындап, шамалы тұрғаннан кейін ыстық ауаға үйреніп, ақырын базарды аралауға кірісті. Өзіне керекті заттарын қарап, көп жүріп қалған Ырысгүл шөлдеп қанша су сатып жүрген балалардан су алып ішсе де, шөлі қанар емес. Енді бүгін базарды асықпай аралай алмайтынын түсініп, үйіне қайту үшін далаға шықты.

Бұл жақта қалтаңда ақшаң болса, тамақ алып ішіп әлденіп, шай ішіп шөліңді басып, үйге бармай-ақ көп уақыт жүре беруге болады. Үлкен базардың айналасында әртүрлі үлгімен жасалынған шайханалар көп, қалағаныңа кіріп шай ішуге болады. Шайханаларды көрген Ырысгүл одан сайын шөлдеп, шай ішкісі келіп, осы ойын іске асыру үшін шайханаларды көзімен шолып таңдай бастады. Қабырғасы кірпіштен қаланған шайханаға бару орынсыз. Себебі, іші ыстық әрі, ішінде кімдер бары көрінбейді. Сондықтан төбесі бар, қабырғасы тор сымнан жасалынған шайхананы дұрыс санап, соның біреуіне жақындап ішіне көзін салып еді, сәкінің үстінде екі-үштен, үш-төрттен топ болып өзбектер шай ішіп әңгімелесіп, өзбекше айтқанда «гәпіріп» отырғандарын көрді. Шай ішуге осы шайхананы дұрыс көріп, бірақ әріректе шай ішіп отырған қазақтарды байқаған Ырысгүл ұялып кірмей кетті. Әрмән қарай өзіне ыңғайлы шайханалардың ғана іштерін көзімен шолып, жүрісін баяулатып келе жатқан жас келіншек ішінде тек қана өзбектер отырған шайхананы таңдап соған баруды ұйғарды. Күннің ыстығын денеге өткізбеу үшін жағасы жоқ сырып тігілген қаптал шапандарын жалаңаш денелеріне киген, бастарында біркелкі қара-ала тақиялары бар өзбектер төрт-бестен шай құйылған бір үлкен аққұманды орталарына алып әңгіме - дүкен құрып отыр. Белдеріне ұштарын төмен қаратып байлаған көп әртүсті орамалдар саны, өзбектің байлығын көрсететінін айтқан көрші әйелдің ақпаратын растағандай, белдерін орамалдармен буған өзбектерді де байқап қалды. Шай ішіп отырған бір әйел де көзіне түспей, шайханаға өзбектердің ерлері әңгімелесу үшін келетіндерін аңғарды. Ерлердің ішінде шай ішетін жалғыз әйел өзі ғана болып, енді шайханаға кіруге жүрексініп тұрып қалды. Басқа шайханаға баруды жөн көріп, ол ойынан тез айныды, онда да осылай екеніне күмән жоқ. Ыстық шайды рақаттана ішіп отырғандарды көріп, неде болса бір-екі кесе шай ішіп, тезірек кетіп қалу жоспарын ойша құптап, әрі бұл жерде өзін ешкім танымайтынын негіз санаған Ырысгүл осы шайханаға кіруді жөн көрді. Солай ойлағанымен, шайхананың табалдырығын жүрексіне аттады.

Есікке қарсы отырған өзбектер бетінде пәрәнжісі жоқ әдемі қызыл шырайлы әйелді көріп, өзгеше бір құбылысты көргендей таңдана қарап қалды. Беттері есік жаққа қарамай қырынан отырғандарды есікке қарсы отырғандар түртіп, бетіне қараған көршісіне есік жақты көзімен көрсетті. Көршілері есікке қарап, есіктің жанында тұрған әйелге олар да таңдана қарады. Шайхананың ішінде гуілдеген әңгіме азайып қалғанын байқап, есікке теріс қарап отырғандар көршілерінің бәрі есік жаққа қарағандарын көріп, олар да сол жақа қарай бастарын бұрды. Шайханада неше адам болса, солардың екі көзі екі есе көбейгендей өзіне қадалған өзбектердің өткір көздерінен өзін қайда жасырарын білмеген жас келіншек көзінің алды бұлдырап құлап қалатынын сезіп, шайхананың босағасын ұстай алды.

Өзбектердің келіншекке қызыға қараған көздерінен жылтылдаған от ұшқындарын байқауға болатын еді. Кейбіреулері арсыз көздерімен жас келіншекті ішіп-жеп, ойша шешіндіріп үлгерді. Он сегізге келген жас келіншектің шынымен қызығарлық түрі де, денесі де бар еді. Ақ шәйіден тігілген ұзын көйлек көбірек жуылғаннан аздап қысқарып, сарғыш тартқаны болмаса жарасып-ақ тұр. Көйлектің етегінде қызыл жіппен кестелеп тігілген ою сияқты өрнектер желбіршектерді бөліп айқындай түседі. Қызыл мақпалдан белі қыналып тігілген қысқа қамзолдың омырауы мен етегіне көмкеріле тігілген алтын жалатқан сары ноқа ескі болса да келіншектің киіміне қосымша әдемілік береді. Қара-сүмбіл шашының жуандығы басынан аяғына дейін бірдей тізесінен төмен түскен екі бұрымы сирек кездесетін ерекшелікті көрсетіп, өзіне еріксіз көңіл аудартады. Басына кішірек ақ жібек орамалды артынан байлаған келіншектің ауыр күміс сырғасы құлағын жыра төмен тартып тұрғандай. Көйлегінің етек жағындағы желбіршектен төменірек, сірісі күміс шегелермен көмкерілген көнелеу қара құрым етіктің басы едәуір көрініп тұр.

Есікке жақын отырған өзбектің біреуі:

- Келің! Келің, айы! - деп жанынан орын беруге ыңғайланып жатыр.

Ырысгүл өзінің қателік жасағанын мықтап сезді. Өкініштісі бұл қателігі енді жөнделмейтіндігі еді. Не істерін білмей жүрегі аттай тулап, өзіне қадалған өзбектердің өткір қара аш көздерінен қашып құтылу жолы бұл жерден тезірек кету керектігін түсініп бұрыла бергенде, есікке жақын отырған жас өзбек орнынан шапшаң көтеріліп:

- Кетпең, айы! - деп жолын бөгеп есіктің алдына тұра қалды. Мұндай кедергіні күтпеген Ырысгүл, не істерін білмей дағдарып өзбекке қарап сілейіп тұр.

Кенет, есік айқара ашылды да, алты-жетілер шамасындағы қыз екпінмен жүгіре кіргенде, есіктің алдында тұрған жігіт еріксіз қызға жол берді. Ашылған есікке бұрыла берген Ырысгүлді жаңа ғана кедергі жасағысы келген жас өзбек қолынан ұстап жібермеуге әрекет етіп жатыр.

Асыға кірген қыз көзімен шайхана ішін жылдам шолып, төр жақта беліне әртүрлі түсті көп орамал байлаған, қап-қара жылтыр мұртын маңыздана қолымен ширата сипап, тәкаппарлана отырған орта жастағы өзбекке көзі түсіп, соған қарай жүгірді.

- Баһадур ака! Мұртыңызды майлайтын майыңызды мысық жалап жатқанын көріп, май салған ыдысты ала бергенімде қолымнан түсіп кетіп, ыдыс сынып қалды. Жерге шашылған майды жинап алу мүмкін болмады. Мұртыңызды майлап, майыңыздың бетін ашық тастап кетіпсіз, - деп қыз дірілдеген дауысымен өзбекке қарағанда, жанында отырғандардың бір-екеуі мырс етіп күліп жібергенде, қалғандары күлмеуге шамалары келмей шайхананың іші неше түрлі дауысты күлкіге толып кетті.

Жаңа ғана Баһадур ака үйінен тоя жеген тәтті майлы палауды басу үшін қара шайдың орнына көк шай ішкісі келетінін айтып, өзіне дербес көк шай шығарылған аққұман алғызып, жылтыр майлы мұртын әдемілеп ширата кекіріп қалып, кесесіне асықпай шай құйып жатқан. Енді мына масқараны естігенде қызды желкесінен нұқып, қолынан жұлқи тарта ұстап есікке бір-екі аттап жетті. Ырысгүлдің қолын қаттырақ қысып жібергісі келмей есіктің алдында тұрған жас өзбек жігіті еріксіз қолын босатып, зор денелі Баһадурға ысырыла жол берді. Ал, Ырысгүл ашулы өзбекпен бірге далаға қалай шыққанын байқамай қалды. Қас қағымда болған кездейсоқ уақиға болмағанда, Ырысгүл қандай келемежде болатыны белгісіз еді. Екі-үш күндей базардағы келеңсіз жай ойынан кетпей Ырысгүл қиналып жүрді. Осы өзі ғана білетін, біразға дейін ұмыта алмай жүрген базар уақиғасының болғанына да талай уақыт өтті.

Күн көріс кәсібімен жүрген Әубәкір түскі ас үстінде өзбекстанда тұратын ағасын кездестіргенін айтқанда, бұл хабарға қатты қуанған Ырысгүл ойындағысын тез айтпайтын отағасына сұрақтарды қарша жаудыртып:

- Мына үй бізге қолайлы деп жалдадық, солардың жанынан іздестіруге болатын еді. Қарым-қатынас жиі болмай жүр, мекен-жайы бізден алыс. Жеңешемнің қалы қалай екен? Неге қайынағаны ертіп келмедің, - деп шыдамсыздана жауап күтті. Әйтеуір қайынағасының жақында міндетті түрде үйлеріне соғатынын естіп шын қуанды. Қуанышын тез әжесіне жеткізіп үлгерген Ырысгүлді әңгіменің жалғасы қатты қызықтырды.

Жасы жеті - сегіздер шамасындағы қазақ қызы базарда қазақ кісілерден "найман руынан ешкімді білмейсіз бе?" - деп сұрайды екен деген таңданарлық хабарды естіп, қайынағасы өзі найман руынан болғандықтан кішкентай қызды іздеп базарға келген екен. Бірақ, қызды кездестіре алмаған аға базарда жүрген қазақтардан сұрастыра келе шын мәнінде қызды көргендер бар екен, өкініштісі қызды көрмегендеріне бір жетіден аса уақыт болыпты. Ағасы сол қызды іздеп табуды жүзеге асыру үшін базарға жиі келуді жоспарлағанын, жаңалық болса өздерін хабардар ететін уәдесімен қоштасыпты.

Содан бері Ырысгүл кішкентай найман қызды аянышпен еске алып жүрді. Өзі тез арада сол қызды кездестіргісі келіп, күнде базарға бармағанымен шамасы келгенше жиі, кейін сиректеу барып жүрді. Қызды кездестіре алмай, ол туралы ұмыта бастағанда, біраз уақыт хабарласпаған қайынағасы келді. Ырысгүл шай қамымен жүргенде, ағалы-інілі туыстардың әңгімелерінен базарға келіп жүрген қызды қайынағасының тапқаны жөнінде айтылып жатқанын құлағы шалып, Ырысгүл, отағасымен бірге көптен күткен хабарды ықыласпен тыңдады.

Қыздың анасы осы үш жасар қызымен ері қайтыс болғаннан кейін бір өзбекке тұрмысқа шығып, өзбекпен бес жыл отасып қайтыс болыпты. Шешесінен айырылған жетім қыздың өмірі енді тозаққа айналған. Сол үйдің үй қызметшісі ретінде жүргені өз алдына, өзі туралы ең сұмдық хабарды екі өзбектің әңгімесінен өгей әкесі өзін бір өзбекке сатқалы жүргенін естіпті. Бишара қыз жанталаса өзін қорғаудың жолын іздестірген. Тапқан ақылы - анасы руың найман деуші еді, сол рудан біреуді кездестіруді армандап, базарға жасырын барып жүріпті. Базарға барып жүргенін байқап қалған өзбек, қыздың үйден шығуына тиым салған екен. Әубәкірдің ағасы базарға сол уақытта барғаннан қызды кездестіре алмапты. Қызды іздеп табуды өзіне міндет санаған аға базарға күнде келіп, ұзақ сұрастыра жүріп, бір өзбектің үйінде кішкентай қазақ қызының тұратынын естіген. Өзбектің мекен-жайын қиындықпен іздестіріп тауыпты. Үйдің маңайын күнде аңдып, бір күні қоқыс төгуге шыққан қызды көреді. Қызға ымдып үйлердің арасын көрсетеді де, өзі солай қарай жүріп, аулағырақ барып күтіп тұрады. Көп күттірмей келген қыз қолындағы шелегін тастай салып:

- Найман ата,- деп құшақтап жылап жібереді.

- Көп тұруға қорқамын, тезірек мені құтқара көріңіз, - деген сөзді өксігін баса алмай үзіп-үзіп әрең айтыпты.

- Қазір кетуге дайынсың ба? - дегенімде панасыз кішкентай қыз жас толған көзімен маған қарап, құшақтап тұрған қолымен мені қысып:

- Әке! - деп өксіп жылап жіберді. Сол кезде қызымды көтеріп алып алды-артыма қарамай жүрегім алып ұшып, өзімді қорқыныш пен қуаныш жетелеп кішкентай қызыммен бірге өзбек үйінен бар күшіммен алыстай бердім, - деп әңгімесін бітіргенде Ырысгүл егіліп көзінен жасы парлап ағып тұрып:

- Қайынаға, қандай рақымды шаруа жасадыңыз, бұл жақсылығыңызға сіз үшін алланың рахымы мол болар. Бүгін жеңешеме жетеміз, - деп отағасына қарады. Ағасының әңгімесін толқи тыңдаған інісі мақұлдап басын изеді. Қайынағасының әңгімесі Ырысгүлге қосымша қуат бергендей, көңіл-күйі көтерілді. Және, ертең жеңешесіне баратыны бар, әйтеуір Ырысгүлге ертеңгі күнді күту ұзақ сияқты болып көрінді.

Ертеңіне екеуі ертелетіп жолға шықты. Жас үлкендіктерінен жолға шыға алмайтын атасы мен әжесі қуанышты хабарға қоса қуанып, дұғай сәлемдерін айтып, кішкентай немересі үшеуі үйде қалды. Жол қашықтығынан баратын көлік табылмай біраз уақыт кетіп, жолға шыққандар аға үйіне түстен аса әзер жетті. Жиі кездесе алмайтын туыстар үшін бұл кездесу тамаша қуаныш еді.

Ал, қайынағасы мен жеңешесінің қолына келіп қонған құсы - кішкентай қыз шынында сүйкімді екен. Қараторы беті күнге тотыққан, таңданған тартымды көздерімен күлімдеп қарап тұрды. Ырысгүлдің шақырғанына кідірмей келіп құшағына кірген қыздың жүрегінің соғысы найман қызының бақытында шек жоқ екенін айтып тұрған сияқты. Ырысгүл оны құшақтап тұрып ерекше сезім билеп, қаттырақ кеудесіне басып, қайта-қайта сүюмен болды. Қоңырқай түсті қалың емес ұзын бұрымы бар кішкентай қызға мейірлене қарап, оны сүйсіне құшағынан босатты.

Манадан бері біраз сөз айтып тастайтын жеңешесі қуаныштан мінезі өзгеріп кеткені ме қалай, әйтеуір екеуіне кезек қарап марқайып отыр. Қызымен амандасып болған Ырысгүлге қарап:

- Менің қуанышымда шек жоқ. Ұлдарымнан қазіргі мына қолқанатымның пайдасы зор болып тұр. Пысық, өзінің жасындағы қыздардан атқарған шаруасы әлдеқайда артық, - деп қызы туралы қуана айтқан сөздері таусылар емес. Кішкентай бақытты қызды құшағына қысып қоштасқан Ырысгүл қайынағасы мен жеңешесінің жасаған өте орынды істерін мақтауға да, мақтануға да тұратынын мойындап үлкен қуанышпен үйіне келді. Шын мәнінде қайынағасы мен жеңешесі құдайдың ықыласымен өзбекстаннан елге оралып, тоқсан жастан асып, кәртайып бұл дүниеден өтті. Артында немерелері, шөберелері өмірлерін жалғастырып жатыр.

Елге қайту.

Бірде Ырысгүл кешкі ас үстінде отағасына көптен бері көкейінде айтқысы келіп жүрген ойын айтайын деп еді, оның аурушаң түрін көріп бата алмады. Дәл қазір мазаламағанын жөн көріп, үй тірлігіне кірісті. Бірақ, айтпақ ойын ертең де, арғы күні де айта алмады. Әубәкір таңертең ерте кетеді. Кешке келгенде жағын ұстап қиналып жүргенін көріп, мәселе талқылау жөнсіз екенін түсініп үндемейді. Үшінші күні кешке жағын ұстап теңселіп жүрген отағасына :

- Айтсаңшы, қай жерің ауырып жүр? Жағыңды ұстағаныңа қарағанда тісің, не құлағың ауырып жүрген болар. Тісің болса бір тісің бе, әлде бар тісің бе ауырған? - шынымен білгісі келген Ырысгүлдің сұрағына жауап бермей, көзінің қиығымен оған қарады да, сол теңселіп жүрген бойы жүре берді.

"Тісі ауырып жүр-ау шамасы, тіске де осынша қиналғаны ма, мына жүрісі толғатқан әйелге ұқсайды екен" өзінің осы ойына іштей күліп алған Ырысгүлдің бетіндегі күлкіні байқап қалған Әубәкір әйеліне іштей өкпелеп, тісінің ауруынан қатты қиналып жүргеніне күлгенін оғаш көрсе де, ойын дауыстап айтпайтын сабырлы жігіт жағын ұстаған күйі жүре берді. Тісі қатты ауырып, түнімен ұйықтамай, шаршап таң алдында ғана көзі ілінген Әубәкір қанша ұйықтағаны белгісіз ояна келсе үйдің іші жап-жарық, тісінің ауырғаны басылған сияқты. Аула сыпырып жүрген Ырысгүл далаға шыққан отағасының бетіне қарап, шегі қата күліп, күлкісін қояр емес.

"Осының-ақ айдарынан жел есіп, күлкісі келеді де жүреді екен" дегендей өкпелеген Әубәкірінің наразы көзқарасын түсінген Ырысгүл үйден тездете әкелген қол айнаны оның бетіне жақындата ұстап, көзін сығырайта қулана күлді. Айнаға көзі түскенде Әубәкір өзін танымай қалды. Жағының бір жағы үлкен болып ісіп кеткен. Ісіктен бір көзі жұмылып кетіпті. Бір көзі үлкен, екінші көзі кіп-кішкентай екі түрлі көздер бет әлпетін өзгерткені сондай, шынымен мына түрін көріп күліп жіберді. Бұған күлегеш Ырысгүл қосылып, біраздан бері екеуі дәл бұлай күлген жоқ еді. Шіркін, күлкі-ай!!! Біраз көңілдерін жадыратып, күнделікті күйкі тірлікті екеуі де ұмытқандай болды.

Енді таңертеңгі шай үстінде Ырысгүл көптен ойлап жүрген ойын ортаға салуды жөн көрді. Айтар ойын сөз бұйдаға салмай тезірек айтатын әдетімен:

- Елді сағынып жүрмін, қайтқым келеді. Мүмкін, елдің жағдайы өзгерген шығар, осындай үміт оты соңғы кезде мені көп мазалап жүр. Айтар ойын толқи айтқан Ырысгүл көзіне жас толып отағасына қарады. Әубәкір тез арада жауап бермейтін мінезімен үндемей отыр. Ойланып отыр ма, әлде айтатын жауабы жоқ па, ол жағы белгісіз. Мына үнсіздікке шыдамаған Ырысгүл:

- Айтсаңшы енді, тіпті жоқ десең де, - деп жылап жіберді. Тез күліп, тез жылайтын Ырысгүлдің бүгінгі көтеріп отырған мәселесі өздері үшін өте маңызды екенін білетін Әубәкір оны бірінші рет қатты аяп кетті. Сасқанынан өмірі беторамал құтаймайтын әйелінің көз жасын қалтасынан өзінің беторамалын алып сүрткісі келіп қолын соза бергенде, оның қолынан орамалды жұлып алып, көзін тез-тез сүрте бастаған Ырысгүлді жұбатқысы келіп, ойын жинақтап айтқаны:

- Сенің ел туралы арманың соңғы кезде мені де ойландырып жүрген. Бүгін бір жолаушы біздің елден келуі тиіс. Соған барып жолығуым керек. Егер шынымен елдің жағдайы аздап болса да жақсарса, біз де елге қайтамыз. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал мәнін енді қатты түсініп жүрмін. Бірақ мына түріммен жолаушыға жолыққым келмей тұрғаны.

Әубәкірдің маңызды мәселені кейінге қалдырғысы келген ойын өзгерткісі келген Ырысгүл, елден келетін кісіні тапқанша жағындағы ісікті қайтару жолын асыға айтып жатыр. Ол киінгенше көбірек тұз қосылған қайнаған су дайындап, қазіргі жағдайға көмегі зор осы қоспамен аузын қайта-қайта шаюды ұсынды. Бұл еміне қосымша өте салқын суға матырылған орамалды ісіп тұрған жағына бастырып, бәйек болды да қалды. Жаңағы наразылықтың ізі де жоқ.

Сөйтіп, отағасын елден келетін бейтаныс жолаушымен кездесуге көндіріп жібергенде, Ырысгүлдің қуанғаны сондай, дәл ертең елге көшетіндей қуанышты жаңалығын әжесіне асыға айтып, үйіне жүгіріп кіріп киімдерін жиыстыра бастады. Іле-шала өзінің оғаш ісіне, көшу мәселесінің әлі белгісіздігін ескермегеніне күліп, өзін сабырға шақыра далаға шықты.

Аулада көрші өзбек әйелі жүр екен.

- Ырыстыбай, қалайсың? Іреңің қызарып қуанып тұрғандайсың ғой, қуанышты хабар бар ма?

- Иә, бар, - деп айтып қалып, дереу:

- Жоқ, - деп айта жаздап:

- Абысыным қыз туыпты, - деп айта салды.

- Жүдә, құтты болсын! Жауабыңа қарағанда ұл болмағанына көңілің толмай тұр ғой, бәрі алланың ісі, - деп үйіне кіріп кетті.

Ырысгүл өзбек әйеліне айтқан өзінің жауабына таң қалды. Иә, жеңешем қыз асырып алды емес пе, қыз туды деуге әбден болады. Аузына құдай салған жауапқа қуанып, өзінің өтірік айтпағанына шынымен қуанып та қалды.

Енді күні бойы отағасын күтіп үйге симай жүрді. Далаға көп шығып, жолға қараумен болды. Әубәкір үйге ымырт үйіріле келді. Ырысгүл шыдамсыздана жауап күтіп тұр. Бұл жолы Әубәкір әйелінің жағдайын түсінгендей айтарын үйге кірмей-ақ бастады. Жолаушымен кездескенін бірақ, онша қыр елінің жағдайы жақсармағанын естісе де, елге өзінің де қайтқысы келіп жүргенін бір аздаған шаруаны реттегеннен кейін жолға дайындалатындарын айтты. Ырысгүлдің көктен іздегені жерден табылып, отағасын қолын шапалақтап тұрып тыңдады. Елге қайтамыз деген ой келгенде, абысындар арасындағы қызықты өмірдің бір көрінісі көз алдына келе қалды. Бірде, бір тойда өзіне тиесілі сыбаға тартылмағанын айтып, келімі келген сол ортаның сыйлы бір әйелі кетіп бара жатып өкпесін айтты.

Жауап беруге асығатын Ақтамақ абысыны:

- Табақтағы ет мүшелерімен дұрыс тартылған. Дастарқан басында жалғыз сен емес басқа қонақтар бар. Бәрі ырза, өкпелейтіндей сен кімсің? - деп есіктен шығып бара жатқан әйелдің жолын бөгеді.

- Мен Апақаймын, - деді қонақ әйел.

- Сен Апақай болсаң, мен Ақтамақпын, - деп есіктің табалдырығында тұрып, зор денелі Ақтамақ Апақайдың төсіне өзінің үлкен төсін тіреп, көзіне көзін қадап тұра қалды. Осындай абысындар арасындағы көңілді көріністердің әрбіреуі Ырысгүлдің өмірін алты-жеті жылға ұзартар еді. Әрқашан тойды күтіп, елеңдеп жүретін Ырысгүл тойдан қалмайтын. Өте тату төрт абысындар ойын-тойға бірге барушы еді. Бәрі әрбір тойдан көңілді оралатын. Қазір бір сәт солармен бірге жүргендей сезініп Ақтамақ, Талжібек, Ырысгүл, Өлмесек - көк бұлақтың «төрт тіректері» деген атаққа ие болған абысындарын сағына еске алды. Күнімен тәтті қиялдың жетегінде жүрген Ырысгүлдің бар жан дүниесі жақсы көретін абысындарымен жақында қауышатын күндерін ойлап, ұйқыға кетті.

Арада бір айдай уақыт өткен соң, Әубәкір өзін күнде бір ғана сұрақпен мазасын алатын Ырысгүлге елге қайту үшін жиналу керектігін айтты.

- Күні ертең жолға шығуға әзірміз. Киім-кешек әлде қашан буылған. Үй жиһаздары жоқ, ал төсек-орынды жинастыру көп уақыт алмайды, - деді нықтап командиріне жауап берген кезекші солдатқа ұқсап. Ертеңіне буып-түйілген жүктерін жүк таситын вагонга салып, өздері жолаушылар поезына отырды. Жолда аздап қиындық көріп 1935 жылдың басында елге жетті. Елдегі жағдай әлі оңалмай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын әлі тартып жатса да, туған жермен, туыстармен қауышқан Молдабек ақсақалдың үй-іші өздеріне күш-қайрат қосылғанын сезді.

- Шіркін, туған ел, туған жер сендерге тең келетін не бар! - деген теңеу сөздерді Ырысгүл көпке дейін іштей қайталаумен жүрді.

Елдегі жаңалық колхоздастыру мен коллективтендіру жүйесі қолға алыныпты. Бұл өзгерісті ауыл адамдары өздерінше әзілмен бұрмалап, әуелі колхозымыздың аты «Сандал» болды, кейін колхозымыздың атын «Тоз» деп өзгертті. Сонда "сандалыңдар да, тозыңдар" деген мағнада айтылған сияқты деп күліп жүріпті. Колхозға мүше болып кіргендерге жаңа өкімет тарапынан берілген көмек ретінде адам басына 4 кг бидай, екі сиыр, төрт қой беріледі екен.

Аздап оқыған оқуының пайдасын енді көріп, Әубәкір колхозға есепші болып орналасты.

- Бастаған оқуыңды бітірмей, қарның ашып қалады деген әжемнің аяған сөзін пайдаланып оқудан кетіп қалмағаныңда оқудың пайдасын көрер едің, - деп Ырысгүл анда-санда ренішпен есіне салып қоюшы еді, енді отағасына ырза болып жүр. Өз ісіне тыңғылықты Әубәкірдіі жұмыстағылар әріптерді әдемі жазған жазуына қарап «Сұлу хатшы» - деп атады.

Елге келгендерді ерекше таң калдырған құбылыс адам түрлерінің өзгерістері болды. Денелерінің семіргендері киімдерінен аздап байқалады. Ал, бастары доп сияқты, беттері үнемі майланып қоңырқай тартқан, бастары мен беттері семіргендіктен құлақтары кішкентай болып көрінген таныстар Әубәкір отбасына жайсыз көріністей әсер етті.

- Әдетте семіріп оңалған адам ақсары немесе қызылшырайлы болушы еді, мына семірген адамдар неге қоңырқай тартып, беттері майлы болып кеткен, жаңа ғана жылқының майын жаққандай, - деген ойын елде қалған Шәмшия әжемен бөліскен Молдабек ақсақалдың үй - іші әженің әңгімесінен өздері білмейтін өмір заңының жаңа қырын зейін қойып тыңдады.

Елде сойып жейтін малдың таусылуы, астықтың құрып кетуі аштан өлмес үшін қақпан құрып зорман аулап, жан сақтауға мәжбүрлеген. Зорман еті біраз жанұялардың аштан өлмеулеріне себеп болған көрінеді. Көңілдерінің күдігін сейілту үшін зорман етінің адал, арам екенін сұрағандарға молданың жауабы:

- Зорман іннің түбіне қарап жататындығынан бұрын жеуге болмайды деген пікір болған. Ал, қазір аштан өлмеу үшін пәндәсінің бұл жасаған қателігін алла-тағала кешіреді деп ойлаймын. Мал ұрлап жан сақтағаннан, зорман аулап өмірлерін ұзартқандары күнә емес, - осы айтқан молданың дәлелі күмәндерін сейілтіп, өздерінің ойларының негізі де осы сенімді құптап бұл кәсіпке жанұя азаматы мен азамат болған балалары құлшына кірісіпті. Әйтеуір, аштан өлмегендеріне шүкірлік айтып, тәубәсін жаңалап жүргендер аз болмаған екен. Кейін зорман етінің өзіндік ерекшелігі болғандығы байқалыпты. Тек қана зорман етімен қоректенген жанұялардың адамдары қара-шұнақ болып семіре бастаған көрінеді. Терілері қоңарқай тартып, жылтырап майланып тұратын болған.

- Қалай болғанда да зорман біраз адамды ажалдан алып қалды, етін жеп, терісін өткізіп күн көріп жүрді, - деп Шәмшия әже рахымы күшті алласына ырзалығын айтып жатыр. Әженің әңгімесін тыңдаған Ырысгүл қанша қиындық болса да, елдің ішінде бір тілім нанды бөліп жеп, ойын-күлкімен жүргенге не жетсін! Ойша салыстырып елге қайтқандарына қуанып отыр.

Елге келгелі бәрінің көңілдері орнына келіп, ұлы да әжептәуір өсіп қалған сияқты. Ел іші алтын бесік дегендей тойып тамақ ішпесе де, елінде жүргеніне көңілі тоқ Ырысгүл күнделікті тірлікпен есік алдында жүрген. Дауыстап сәлем берген Тынымбай қайынағасын көріп қарсы жүрді. Өзбекстаннан көшіп келіп, туыстардың басын қосып қонағасы бергенде осы қайынағасы келмеген еді. Шақырғанда сырқаттанып келе алмағанын, аздап жүруге шамасы келген соң, қоныстарына оң болсын айтуға келгенін өзінің ешкімге ұқсамайтын шиқылы көбірек дауысымен түсіндіріп жатыр. Қайынағасының сәлеміне жауап бере, оны үйге шақырып, өзі қонағасы қамымен аулада қалды. Даладағы шаруасын қамдап, керек ыдыс алуға үйге кірсе, кішкентай ұлы ескі көрпенің сөгіп алынған тысын сүйретіп Тынымбай қайнағасына әлі сөзін анық айтпайтын тілімен:

- Шүрт-шүрт, - деп мазалап жүр екен. Баласының мына ісіне күлкісін тоқтата алмай, тез далаға шығып кетті. Далада көп тұруға уақыт аз, ыдыс алуға үйге қайта кірді. Ұлы қайынағасын әлі мазалап жүргеніне күліп, даладағы шаруасын тезірек жайғастырып үйге келді. Ұлы көрпенің тысын ұстап қонақтың жанында әлі «шүрт-шүрт» деп жылап тұр. Үйге кірген Ырысгүлді көріп қайынағасы:

- Келін-ау, мына кішкентай маған не айтып жүр, түсіндірші? – деді қиналып. Күлкіден өзін әзер ұстаған Ырысгүл:

- Үлкен дәретке отырғаннан кейін осы көрпенің тысынан жыртып алып, өзінің құйрығын сүртетін едім. Қонақ енді түсінгендей:

- Е-е, ішімнен аздап жел шығып кетіп еді, бұл күшіктің мені мазалап жүргенінің себебін түсіндім, - деп көрпенің тысының шетімен сүрткен болып жамбасын көтерді. Бала оған қанағаттанбай Тынымбайдың шалбарын көрсетіп:

- Шеш, шүрт-шүрт! Талабын орындай қоймаған атаға ыза болып жылауын қоймай тұр.

- Келін-ау, сүрттім ғой, мына бала енді жылауын неге қоймайды? Шиқылы көп дауысты қайынағасы Ырысгүлге сығырайған көздерімен қарағанда, түрі шынында да өте күлкілі еді.

- Ә, иә, құйрығын сүртетін едім, - деп күлкіден шыдай алмай тағы далаға шықты. Күлкісін тия алмай жүріп қалған Ырысгүлге үйден баласының:

- Шеш, шүрт-шүрт, - деп жылап жүрген дауысы естіліп тұрды. Қонақтың мазасын алып жүрген баласын тоқтату үшін үйге сұстана кіріп, ұлын тік көтеріп далаға алып шықты. Далада өзіне көнгісі келмеген баласын шапалақпен құйрығына салып қалды. Бала анасының бұл ісін түсінбей, бетіне қарап жылауын күрт қоя қойды. Ырысгүл осы жайды талай еске алып еріксіз күлетін еді.

Осы қайынағасы туралы тағы бір естелік Ырысгүлдің балалары есейген кезінде болып еді. Әйелі қайтыс болғаннан кейін бірге өмір сүру жөнінде ойын айту үшін, қайынағасы бір әйелдің үйіне барыпты. Қайынағасын тыңдаған әйел бір шешімге келу үшін ойындағы кедергілер жөнінде: үйі туралы, балалары туралы, малы туралы көп айта берсе керек. Сонда әйелдің ұзын-сонар сөздеріне шыдамаған Тынымбай:

- Тұра-тұршы менде де бала бар, үй бар, мал бар өзің мені сүйесің бе? - депті. Осындай есте қалатын зияны жоқ естеліктер, паспорт тексерген жігітке айтылған әңгіменің жалғасындай сол қайынағасына ылайық өмірдің көріністері еді.

Қызығы мол жастық шағы Ырысгүлді күлкіге кенелтіп, қызық уақиғалардың бас кейіпкері әртүрлі жастағы үлкендер де болып тұратын. Осыған негіз тағы бір болған уақиға Ырысгүлдің алтын қорына қосылып, балаларына қызықты етіп айтып беріп, өзі солармен ұзақ күлетін. Сол уақиға есіне түсіп, ойша тағы күлді.

Таңертеңгі тамақтанудан кейін әжесі екеуі далаға шығып тұр еді, алыстан қарайған нүктедей бір нәрсе көрінді. Шамалыдан кейін нүкте жақындай келе иығына күрек асынған адам екені анықталды. Келе жатқан кісі жақындап күрегін иығынан түсіріп, бас киімін көтеріңкіреп, тершіген маңдайын бет орамалымен сүрте әжеге сәлем берді. Әже сәлеміне жауап қайтарып, бірден танымай қалғанын мойындап, Өтеулі екенін білгеннен кейін ертелетіп күрекпен қайдан келе жатқанын сұрады.

Әженің сұрағына Өтеулі үндемей, сәл кідіре қалтасынан беторамалын алып көзін сүртіп, төмен қараған күйі Әбуманап құрдасының қайтыс болғанын соны жерлеп келе жатқанын айтқанда әже мен Ырысгүлдің демдері бітіп қала жаздады. Әженің сөйлеуге шамасы келмей Өтеуліге қарап сілейіп тұрып қалды. Әзер есін жиған әже:

- Не дейді? Қалмақ қырылсын! Не дейсің? - деген сөздерін қайталай беріп, сонда сен бір өзің Әбуманапты жерлеп келе жатырсың ба?.. Сонда қалай болғаны, қалмақ қырылсын, ешкімге хабар айтылмай-ақ?.. Сен кімнен естідің, қалмақ қырылсын, қалай болғаны өзі, - деп әже дабдырап бір сөзін екі-үш қайталап, күнделікті таңқалғанда айтатын мәтелін де сансыз қайталап айта берді, айта берді.

- Әрине, әже, өзім жерледім. Ол менің құрметтейтін құрдасым ғой. Мен жерлемегенде, кім жерлейді? - деп көзін жерден алмаған Өтеулі дауыс ырғағы толқып тұрғанын білдіре күрегін иығына салып кете барды. Өтеулінің соңынан аузын ашып қарап тұрған Сәтен әже мен Ырысгүл осы сәтте естерінен танған сияқты әсерде еді. Есін жиған әженің дегбірі кетіп:

- Ырысгүл, тезірек мені Әбуманаптың үйіне апар. Мынадай сұмдықты осы жасымда бірінші рет естідім. Бала-шағасы бар, туыс-туғандарының ішінде тұратын арыстай азаматты бір адам жерлегенін осы жасымда естіген жоқпын. Ал, сен естіп пе, едің? - деп әженің бұрынғы орнықты мінезінен ештеңе қалмай, үйге кіріп аздап кідірген Ырысгүлді тағатсыздана күтіп тұр. Көйлегін ауыстырып, қамзолының түймесін жүре салып үйден шыққан Ырысгүлдің:

- Әже, киім ауыстырмадың ба? - деген сұрағын естісе де жауап бермеді.

- Жүре көр, Ырысгүл, тезірек барайық. Бұл қалай болғаны сонда, қалмақ қырылсын, - деп жол бойы күбірлеумен болды.

Әбуманаптың үйіне жақындағанда әженің таңданысында шек болмады.

Өлік шыққан үйге ұқсамаған айналасы тып - тыныш Әбуманаптың үйінің жанында тұрып дегбірсізденген әже неде болса үйге кіруге бекінген оймен келінінің қолын қаттырақ қыса ұстап, үйдің есігін ашты. Сыртқы есікті ашып дәлізге кірген әже, енді бөлменің есігін тезірек ашпаса қайтып кететінін сезіп тұрғандай есіктің тұтқасынан ұстап, тезірек айқара ашып жіберді. Төрде жастыққа шынтақтап жатқан Әбуманапты көргенде әжені тану тіпті мүмкін емес еді. Сөйлегенде асықпай нықтап сөйлейтін Сәтен әже тұтығып не айтқанын білмей, түсініксіз бір дыбыстар шығарып күбірлеп бірдеңелер айтты. (Шамасы, кәлимаға тілін келтірген болар). Ырысгүл де білген аятын айтуда. Үйде басқа адам болмағандықтан мына көріністі ешкім көрмегені дұрыс болды. Әженің мына түсініксіз жағдайына таң қалған Әбуманап басын көтеріп:

- Әже, жоғары шығыңыз. Ертелетіп келіпсіз, түсіңіз өзгеріп кетіпті, бір жаман хабар болды ма? - деп бәйек болып, әжені қолтығынан сүйеп төрге отыруына көмектескісі келген Әбуманаптан әже өзін қорғағандай қолын сермеп, шегіне есікке қарай бет алды. Түкке түсінбеген Әбуманап ерге лайық бет пішініне жарасымды қалың қасты өткір көздерімен жалтақтап Ырысгүлге қарап еді, ол да түсініксіз жағдайда болып әжесіне ерді. Сүріне-қабына далаға шыққан екеуіне сол кезде даланың таза ауасы сондай қажет еді. Үйлеріне үн-түнсіз келе жатқан ене мен келін кенет бір уақытта бір-біріне қарап қатты күліп жіберді. Не болғанын енді түсінген екеуі күлкілерін тия алар емес. Құрдастар!... қазақ халқында құрдастар ойыны өзіндік ерекшелігімен танымал. Құрдастар бір-бірімен өте қатты ойнаған. Бұл ойындарын екі жақ та бір-біріне ренжімей қабылдайтын. Құрдастар ойынының алуан түрлі қызық күлкілі уақиғаларын білетін әжесі мен келініне Өтеулі мен Әбуманаптың құрдастар ойыны ойларына келмеген. Өтеулінің сөзінен де түсінуге болатын еді. Бірақ, қанша құрдас болса да, өлімді құрдас ойынымен байланыстыратынын кім ойлаған.

Өзінің үйінің жанында тұрған Әндәрбек Сәтен әжеге сәлем беріп:

- Көңіл-күйіңіздің жақсы екенін көріп тұрмын, хал-қуатыңыз да осылай болар, - деп әжеге жақындады.

- Иә, қуатым құдайға шүкір жаман емес. Ал, көңіл-күйіміздің өте жақсы болуына екі құрдас себепкер болғанын айтуым орынды, - деді жаңа ғана болған жайды әңгімелеп.

Әжені тыңдаған Әндәрбек өзі де бірге болғандай күлкіден сөйлей алмай, айтқысы келген ойын айта алмай әбден әуре болды. Күлкі арасында "әй, құрдастар-ай!" деп басын шайқап қояды. Әйтеуір күлкісі басылып, Әндәрбек бұл уақиғаны толығырақ айтып берді.

Құрдастардың бірі Әбуманап күшік асырап алыпты. Атын құрдасының атымен «Өтеулі» деп қойған екен. Құрдасы естісін дегендей күшікті жиі-жиі қаттырақ дауыстап шақыра беріпті.

Өрескел іске Өтеулі ыза болып, құрдасының істегенін екі есе етіп алдына келтіруді ойлап күшік емес, ит асырап алыпты. Иттің атын әрине, "Әбуманап" қойған. Бірақ, бұрынғы атына үйренген ит біразға дейін жаңа атқа атықпай жүріпті. Итке лайық "Құтжол", "Ақтөс" тағы басқа қысқа аттар емес "Әбуманап" деген ұзақ атқа ит қайдан атықсын, әрі өзі күшік емес, бұрын аты болған ересек ит болса.

Қысқасы екі құрдас себепсіз иттерінің атын қаттырақ дауыстап жиі-жиі шақыра береді екен. Құрдастардың бұл ойындары қаншаға созылып, немен бітерін бір құдай ғана білер еді, "Әбуманап" ит өліп қалып, оқиға желісі қысқартылды. Өтеулі үшін итінің неден өлгені белгісіз. Кешке жатардың алдында тамақ апарғанда сап-сау иттің таңертең өліп жатқанын көріп, себепсіз өлім көңіліне күдік туғызғанымен, дәлелсіз болған іске Өтеулі шарасыз еді. Сонымен, өлген итін көміп келе жатқан Өтеулінің әженің сұрағына берген жауабы үшеуін ұзақ күлдіре, құрдастардың құлағын шулатып тарасты. Бұл әңгіме көп уақыт ұмытылмай, күлкімен еске алынып жүрді.

Бірде дүкеннен келе жатқан Ырысгүл өзінің атын атап дауыстаған дыбысты естімей қалыпты. Қарсы келе жатқан оқушылар өзін бір апаның шақырғанын айтқанда, жолдан онша алыс емес үйінің жанында Мырзакүл жеңешесі өзін қолын бұлғап шақырып отырғанын көрді. Ырысгүлдің келе жатқанын көрсе де, Мырзакүл ол келгенше қолын бұлғағанын қояр емес. Жанына келген Ырысгүлге қысқа амандықтан кейін асығыс ойын айта бастады.

- Бүгін күн жақсы екен, далада жиналып қалған кір киімдерді жууды бастап едім, қолым құрғыр қақсап ауырып тұрғаны. Мына кірлерімді жуып бере қойшы, айналайын, сөйте қойшы, - өтінішін айтып түрегеліп тұрған Ырысгүлге жаңа ғана бастап жууға дайындаған кір киімдер тола салынған үлкен легенді ысырып, жақындатып жатыр.

- Ой, жеңеше, уақытым жоқ, - жағдайын түсіндірген Ырысгүлдің сөзіне құлақ аспаған жеңешесіне уақытының жоқтығын қатқылдау білдіргенде Мырзакүл:

- Ең болмаса бірінші кірін алып берші, мына қолы құрғырымды көрмейсің бе ештеңе істетпейді, жаңбыр жауады-ау шамасы, қолын сипаған Мырзакүл ашық аспанға қарағысы келгендей Ырысгүлге жалынып қарады. Мырзакүлдің осындай әдісін білетін Ырысгүл кірді бір рет жуып бермесе, оның жалынуымен бәрібір орындайтынын біледі. Шынымен уақыты жоқ екенін, тек бір рет қана жуатынын ескертіп, жеңін сыбанып іске кірісті. Ырза болған Мырзакүл:

- Айналайын мың болғыр алғашқы кірін алып берсең болғаны, өзім-ақ жуар едім, қолымның ауырып тұрғаны ғой, қызымның қолының да алғашқы кіріне әлі келмейді. Зейнеп, а,... Зейнеп! Самауырынды алып шығып от сала ғой. Ырысгүл бізбен бірге шай ішіп кетсін, - деп жатыр.

Енді, Ырысгүлдің тездеткен қимылына қарап:

- А, иә, уақытыңның жоғын айттың ғой, мына қолы құрғырым ғой әйтпесе... - қайта-қайта ақталып, көп қайталаған дәлелін тыңдағысы келмеген Ырысгүлдің көзқарасы Мырзакүлді үндемеуге мәжбүр етті.

Көп уақытын жоғалтып үйіне келе жатқан Ырысгүл Мырзакүлдің тіршілігіне еріксіз талдау жасады. Бұл өмірде алуан түрлі қызық жандар бола береді екен. Сонда, бұл үйдің кірін әркім жуғанда, киімдері өмірі ашылмайтын болды ғой. Біреудің кірлеген киімдерін уақытын бөліп, кім тазалап жуады дерсің.

Ал, осы үйдің кішкентай қызы Зейнептің қайнатып жатқан самауырыны таңертеңгі шайға дайын болмаса, түскі асқа қарсы дайын болуы мүмкін. Самаурынның оттығынан булыға бықсып шығып жатқан қою түтін солай болатынын ырастап тұрған сияқты.

Үйге келсе әжесі көп уақыт жоқ болғанына ренжіп, үйіне облыс орталығында лауазымды қызмет істейтін қайынысы түстеніп отырғанын айтты. Келінінің кешігу себебін естігенде, әженің қатал түріне күлкі жүгіріп:

- Иә, ол келініміз өзгермей-ақ кәртайатын болды ғой. Ал, енді мен қаладан келген қайыныммен әңгімелесейін, қонақ асын өзің әкелерсің, - деді бөлмесіне кіріп бара жатып. Қайынысына әже өте жақсы сыбаға асыпты. Сары мейіздей сақталған тілді үйіретін етті Жапек қайынысы жеп отырып:

- Шыныңызды айтыңызшы жеңеше, қашан келсем де жақсы сыбағамды жеймін. Әдейі маған сақтайсыз ба, әлде әйтеуір бір қонаққа бұйырар деп сақтайсыз ба?

- Әрине, соғымнан сақталатын сыбағаның иелері бар. Міне бүгін маған сәлем беріп, сен үшін сақталған сыбағадан бұйырған күні дәм татып отырсың. Сыбағалар сақталады ғой, мына бір келінім болмаса, өзі бір қомағай... - әжесінің өзі туралы айтқан сөзін естіп, Ырысгүл басқа бөлмеде болса да ұялғанынан бетін басты. Қонақ кетісімен наразы ойын жеткізген келіні:

- Әже, жаңа не дегенің мені қомағайға жатқызып, өткенде менің өтінішіммен асылған етті бәрі жеген жоқ па? - осылай өкпе айтқан келініне әжесі:

- Иә, сенің сұрауыңмен асылған ет мен үшін қадірлі қайынсіңіліме сақталған еді. Сол сәлем беріп келсе, енді оның сыбағасы жоқ. Асқан етті бәрі жеді ғой дейсің, қазанға түскен қапқа түспейді дегендей, піскен ет желінбей қайтушы еді. Көзімнің тірісінде маған сәлем беріп келетін сыйлы кісілерім бар. Қанша тарын уақыт болса да, олар келгенде аузымды құр шөппен сүртіп отырғаным жарамайды. Кейін өзің менің орнымды басқанда, қазіргі айтқандарыммен келісесің.

Әңгімеге негіз болып отырған ет, қыста әртүрлі керек-жарақ сақтайтын үйдің ішін ретке келтіріп жүргенде қабырғада ілулі тұрған саптама етіктің қонышына салынған қалтаның ішінде ұнға аунатылып кептірілген әжептәуір қомақты етті Ырысгүдің тауып алғаны болатын. Әжесі өзінің ұлдары Омар, Оспан үшеуі әңгімелесіп отыр екен.

- Әже, қазанға су құй, мен қазанның астына от жағып жіберейін, - деп, қонышында еті бар саптама етікті алдарына тастай салды.

- Қалмақ қырылсын, бұл не? - деп шошып кетіп, іле-шала түсінген әжесінің қонаққа сақтаған сыбағаларын орнына апару талабын Ырысгүл орындағысы келмей қайта-қайта өтінішін айта берді. Әңгіме барысын көріп отырған Омар мен Оспан қайынағалары күліп, ет жегісі келіп жүрген келінді қоштады. Әже амалсыздан сыбағаның етінен аздап кесіп беріп еді, оны азсынып еттің бәрін асқысы келіп қиыла өтінген келініне түсіндіріп:

- Осы болады, көктемде құлағыңның үлкендігіндей ет жесең жетеді, қамырын көбірек сал, - сабырмен жеткізген әженің өзіндік дәлеліне келіспей, оны көндіріп еттің бәрін асып еді. Енді, сыбаға сақтау керек деген әже сөзінің астары неде екеніне осы жолы көзі анық жетті.

Ертеңіне күнделікті дағдылы жұмыстарын ертемен атқарып, Ырысгүл қойды өріске жіберді, ал әжесі қозы-лақты көгеннен босатып жайылымға айдап кетті. Қозы-лақты жайылымға жіберіп, үйге келген Сәтен әже кеше ғана жас босанған бір келіннің қозыларды жайылымға әкелгенін көріп, далаға шыққанын құптамай, тезірек үйіне баруын ескерткен әжеге келіннің айтқан жауабы:

- Қыз туған әйел жата ма екен? - енесінің айтқан сөзін қайталаған келінді аянышпен еске алып, абысынының кеше ғана босанған келінін аямаған қатыгездігін сынай жеткізді.

Осы жайды әңгімелеп отырған әже мен келіннің әңгімесін, бір абысыны шақырылған қадірлі қонақтарымен бірге Сәтен әженің болуын қалап, шақыруға жіберген немересінің келгені сөздерін бөлді. Абысынының үйіне барып келген әженің көңіл-күйі мәз емес екенін байқаған Ырысгүлдің бұл жөнінде білгісі келген сұрағына әжесі жауабын кідірткен жоқ. Шамасы, өзі де келінінімен ойын бөліскісі келгені анық.

- Абысыным дайындаған қонақ астан бұрын алыстан шаршап келген қонақтарға шай бергенін дұрыс санап, ықыластана тездетіп шайға арналған дастарқанын жасады. Сексеуілдің шоғын көбірек салып, шай ішу барысында самауырынның суы ыстық болуын қамтамасыз еткен абысыным қонақтарын шай ішуге шақырды. Шайды бастап іше бастағанда көрші әйел келіп:

- Самауырынымды бер, менің үйіме де қонақ келді, - демесі бар ма?

Абысынымның дауысы шығар-шықпастай естіліп:

- Бара бер, апарып берейін, - деп ұяла айтқан жауабына көрші әйел:

- Маған қазір керек, қонағым асығыс күте алмайды, - деді дауыстап.

- Енді көріп тұрсың ғой шай ішіп жатқанымызды, - абысыным барынша ақырын айтуға тырысып, жалынған жүзін түрегеліп тұрған көршісіне бұрды. Көршісі қатаң түрде күте алмайтынын қаттырақ дауыстап ескертті. Ұяттан жерге кірердей болған абысыным самауырдағы ыстық суды шайнекке аударып құйып, босатып берді. Содан кейін шайдың берекесі кетті. Қонақтармен әңгіме де үйлеспеді.

- Кетерде байқағаным абысыным беделді қызмет істейтін ұлына қызметтен бүгін келгенде бұйырып: "Ең зәруім қара құман дегендей, қайдан тапсаң да бір самауырын тап" дегелі отырғанын түсіндім, - деп бүгінгі қонақтардың алдында абысынының ұялғанына қиналып, күрсінген әженің оны қатты аяп отырғаны байқалып тұрды.

Болған жайды аздап талқылап, әжесін әртүрлі сұрақтарымен мазалай беретін әдетімен оның өте қатты қуанған сәттерін сұрағанда, әженің жауабын естіп таң қалды. Бар болғаны осы жасында екі-ақ рет қатты қуаныпты: біріншісі - Жарылғап қайынысы мен Шәмшия абысыны үйленгенде, екіншісі - ұлы жоқ бір қадірлі қайнысының әйелі ұл туғанда.

- Сол-ақ па? - деп таңданған Ырысгүл әжесімен бірге отауына кірсе, Әубәкір сарымаймен араластырылған тәтті ақ ірімшікті жақсы тәбетпен жеп отыр екен. Әжесінің ірімшікті отауына әкеліп үлгергеніне таңдана, отағасын сынау үшін қулана жымиып, қолын жайып ірімшікті сұрады. Әубәкір әйеліне ірімшік салған ыдысты көрсетіп, шақырғанын солай түсіндірді. Оның бұл сыпайлығына өзінің күлгенін білдірмей Ырысгүл далаға шықты.

Тоғыз құрсақ көтерген Сәтен әже Әубәкірінен кейін туған Қатша есімді қызы өте кішкентай кезінде шетінеп, енді Әубәкірін кенжем деп қабылдаған әженің ұлына деген ана мейірімі шексіз болды. Сондықтан, қолына түскен ең тәттілерін Әубәкіріне беруге асығатын.

Далада тұрып аздап күлкісін басқан Ырысгүл отағасы туралы ойда тұр. Әлде өте әдепті ме, әлде анасынан қаймығады ма неге дауысын шығарып шақырмайды. Неге, неге, неге?... осындай сұрақтар Ырысгүлді көп мазалайды. Ойын тез жинақтап, ұсақ-түйекке мән бермеу орынды шешімді қабылдады. Ең маңыздысы - қайын жұртының қай үйіне барса да, бәрі қуана қарсы алады. Келген елінің қошеметіне көңілі тоқ Ырысгүл өзінің өмірін іштей сарапқа салғанда тағдырына ырза жас әйелдің ойына өзбек жерінен елге келген қуанышы есіне түссе, сол ойдан әжептәір күш-қуат алатын.

Колхоз құрылғалы халықтың әл-ауқатын көтеру үшін, бәрің бір кісідей жұмысқа білек сыбанып кірісу керек деген ұран айтылатын. Бұрын сағатпен жұмысқа барып үйренбеген халық, колхоздың жұмысына бригадирдің айқайымен ғана әзер шығады. Колхозда мал шаруашылығынан басқа, егін шаруашылығы да бар. Мал бағу ата кәсібін жақсы меңгерген колхоз мүшелері егін шаруашылығына онша барғысы жоқ.

Бидай егу, өсіп шыққан егінді жинау кезінде бригадирдің айқайы мүлде көбейеді. Әрбір осындай айқайды естігенде, Ырысгүлдің ойына мына бір өлең шумақтары келе қалатын. Және сол шумақтарды орындап, Нағима есімді бейтаныс келіншекті көріп тұрғандай күлуші еді. Сол келіншекті көзіне елестетіп, әндете үй жұмыстарымен айналысып кетті.

Бригәдірді әйнектен,

Көріп қалып Нағима.

Ауру жандай әлі кеткен,

Таңды орамал жағына.

Жұмыстан жұрт жай қалмас,

Сылтау табу керек қой.

Солқылдады қайран бас,

Сырқырады өне бой.

Өңі кетті өзгерді,

Бригәдірін сендірді.

Бригәдірі кетісімен,

Рақаттана керілді.

Ойына алған жұмысын бітіріп Нағима келіншектей рақаттанып отыра бергенде, үй жағалап жұмысқа шақырып жүрген бригадир Ырысгүлді де жұмысқа шақырды. Амалсыздан жиналып ауыл адамдарымен бірге егіс басына келді. Жұмыста жүргендер егіс басында түскі үзіліс кезінде бәрі бірге ас ішетін. Бәрі тамақтарын ішіп кеткеннен кейін, еті алынған сүйектерді көрген Ырысгүл сүйекті көрсе бәрін ұмытатын әдетімен рақаттана кеміріп отырған.

- Бәрекелді-і-і, мың теңгелік тісін бір теңгелік сүйекке салып отыр, - деген дауыстан селк етіп көзін ашса, Әнібек қайынағасы қарсы алдында күліп тұр. Бұл ісіне ұялып, қайынағасымен бірге күлген Ырысгүл амалсыздан қалған сүйектердің майлы кеміктерін көзімен сорып, қимай- -қимай егіс басына кетті.

Егіс басындағы жұмыстан кешке егіншілерді алып кету үшін ат жегілген, кейде өгіз жегілген арба келеді. Дихандардың шаршағандары арбаға мінісімен байқалады. Біреулері ұйықтап кетеді, кейбіреулері өз ойларымен арбада тербетіліп келеді. Ырысгүл де шаршағанын сезіп, арбаның үстінен өзіне ыңғайлы жер тауып отырды. Осындай тыныштық кездерде ойына анасы түссе, әжесінің де келбеті көз алдына қатар келеді. Кішкентайынан анасының бауырында болмай, ержете туған ана бауырына келіп, ана құшағының құдыретін енді ғана сезіне бастағанда тұрмысқа шығып, Торғын бәйбішенің орнын әжесі басты. Отағасының әрдайым әжеңнің берген бағасы сен үшін өте маңызды деген сөзімен келісіп, әжесін құдайдан кейінгі екінші тұлға деп қабылдады. Қолы босап кетсе әжесінің жанынан шықпай жас кездегі уақиғаларын, келін болып түскен кездерін, балаларының жас кездегі қызықтарын айтуын сұрап маза бермейтін. Арасында әжесіне қоятын сұрақтары да аз емес. Өмірінің қай кезеңі өзіне ұнайтынын білгісі келген келінінің сұрағына әженің берген жауабы:

- Әрине, әркімге өзінің қатарымен жүрген өмірі қызық. Күнделікті уақыт жетпейтін тірлікпен өтетін өмірімізге ырза едік. Бесіктегі баланың бетін қырық күнге дейін ашуға болмайтын қағиданы орындауға тырысатынбыз. Бесікте жатқан баламызды жыламаса бетін ашып қарауға уақытымыз болмайтын. Жүкті уақытымызда да күнделікті тіршілік жұмыстарын атқарып жүрдік. Бірде өрістен малдарын түгендеу үшін барған бір кісінің:

- Мырзахметтің үйіндегі келін етегіне салып бір нәрсені жылатып алып келе жатыр, - деген тосын хабарды естіп, бәріміз аяғы ауыр, соңғы айын күтіп жүрген абысынымызды қарсы алуға жүгірдік. Етегіне жаңа туған нәрестесін салып, арқасында терген аз ғана тезегін тастамай алып келе жатқан батыр жас әйелді көргенде, бәріміз қатты таңдандық! Осылай дүниеге келген Өмірбайдың аман-есен жүріп жатқанын өзің көрдің.

Бір-бірімізге жанымыз шынайы ашитын еді. Бірлік, татулық бізге туа біткен қасиеттер болатын. Кіші қайыным Өтеубай болыс сайланатын сайлауда бәріміз қобалжыдық. Бесіктегі ұйықтап жатқан балаларымызды әкеліп, жүкті әйелдердің ішіндегі өмірге келмеген сәбилерді санатып, дауыс санын көбейткеніміз рас еді. Әжесі өмірінің қызық кезеңдерін айтып отырып, әңгімесінің арасында, е-е-е, баяғының несін айтасың деп қайталап қояды. Несін айтасың, ертеңгі күніміз бүгінгі күнімізден де қызық болатын сияқты еді.

- Әже, сонда не қызық, не істейтін едіңдер? – деген Ырысгүлдің сұрағына әжесі:

- Несін айтасың, қызық көп болатын. Барлық абысындар жиналып тезек теруге барамыз, ірімшік, құрт қайнатамыз. Тойларға барамыз, той иелері бізді Бағанағы атаның (Манас атаны әже осылай атайтын) немере келіндері Сәтен мен Шәмшия келді деп құрметпен қарсы алады, - деп әже өткен өмірін көзіне елестете, содан ләззат алғандай көзін бір сәтке жұмып отыратын. Ырысгүл әжесіне қарап, әже көңілі алыста екенін, жас келін – Сәтен дәл қазір өткен өмірінің өте қызық уақытының ішінде жүргенін түсініп, барынша ақырын басып, сыбдырын білдірмей далаға шығып еді. Әжесімен бірге бұрынғы әже өмірінде жүргендей қиялына ерік берген Ырысгүл үйінің жанына келгені туралы айтылған ескертуді әрең естіді. Арбадан түсіп баяу жүріспен келе жатып, жақында ғана әжесімен болған әңгіме арбаның үстінде тағы қайталанғандай жымиып күле үйіне кірді.

Келесі күнгі егіс басына бармайтын демалысын пайдаланып Ырысгүл Қатираға алдыңғы күні барса да, тағы солай қарай аяғы өзіне ерік бермей бұрылды. Абысындарының бәрімен жақсы қарым-қатынаста болғанымен, солардың ішінде Қатираға жиі барады. Қатираның өзі барғанда жаны қалмай қуана қарсы алуы емес, Қатираның күйеуі мен баласына деген шексіз махаббаты Ырысгүлді таңқалдыратын. Күйеуі жұмыстан түскі, не кешкі асқа келсе, үйіне хан келгендей өте ыстық ықыласпен әзірлеп қойған дайын асын қуана дастарқан жайып, жасай бастайды. Ал, кішкентай ұлын сүйгенде, ерекше еміреніп: «Төреден туған - төре», - деп сүйеді. Ырысгүл Қатираның күйеуі мен баласына деген ықыласынан, басқа әйелдерге ұқсамайтын ерекшелікті көретін.

Қатираның айтқан әңгімелерінің ішінде Ырысгүлдің назарын аудартқан үш жасында шешесі, кейінірек әкесі қайтыс болған жас жігіттің өмірі ойландырып, сол жігіттің жеңгесі өзі болғандай әсерде болды. Тыңдаушысы зейін қойып тыңдағанын байқаған Қатира, ұмытылып кеткен осы уақиғаны кеше ғана болғандай ықыласпен айтып, әңгімесін бастады.

- Менің ол інім ақылды, әрі әдемі. Ән айтса тыңдаушыларына ұнатып тыңдаттырардай дауысы бар еді. Жұмыста тындырымды арақ, темекі деген адам өмірі үшін зиянды әдеттерден аулақ болатын. Үндемейтін, ешкімге кедергі келтірмейтін мінезі бар. Қайтыс болған ата-аналарынан бала үш жаста, кішкентай қарындасы бір жаста қалып әжесінің тәрбиесінде өсіп жатты.

Көп ұзамай әжеміздің кенже ұлы үйленіп, жетім қалған немерелеріне қарайтын жас келіні болғанына әже қуанып жүрді.

Немерелері өсіп жігіт пен қыз болған шағында, бірде әжемнің абысынының кіші баласы Жүсіп келіп:

- Мықтыбек деген кісінің үйіне бір қыз келіпті. Қонақ қыз Мықтыбектің балдызы көрінеді. Қыздың айға ұқсаған аузы, күнге ұқсаған көзі бар сұлу деседі. Сыңайы, күйеуге шығу ойы бар. Біраз жігіттер қырындап, таласып жүргенін естідім. Ең бастысы тоғызыншы класты бітіріпті, яғни тоғыз жылдық білімі бар. Тоғыз жылдық білім аз емес, ондай білімі бар қыздар қазір жоқ. Бүгін бір ауылдас кісі осы қыз туралы айтты. Әже, естіген жаңалығымды немереңіз үшін ой салуға сізге әдейі келдім. Тез арада асықпасаңдар басқа біреу қағып әкететін түрі бар,- депті кетерінде қулана жымиып.

Жүсіп кетісімен әжем мен келінінің әңгімелері осы төңірегінде болды. Әжеміз әке-шешесі бұл өмірде жоқ немересін үйлендіруді көптен ойлап жүр еді. Мына әңгіме көкейіне қона кетті.

Ал, әжемнің кенже келіні өзі түскенде үш жаста ғана болған баласындай көретін қайынысына жақсы қыз кездескенін тілеп жүрген, сол ойын құдай қолдағанына ол да қуанып, тәтті қиялмен жүрген жеңгеме әжем осы әңгімені немересіне өзінің келінінің жеткізгенін қалап, жеңгеме өтінішін маңызды мәселедей жеткізіпті.

Әжесінің өтінішін орындау үшін ертемен жұмысқа жиналып жатқан қайынысына таңертеңгі асын беру үшін дайындалып жүрген жеңгем кешегі әженің тапсырмасын қазір айтпаса жұмыстан қайынысы кешке келетіні, егер әңгімені кешке қалдырса бақандай бір күнді жоғалтатындары, ал бір күн кешіксе Жүсіп айтқандай басқа бір жігіт сөйлесіп қоятындай,.. Сондықтан, казір таңғы шайдың үстінде айтуды жөн көрген. Шай үстінде жеңгем әңгімесін әріден бастап, бұрын үйленген жігіттердің тойлары туралы айтып келе жатқанда, қайынысы бір-екі кесе шай ішіп кесесін төңкеріп, дастарқанға дәм қайырып, орнынан асығыс тұрыпты. Қайынысының әңгімені тыңдауға уақытының жоқтығын түсінген жеңгем, әжесінің тапсырған айтылуға тиіс мәселені тыңдауын өтініп, қысқарта Жүсіптің келу себебін тез айтып беріпті.

Жеңгемнің сөзін тізесін сәл бүге тыңдаған көп сөйлемейтін, ойындағысын бұрын да ашып айтпайтын інім бұл жолы тіпті ештеңе айтпастан орнынан тұрып, сыртқы киімін киіп үйден шығып кетіпті. Мына үнсіздікті қалай түсінерін білмеген жеңгем шынымен ыңғайсызданған ғой. Не иә, не жоқ деп айтпастан қайынысы жұмысына кете барыпты.

Кешке жұмыстан келген қайынысы таңертеңгі әңгіме жөнінде сөз бастамаған соң, жеңгей де ештеме айтпапты. Інім үндемей асын ішіп, қонаққа барарда киетін бір киер киімін киіп, үйден шығып кетіпті. Осылай екі-үш күн кешке бір жаққа барып жүріпті. Төртінші күні інім жеңгеме өткенде айтқан қызбен сөйлесіп жүргенін, қыздың үйді көргісі келетінін, енді оны қонаққа шақыру керектігін айтқанда жеңгем таңқалып:

- Батыр-ау, сендей менің адамым болсын дейтін жігіттің бір лашығы жоқ деді ме екен? Ол заман мен бұл заманда тұрмысқа шығатын қыздың болашақ үйін көргісі келетін ниетін бірінші рет естіген жеңгем мына хабарды жай қабылдай алмай, дауысы қаттырақ шығып кейіп сөйлепті.

Мынадай қарсылық болатынын ойламаған жас жігіт үндемей қалып, аздаған үнсіздіктен кейін шақыру жөнінде уәде беріп қойғанын, енді сол сөзі жерде қалмау үшін бүгін кешке ертіп келетінін ұяла айтыпты.

Амалсыздан болашақ келінін күтіп алуға дайындалып жүрген жеңгеме:

- Бүгін неге күйбең жұмысың көбейіп кетті, ертең де күн бар ғой, - деген әжесіне жауапты қалай беруін білмей кідіріп, айтпай-ақ қойса үй арасында үй жоқ жасыра алмайтыны белгілі болғандықтан:

- Бүгін үйімде болашақ келінің қонақ болады, - депті ашулы жауабын тездете жеткізіп. Таңқалған қарт әженің дауысы да ерекше естіліп, оның неге келетінін қайталаған сұрағына болашақ келіннің ұятсыздығын іштей сынап жүрген жеңгей, ашуланғанда ойындағысын тез айтатын мінезіне салып:

- Ең алдымен тұратын болашақ үйін көргісі келеді екен. Болашақ үйі сенің үйің емес пе? Ырымға қайшы, келін түспей тұрып үлкен үйге бармағанын қаладым. Сондықтан, өзімнің отауыма шақыруды жөн көрдім,- осылай дайындалып жүргенін ызалана жеткізген жеңгейге әже ештеңе айта алмай, үндемей қалыпты. Әжесіне қатты сөйлегенін кеш түсінген жеңгем, өзінің ойындағысын тез айтатын мінезін сөге қонағасы дайындығын жалғастырған.

Кешкі кинодан шыққан жастардың дауыстары естіліп, көп ұзамай аулада күтіп жүрген жеңгей келген қонақты өз отауына шақырған. Қонағасын беріп отырған жеңгей болашақ келінінің бет ажарын керосин шамының болмашы жарығынан дұрыстап көре алмай, жеңгеміздің есінде қыздың үлкендеу көздері мен күлгенде көрінген ірі тістері сақталып қалыпты.

Сонымен, жеңгейдің топшылауынша қайнысының үйлену мәселесі өте тез орындалатын түрі бар. Өйткені, әжесінің әңгімесі тек осы төңіректе ғана айтылады. Әжейдің қуанып жүргені сонша, болашақ құдаларды той болмай тұрып шақырып, дәм таттырып танысуды өзіне борыш санап жүр. Әжеміздің бұл тілегі әбден орынды еді.

Шақырылған уақытқа болашақ құдалар кешікпей әженің үйіне келді. Қонақтар аман-саулық сұрасып жайғасып отырғаннан кейін, ұзын бойлы арық қара әйел өзін қыздың жақын апасы екенін, жанындағы бет-пішіні өзінен өңділеу кісіні жездесі деп таныстырды. Қырылдаған дауысымен сөзін жалғастырып сіңілісінің ата-анасы алыста болғандықтан келе алмағанын, кейін бұйырған күні әже қолынан міндетті түрде дәм татуға келетіндерін айтып жатыр.

Жеңгеміз болашақ келіннің арық апасына қарап жұмыстан әбден қажыған-ау шамасы, арықтың да арығы болғанымен мына әйелдің арықтығы мүлде өзгеше екен. Бойы ұп-ұзын, өңі қара қайыстай, кеудесі мен етегі екі түрлі матадан тігілген көйлек киген әйелдің аяғындағы жұқа шұлықтан көрінген тілім-тілім кір өкшесіне көзі түсіп, келген басқа қонақтарды көзімен шола беріп, өткенде өзінің үйінде болған болашақ келінді көргенде таңданыстан аузы ашылған жеңгемді, "Бұл да дұрыс еке-ен"... деп ыңырана дауысын созған қыз жездесі есін жиғызғандай болыпты. Бірақ, бұнымен не айтқысы келгенін тек өзінен басқа ешкім білмеді-ау шамасы. Жан-жағына қарап, үйдің ішін көзімен шолып отырған қыз жездесі кенет қабырғадағы кілемде ілулі тұрған домбыраны көріп, орнынан тез тұра домбыраны қолына алып, шектерін тыңқылдата ешкім байқамаған жеңгем үшін қолайсыз үнсіздікті орнына келтірген сияқты.

Көп күттірмей әжейдің кенже ұлы келіп, жөн сұрасып болашақ құдалармен танысу басталыпты. Қонақ асын реттеу үшін ауызғы бөлмеге шыққан жеңгемнің соңынан ізінше әже келіп, жеңгемнің дайындап жатқан қонағасы етінен шұжық пен қомақтылау еттен кесіп алып, бір ыдысқа салып қойыпты. Әжесін түсінбеген жеңгей жаңағы етті қайтадан жасап жатқан ет табаққа салып қойса, әже ет пен шұжықты қайтадан ыдысқа салып жеңгеме қарап:

- Табаққа қайта салма, келін балама беріп жіберемін, - деп ыдыстағы ет пен шұжықты біреу алып қоятындай қолымен жауып өз жағына қойған екен.

Әжесін енді ғана түсінген жеңгем:

- Ештеңе беріп керегі жоқ, болашақ келінің үйіңде отыр, - деген ғой.

- Қалмақ қырылсын, ол неге келген? - таңданған әже осы жайды келінінен сұрағандай оған қарағанда, құдалардың білімсіздігіне тап бір әжесі кінәлідей дауысын жағымсыз көтере сөйлеген жеңгем:

- Өткенде келгенімде болашақ үйімді көре алмадым, әрі күйеуімнің әжесін де көруім керек деген негізге сүйеніпті, - қатты айтып тіліне ерік берген жеңгеме айтатын сөзі жоқ әже, ыдыстағы болашақ келініне арнаған сыбағасын қолымен жапқан күйі үндемей отырып қалыпты. Әжесінің сол отырысын жеңгем кейін талай есіне алып: «Қайран менің абзал әжешім», - деп күрсінетін.

Той мен ойынын ойдағыдай жасап әжесі немересін үйлендіру үшін бар күшін салды. Келін түскен күні әдетте болатын кешкі шілдеханаға дайындалып жүрген жеңгемді әжемнің үйленіп жатқан немересінің қарындасы келіп, жаңа түскен жас жеңгесі өзін шақырып жатқанын айтыпты.

Шымылдықтың ішіне кірген жеңгейден жас келін өзіне төменгі іш киім тігіп алуға мата сұраған екен. Жеңгемнің әкеліп берген матасынан шымылдықтың ішінде отырып іс мәшинемен тездетіп іш киім тігіп алған келіні туралы қанша ойламайын десе де, жаңа түскен келіннің төменгі іш киімін дайындап келмегені... ойынан кетпей жүріпті.

Жеңгелі болғанына әсіресе, қуанып жүрген інімнің туған қарындасы, жас жеңгесінің жанынан шықпайды. Жеңгесінің құлағындағы жасыл жапырақ сырғасына қызыққаны сондай сол сырғаны сұрап алып, құлағына тағып екі-үш күн жүріп қалған көрінеді. Үйінен далаға шығып бара жатқан жеңгей екі үйге ортақ дәлізде қайынсіңілісінің құлағына жармасып жатқан жас келінді көріпті. Сырғасын қайтарып бере қоймаған қыздың құлағынан күшпен тартып алғалы жатқан келінінің мына дөрекі ісіне ыза болған жеңгей:

- Бер сырғасын өзіне! Жалаңбұт келген жеңгеңнің сырғасы құлағыңда болмаса сені бай алмай ма? - ашумен қатты айтылған осы сөйлем нысанаға дәл тиіп, келіннің өңменінен өткен ызғарлы көзқарасынан өзіне арналған мұздай суық лепті жеңгей айқын сезініпті. Кейін осы ызғардың әсерінен әжемнің кенже ұлының отбасы ата-анадан бөлініп, немере туыстардың жанына қоныс аударды.

Сол уақиғадан кейін жеңгей көп ойланып жүрді. Әсіресе, қызылжанды емес моншақ, сырға, жүзік-білезіктерге осы уақытқа дейін мән бермеген жас қыздың ісіне таң қалды. Өзі келін болып түскенде үш жас пен бір жаста болған балалардың шешелері өкпе ауруынан қайтыс болып, көп ұзамай әкелері де ол дүниелік болған бүлдіршіндер кейбір балалар сияқты шалыс мінездері жоқ екі кішкентайды жеңгей жақсы көретін. Жібектей жұмсақ мінезді тілалғыш, елгезек ешкімді ренжітпейтін кішкентай қыздың өскенін енді түсінген жеңгей, уақыт өткенін байқамай бой жетіп қалған қайынсіңілін мейіріммен еске алатын.

Арада көп жылдар өтіп, қоныс аударғаннан кейін өткен өмірдің ащы-тұщысын еске алғанда жеңгейдің ойына от басын құрған қайынысы өзінің қарындасы үшін болған реніштен кейін туындаған түсініспеушілікті білмей, әйелінің айтуымен жеңгейді кінәлаған ойларын өмірінің ақырына дейін дұрыс санап, өзара қатынаспаған туыстар өмірден озды, - деп шын болған уақиғаны айтқан Қатираның осы әңгімесі Ырысгүлдің көп уақыт ойынан кетпей жүрді.

Күнделікті өмір тауқыметімен жүріп жатқан тұрғындардың жайбарақат өмірін елең еткізген жайсыз оқиға - Қатираның күйеуі ауданда тұратын бір әйелмен көңілі жақын екен деген өсек болды. Ырысгүл сұлу мұрты қоңырқай жүзіне ерекше үйлесетін ұзын бойлы өте көрікті Ибраһим қайынысын мақтан тұтатын. Аласа бойлы Қатира, орташа келбетімен Ибраһимға тең емес сияқты. Бірақ, жақсы мінезімен, пәк жүрегімен Қатира кімді болса да, әрқашан өзіне тартатын еді.

Өсек шынға айналып, Қатираға жаман хабар жетті. Ырысгүл Қатираның қатты қайғырғанын есіне алса бүкіл денесі қалтырап кетеді. Қатираның ойын басқаға аударғысы келіп, оны тезек теруге шақыратын. Тезек теріп жүріп Қатираның жерге отыра қалып, жусанды жұлып:

- Мені, баламды бақытсыз еткен адам мына жусандай жұлынсын, - деп зарлап жылағанын көргенде, қалай жұбатарын білмей қиналып жүрді.

Ибраһим ауданда салт жүріп қызмет істейтін, үйіне келуі сиреп, кейін мүлде келмейтін болды. Қатира Ибраһимды көп күтті. Кейін құсадан жан-дүниесі бірте-бірте сөніп, жұлынған гүлдей солып бара жатты. Төркіні үлкендерге сөз салып, Ибраһимның үйіне қайтуып талап етті. Ақсақалдардың, ата-ананың сөздері іске аспады. Ибраһим үйіне қайтпады.

Кішкентай ұлы Қатира ауырып жатқанда шетінеді. Төркіні Қатираны төсектен тұра алмайтын халге жеткенде алып кетті. Бақыттан гүлдей жайнап жүрген жас әйелдің сары уайымнан күздің соңғы айларындағы солған жапырақтай болып өзгерген қимас абысынымен қоштасқан Ырысгүл, тағдырының зардабын кешкен Қатираны өмірінің аяғына дейін ұмыта алмады.

Арада бір шама уақыт өтіп, сөз аяғы басылған кезде Ибраһим анасын аудандағы үйіне алып кетті. Сәтен әже абысыны Шәмшияны Ибраһим қалай көндіріп алып кеткеніне таңданып отыр. Баласының ісіне ырза емес болса да, Ибраһимның басын айналдырған жаңа келінін көруді жөн көрген болар деп абысынын ақтап жатыр. Шәмшия әже аудан орталығындағы баласының үйінде көп кідірмеді. Сәтен әже абысынымен сөйлесіп келіп, жаңа келін енесіне екі-үш көйлек, әдемі қамзол, басына ақ салы салыпты, бірақ Шәмшияға сыйлықтардың, айтылған жылы сөздердің еш керегі жоқ. Қатира келіні мен кішкентай немересінің орны кіммен толады, бұл шарасыз іске не айтарсың, - деді әже күрсініп.

Уақыт өте келе жаңа келін Ибраһимның туыстарымен танысуға келді. Киім киісі ауыл әйелдерінен өзгеше, келісті төсін төсқаппен көтеріп, белі қатты қыналып тігілген көйлегі дене бітіміне көпшілік назарын еріксіз аудартып, соңғы үлгімен киінген келіншекке туысқандар жылы қабақтарын көрсеткен жоқ. Бірде көпшілік жиналған жерде жаңа келінге от басын бұзған әдепсіздігі үшін айтылған кінәлау сөздері келіншектің етінен өтіп, сүйегіне жетіп жатты. Келін өзін қалай қорғаудың жолын таппай, көпшілікке қарап:

- Безабраздар! - деп сілкініп шығып кетті. Содан қайтып жаңа келін Ибраһимның ауылына келген жоқ.

Ал, Қатира төркінінде жан жарасынан жазылмай құса болып, алты ай бойы төсекте жатып, қаза болғаны туралы хабар естілді. Қатираның қазасын естігеннен бері Ырысгүлдің жүрегі сыздап ауырып маза бермей жүрді. Талай жылдан кейін осы уақиға есіне түскенде Ибраһимның соғыстан оралмауы, оның өмірін жалғастыратын ешкім болмағаны Қатираның бақытсыз өмірінің өтеуі болғаны ма?.. осы ой Ырысгүлдің басына жиі келетін.

Ақырындап жүріп жатқан Ырысгүлдің от басы әбігерге түсті. Отағасы ауырып, қызуы көпке дейін түспей, үй-іші қорқып жүрді. Әубәкірдің «әулие» ауруымен ауырғаны белгілі болғаннан кейін, үй-іші ем жасамай құдайға сиынып, ақырын күтті. Әулие дағы қалмау үшін, қасынбай бүкіл денесі селкілдей шыдаған науқасты әулие басынан бастап барлық денесін тыстап, шыдамдылығының арқасында қорасан дағының ешқандай ізі қалмай Әубәкір тәуір болды. Шыдамдылық қасиетін ерекше бағалап, өзінің шыдамсыздығын іштей сынап, отағасына ырза болған Ырысгүл осындай адамға кездестірген жаратушысына рақметі шексіз.

Елде әртүрлі айып тағылып сотталып жатқандардың қатарына Әубәкір де ілікті. Көп уақытқа созылған сот бір рудың, бірге жүрген туыстардың куә болуының арқасында "Тоз" колхозының шөбін болыс болған Өтеубай ағасына берді, сондықтан байдың құйыршығы деген айып тағылып 1935 жылы қазан айында Әубәкір сотталды. Екі баласы бар, үшінші баласына жүкті болып, жылап тұрып өзін шығарып салған Ырысгүлге отағасының айтқаны:

- Ешкіммен мен үшін ұрыспа. Құдай жарылқап аман-есен келсем, көрген қорлығың бір күнгідей болмай ұмытылады. Кінәлі адамның соты - Құдай. Балалар үшін сен керексің, - деген сөздермен қоштасты.

Ырысгүл отағасының айтқан ақылымен жүрегіндегі Әубәкірінің сотталуына куә болған туыстарға өкпелегенін қиын да болса білдірмей, атасы мен әжесінің жанында балаларын бағып жүріп жатты. Әубәкірден хабар сирек келетін. Сот үкімін өтеп жатқан жері Дальний Востоктан жазған хаттарының бәрінде Әубәкір өзінің жанұясын Оспан ағасының қызына тапсырады. Ол ағасының хатын қайта-қайта оқып, жылай береді. Сонда Ырысгүл отағасына іштей ренжіп, қызға отбасын тапсыратыны ұнамай қынжылатын. Жанұясын қарындасына тапсыратыны өжет, ойлаған ойын іске асыруда кедергілерді жеңе алатын Төтіш қарындасын жоғары бағалағаны болар деп ойлайды отағасын түсінгісі келіп.

Иіссудің жақсы иісі сіңген, өр мінезді қайынсіңілісі мақтауға тұратындай еді. Қызылорда қаласында екі жыл оқуда болғанда бірге тұрған кәріс қыздарынан орыс тілін үйреніп, жақсы меңгеріп келді. Тіл үйрену жөнінде әңгімесінде кәріс қыздары қазақ тілін жақсы сөйлегендіктен өзімен қазақ тілінде сөйлескен құрбыларын орыс тілінде сөйлесуге мәжбүр еткенін айтып күліп отыратын. Оқуын бітіріп бір мекемеге жұмысқа орналасқан қайынсіңілісі Төтіш қызметтес жігітке тұрмысқа шықты. Өкініштісі, тұңғыш қызын туу кезінде қайтыс болды.

Кейін соғысқа кетіп қайтыс болған Төтіштің әкесі Оспан қайынағасын еске алса, ең алдымен ол кісінің киім киісінің ерекшелігі ойына келеді. Қандай жағдайда болса да, үстіндегі таза киімдер өзіне назар аудартатын. Көп жылдардан кейін Оспан қайынағасының ұлын көргенде, Ырысгүл әкесінің осы қасиеті Жорабайда бар екенін байқады.

Бірде түнде шырт ұйқыда жатқан Ырысгүлді әжесі оятып:

- Тұр тез, Әубәкіржан келді. Жан-жағына қарап сені іздеп отыр, жүре ғой тезірек, - деп өзі қалбалақтап жүгіре шығып кетті. Жүрегі алып-ұшып келген Ырысгүл атасы мен әжесі отырғаннан кейін Әубәкірімен ыстық ықыласпен амандаса алмай алысырақ отыра кетті.

Сөйтіп, Ырысгүлдің айы оңынан туып, үш жыл толық бітіп төртінші жыл басталған қыста 1939 жылы Әубәкір оралып, қалыпты өмір басталды. Сотта куә болған туыстар араларында ештеңе болмағандай бәрі амандасуға келіп жатыр. Туыстардың құбылмалы мінездерінің өзгерістерін жете түсінбейтін ойлар Ырысгүлді көп мазалап жүрді.

Әубәкір түрмеде болған әңгімелерді айтқысы келмейтіні өзіне қойылған сұрақтарға қайырған қысқа жауабынан көрініп тұратын. Ал, мына әңгімесін көтеріңкі көңілмен келген күннің ертеңіне айтты. Түсінде орманда өсіп тұрған ақ қайыңнан құрық болуға лайық әдемі ұзын бір бұтағын кесіп алған екен. Кесіп алған бұтақтың жас жапырақтары шашақ сияқты желмен шайқалып тұрыпты. Көрген түсін түрмедегі бір кісіге жорытқанда: «Құдай қалап, аман-есен еліңе қайтасың. Ақ қайыңға ұқсаған өңі ақ, бойы ұзын ұлды боласың. Көп көк жапырақтары сол ұлыңның балалары, немерелері болуы тиіс» деген екен. Әубәкірдің түсін жорыған кісінің айтқаны келіп 1939 жылы қараша айының 10 күні Әубәкір мен Ырысгүл ұлды болды.

Әубәкір кеткенде туған қызы шетінеген Ырысгүлді өмірге келген нәресте шын бақытқа кенелтті. Өйткені, отағасы аман-есен оралды. Бауырында жаңа туған нәрестесі бар, бұдан артық бақыт бар ма әйелге. Әубәкірдің түсіндегі бұтақтың желмен шайқалған шашақ сияқты жасыл жапырақтары сол ұлымыздың төрт ұлы мен екі қызы болғаны ғой, - деп Ырысгүл қартайған шағында сол түсті жиі есіне алатын. Әубәкірдің ұрпағын жалғастырған сол ұлының балалары болды.

Әубәкір от басына оралғаннан бері үй-ішінде қалыпты өмір басталып, Ырысгүлдің көңілі жайланып үйінде отырған күндерінің бірінде дәлізден шыққан бұрын естімеген тарсылдаған дауыс Ырысгүлді елеңдете, орнынан тұрып қарағанынша есіктен етігінің табандарына екі ағаш байлаған үлкен ұлы кіріп келе жатты. Етігіне байланған ағаштар жүргенде тарсылдап, үстіне киген киімдері қар-қар, қолдан тіккен кітап салатын қалтасы дымқыл, жүзі бал-бұл жайнаған баласын көріп Ырысгүл күліп жіберді.

- Мұздың үстінде өзінен-өзі сырғанайтын сырғанағыш болады екен, бұл сол, - деді ұлы етігіне байлаған ағаштарды көрсетіп. Іле-шала жазатын сиясы таусылғанын, сия жасайтын қант сұраған ұлының өтінішіне жауабы жоқ ана, жаңа ғана көтеріңкі болған көңілі төмендеп, қиналтқан таршылық заманның зардабы күнделікті ауыр ойды есіне салды. Жоқшылықтың тақсыретін тартып жүрген халықтың бірі Ырысгүл ұлының аузы ашылуға сәл-ақ қалған етігіне көзі түскенде, көңілі одан сайын жабырқады.

Өткен жоқшылық тауқыметінде орын алған бір жәй осы үлкен ұлына байланысты Ырысгүлдің көзіне жас алғызған кезеңі болып еді. Көңіліне қатты әсер еткен сол жағдай есіне түссе, еріксіз күрсініп қалатын. Өкімет қаулысымен мектеп оқушыларына екі жүз грамм нан берілетін. Ырысгүлдің үлкен ұлы сол нанын жемей екі жастағы інісіне әкеліп беріп жүрген. Бір күні мектептен келген ағасының алдынан күнделікті әдетімен нан жеу үшін шыққан інісіне не айтарын білмей інісін құшақтап: "Жаным-ай, нанымды шыдамай жеп қойып едім" - деп інісін құшақтап ұялып тұрған ұлын көріп, кең жүректі үлкен ұлын құшағына қысып жылап жіберген еді.

Барша халықтың қызығы мол өмірлері өте берер еді, кенеттен Советтік социалистік республикалар одағының - (ССРО) басына төнген сұм соғыс болмаса.

1941 жылдың маусым айының 22 күні айтылған қайғылы хабар жөнінде есін біліп етегін жапқан баладан бастап, алжуға жақындаған қарттарға дейін тітіркене қабылдады.

Отан қорғауға он сегізге толған жас жігіттерден бастап ер-азаматтар аттанып жатты. Жұмыс істеу үшін жастарын екі жасқа үлкейтіп алған қыршын жастар он алты жасында соғысқа аттанды. Осындай жастардың бірі Шәмшия әженің ұлы Ысмағұл еді. Туа бітті балғын, пәк жүректі Ысмағұл соғыстың жаман екенін білсе де, соңының немен бітетінін аңғал жастығымен сезбей, өзін құшақтап ышқына жылап қоштасып жатқан туыстарының жылай бергендерін түсінбеген балғын жас бала, жауды жеңіп жеңіспен келетініне сеніп жайбарақат қарап тұр.

Шәмшия әже бес жылғы соғыс апатына бес ұлы мен бір немересін жіберіп, шалы екеуі таңды атырып, күнді батыра алмай жүрді. Әйтеуір көңілдеріне медеу болғаны екі ұлының мыс зауытында броньмен жұмысқа қалуы. Қызы Мәриясы тірі болса ол да ата-анасына қосымша күш-қуат болар еді. Сонымен, Шәмшия әженің үлкен ұлының оң қолының саусағына оқ тиіп, соғыс бітпей елге келді. Кенже ұлы мен немересі соғыс аяқталуға жақындаған кезде шақырылып, жеңіспен елге оралды. Отан қорғау жолында Ибраһим, Уәлі, Ысмағұл қаза тапты. Бес жыл болған зұлым соғыс қанша адамның өмірін жалмады десеңші?! Соғыс біткеннен кейін талай рет жас Ысмағұлдың соғысқа аттанатын күнгі пәк жүзі Ырысгүлдің ойынан кетпей, қыршын жас жігіт жасын екі жылға үлкейтпесе соғысқа екі жылдан кейін барар еді. Сонда, мүмкін тірі болар ма еді, осындай үміт ойы жүрегін сыздататын.

Өзінің ең үлкен қайынағасы жасына байланысты соғысқа алынбады. Омар қайынағасы соғысқа дейін қайтыс болған, Оспан қайынағасы соғыста қайтыс болды, ал Әубәкірін сотталғандығынан соғысқа алмады.

Соғыс басталысымен халық басына түскен тауқымет қай жағынан болса да байқалып тұрды. Тамақтану үшін күн ұзаққа жан басына бөлінген 200 г суы сорғалаған қара нанды күтіп жүретін жанұялары қаншама. Молдабек ақсақал фамилиясы өзінің атында жүрген келіндеріне:

- Өздеріңнің әкелеріңнін аттарына көшіңдер. Мына жанұяның адамдары көп екен, әрқайсына бөлінген нанды бәрі бөлісіп жейді, - деп бізге бөлінетін нанды азайтуы мүмкін деген ойын күнде айтып жүрді.

- Жан басына бөлінетін нан мөлшері оған байланысты емес, - деп балалары қанша түсіндіргенімен, қарттың ойын өзгерте алмай-ақ қойды.

Арнайы ұлықсатпен заводтың жұмысында қалған әкесі түскі асқа келгенде ғана тамақ ішетін үйдің балалары үйінің жанынан өтіп бара жатқан кез-келген адамнан сағат неше болғанын сұраумен жүреді. Сағат он екіде гудок беріліп түскі ас ішу мезгілі хабарланады. Бұл балалар сағат он екіде түскі асын ішу үшін келетін әкесімен бірге таңертеңгі, түскі тамағын бірақ ішетін. Осы жылдары еңбек тәртібі өте қатаң қадағаланды. Жұмыстан кешіккен адамға сол күнгі еңбекақысы берілмейді. Еңбек табысы күнделікті азықпен төленетіндіктен жұмыстан кешіккен азаматтың от басы сол күні тамақсыз қалар еді. Мұндай қиындық болмас үшін әрбір жұмыскер тырысып, кейбір жұмысқа кешіккендері уақыттың өте аздығынан етіктерін киюге үлгермей қолдарына ұстап жүгіретін.

Қоғам мүлкін ұрлағандар үшін өте қатаң заң қабылданды. Мысалы бір килограмм бидай немесе бір сабын ұрлағандардың өзі сот үкімімен бас бостандығынан айырылып түрмеге отырды. Соғыс уақытында осындай қатал заңның болуы - еңбек тәртібі мен қоғам мүлкін сақтаудың бірден-бір кепілі болып есептелді.

Халық соғыс зардабының қиындығына шыдар еді, арыстай азаматтарының, балаларының өмірден озғаны туралы қаралы қағаз алмаса. Қара қағаз келген үйге қайғылы хабарды естірту ақсақалдарға өте қиын болды.

Әр адам өзінің қолынан келетін пайдалы іс жасаудың міндет екенін әсіресе, соғыс жылдары толық түсінді. Халық әр салада осы ойларын іске асырып, тек өнеркәсіп орындары ғана емес оқу-ағарту, дәрігерлік көмек, мәдени-ағарту саласында, өнер саласында жұмыстар атқарылып жатты. Мысалы: әншілер халық рухын көтеретін әндер айтса, композиторлар осы тұрғыда жаңа әндер шығарып, ақындар осы әндерге ылайық сөздерін жазды. Ырысгүл сол кезде жазылған мына бір өлең жолдарын жиі қайталайтын.

Тап, берсе жауды жеңеміз,

Сақ, болаттай бо(лы)п келеміз.

Болат маршал Ворошилов соңынан,

Жер қайысқан сансыз қолдар ереміз.

Осы өлең жолдарын әнімен айтқанда, шынымен Ырысгүл өзін болаттай мықты сезініп, әннің бір-ақ шумағын қайталап жүретін күндері жиі болып тұрды.

Соғыстан қаралы қағаздар келіп азаматтарын жоғалтқан жанұялар қайғы-қасіретін жұтып жатса, табиғат өзінің дегенін орындап кейбір үйлер жас нәресте дүниеге келу қарсаңында қарбалас қиын сәттерді бастарынан өткізіп жатты.

Сондай жағдайға байланысты, нәресте дүниеге келерде көмекке шақырылып, асығып келе жатқан Ырысгүлді жолдағы бір үйдің жанынан естілген, өзінің ұл болып туғанына жаратушыға рахметін айтқан қатты шыққан дауыс еріксіз кідіртті. Дауыс иесін көру үшін, үйдің бұрышын айналды. Қабырғаға сүйеніп отырған қайынысы Тілеуқабылды көріп, сөйлесе келе толғағы қатты болып қиналып босана алмай шыңғырған әйел дауысы Тілеуқабылды өзінің қыз емес, ұл болып туғанына бірінші рет қатты қуандырып, құдайға рахметін айтқызған екен. Қайынысын тыңдап, еріксіз шегі қата күлген Ырысгүлге Тілеуқабыл қосылды.

Көп жылдан кейін бірде өз ісіне ырза болмаған Тілеуқабылдың қынжылып:

- Неменеге ер болып жүрмін, бұдан да әйел болғаным артық еді, - осындай қайнысының нали айтқан сөздерін естіген Ырысгүл осы уақиғаны есіне салғанда:

- А, иә әйел болсам, бала тумайтын әйел болғаным дұрыс дер едім. Тағы да екеуі күліп, сөз тапқанға қолқа жоқ ашуы тез келіп, тез сабасына түсетін қайынысын жақсы көретін Ырысгүл осы шапшаң мінезді ақкөңіл Тілеуқабыл қайынысының өзімен жеңгесі ретінде бұрынғы қазақ дәстүріне сай жарасымды бір әзіл-ойынын өмірінің ақырына дейін ұмытпай балаларына баяндағанды ұнатып, өте көтеріңкі көңілмен айтып беретін. Сол қызық жай тағы есіне түсіп, балаларымен ойша әңгімелесті.

- Бір күні Тілеуқабыл келіп мотоцикл сатып алғанын, жаңа мотоциклге бірінші болып мені мінгізіп қыдыртқысы келетінін айтты. Мотоциклін көруге шыққанымда далада Тілеуқабылдың әйелі Шәрбан тұр екен.

- Далаға шықсам жоқсың, лезде қайда кете қалдың? - деді Шәрбан күйеуіне еркелей сөйлеп.

- Мотоцикліммен Ырысгүлді қыдыртуға әдейі келдім, - Тілеуқабыл маңыздана жауабын қысқа қайырды.

- Мотоциклімізбен мені қыдыртады, - деп ойласам... Шәрбанның дауысы назды әрі өкпелі естілді. Әйелінің көңіл-күйіне мән бермей, Тілеуқабыл күнделікті айтатын дөрекі сөздерін қарша боратып:

- Бірінші жеңгемді қыдыртам, - дегеніне мен ырза болып, әйелін мінгізбей маған келген қайынымның мотоциклінің артына мініп алдым. Мініп отыра бергенімде, мотоцикліне от алдырып Тілеуқабыл тез жүріп кетті. Ауылды бір айналып өтіп, топ болып өскен шилердің тұқылдарының үстімен жүргенде, құлап қала жаздап зәрем ұшты. Қатты жүргені сондай қазыққа байланған бұзаулар бас жібін үзіп, көгендегі қозы-лақтар үркіп, иттер артымыздан абалап үріп, балалар қызық көріп мотоциклдің артынан жүгіріп, адамдар үйлерінен шығып кейбіреулері қолдарымен көздерін көлегейлеп, таңданып қарап тұр. Мен Тілеуқабылға жалынып, мотоциклді тоқтатуын өтінішпен сұрап келемін. Естімей ме, әлде әдейі естімей ме мотоциклді тоқтатудың орнына, дауысын күшейте шилердің үстімен олай-былай жүруде. Басымдағы ақ орамалым түсіп қалып, басым жалаңбас әбден қысылдым. Қатты, әрі жылтыр ершіктен сырғып түсіп қалатындай Тілеуқабылдың белінен қатты қыса ұстап, оған жабыса түстім. Ол қарқылдай күліп, мотоциклдің қоңырауын қатты сылдырлата жүргізіп келеді. Уһ, әйтеуір үйімнің жанына келіп тоқтады-ау. Есігімнің алдына көршілер жиналып қалыпты. Араларында Шәрбан тұр. Қызыл алмаға ұқсаған беті бал-бұл жайнаған, аяғын ақырын сәндеп басып жүрісіне мән бере, бізге жақындап келіп:

- Қалай Ырысгүл жеңеше, қайыныңа ырза шығарсың жаңа алған мотоциклімізбен бірінші болып өзіңді тепкізді, - деп сылқ-сылқ күлді. Екеуінің өздеріне ырза болған жүздерінен үйлерінен келісіп келгендерін сонда ғана білдім, - деп Ырысгүл сол уақыт дәл кәзір болғандай бет-жүзі нұрлана осы әңгімесін қанша рет қайталаса да, дәл осылай бітіретін.

Азаматтар отан қорғау жолында өмір мен өлімнің ішінде жүрсе, тылда қалған әйелдер, қарттар, балалар әр қайсысы қолдарынан келетін іспен айналысып соғыстағы азаматтардың орнын жоқтатпауға тырысуда.

Әйелдер күн көріс үшін қолдарындағы бір сиырдың сүтінен айырып алынған азғана қаймақ, қаймақтан жасалған сары май, қаймағы айырылған сүттен құрт қайнатып, немесе сүзбе, ірімшік жасап осы сүт өнімдерін сатып, керек-жарақтарын дүкеннен алып жүрді. Бірде абысындарының бірі Ырысгүлге сүт өнімін сату жөнінде ұсыныс жасағанда, өмір тауқыметін әзірше осылай шешуді жөн көріп, бұрын жасамаған кәсіпті көруге келісті.

Жексенбі күні ертемен сатушылар мен сатып алушылардың жиналатын жері аумағы аз көлемді базарға абысындарына еріп Ырысгүл келді. Азғана сатушылардың қатарына келіп, әкелген сарымай, қаймақ, сүт, құрт, ірімшіктерін алдарына қойып бұлар да орналасты. Ырысгүл жанындағы бір абысынының кішкентай балалардың дүзге отыруына арналған горшокқа құйып әкелген қаймағын көріп:

- Жеңеше-ау, мынауыңыз не? Қазір сіздің қаймағыңызды ешкім алмайды, - деп еді таңқалысын жасыра алмай.

- Ол не дегенің пайдаланбаған горшок емес пе, әдейі қаймақ құюға кеше ғана сатып алдым. Өзі аппақ сырмен сырланған іші жып-жылтыр, қаймақ ашымау үшін таптырмайтын ыңғайлы ыдыс екен. Осы ыдыспен қаймақты құдықтың суық суында көп уақыт сақтауға өте қолайлы екенін байқадым. Ұстайтын тұтқасы, қаймақтың бетіне ештеңе түспеу үшін әдейі жасалғандай қақпағы барын айтсаңшы, - деп жеңешесі сатып алған ыдысын біраз мақтады.

Бұл кішкентай балалардың дәрет сындыруы үшін арналған ыдысы болғандықтан, жаңа ғана сатып алынғанына ешкім мән бермей, қаймақты бұл ыдыстан ешкім алмайтынын айтқысы келіп еді, жеңешесінің мейіріммен горшоктағы қаймағына қарап, аппақ жалтыраған тап-таза ыдыстағы қаймақты жұртшылық таласып алатынына сенімді жеңешесін қабаржытқысы келмей Ырысгүл үндемей қалды.

Сатып алушы қауым көп болмаса да, киілген киім сатушылардан гөрі тамақ сатушыларды көбірек жағалауда. Сатып алушылардың бәрі горшоктағы қаймақты көргенде біреулері мырс етіп күліп, кейбіреулері теріс қарап түкіріп, қайсыбіреулері ойындағысын ашық айтып өтуде. Қатар отырған әйелдердің сатуға алып келген тағамдары ақырындап сатылып, ал Ырысгүлдің жанындағы жеңешесінің қаймағын алмақ түгілі, ешкім бағасын да сұрамай өтіп жатыр.

Ырысгүл әкелгенін өткізіп, жеңешесінің қаймағы түгілі басқа тағамдарын да ешкім алмай, оны күтіп отырып қалды. Жеңешесі өткен-кеткендерді шақырып қаймағы жақсы екенін, горшокты кеше ғана әдейі қаймақ үшін сатып алғанын айтып әлек. Ең болмаса сүтім мен құрт, ірімшігімді алыңдаршы деумен дауысы қарлықты. Әдейі бауырсақ та пісіріп әкелгенін қынжыла айтып жатыр. Қанша тырысқанымен қаймақты ешкім алмай, күннің көзінде тұрған қаймақ ашып, ақ горшоктың ішінде таңертеңгі әдемі түрі өзгеріп ақсу, көксу болып, енді сүтінің жағдайы да мәз емес Ырысгүлдің жеңешесін болған жай үйіне қайтуға мәжбүр етті. Жолай жеңешесі таңданып:

- Бұлары несі жазған-ау? Горшокты кеше ғана әдейі қаймақ үшін сатып алғанымды айтып ұқтыра алмадым ғой. Мұндай да ештеңе түсінбейтін кещелер болады екен-ау! - деп тамсана айтып қояр емес.

Келесі жолы Ырысгүл сүт өнімдерін түрмедегі адамдарға апаруды жөн көрді. Базарда күнге күйіп шаршап көп уақытын жоғалтқаннан, ол жерде тағамдарын тез сатып, үйге келетініне сенімді болды. Бұл ойын жексенбі күні іске асыру үшін түрмеге келді. Түрмеге жақындай бергенде алдынан сүтірлек қарсы шығып тоқтатты. Ырысгүлдің келу себебін естіген күзетші бетіндегі күлкі нышанын көрсетпеуге тырысып Ырысгүлді түрменің ауласына кіргізді. Аулада қолдарын артына ұстап жүрген еріксіздер тобы келген бейтаныс әйелді көздерімен жей, өңменінен өте қарады. Енді қатты қорқып қалған Ырысгүл бір-екі аттап, әрі қарай не істерін білмей, өзіне қадалған белгісіз көзқарастардан сескеніп түрме тұрғындарына қарап тұр.

- Неге тұрсың. әкелгендеріңді бермейсің бе? - деген дауысқа селк етіп не үшін келгені есіне түскендей қолындағы қалтасын ауланың ортасына қойды. Енді, Ырысгүлге қадалған көздер аш көздерге айналып аула ортасындағы қалтаға қарай бәрі жүгірді. Сүйекке таласқан иттерге ұқсап, Ырысгүлдің ұқыптап бөлек-бөлек салып әкелген қалташалардың пәре-пәресін шығарып, қаймақ пен сүт құйған ыдысқа таласып, қолдарына тиген тамақты ауыздарына асыға салып жатқан адамдарды көргенде, зәресі ұшқан Ырыгүл әкелген тамағын жеп болған соң өзіне бас салатындай, аш адамдардың жанынан тезірек кету үшін бұрыла бергенде қалтаның ішінде ештеме қалмағанын көріп, тамақтан құр қалған үшеуі Ырысгүлге қарай жүрді. Сол кезде қорқып тұрған Ырысгүлге үшеуінің көздері өзін жейтін әзірейілдей көрініп, шығатын есікке келіп итергенде ашылмаған есікті жан ұшыра тарсылдатты. Мына өте қатты қағыстан шынымен қорыққан күзетші есікті асыға ашты. Іштен атып шыққан Ырысгүл зәресі қалмай жүгірді. Біраз жүгіргеннен ентігіп, жүгірісін баяулата артына қарады. Түрменің сыртқы есігінің алдында тұрған күзетші әйелдің тоқтағанын көріп қолын бұлғады. Шақырып тұрғанын әзер ұққан Ырысгүл кері бұрылды. Ызаға булығып, күзетшіге екпіндей сөйлеп:

- Тағамдарымды сатуға келгенімді біле тұрып, мені кілең адам жегіштердің ішіне қалай жібердің? Жыртқыштар екенін білсем ғой,..

Өкпелеген өктем сөздерін тағы жалғастыра айта беріп, сүтірлектің күліп тұрғаны шамына тиіп кілт тоқтады.

- Олардың жағдайы жұрттың бәріне белгілі емес пе? Бұл туралы өзің де білуге тиіссің. Сенің арқаңда бүгін үйлерінен кеткелі сүт тағамдарын көрмегендер тоймаса да, саған бүгін батасын берер, - деп арасы ашық тістерін көрсете күлді. Одан әрі тұруға шыдамаған Ырысгүл жұлқына бұрылып жүре берді. Аңқау деп айтуға келмейтін, жүріс-тұрысы, сөздері пысық жұмбақ әйелдің ісіне таңдана күлген сүтірлек:

- Қалталарыңды алмайсың ба? Тағы кел, аш бейшаралардың батасын ал, - деді Ырысгүлдің артынан қаттырақ айқайлап. Іле-шала жаңағы жасаған ісіне есеп беріп, әйелді түрменің ішіне жалғыз жіберген қателігін ойлағанда денесі дір етіп, түрме есігінің дұрыс жабылғанын тексеру үшін түрме қорғанына жан ұшыра жүгірді.

Жоқшылық осындай қызықты оқиғалармен аңда-санда болса да, халықтың көңіл-күйін көтеріп соғыс жылдары өтіп жатты.

Өкіметтің арнаулы қаулысымен неміс жанұялары жер аударылды. Байтақ қазақ жеріне немістерден басқа ұлт өкілдері де келіп қоныстана бастады. Жергілікті халыққа немістерді жер аудару түсінікті болса, шешендерді неге қоныстарынан қозғау түсініксіз болды. Қазақ ұлтының болмысына сай жаратылысымен кімді болса да жатсынбай қабылдайтын халық, келгендермен жақсы қарым-қатынаста жүріп жатты.

Жер аударылған неміс жанұялары қолайлы үйлерге орналастырылды. Әбеннің үйіне үш-төрт жасар ұлы бар жас неміс әйелі бөлінді. Келген кісіні кім де болса қонақ деп қабылдайтын қазақ халқына тән қасиетпен Ырысгүл неміс әйеліне төргі үйін босатып берді. Өңі әдемі, киген киімі жарасымды жас әйел жүзі сынық, көңіл-күйі мәз емес жағдайда босатылған бөлмеге орналасты. Түскі асқа шақырғанда бөлмеден шықпаған әйел туралы үй-іші кешкі ас ішу отырсында өзара пікірлерлерімен бөлісті. Сөз арасында аяушылық білдірген Ырысгүлге балалары немісше амандасу сөзін үйретті. Балалары кеткен соң амандасу сөзін ұмытпай тұрғанда неміс әйеліне айтқысы келіп, төргі бөлменің есігін тартқанда әйелдің есікті жауып алғанына, тамақ ішпегендеріне таңданып, өз жұмыстарымен айналысып кетті. Ертеңіне түске қарай үйінен шыққан неміс әйеліне амандасу үшін кешегі балаларының айтқан сөзін тезірек айтқысы келіп, әйелге шапшаң басып жақындап:

- Котен абент, - деді үлкен шаруа бітіргендей қулана күлімдеп.

Сол кезде әйелдің бет-жүзі нұрланып жүре берді. Ырысгүлге жақындап құшақтағысы келгендей қолын көтере беріп, есіне бір нәрсе түскендей қолын тез түсіріп:

- Guten tag, Guten tag! - деп қайталап көзі жасаурай жанында тұрған ұлының қолынан ұстап тез басып кете барды. Амандасқанына басқаша жауап берген әйелді түсінбеген Ырысгүл, кетіп бара жатқан неміс әйелінің артынан аяушылық сезіммен қарап тұрды.

Кешке бастары қосылғанда анасының қонағымен қалай амандасқанын естіген балалары әсіресе тілі келмей "Котен так" деп айтқанына күліп, кеше кеш мезгілі болғандықтан «кеш жарық» деп үйреткендерін, неміс әйелімен амандасқан кезде түс мезгілі болғандықтан оның басқаша жауап бергенін түсіндіріп жатыр. Ырысгүлдің жаңа тұрғыны көп тұрмай басқа жаққа көшірілді. Белгісіз болашағына кетіп бара жатқан әйелдің соңынан қарап тұрған Ырысгүл сұм соғыс кімнің болса да басына қатер болып келгенін мойындап, аздап үйреніп қалған тұрғынымен үнсіз қоштасты.

Соғыс аяқталар жылдарында Америка мемлекетінен халыққа көмек ретінде киімдер таратылды. Жергілікті халық көмек үшін жіберілген киімдердің маталарының, тігілген үлгілерінің ең жоғары дәрежеде екенін бастары қосылғанда тамсана айтуда. "Бұл мемлекет соғысқан елдерді сыртынан бақылап, жеңіске жететін елге ғана көмектеседі екен". Осындай жорамалдың шындыққа жанасатынын жиналған топтың ішінде айтып жатқандар да бар.

Бес жылға созылған зұлым соғыс талай жақсы мен жайсаң азаматтарды жұтып, күңіренбеген үй қалдырмай, артына орны толмас қайғы-қасырет қалдырып «Жеңіс» деген сөздің зор мағынасын кейінгі ұрпаққа айырықша білдіртіп соғыс бітті.

1945 жылғы 9 мамыр көктемнің жарқыраған ашық шуақ күні - қуаныштан жүректері жарыла, қуаныштары қойындарына симаған халыққа қошеметпен күліп тұрды. Жезді өзенінің жағасының екі жағына киіз үйлер тігіліп, жеңіс күнін тойлаудың дайындығы жүріп жатыр. Үйлерінде тойға бармай қалған тірі пенде қалған жоқ. Аурудан жүруге жарамай жатқан науқастарды туыстары өзен жағасына жеткізді.

Ірі қара мал сойылып, еті үлкен тай қазанда пісіліп жатты. Май айының маңызды қымызы сабада пісіліп, үлкен шараларда сапырылып қуанышты халықты сусындатуға дайын. Қып-қызыл болып пісірілген тоқаштар мені тезірек жеңдер деп шақырғандай, торсыйып үлкен шараларға қазандағы қайнап жатқан майдан алынып түсіп жатыр. Түс ауа басталған осы дайындықты халық қалай тез атқарып жатқаны таңданарлық жай. Көңіл шіркін шарықтаса бәрін үлгеруге болады екен. Қуанышты халыққа еттен кейін ыстық шай берілу үшін самаурындар ошақ басында екі иығынан дем алып, көп жез самаурындардың ішінде бір-екі ақ самаурындар мақтанып, тәкаппарлана сап түзеп тұр.

Халықтың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қуаныштарында шек жоқ халықты құттықтауға басшылар келді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мінбеге көтеріле бергенде, ғалымға айырықша құрмет халықтың тоқтамай қол соғып, шексіз ыстық ықыласпен қарсы алуынан көрініп тұрды. Ақжаулықты аналар ғалымға таласа жақындап шашу шашып, маңдайынан иіскеп, баталарын беріп жатыр. Шашылған шашудың дені құрт-ірімшік болғанымен арасында аздап ағараңдаған қанттар да көрініп қалады. Шашу шашқан аналар үйлеріндегі сақтаған тәттілерін алып шығыпты, бүгінгі күннен несін аясын. Қаныш Имантайұлы Ұлы Жеңіспен халықты бірінші болып құттықтып, отанын қорғау үшін қаза болған орны толмас азаматтардың ата-аналарына, от басына, туған-туыстарына көңіл-айтты.

Қанша қуанышты күн болса да, көңілі босамаған ешкім қалмады. Қатты дауысын шығарып жылай алмаған азаматын жоғалтқан жанұяның ата-әжелері, әке-аналары, әйелдері, аға-інілері, апа-қарындастары, балалары көздерінің жасын тия алмай көкіректерін жайлаған қайғыны күрсініспен шығарып жатыр. Ғалымнан кейін құрметті ақсақалдар, басшылар мінбеге шығып барша халықты қуанышымен құттықтап, елімізге баянды бейбітшілік тілеп, отанды қорғау жолында арамызда жоқ азаматтар халықпен бірге мәңгі жасайтындарын баса айтты. Шексіз бақытқа бөленген халық мейрамға арналған ас-мәзірін қуана бөлісіп жеп, енді өзен жағасына шақырылды.

Патефондар қойылып, күй табақшалардағы әндер айтылып жатыр. Күн кешкіре өзен жағасына жиналған халық, кешке қыдыруға шыққан жастарға ұқсап тұр. Екі-екіден құшақтасып вальс билеп жүргендер дұрыс билеуді білмесе де, бірінің-бірі аяқтарын басып, басқан кезде кешірім сұраудың орнына өзара күлісіп, мәз болып билеп жүр. Бұл көріністі қызықтап, аузын ашып қарап тұрған Ырысгүлді егде тартқан орыс шалы:

- Маруся, станцуем? - деп еріксіз ортаға алып шықты. Биді жақсы билейтін орыс шалының аяғын баспауға тырысқан Ырысгүл бар өнерін салып бақты.

Бүгінгі ұмытылмас Жеңіс Күнін есте мәңгі сақтау біздің болашақ ұрпағымыздың борышы деген асқақ оймен, жүрегін шаттық кернеген Ырысгүл билеп дөңгелене берді, дөңгелене берді.

IIІ-бөлім

Бейбіт өмірдің қызық шақтары.

Соғыс біткеннен кейін он екі мүшесі сау жауынгерлердің елге оралу мәселесі қажеттіліктен кейінге қалдырылып, жараланған жауынгерлер госпитальдан жолға жүре алатындары елге қайтып жатты. Жаралы болса да кеудесінде жаны бар елге келген жауынгердің үйі қуанышқа ортақтасып келгендерге аузы-мұрнынан шыға толатын. Жауынгерден соғыстың қуанышы аз, реніші көп әңгімелерін тыңдауға бәрі құмар еді.

Жеңіс күнінен кейін неміс қаласының үйлерін тексеру кезінде оқ атуға тиым салынған болса да, үйге кіре бергенде неміс әйелдерінің пистолеттен оқ ата қарсы алғандары болыпты. Бұл әңгімені естігендер соғыс біткенде кездейсоқ оқ тиіп өліп қалған азаматтарды өкінішпен ойлап, жауынгер әңгімесін әрі қарай тыңдауға әзір.

Тыңдалған әңгімелердің ішінде майданда медбикелер жаралы жауынгерлерге көмек көрсету кезінде орыс жауынгерлеріне бірінші көмек көрсеткендерін естігенде, тыңдаушылар Совет халқы тең праволы дегенімен, отанды қорғау жолында осындай теңсіздіктер орын алғанын қынжыла тыңдады. Бәрінің көз алдына "Отан үшін, Сталин үшін" деген еліміздің айнымас ұранымен кеудесін оққа тосып жүгіріп бара жатқан, қазір өмірде жоқ жақындары елестеді.

Соғыс бітті. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір тіршілігі халықтың әл-ауқатын көтермегенімен, халықтың көңіл күйі қалпына келе бастады. Бейбіт өмірдің қоңыр желі соғып, өмірге келген жас нәресте ұл болсын, қыз болсын "Жеңіс" деген есімге ие болды.

Азық-түліқтің жетіспеушілігінен дүкендегі ұзын кезек шыдамды таусылтатын еді. Осындай ұзақ уақытты алатын кезекте тұру Ырысгүлдің үлесінде. Әрқашан ол дүкенге келгенде кезекте тұрған адамның соңынан тұрады. Бірақ, неге екені белгісіз келген кісі кейде Ырысгүлді елемей оның алдынан тұрады. Осындай жағдай бұрын бір рет қайталанып, әйтеуір өзара сөйлесіп ұғынысып еді. Осы жолы кезегінен сәл алыстап кетіп, өзі жоқта келген орыс әйелінің алдынан тұрған Ырысгүлге әйел өз тілінде ашулана сөйлеп, оның алдына келіп тұрды. Ырысгүл мына көргенсіздікке қалай көнсін, себепсіз алдына келіп тұрған әйелді итеріп шығарғысы келді. Ол да бұған келіскісі келмей орыс тілінде біраз сөздер айтып, Ырысгүлді итеріп кезектен шығарды. Кезегінен шығып қалған Ырысгүл қайтадан кезекте тұрған кісілерді итере өзінің орнына тұрды. Дүкендегілер болып жатқан жайды қызықтауда. Орыс әйелі Ырысгүлді қайтадан кезектен шығарғысы келіп жеңінен тартып жатыр. Ұрыста тұрыс жоқ дегендей, кезек үшін болған дау төбелеске айналды. Ырысгүл өзінің кезегінен шығып қалмау үшін бар күшін салып, намысын жібергісі келмей бақты.

Кезек үшін Ырысгүлмен төбелесіп жатқан орыс әйелге бойшаң ақсары кісі келіп, орыс тілінде біраз сөздер айтты. Өзі Ырысгүлдің жанына келіп:

- Жеңгей, келесі жолы кезекке тұрарда кезектің соңы кім екенін біліп алғаныңыз жөн. Ол үшін кезектің соңындағы кісіден орыс болса "кто крайний?" немесе "кто последний?" деп сұраңыз. Егер кезектен аз уақытқа кеткіңіз келсе, сізден кейін келетін адамды күтіңіз. Міндетті түрде келген адамға өзіңіздің кезектің соңы екеніңізді айтуды ұмытпаңыз, - деп ескертуін жылы жүзбен түсіндіріп шығып кетті. Бейтаныс кеткен соң орыс әйел Ырысгүлді көзімен жеп, кезекке оның артынан тұрды. Жаңағы кісінің ықпалы болғанын түсінген Ырысгүл қорғаушының «жеңгей»-ін өзінше сараптап отағасымнан жасы кіші, әрі оның танысы екен деген ойдың қызуына шаттанып жан-жағына маңыздана қарады. Бейтаныс адамгершілігі жоғары қамқор жанның қолдауы Ырысгүлге қуат берді.

Ал, қорғаушы азамат жас келіншектің батыл қимылына сүйсініп, азғана ақыл-кеңесін беруді жөн көрген. Ырысгүл көп уақыттан кейін қорғаушысы қатардағы жұмыскер емес, басшылардың бірі фамилиясы Сарыбаев екенін естіді.

Соғыстан кейінгі тапшылық біраз уақытқа дейін басылмайтыны белгілі жай. Қолындағы аздаған малының еті мен сүтін қорек ететін халыққа егін шаруашылығымен айналыспағандықтан нан тапшылығы бірінші орында тұрды. Нан алу үшін екі-үш үйден жаяу жүруге жарайтын жастау адамдар шығып, Қарсақпай кентіне жолға шығатын. Кейде дүкеннен нан ала алмай қалған кезде қайынағаларының бірі Қаражігіттің үйіне баратын. Абысыны қабағын түйе қарсы алушы еді. Кемпірінің мінезі өзіне мәлім Қараекең "Иә, қарағым!" деген өзіне мақал болып кеткен сөздерін жылы жүзбен көп рет қайталап:

- Жоғары шық, келін. Тойтақ, тездетіп шай қой, келін қарағым тоңып келді ғой, - дейтін жаны қалмай. "Тоңып келсе, мен үшін бе?" дегендей қабағын шыта Тойбазар жеңешесі шай қоятын. Жеңешесінің мінезін білетін Ырысгүл үстіндегі күпісі мен аяғындағы етігін шешіп жатып:

- Жеңеше, келгенше қонақ ұялады, келген сон үй иесі ұялады демекші қанша оң қабағыңды бермесең де, жылыну үшін үйіңе келіп қалдым. Осы жерде екі абысыным бар ғой, бірақ тоңған аяғы құрғыр осында өздері келеді. Неге екенін білмеймін аяқтарым сенің пешіңе жылынғысы келеді-ау шамасы, енді не істейсің амалсыздан шай қайнатасың, - деп күле сөйлеп суықтан тоңып қызарып кеткен қолын пешке жылыта бастайтын.

Көбіне осы үйге келгісі келетіні рас еді. Осы жақта Шәмшия әженің келіндерінің біреуінің шайы ішіне тас түскендей қайнамай, сол шайды ұзақ күту кезінде, мінезі жібектей енесі Шәмшия әжені жамандағаны көңіліне қонбай барғысы келмеуші еді. Екіншісі жаман қарсы алмағанымен, үйі дүкеннен алыс болатын.

Сондықтан, аталары алыс болса да осы қайнағасының үйіне жиірек барады. Мінезі тоң-торыс Тойбазар жеңешесінің қабағы шай жасап болғанша жазылатын. Бір-екі кесе шай ішілген соң, жеңешесі ауыл жаңалықтарын сұрап, жаңағы мінезінің ізі де қалмаушы еді. Үшеуі мәре-сәре болып сүті қою күрең шай ішіп, әңгіме - дүкен құратын. Әр кез осы үйге келгенде осы жай қайталанып, бір ғана ұлы бар екі қарияны Ырысгүлдің келгені серпілтіп тастаушы еді. Ырысгүл жылынып алып дүкендегі нанның ұзын кезегіне қайтадан кетеді. Кетіп бара жатып Тойбазар жеңешесінің мінезі есіне түсіп еріксіз жымияды. Әкелген нандары екі күнде таусылып, үшінші күні тағы жолға шығады. Осылай қысы-жазы нан тасыған Ырысгүлдің аяғы қыста қатты тоңатын болды. Аяғына киген ескі көн етіктің жылуы таусылған сияқты. Нан алып дүкеннен шыққанда біраз жерге дейін жүргенше аяғында жан жоқтай сезілетін. Бұл жағдайдан шығудың амалы түбіттен тоқылған шұлық кигеннен кейін шешілді. Түбіті бұрқырап шыққан шұлық Ырысгүлдің аяғын тоңдырмай, бұл жаңалық біраз әйелдердің көңіліне қонды. Ешкінің түбітінен шұлық тоқып киіп, Ырысгүлдің абысындары осы қысты аяқтары тоңбай жақсы өткізді.

Сол уақыттағы аналардың балалары жас кезінде өкпесінен суық тиіп, көп уақыт жазылмай жүріп қайтыс болатын. Аналар жиі суық тиюдің бала өміріне қауыпты екеніне аса мән бермеді. Жас бала өсіру кезеңдерінде қателіктері көп болып, ырымға сенетін аналар балалары ұзақ жөтеліп, жазылмай жүргенде далада аттылы кісіні жолықтыра қалса, жолаушыға қуана жақындап:

- Көлденеңді көк атты-ау, көк жөтелдің емі не? - деген сұрақ қойып кездескен кездейсоқ кісі қандай емді айтса, соны орындаған аналар да болды.

Өздерінің білуінше бала өсірген аналардың бірі Ырысгүлдің жастай екі қызы мен бір ұлы шетінеген Әубікірдің жан ұясына соғыстан кейін сегізінші, тоғызыншы балалары егіз Қасен, Құсен ұлдары дүниеге келді. Өкімет тарапынан егіз туған жас нәрестелер үшін анасына қосымша тамақ талоны берілетін. Ырысгүл осы жеңілдікпен алынатын азықты алуға дүкенге келгенде, бұрын жақсы қарым-қатынаста жүрген құрбыларының өзіне салқындық білдіріп, өзгеріп қалғандарын байқады. Кездескенде өзінен бойларын аулақ ұстағандарын түсінбей таңданып жүрді. Бірде дүкеннен күнделікті берілетін азықты алып шығып бара жатқанда әйелдердің біреуінің:

- Мына қатынның егіз ұл туғанын өзіне дәреже санап, талонмен тамақ алып талтаңдауын... - өзі туралы айтылған құлаққа түрпідей естілетін пікір таңқалдырды. Құрбыларының өзгерулерінің мәнін енді аңғарған Ырысгүл көреалмаушылықтың адам бойындағы жаман қасиетін осы жолы жақсы түсінді. Жүкті болып жүргенде қиналғанын, ішінің көлемінің өте үлкендігін жатырдың қанға толуы, яғни қан егізге ұқсаттырған дәрігердің болжамынан қатты қорқып, қорқынышын осылармен бөліскенде, бәрі аяп күрсінген еді. Енді айтқандары өзін соққыға жыққандай, қолындағы алған азғана азықтарын сумкасына салуды ұмытып, ауыр ойдың жетегінде сылбыр жүріспен үйіне келді.

Өкінішке орай Ырысгүлдің егіз ұлдары көп тұрмады. Келініне жеңіл болсын деп әжесі Қасенді бағатын, Құсенін Ырысгүл өзі қарайтын. Суық тиіп жөтеліп жүрген Қасенге әжесі үлкендерге арналған жөтелдің дәрісін тезірек жазылуына себеп болуын қалап, ешкімнен сұрамастан баланы емдегісі келген. Аузын ашпай, ішкісі келмеген кішкентай Қасенге әже емізігі бар шыныға дәріні құйып ішкізіп жіберіпті. Бала сәлден кейін аузынан ақ көбік шығара бастайды. Денесі дірілдеп, көзі аларып кеткен баланың аузына жанталасқан Сәтен әже сүт құйғанда, баланың ішіне бармай-ақ сүт ірімтіктеніп аузынан шығып жатыпты. Есі шыққан әже немерісінің жансыз денесін ұстап, сілейіп, отырып қалды. Қасенінен білместігінен айырылған өкініш өзегін өртеп тірі өлік болып жүрген әжені Ырысгүлдің басу айтқаны қайғысын жеңілдетпеді.

Нәрестелердің кіндігін кескен әйел екеуінің кіндіктері бір екенін айтқан. Мұндай жағдайда егіздердің өмірден кетулерінің арасы көпке ұзамайды деген жорамал бар. Айтқандай Қасен шетінегеннен кейін, жеті ай өткенде Құсен ауырып ол да шетінеді. Ырысгүл егіз балалы болған бақытынан көре алмағандарға қуаныш әкеліп, ұлдарынан айырылды. Қасені мен Құсенімен өткізген бақытты күндері көзді ашып-жұмғандай уақытта жоқ болды. Егіз екі ұлының өлімін әжесінің түнімен төңбекшіп уһлеуі, күндіз қабағы ашылмай түнеріп жүруі ұмыттырмайтын, өзін өте кінәлі сезінетін әженің қайғысына енді Ырысгүл ортақтасып, көп уақытқа дейін үй-іші уайым-қайғымен жүріп жатты.

Әжесі екеуінің қайғысын Ырысгүлдің жұмысқа тұруы ұмыттырғандай болды. Нанның кезегіндегі батыл келіншек есінде қалған Сарыбаев Әубәкірмен танысып, Ырысгүлді асхана жұмысына шақырды. Асханаға әртүрлі жұмыс атқару үшін орналасқан Ырысгүлге тек аға аспазшы ғана тапсырма беруі керек болатын. Соған қарамастан асхананың басқа жұмыскерлері әртүрлі жұмысқа жұмсай береді. Күнде сойылған малдың ішек-қарынын аршу, басын үйту Ырысгүлге ысырылды. Бұрын осы жұмысты атқарғысы келмей бір-біріне сілтейтін асхана жұмыскерлері мұндай ауыр жұмыстан құтылғандарына мәз болып, Ырысгүлдің арқасынан қағып: "Хорошая маржа, исполнительная" дейтін болды.

Бұлардың неге мәз болып, қуанып жүргендерінен бейхабар Ырысгүл тілдерін түсінбегендігінен өзіне тиесілі жұмыстың мөлшерін білмей, кім жұмсаса сол жұмысты атқарып жүре берді. Көп ұзамай Ырысгүлге асхананың жұмысы ұзақты күнге бітпейтіндей көрінді. Таңертең ертемен жұмыс басталғаннан кеткенге дейін тізе бүгіп дем алмай, үйге қатты шаршап қайтатын. Бас аспазшы Ырысгүлдің жұмысына ырза болып, сойған малдың басын, сирақтарын, ішек-қарынын, өкпе-бауырын керегінше алуына ұлықсат етті. Сумкасындағы күнделікті табысын әжесіне беруге ғана шамасы келіп, тамақ ішуге әлі жоқ Ырысгүл төсекке құлайтын. Әжесі күнде келінінің әкелгендерін үлгертумен әлек болып, жер-ошақтың басында күйбеңдеп жүруі көбейіп, ол да шаршап төсегіне әзер жетіп жүрді. Ырысгүлдің әкелгендерін абысындарына беруді де ұмытпай, келінінің табысын мақтан тұтып, әрі осындай қысылтаяң уақытта мына жұмысқа орналасқанына қуанып жүр.

Күнделікті тамақ әкелгені пайдалы болса да, жұмыстан өте шаршап келетін Ырысгүл бірде жұмыстан шыққысы келетінін айтқанда, күнімен жер-ошақтың басында күйбеңдеп шаршап жүретін әжесі Ырысгүлдің жұмыстан кетуін қош көрмеді. Асхана жұмыскерлерінің арқасынан қағып: "Хорошая маржа, ты, Рая!" сияқты күнде айтатын мақтаулары әсер етпей, әжесінің қарсы болғанына қарамастан, қыс айларында сойылған малдың ішек-қарынын суық сумен жуып тазалағанда қолы қатты шаншып ауырып, қыстың аязды бір күні жұмысқа бармай қалды. Ешқандай үгіт әсер етпеген Ырысгүл бір жыл істеп, асхана жұмысымен қоштасты. Оның бұрынғыдай қолы босап, жүдеп кеткен түрі оңалып қалпына келе бастады.

Келінінің пайдалы жұмыстан шыққанына ырза болмаған Сәтен әже томаға - тұйық үндемей жүрген. Әжесінің өзін шақыртып бала жібергеніне қуанған Ырысгүл атасының үйінен өзбекстандағы қайынағасын көріп, жеңешесінің қал-жағдайына қанып, туыстар әңгіме барысымен біраз отырды. Осы жағдай әже екеуінің араларында болған салқындықты орнына келтіргендей, қайынағасына арналған қонағасыға көмектесіп Ырысгүл үйіне қуанып келді.

Қайынағасының алыс жолға шығуының басты себебі, Өзбекстан мемлекеті бұрынғы тұрған мекен-жайы туралы анықтама талап етіпті. Керекті анықтаманы үлкен ұлына Молдабек ата өзі әкеліп беретінін айтып, аудан орталығына бару үшін тездетіп жолға шықты. Анықтаманы алып, қайтар жолда қатты боран соғып адасқан ата қыс бойы табылмай, көктем шыға сүйегі табылған Молдабек ақсақалды өмірінің ақыры осылай болғанын мойындап, жаратушының құдыретіне қарсы келер амалы жоқ шарасыз ұрпағы қатты қайғырып жерледі. Қайран әке!.. Ұлына керек болған бір жапырақ қағаз үшін өмірімен біржола қоштасты.

Келген жұмыстарын бітіріп, қайтуға дайындалған қайынағасы әкететін жүгі көп болып, інісінен үлкен ұлын өзімен бірге жіберуін сұрады. Қайынағасы баланы ол жақта өрік-мейіз көп, күні-түні жеміс жейтінін айтып, желіктіріп қойыпты. Жас бала соған еліктеп, алыстағы таныс емес елге баруды қызық көріп барғысы келіп жүрді.

Ұлының тілегі мен отағасы өтініші Ырысгүлді баласын жолға дайындауға мәжбүр етті. Жас ана баласының болашағын ойлаған жоқ. Өкінішке орай жаңа өсіп келе жатқан бала туған ата-анадан жырақта болса, өсу жолында көп кемшіліктерге орын берілетіні, ұлы үйіне оралғанда ғана түсінді. Кішкентай кезінде немере ағасы мылтық кезеп қорқытып тұрғанын көріп еді, содан кейін баласының аздап тұтығып сөйлейтінін байқаған. Сол кемшілік өте ұлғайып, бойы да өспей қалған ұлына жасаған қателігінің ащы нәтижесін енді, өмірі түзете алмайтынын қатты өкінішпен түсінді.

Баласының кеткеніне бес-алты ай шамасы өтті. Ойсыз жастық ұлының жоқтығына тез үйрентті. Ұлын жібергеннен кейін, жан-ұясындағы адам санының өзгерісін аудан орталығына хабарлау міндет болатын. Сол міндетті орындауға Ырысгүлдің өзі барғысы келіп, өзіне қонымды белі қынай тігілген ақ көйлегін, әртүрлі жіптермен кестеленген жасыл бешпентін киіп, аяғына қонышы балтырымен балтыр болып тұратын көнелеу бәтеңкесін сүртіп, жолға шығуға дайындалды. Өзіне ұнайтын осы биік өкшелі бәтеңкесін киіп жатып, қуанышты көңілі ағаш тақтай төселген еденде жүргенде тықылдаған дыбыс шығаратын аяқ киіміне сүйсіне қарады. Сол өзіне ұнайтын дыбысты естуге асыққан Ырысгүл, ауданға баратын автобус аялдамасына тезірек жету үшін, асыға үйден шықты. Автобустан түсіп, аудан орталығы орналасқан бір қабатты, ұзын дәліз бойы қарама-қарсы көп есіктері бар үйге келіп, тақтай еденмен жүргенде аяғын сәндеп басып, басқан сайын тықылдаған дыбысты естіп, мәз болды. Дыбыс құлағына жағымды естілгені сондай, өзіне-өзі ырза болып, аудан орталығына келгенде ғана сезінетін бақыттың ұзақ болуын қалап, ұзын дәліздің ағаш төселген еденінде көп жүрді. Орталыққа келген басты жұмысы еденді тықылдатып жүруге келгенін өзі де сезбейтін жаны өте жас келіншек үйінен шыққанда армандаған ойын орындап, қайта-қайта оңды-солды жүріп, ұлын тізімнен шығарып, үйіне қайту үшін автобустар тұрағына келді.

Ауданнан автобуспен келе жатқанда, біреулердің конкурс жөнінде айтып отырғаны ойынан кетпеді. Конкурс деген сөзді түсінбесе де, қызықты жаңалық екеніне шүбә жоқ. Қазір халықтың әл-ауқаты жақсарып, мемлекет тарапынан әртүрлі байқаулар болып тұратын. Жарияланған конкурс шаш сайысы екені белгілі болғанда, Ырысгүлдің шашының ұзындығы мен қалыңдығын білетін қимас абысындары оны осы сайысқа қатысуына көндірді. Шашын жақсылап жуып, бұрымдарын келістіре өріп, Ырысгүл конкурс болып жатқан жерге келді. Қызықтап қарап тұрған көпшіліктің ішінде Ырысгүлдің шашының ұзындығын білетіндер оны алға қарай итермелеп жатыр. Байқау шартын түсіндіріп тұрған жүргізуші жігіт Ырысгүлдің шашына көзі түсіп, шаш иесін мінбеге шақырды. Табиғат сыйлаған жетістікті мақтан тұтуға ұялатын қазақ әйелдерінің бірі - Ырысгүл ұйымдастырылған шаш сайысына өзі келсе де, мінбеге шығуға жүрексініп кідіріп қалды. Таныстарының қолдауымен сахнаға әзер көтеріліп, енді шынымен қысылып тұр. Жанына тез келген көмекші қыз Ырысгүлді шымылдықтың ішіне шақырып, бұрымын тарқатып, шашының ұзындығы мен ауырлығын өлшеді. Конкурска қатысатын үміткерлер саны баршылық. Үміткерлердің бәрін тексеріп болғанша біраз уақыт кетті. Сахнаның төр жағында тұрған қызыл мата жабылған стол мен үш орындықтарға екі әйел мен бір ер кісі келіп отырды. Жүргізуші жігіт қолындағы сайысқа қатысушылардың мәліметі жазылған қағазды сарапшылардың алдына қойып, үміткерлерді сахнаға шақырды. Тізіле шымылдықтан шыққан үміткерлерлердің құрметіне арналып домбыра оркестрімен орындалған күй қосыла естілді. Жүргізуші жігіт жиналған халықты сахнадағы сайысқа қатысуға келген қыз-келіншектерді құрметтеп қол шапалақтап қарсы алуға шақырды. Тұрғандар жігіт сөзін жандандыра қолдарын соғып, сайысқа қатысқандарды қошаметпен қарсы алды.

Сарапшылар шаштары туралы мәліметі бар қағаздарымен әрбір үміткердің жанына келіп шаштарын тексеріп өтті.

Қорытындыны күтіп өзді-өзі пікір алысып тұрғандарға жүргізуші жігіт сараптама қорытындысы дайын болғанын хабарлап, сарапшы тобына сөз берді. Сараптама төрайымы қорытындыны айтпас бұрын бүгінгі сайыстың мәніне тоқталып:

- Арамызда алуан түрлі: қара, қоңыр, қолаң, сұлу, сүмбіл ұзын шаш иелері біреуімізге - ана, апа, жеңге болса, біреуімізге - қарындас, сіңілі, қайынсіңілі, құрбымыз немесе досымыз. Табиғаттың біздің халыққа берген сиының дәлелі - алдарыңызда тұрған мақтанарлық шаш иелері. Халық арасында айтылатын "шашы ұзын, ақылы қысқа" мақалы бір негізге сүйеніп айтылса да, осындай ерекше шаш иелері біздің болашақ ұрпағымыздың аналары екенін айтпауға болмас. Енді, міне бүгінгі конкурстың қорытындысын хабарлайтын уақыт келді,.. Төрайым қолындағы қағазға көз тастады. Жиналғандар манадан бері жай сөйлесіп тұр еді, енді бәрі тым-тырыс. Хабарды үміткерлер, олардың жанашырлары толғаныспен күтсе, жалпы жиналған халық кім бірінші орынға ие болатынын білгісі келген қызығушылықпен күтіп тұр. Төрайым маңызды хабарды салтанатпен жеткізу мақсатымен:

- Бүгінгі сайыстың жүлдегерлері... - деп үндемей тұрып қалды. Халықты қызықтыра, үміткерлерді қобалжыта күттіргені байқалып тұр. Қанша минут осы жағдайды созғысы келгенімен, өзіне де жеңімпаздарды хабарлау ұнайтынын білдіре қуанышты дауысын соза түсіп:

- Бірінші орынның жүлдегері -Зульфия татар ұлтының қызы шашының ұзындығы үшін. Екінші орында - Ырысгүл қазақ ұлтының қызы шашының ұзындығы бірінші орын жүлдегерінен 5 см ғана қысқа, шашының ауырлығы артық. Ырысгүлдің шашының қалыңдығы мен түсіне, салмағына шаштың ерекшелігіне тоқтала кеткенім жөн. Нағыз сұлу, қара сүмбіл әр талы жылқының жылтыраған қылындай ірі, бұрым жуандығы біркелкі шаш иесісі бірінші орынға ие болуы керек еді, алайда конкурстың басты талабы шаштың ерекшеліктері емес, ұзындығы болғандықтан басқа жетістіктер есепке алынбады. Үшінші орынды иеленген жеңімпаз... төрайымның дауысы Ырысгүлдің жанына келіп оны құшақтап, мінбеден еріксіз түсіріп шулағандардың дауысынан естілмей кетті. Абысындары Ырысгүлді ортаға алып, бір-бірін тыңдамай шулап:

- Бүгін үйіңе барамыз етіңді асып, шайыңды қайната бер. Егер үйіңде ет жоқ болса, алғашқы туған жас қозыңды сойсаң біз қарсы емеспіз, - деп әзілдеп жатыр. Қуанышты жаңалығын әжесіне жеткізуге асыққан Ырысгүлді абысындары қоршап жіберер емес. Өзімен бірге қуанған абысын, қайынсіңілдерінен әзер сытылып, үйіне қарай қаттырақ жүрген Ырысгүлге артынан жүгірген көмекші қыз өзіне арналған сыйлықты алмай кеткен жеңімпазға зілсіз ескерту айтып, тиесілі сыйлығын әкеліп берді. Қыздан ырзалықпен сыйлығын алып, Ақжібек абысыны мен туыстығы жөнінде алысырақ Раушан қайынсіңілісі дос қыздарымен кетіп бара жатқан топты қуып жетті. Ақжібек қуаныштан беті гүлдей жайнап келе жатқан Ырысгүлге қарап:

- Шаштың ұзындығына ғана мән берілуі керек болса, басқа ерекшелікке тоқталған әйелді түсінбедім - деп жаңалық ашқандай маңыздана айтқан өзінің осы пікіріне мұрнының жанындағы үлкен томпақ қоңыр түсті меңіне дейін жайыла ырза болған Ақжібектің басындағы жаулығынан шығып тұрған жіп-жіңішке иығына әзер жететін түсі солғын екі бұрымына көзі түскен Ырысгүл:

- А... иә, сенің сұлу шашың мен тоқпақтай бұрымыңды білетіндер неге үндемей қалғанын, сайыс жүргізген жігіт пен көмекші қыз шашыңның ерекшелігін қалай байқамағандарын мен де түсінбедім?

Жеңгесінің өткір жауабына ырза болған Раушанның қатты сыңғырлаған күлкісіне жанындағы дос қыздарының күлкісі қосылғанда, қарсы келе жатқандар бұларға үнемі назар аударумен болды. Жиналған абысындарының арасынан балтыры балғадай аяғын асықпай қозғап, баппен жүретін Ақжібектің бұл жолы тез кетіп қалғаны, оның көре алмаған болмысын дәлелдеді.

Үйге келе қуанышты жаңалығын асыға айтқан келінін салғырт тыңдаған әжесінің, дәл өзі сияқты қуанып тұрмағанын сезген Ырысгүлдің көңілі басыла қалды. Келінінің көңіл-күйін сезген әже:

- Біз бұрынғының адамдарымыз ғой, шаштың ұзындығын сайысқа түсіру біз үшін тосын жаңалық, мән бермегенім сондықтан болар,- ақталған әженің өзінің қуанышын салқын қабылдағаны, тасыған көңіліне су себілгендей әсерді сезіндірді. Енді әкелген сыйлығын бермегені есіне түсіп, ішінде шай мен қант салынған қалтаны әжесінің алдына қойды. Шайды көрген әженің боздау түрі қуаныштан нұрланып сала берді.

- Қалай жақсы болған, мынау нағыз үнді шайы ғой. Бұл шайды шашыңның ұзындығына бергені ме? Сонда сенің шашың бәрінен ұзын болғаны ма? - қуанған әже сұрақ бере қалтаның ішіне үңіліп жатыр. Келінінің екінші орынға ие болған жаңалығын тіпті естімеген сияқты. Ырысгүл өзіне берілген мақтау қағазын әжесіне ұсынғанда, қағазды қолына ала бере, келіні әкелген қалтадан шайдан басқа шақпақ қантты көріп, әкесі тіріліп келгендей қуанған әженің көңіл-күйі, өкпелеп тұрған Ырысгүлді күлдіріп жіберді. Күліп тұрып өзінен жауап күтіп отырған әжесіне түсіндіріп:

- Бірінші орынды мен емес, бір татар әйелі иеленді. Екінші орында мен, үшінші орын алған әйелдің кім екенін білмеймін, жаныма келіп мені құттықтаған абысындарымның шуылынан естімедім, - деген Ырысгүлдің жаңалығына әжесі келінінің марапатталғанына емес, шай мен қантқа қуанып мәз болып:

- Ырысгүл, сен «Мәскеуский» дүкенге барып кешегі мен айтқан керек-жарақты тез алып кел, ал мен шелпек пісіріп мына сен әкелген шай мен қантты салып абысындарымды шақырайын, - деп орнынан тез тұра алмайтын әже осы жолы шапшаң тұрып далаға беттеді. Әжесінің бұл ойын құптаған Ырысгүл өзінің абысындарын да шақырмаса құтылмайтынын білгендіктен, әжесінің балаша қуанғанына күліп, қолына азық салатын қалтаны алып дүкенге келді. Бұл жердегі «Московский» деп аталатын дүкенге кірген бетте даладан кіретін есікке қарсы баған бар. Бағанның сыртқы есікке қарсы жақ бетіне үлкен айна ілінген. Сол айнаға қарап сөйлеп тұрған Батсайы әжені көріп, сәлемдесу үшін жақындаған Ырысгүл, әженің сөзін естіп кідіріп қалды.

- Мәтерия-ау, қашан келгенсің? Үй-ішің аман ба? Келетініңді білмедім. Қазір үйге барам, сен келгенше жетермін, - дегенін естіді. Айнадағы кимешегінің үстіне ақ жаулықты келістіре байлаған сымбатты әже де басын изеп, аузын жыбырлатып жауап беріп тұрған сияқты. Айна өзін көрсетіп тұрғанын сезбеген Батсайы әже тез бұрылып дүкеннен шығуға асықты. Асықпай қайтсын, сіңілісі Мәтерия келгенше, үйіне жетуі керек! Дене бітімі мен бет ажары өте келісті, бәйбішеге лайық киімдері қосымша әдемілік беріп, шапшаң жүріспен сіңілісін күтіп алуға асыға шығып бара жатқан Батсайы әженің мол денесіне Ырысгүл сүйсіне көз тастады. Назардан тыс қалмайтын жаңағы аңқаулығына қосымша, бірде өзінің осы әженің үйіне барғандағы бір жай есіне түскенде еріксіз тағы күліп, дүкеннің азық-түлік бөліміне беттеді. Дүкеннен керегін алып, үйіне келе жатып есіне Батсайы әженің жаңа айнадан өз бейнесін танымағанын қызықтап күлсе, есіне түскен уақиға тіпті қызық еді.

Өткен күндердің бірінде өзінің әжесінің тапсырмасын орындау үшін осы Батсайы әженің үйіне келді. Есікті ашып үйге кіре бергенде:

- Қолыңдағы іш киім қатынның дамбалы ғой, оны менің жуатын кірлеріме араластырма, - деген сөздерді естіп, үйге кірген Ырысгүл Батсайы әженің екі немерелеріне айтып жатқан қатаң ескертуінің үстінен түсті. От көсейтін көсеудің басына іліп алған іш киімді оңды-солды сермеп жүрген ұл бала тетелес інісінен қашып, екеуі бір-бірін қуалап жүр екен. Әже сөзін қайталап:

- Таста дедім ғой қатынның дамбалын, дәрет алмайды менің жуылатын киімдеріме қоспа, - деді нықтап. Көсеудің басына шешесінің іш-киімін іліп алып оңды-солды сермеп жүрген әженің үлкен немересі:

- Иә, қазір тастаймын, - деп қаттырақ сермеп қалғанда, пештің үстіндегі жаңа ғана піскен қазан толы қақпақсыз сүтке іш киім түсті де кетті. Батсайы әженің сондағы түрінен адам шошитын еді. Ашудан түсі өзгерген әже сөйлей алмай булығып қалды. Әжесінен қатты қорыққан үлкен немересі Болысбек қозғалыссыз тұр. Ал, кішісі Асылбек іш киімді сүтін сорғалатып қазаннан алып, әжесіне көзін алмай қарады. Әже тұра келіп ілулі тұрған қамшыны ала бергенде, үлкені бір-екі аттап есікке жетті, кішісі ішкиімнен аққан сүттен жол салып ағасының артынан есікке жүгірді. Немерелерін қууға ыңғайланған әжені жалынып әзер тоқтатқан Ырысгүл әжеге қымыз құйып, өзі де қымыз құйып алып, үнсіз әрқайсысы бір-біріне қарамай қымыздарын ақырын ішіп отырды. Ойындағысын іркілмей айтатын Ырысгүл осы жолы, бірнәрсе айтуға батпай көзімен үйдің ішін жәй ғана шолып отыр. Батсайы әженің ойы Ырысгүл үшін жұмбақ болып, ол жаққа қарауға жүрексініп ыдысындағы қымызды орталап ішкенде, жаңа ғана болған әженің екі немересінің істері есіне түсіп, еріксіз күліп жіберді. Батсайы әже де балалардың ойынын көзіне елестеткендей Ырыскүлге күле қарады. Енді, екеуі ішектері қатқанша тоқтай алмай күлкіге ерік берді.

Міне, жолда Батсайы әжеге байланысты қызық оқиға туралы ойлап дүкеннен келсе, әжесі өмірге келген жас нәрестенің тойына баруға өзін күтіп тұр екен. Абысындарын шайға ертең шақыратынын айтып, кетерінде келінінің де шақырылғанын, көп кешікпей тойға келуін ескертті.

Тойдан қайтып келе жатқан әйелдердің әңгімелері жарасып ой-пікірлерін ортаға салып, жас нәрестеге қойылған есім де әңгіме болды. Ата-анасы өмірге келген үшінші ұлдарының атын "Союз" деп қойыпты. Алдыңғы екеуінің есімдері "Герой", "Совет" екенін естіген әйелдердің біреуі:

- Қазір қазақтар Совет өкіметінің сөздерін баланың есімі ретінде пайдаланып жүр ғой. Мысалы: Октябрь, Пионер, Мелс (МЭЛС - Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин) тағы басқа осы сияқты қойылған есімдерді құптамайтынын сөз етіп, келе жатқандарға ой салды. Үйлеріне келіп қалғандары ойларын айтуға үлгермей, пікірлерін келесі кездесуге қалдырып, амалсыздан үйлеріне тарады.

Ертеңіне болған уақиға Ырысгүлдің күнделікті өмірінің көбі қызықты аяқталатынының дәлелі еді. Шаруасымен кетіп бара жатқан Ырысгүлді аздап сақаулау дауысты, масаң ер адамның айтқан өлеңі кідіртті. Шешесімен ғана тұратын Жандарбек қайынысының өлеңін тыңдау Ырысгүлге және оның дос абысындарына таңсық емес еді. Жандарбектің арақ ішіп мас болғанда өлең айтқанын біреуі естіп қалса, әрқашан бірге жүретін абысындар қалғандарын шақырып терезесінен қарап қызықтап, күлкіден өздерін тоқтата алмайтын. Жандарбек күліп тұрған жеңгелерін көрсе, далаға шығып қашып бара жатқан жеңгелерінің артынан жұмырығын түйе құлаққа жағымсыз сөздерін айтып, жерден тас алып лақтыратын. Жеңгелерін қуа түсіп, алысқа ұзап кеткендерін көріп, үйіне кіріп бастап ішкен шөлмегінен тағы стаканға құйып алып, арақты судай сіміре әнін қайтадан жалғастыратын. Бұл жолы Жандарбектің бұрын айтпаған өлеңін естіп, абысындарын шақыруға бара алмай тұрып қалды. Терезеден көз салған Ырысгүл үйінің ортасында малдасын құрып көзін жұмып, екі қолымен екі тізесін ұстап отырған Жандарбектің:

- Е-е-ей,

Жігіттер қатын алады екен-а-а-у,

Одан бала туады екен-а-а-у,

Туған балаға молдалар,

Әлқәм-шәлқамын айтып,

Оның атын қояды екен-а-а-у!..

дауысын созып ышқына басын шайқап-шайқап, көзін жұмып өлеңін айтып отырғанын көрді. Жігіттің мына отырысын кідіре тыңдаған Ырысгүл арақпен жолдас болып, үйленбей жүрген Жандарбектің келешегі туралы бірінші рет ойланды. "Жандарбек үйленсе, арақ ішуін қойып қатардағы үй болып кетуі де мүмкін." Осы үмітті ой кенет басына келе қалған Ырысгүлдің ойын құдай естігендей, көп ұзамай Жандарбектің үйленгені туралы хабар оны білетіндердің бәрін елең еткізді. Өйткені бұл жаңалықтың өзіндік себебі бар болатын. Жандарбекке тұрмысқа шыққан қыз туралы таңданыс қай-қайсысының болса да білгілері келетін пендешілік ойларымен ұштасып, күні бойғы жұрттың әңгімесі осы төңіректе болды.

- Кімнің қызы, руы кім? Жандарбекке қалай тұрмысқа шықты, демек кембағал болғаны ғой, әйтпесе... Жандарбек туралы қыздың ата-анасы, қыздың өзі білмеген деген біржақты жорамал айтылуда. Қыздың ата-анасымен келіс сөз барысында Құндақбайдың Әбдірінің көмегі болғанын естігендер тезірек Әбдірді көріп, қыз туралы жаңалықты өз аузынан естуді жөн көріп, іштей ой түйді.

Енді, кешке келін түсу шілдеханасына барамыз деген қуанышты ой бәрін де баурап алды. Бұл ерекше шілдехана болғандықтан кеш болуын бәрі асыға күтуде. Ал, осы елдің жас әйелдері кешкі шілдеханаға дайындық жасауға Жазира әженің үйіне ынтамен келіп ертеңгі той, бүгінгі кешкі шілдехананың дайындығына білек сыбана кірісіп кетті. Басқа тойларға бәрі дәл бұлай құлшына кіріспеген еді. Ырысгүл де қуанып, асығып келсе, бұдан бұрын келген абысындары біреуі бауырсақтарды кесіп дайындап, біреуі пісіріп, басқалары жаңа сойылған малдың ішек-қарынын аршып, пісірілетін етті үлкен қазанға салып, астына от жағып қызу жұмыс үстінде екен.

Ырысгүл келе ең әуелі жас келінді көргісі келіп, абысындарымен амандасып үйге кіруге асықты. Келінді көруге үйге кірген Ырысгүлге Жандарбектің жақын жеңгелері көрімдік бермесе келіндерін көрсетпейтінін ескертіп, жарасымды әзілмен жас келінді көрсету үшін шымылдыққа жақындады. Құрулы тұрған шымылдық ашыла бастағанда жас келін орнынан тұрды. Өзін көруге келген Ырысгүлге ме, әлде бұрын келгендердің бәрін осылай қарсы алды ма, қалай болғанда әйтеуір, келіннің тұрғанын өзіне ілтипат деп түсінген Ырысгүл жас келіннің қолын қаттырақ қысып, ырза болғанын білдірді. Сол кезде көзін төмен салып тұрған келін күлімдеп Ырысгүлге қарады. Үнсіз бір-біріне деген жылылық лебін сезген екі әйел бірі шымылдықтың ішінде қалып, екіншісі далаға шығып өзімен қатар құрбыларымен бірге қызу жұмысқа кірісті. Жандарбектің үйі талай жылдар бойы азып-тозып кеткенін, Жазира әженің кәріліктен шамасы келмегенін түсінген әйелдер ыдыс-аяқ тапшылығын үйлерінен әкеліп, тойға қызу дайындалып жатыр.

Жандарбекті көргісі келіп, іздегендердің сұрағына жауап бергендей Жандарбек те келе қалды. Жеңгелері қайынысын ортаға алып, көрмегендері құтты болсын айтып жатыр. Жеңгелерінің ойын сөздеріне орай жауап беріп тұрған Жандарбек кенет жан-жағына қарап:

- Ағайша қайда? - сұрақ қойған дауысынан, түрінен шын мазасызданғаны көрініп тұр. Енді жан-жағындағы шуылға, жеңгелерінің айтып жатқан сөздеріне мән берер емес. Жандарбектің мінезінің мына өзгерісін байқаған Ырысгүл жас келіннің шымылдық ішінде отыру міндетін түсіндіре айтты, оның көңілін жайландыруға тырысқан ниетпен.

Өңі өзгере қалған Жандарбек шулаған жеңгелерінің ортасынан сытыла шығып Ырысгүлге жақындай келе сыбырлап:

- Өзіне тамақ бердіңдер ме? Алуға барғанымыздан бастап жылай берді. Түк тамақ ішкен жоқ, тап бір мен өлтіруге алып кететіндей.

Ырысгүл Жандарбекке қулана қарап:

- Ағайша тамақ ішкен жоқ. Жаңа түскен келін үш күнге дейін келген жерінде тамақ ішпеуі керек.

Ырысгүлдің айтқан мына мәліметі Жандарбекке қатты әсер етті. От басып алғандай, оған үрейлене төніп:

- Не дейсі-і-ің?! Тамақ ішпегені қалай? Аштан өлтіресіңдер! - деп жан-жағына тамақ іздегендей қарап, көзі пісіріліп жатқан бауырсаққа түскенде шарадан қолын күйдіре ыстық бауырсақтан уыстап алып үйге асықты. Жандарбектің талай қызықтарын көрген жеңгелері мына қызықтан да құр қалғысы келмей, бәрі дереу соңынан жүгіре үйге кірді. Жандарбек құрулы тұрған шымылдықты ашып жіберіп орамалын көзіне түсіріңкіре байлап төмен қарап отырған Ағайшаның алдына торсиған ыстық бауырсақтарды шашып жіберіп:

- Жеп ал, мыналардың сөзін тыңдама! Жаңа түскен келіншек үш күн тамақ ішпеуі керек дейді. Бұларды тыңдасаң аштан өлесің, - деп күлкіден ішектері қатқан жеңгелеріне бұйыра сөйлеп:

- Шымылдықтан шығыңдар, тезірек біреуің Ағайшаға ыстық сорпа әкеліп беріңдер, - деп жеңгелерін итермелеп үйден шығарып жатыр.

Төмен қарап қимылсыз отырған жас келін Жандарбектің осы ісіне қарап, жүрегі пәк, жаны таза жігітті көріп, көңілі орнына түскен шығар деген оймен Ырысгүл абысындарымен далаға шықты. Сол кезде бәрінің ойына бір-ақ ой келгені анық. Өздерінің ерлері әйеліне қамқорлығын сырт көзден жасыруға тырысса, Жандарбек әйеліне жаны ашыр ойын дауыстап айтты. Ырза болған әйелдер Жандарбектің тәуелсіз пікірін келешекте ерлерінің естігендерін армандап, от басындағы жұмыстарын жалғастырды.

Көп ұзамай үйінен шыққан Жандарбек ұмытып кеткенін айтып, қалтасынан алюминийден жасалған қасықтар мен шанышқыларды алып жақын тұрған бір жеңгесіне берді.

- Бүгін жұмыста түскі тамақты асханадан ішіп отырып, үйде ыдыс тапшы екені есіме түсіп асханадан ұрлап әкеттім, - дегенде естіп тұрған әйелдер көздеріне жас алғандарын байқамай қалды.

Той жабдығының жұмыстары бір жайлы болған соң, үйіне қайтып келе жатқан Ырысгүл манағы Жандарбектің екі жұмысын ой елегінен өткізді. Бір күнде мінезінде өзгеріс болғанын, күнде бүгінгідей жанұясына қамқорлық жасаса, жаңа шаңырақтың берік болуына үміттенуге болар деген ойға келді. Шанышқылар мен қасықтарды ұрлағанын дәл қазіргі жағдайға байланыстырып, Жандарбекті іштей ақтап жатыр. Осындай ойлар біразының басында болғанымен, көпшілік Жандарбектің үйленуін болашағы жоқ мәселеге балады.

Бірақ, Ағайша талай қиындық көрсе де шыдап, арамдығы жоқ ақкөңіл Жандарбекпен өмір сүрді. Тек қана араққа тәуелсіздігін қойғыза алмаған соң, Жандарбектің айлық табысын бастығының ұлықсатымен өзі барып алатын болды. Айлық табысын алған сайын Жандарбекке бір шөлмек арақ алып беріп, қалған ақшаға тамақ, балаларына киім-кешек, тұтынуға керекті заттар алып қойып Жандарбек ақша сұраса, алған заттарын көрсетіп құтылатын. Азып-тозған үйде салып жататын төсектің тапшылығын Ағайша жас шөпті кептіріп, әбден кепкен шөптен жастық пен жатынтөсек жасап уақытша пайдаланды. Келе-келе жас Ағайша бір үйдің барлық тауқыметін көтеретін де, шешетін де өзі болды. Ысылып, пысып он бала өсіріп, қыздарын ұзатып, ұлын үйлендіріп, ұзатылу, үйлену тойларында болатын кәде-жораларын жасап, Жандарбекті бір үйдің иесісі жасады. Ақылды әйелдің арқасында Жандарбек әке, ата атағына ие болды. Осы жан-ұяны жиі есіне алып, тағы сол туралы ойлап келе жатқан Ырысгүлді артынан қаттырақ жүріспен қуып жеткен Жандарбек ауырып дәрігерден келе жатқанын, емнің өте қиын түрін алып қатты қиналғанын Ырысгүлге шағынып, айтқанын дәлелдеу үшін жейдесін көтеріп арқасындағы қызғылт-көгілдір, қарайыңқыраған көк түсті және қап-қара болған медициналық банкілердің дөңгелек іздерін көрсетті. Емнің мұндай түрін өмірі көрмеген Ырысгүл Жандарбекті аяп, ауруының шын қатты екеніне көзі жеткендей күрсінді. Ал, Жандарбек Ырысгүлден оза бұрын өзіне күлетін жеңгесін қатырғанына мәз болып, қаттырақ адымдап жанынан ұзай берді.

Сәтен әже Әбен баласының от-басына егіз ұлдарынан кейін 1950 жылы өмірге келген кішкентай қызға көңілі толмай жүрді. Арыстай екі ұл Қасен, Құсен немерелерін алып, орнына алла нәзік қыз берді деген ішкі ойын келініне дауыстап айтып қалған әжесін сергітуге тырысқан Ырысгүл, есімі ерекше "Жауһаз" қызын әжесінің қолына ұстатты. Жас нәрестеге қарап отырған әжеге құдайдың бергенін ырзалықпен қабылдауды күле сөйлей ескертіп, айтарын барынша әзілмен жеткізді.

Ырысгүлдің балалары өсіп, қолқанат болып көмекшілер көбейген сайын бос уақыт та көбейіп, үй тірлігін тезірек істеп, абысындарымен әңгімелесіп аузының дәмін алып келгісі келетін өтініші әжесіне жиі айтылатын. Сондай күндердің бірінде абысындарымен бірге болып, көтеріңкі көңілмен үйіне келген Ырысгүл жуу үшін жинап қойған кір киімдерге көзі түсті. От жағып, су ысытып қазір тездетіп жумаса, бұдан да көбейіп кететіні белгілі. Бұрын кір киімдерді аз-аздап жиі жуатын әдеті өзгеріп, осы жолы жиналып қалғаны ұнамай іске кірісті. Көктемнің алғашқы күндері болғандықтан, қыстың қалған ызғары жерде сақталып, астына салған қалың көрпешеден жамбасынан сыз өткенін сезінгенімен, бастаған жұмысын бітіргісі келіп, әрі қарай жалғастыра берді. Жиналып қалған кір киімдерді жуу біраз уақытқа созылды. Аяғы ұйып, қызуы көтерілгенін сезінген Ырысгүл кір киімдердің алғашқы жуылуына көп уақыт кеткенімен, екіншісінде аз уақыт кететін заңдылықты еске алып, тазаланып жуылған киімдерді сабынсыз суда шайқаудың да қиындықсыз тез орындалатынын білетін Ырысгүл алаңдамай бірінші салымды бітірді. Енді жуылған кірдің суын төгу үшін тұруға ұмтылған кезде, зілдей болған аяғын қозгалта алмай отырып қалды. Жамбасынан төмен қарай денесі зіл батпан болып қатып қалыпты. Қанша тұруға әрекеттенсе де, денесін қозғалта алмаған Ырысгүл бой-бой болып терлеп, қорқыныштан жүрегі аттай тулады. Дыбыстап біреуді шақырайын десе, дауысы шықпады. Кір жууды бастағанда астынан суық өткенін байқаса, қазір жансыз денесі ештеңе сезер емес. Қақиып қатып қалған төменгі бел омыртқасы қозғалса сынып кетердей. Қозғала алмай отырғанына өте көп уақыт кеткендей, ешкім келмегені көңілін құлазытып, көзінің жасы тоқтамай ышқына жылады. Тағы дауыстағанда дыбысы шығып, енді бар дауысымен айқайлап көмекке шақырды. Қатты шыққан дауысқа Әубәкір мен үлкен қызы үреймен үйге жүгіріп кірді. Мынадай қиын жағдайды көріп, қызы анасын құшақтай алғанда, Ырысгүл дауысына ерік беріп, шарасыз көңілі қазіргі жағдайын жанталасып айтып жатқандай. Тосын жағдай ашық аспанда болған найзағайдай сабырлы Әубәкірдің ұнжырғасын түсірді. Қызын иығынан ұстап жыламау керектігін көзімен түсіндіріп, оны төсек салуға жіберді. Өзі Ырысгүлді демеп тұрғызғысы келіп қолын ұсынғанда, қозғала алса көмексіз тұратын Ырысгүлінің ренжіген көзқарасынан қатты ұялып, әйелін көтеріп төсекке жатқызды.

Иә, құлындай шауып жүрген Ырысгүл енді, мүгедек болды. Оның мешел болуымен байланысты Әубәкірдің үйінің шаруасы ақсап шыға келді. Туғанына алты ай ғана болған кішкетай нәрестені өсіру, от басына үлкен қиындық әкелді. Үйдің бүкіл тауқыметі қабырғасы қатаймаған үлкен қызына түсті. Жас қыз үй шаруасынан басқа қозғала алмайтын анасын, өте кішкентай сіңілісін бағуына тура келді. Мектептен білім алу үшін күнделікті үй тапсырмасын орындауға уақыты жоқ оқушы қатты қапаланып, күнде жылап жүрді.

Ырысгүлдің емделуі бұл отбасы үшін шешілуі қиын мәселе еді. Үлкен қалада емшектен шықпаған кішкентайымен ауруханада ұзақ жатып емделу орындалмайтын арман болатын. Қарт әжесіне, басқа оқушы балаларына сеніп кішкентай қызын қалдыра алмайды. Үлкен қызы өзінің орнындағы үйінің басты адамы. Отағасы жанұясын асырау үшін жұмыста. Ендеше, бақсы-балгерге көріну үміті ғана қалды.

Халық арасында суық тигеннен болған сырқаттарды ыстықпен емдеу ұғымы бар. Ақыл айтушылардың жаңа сойған ірі қара малдың терісіне түсу туралы ойлары көңілге қонып жылқы сойылып, әдейі киіз үй тігіліп, үйдің ішін қатты қыздыра от жағылды.. Осы емге байланысты жақындардың тілектес болуын қалап, Сәтен әже емге арналып сойылған малдың етінен келетіндердің сыбағасын асып, жақын туыстарға хабар берді. Келген туыстар Ырысгүлді жаңа сойылған жылы теріге орап, үстіне көрпелер жауып, өздері әженің дайындаған асын жеуге кетті.

Ырысгүлдің жаңалаш денесі терінің ішінде одан сайын терлеп, ыстық ащы тер көзіне құйылып, сүртейін десе қолы бос емес болғандықтан, көзін қатты жұмып, көзіне тер құйылмауын қадағалауда. Сонда да көзіне ащы тер аздап болса да барып жатыр. Терінің ішіндегі денесі қозғалып қалса жылпылдап, қиналған Ырысгүл қолайсыз жағдайда емнің осындай түрін қабылдауға мәжбүр болып, шарасыздықтан шыдамы таусылатындай әсерде. Шамалыдан кейін үйдің ішінің ауасы қапырық бола бастады. Үстіндегі көрпені азайтқанын қатты қалап дыбыстап еді, ешкім жауап бермеді. Көзін ашып қарауға көзіне тер құйылып қарай алмады. Енді ыстықты бүкіл денесімен сезінген Ырысгүлдің жүрегі айнып, құсқысы келді. Қалы нашарлағаны сонша, дыбыстауға да шамасы келмей қалды. Бір жұтым суға зар болып, талықсып кеткен Ырысгүл қанша уақыт жатқаны белгісіз,.. әткеншекте тербетіліп тұрғандай, кейде әткеншекпен қатты-қатты айналып жатқандай. Көңіл-күйін біреуі келіп көрмей, тамақ ішіп отырғандарға қатты өкпелеген ойы, жағдайын одан сайын қиындатты.

Талықсып жатқан Ырысгүлдің құлағына екі шыңның арасынан шыққандай күңгірлеген дауыс еміс-еміс естіліп, қалын сұрады. Тілеуқабыл қайнысының дауысын әзер таныған Ырысгүл тап бір қорғаушысы келгендей қуанып, теріден тез шығаруын, жағдайының өте нашарлағанын бар күшін салып үзіп-үзіп әзер айтты. Ырысгүлді тыңдауды дәл қазір қажетсіз санаған Тілеуқабыл жеңгесінің шыдамсыздығын сынап, тез кетуге ыңғайланды. Ең болмаса үстіндегі көрпені азайтуын, су сұраған Ырысгүлдің әлсіз дауысын шығып кеткен Тілеуқабыл естіген де жоқ.

Одан кейін келген кісінің кім екенін айыра алмай, оған әлсіз дауысымен өтінішін қайталап айта бастағанда, сөзін аяғына дейін тыңдағысы келмеген бейтаныс Ырысгүлдің жанына тізерлеп отырып:

- Ем қабылдап жатқанда науқастың барынша қиындықты жеңуге тырысуы, жасалып жатқан емнің нәтижелі болуының кепілі. Аурудан құтылудың негізі - шыдамдылық! Ал, суық су ішу қазіргі жасалып жатқан емге өте қайшы, - келген кісі айтқандарын мейлінше науқастың көңіліне жағындыра сөйлеп, ақырын орнынан тұрып шығып кетті. Өте қиналып жатқан Ырысгүл өзінің жанашыр отағасын танымаған күйі сұлық жатыр.

Ырысгүлдің жағдайы шынымен өте нашарлады. Енді ол бауыры езіліп қанға айналып жатқандай сезінді. Кенет есіктен біреу кіргенін естіді. Қатты айтуға шамасы келмей:

- Кім де болсаң, су бер! - тілегін айтып үлгерген Ырысгүл талықсып кетті. Анасының жағдайы қорқытып, қатты айқайлап жылаған Майраның дауысын өте алыстан еміс-еміс естіген Ырысгүл есін жиып:

- Су бер, тезірек! - деді қызына жалынышты үнмен. Шешесін аяп, өтінішін орындағысы келген Майра үлкендердің ұлықсатынсыз су бере алмай, кідіріп қалды. Көзін аша алмай жатқан Ырысгүл қызының қорқып тұрғанын біліп:

- Суды сен бергеніңді айтпаймын, тезірек су әкел! Қазір бермесең мен өлем!

Қаны қашқан, бет-әлпеті сұп-сұр болған қорқынышты анасының жүзін көріп, қызы жылап үйден шығып кетті. Үлкен сапар кесемен суық суды әкеліп шешесінің аузына тақағанда, талықсып жатқан Ырысгүл ерніне кесе тигенде есін жиып, ішейін десе екі қолы бос емес, әрі жатқандықтан суды іше алмай қиналды. Қызын үстіндегі көрпелерді алуға әзер көндіріп, екі қолын босату үшін біраз күш жұмсады. Енді, босаған қолымен сапар кесені Майраның қолынан тез алғанымен, шалқасынан жатқандықтан суды іше алмай әлек болды. Шешесінің басын көтере алмай желкесіне жастық қойып, қызы кеседегі суды қайта ұсынды. Кесені қаттырақ ұстай алған Ырысгүл үстіне төге бұлақтың тастай суын сіміріп салды. Суық су өзегін тіле, кетіп бара жатқан жердің бәрін емдегендей жаны жай тапты. Су ішіп, үстіндегі зілдей көрпе алынып, анасының көзін жұмып тыныстап жатқанын жамандыққа жорыған қыз зәресі ұшып, тамақ ішіп отырғандарға келіп:

- Апам өліп қалды! - деп айқайлап жылап кірді. Анасының өліміне өзін кінәлі санаған Майраның далада екпетінен жерге жата ышқына өксіп, су бергенін айтып жылаған өкініш сөздеріне ешкім көңіл бөлмей, бәрі естері шығып, киіз үйге жүгірді. Талықсып жатқан Ырысгүлді дереу теріден шығарып, үстіне киімін кигізіп төсекке жатқызғандарын Ырысгүл сезген жоқ. Қатты қорыққан туысқандар Ырысгүлдің тамырының әлсіз де болса соғып тұрғанына көздері жеткенде ғана жүректері орнына түсті. Үй мейлінше ыстық болып, жас теріге оранып көп уақыт жатса суық тиген тамырларға пайдасы зор деп есептегендері дұрыс еместігін, енді әрқайсысы үнсіз түсінді.

Ырысгүл кейін теріге түскен емнің пайдасы болғанын баса айтып жүрді. Егер, қызы суық су бермегенде өліп кету қауыбы да болғанын жасырмады. Алда көретін ұзақ өміріне себеп болып, алла қызын жібергенін айтып, сол жайды қуанышпен жиі еске алатын.

Соғыс уақытындағы нан үшін Қарсақпай кентіне қыста жаяу барып келу, азық-түлік үшін өте ұзақ уақыт кезекте тоңып тұру, аяғына киген жылуы жоқ көн етіктен тоңған аяқтары дүкеннен шығып келе жатқанда көпке дейін аяғында жан жоқтай сезінетіні ізсіз кетпей, Ырысгүл төсекте қозғала алмай жатты. Аяғынан жан кетіп мешел болған жағдайды естігенде, таңданып ойланып қалатын. Енді оның қалай екенін басынан өткізді. Теріге түсу емі үш рет қайталану заңдылығын қоштаған туыстармен келіспей, сол емді қайталауға жүрегі дауаламай-ақ қойды. Көп жатқызбайтындарын айтып, үгіттеген жанашырларына көнбегендіктен, үй-іші басқаша емделудің жолын қарастырды.

Тамыр үзіп емдейтін Арыстан деген тәуіп туралы естіген үй-іші тәуіпті шақырып, науқасты қаратты. Ырысгүлді үзіп емдеуге келіскен тәуіп ем қолданып жатқанда, аурудың көмек сұрап қатты шыққан дауысына келмеулерін ескертті. Тәуіп емін бастасымен Ырысгүлдің шыңғыра шыққан дауысына шыдамай, бәрі алысырақ кете бастады. Арыстан тәуіптің емінен кейін денесінің көк-ала болмаған жері жоқ Ырысгүл әлсіреп төсекте жатты. Тәуіп өзіне тиесілі ақысын алып, қонағасын жеп тағы екі рет үзіп емдейтінін айтып кетті. Енді екі рет тәуіптің үзетінін естіген Ырысгүл ұзақ жылады. Үзіп емдегенде аяусыз денесін жұлған тәуіпке жалынып емді тоқтатуын сұрағанда, тыңдамақ түгілі түрі ызғарлы тәуіп қайта өзіне ұрсып, емді әрі қарай жалғастыратын. Осының бәрін тітіркене есіне алғанда, емнің осы түрін қабылдағысы келмейді. Бірақ, басқа амалы жоқ Ырысгүл емді толық қабылдау ғана нәтиже беретінін түсініп, осы қиын емді жалғастыруға бел байлады.

- Қай жеріңе қолым тиген жоқ, денеңде үзілмей қалған жер бар ма? - деп өзіне төнген қып-қызыл қанталаған тәуіптің көзіне көзі түскенде тақымына тәуіптің қолы тимегенін айтуға ұялып, әрі қатты қорқып айтпай қалып, үш рет тәуіптен таяқ жеп, емді аяқтады. Ырысгүл кейін сол үзілмей қалған тамырынан аяғының ақсайтынын қайдан білсін.

Тәуіптің емінен кейін аздап денесі қозғала бастады. Қызы еңбектей бастағанда, Ырысгүл де еңбектеп қозғалатын болды. Анасының еңбектегенін көрген кішкентай тез-тез еңбектеп, артында қалып қойған анасына қарап мәз болып күледі. Ырысгүл өзінің бұл қозғалысына шүкіршілік етіп жүр. Мүлде қозғала алмай төсекте жатқан уақыты есіне келеді. Кішкентайы бесікке дұрыс бөленбегендіктен, басы бесіктен салбырап құлауға сәл-ақ қалып жылап жатқанда, күндізгі үй шаруасынан әбден шаршаған үлкен қызы оянбай, басқалар бөлек бөлмеде жатқандықтан естімей, қатты қорқып қиналған кездері болып еді. Сол өткенмен салыстырғанда қазіргі күні өзіне пейіштегідей. Терезеден көктемнің ашық күні үйге сәулесін шашса, есік ашылғанда көктемнің таза ауасы Ырысгүлдің көңіл-күйін мүлде көтереді. Сондай күндердің бірінде үлкен ұлы сабақтан келіп:

- Апа, осы Қойтай қайда кеткен? Соңғы кезде өзі көрінбей жүр, - деген сұрағына Ырысгүл де іркілмей қулана жымиып:

- Жаңа дүкенге барғанымда кезекте тұр екен, ешқайда кетпеген-ау шамасы, маған амандасып қал-жағдайымды сұрап жүріп кеткеніме таңданып жатыр, - дегенде өзінің қызық сұрақ қойғанын түсінген ұлы, ал анасы өзінің берген жауабына ырза болып екеуі бір-біріне қарап күліп, көптен бері болмаған көңілділік үйге көбірек жарық әкелгендей әсер етті.

Көктемнің алғашқы күндерінен бастап үй-іші Ырысгүлді кезегімен далаға таза ауаға жиі шығарып, аяғын бастырып жүргізуге тырысып жүр. Әлі икемге көнбеген аяғын қозғалта алмағанда, өзіне ұрсыңқыраған отағасына Ырысгүл ренжімейтін. Себебі, мұз айдынындағы қыс бойы қатып тұрған мұздың көктемгі күннің жылуынан жігі ашылғандай, осы көктемде денсаулығының дұрысталатынына кәміл сенген Ырысгүлге қазіргі ұрысу майдай жағып жүрді. Қиындықты бастарынан кешкен бұл отбасына шынында көктеммен бірге шын қуаныш келді. Ырысгүл ақырындап аяғын баса бастады.

Көктемнің соңғы мамыр айында Ырысгүлдің Жауһазы бір жастан асып алтыншы айға қарағанда, қозғала алмай мешел болып бір жыл жатқан Ырысгүл жүретін болып сауықты. Оқушы балаларының көңіл күйлері жақсарып, білім алу жүйесі қалпына келе бастады.

Бір күні мектептен келген Темір анасының жүзіне күлімдей қарап, Кейкі батырдың салауатын айтқанын мақтана жеткізді. Неміс тілі пәнінің мұғалімі Лиссель Елена Рудольфовна үй тапсырмасын айтуға ұлын тақтаға шақырыпты. Тапсырманы айтып болып, мұғалімнің ұлықсатымен Кейкі батырдың салауатын нақышына келтіріп айтып бергенде, айтылғанның не екенін түсінбеген ұлты неміс мұғалім әйелдің "хорошая песня" деген пікірі оқушыларды күлдіріп, өте қатал мұғалімнен қорыққандарынан ғана күлкілерін әзер тиыпты. Естіген әңгімеге ырза болған Ырысгүл баласымен бірге үзақ күлді. Қатал мұғалім туралы толығырақ айтқысы келген ұлы анасына жақынырақ отырып:

- Осы мұғалім бізге қатты ескерту айтпайды. Өзі өте ақырын сөйлейді, естімей қалсаң қайталамайды. Сөзін есту үшін бәріміз тыныш отырамыз. Дәптерді тексергенде қатемізді түземейді. Қатені түзеу үшін сабақтан кейін қалып, қатесі бар сөзді өзіміз түзеп, сол сөзді он рет жазуымыз керек. Қателессек бұрынғы он рет жазуға тағы он рет қосып жазғызады. Сөйтіп қатені түзегенше он рет жазуды қоса береді. Қатесін түзету үшін, жүз немесе одан да көп рет жазған оқушылар болды, - деп ерекше ұстаз туралы айтып болып, ұлы әңгімесін одан әрі жалғастырды.

- Неміс тілін оқығымыз келмей, біз фашист тілін үренуге қарсылығымызды білдіріп мектеп директорына айттық. Ол кісі бізге тіл мен фашизм жөнінде жақсы түсініктеме берді.

Тағы бізді қобалжытатын мәселе - химия пәнінің мұғалімінің білімі жеткіліксіз, ол мұғалімнен біз бас тарттық, - деп мектеп өміріндегі өздерінің қалауымен болған осы өзгеріс өзіне ұнайтынын сездіре айтқан баласына қарап күнделігінде "5" немесе ара кідік "2" бағасы тұратын батыл ұлына ырза болған Ырысгүл болашағынан үміт күтетін осы баласы боларын сезіне оған қуана қарады.

Сөйтіп, Ырысгүл жазылып көршілер, туыстар қуанған отбасымен бірге қуанып, көпке дейін қуаныштарын бөлісіп келушілер аяғы сиреген жоқ. Туыстардың соңы болып асықпай отырып әңгімелескен Тілеуқабыл мен Шәрбанды шығарып салған үй иелеріне бүгінгі қуанышты кеш жақсы көңіл-күй сыйлап, үй-іші балаларының қоршауында тәтті ұйқыға кетті.

Ертеңіне түс ауа кеше ғана келіп кеткен Шәрбан келіннің тағы келуі бәрін таңдандырды. Қара шаңырақтарында қалған Тілеуқабыл отбасын сыйлайтын үй-іші бәйек болып, Шәрбанды қарсы алып жатыр. Шәрбан ішіндегі ренішін тезірек айтып, шерін тарқатуға келгені әңгімесін бастағанда белгілі болды. Түбіт шәлінің шеткі иректерін тоқып, өте аз қалған шәлінің жұмысын біржола бітіріп, түскі ас дайындауды жоспарлаған Шәрбан ас ішетін уақыттың болып қалғанын байқамай қалыпты. Жұмыстан түскі ас ішуге келіп, аш қалған Тілеуқабыл қатты ашуланып, күнделікті әйелі естіп жүрген жағымсыз сөздерін естімеген жағымсыз сөздерімен толықтыра сөйлеп түбіт шәліні Шәрбанның қолынан жұлып алып, жанып жатқан отқа лақтырып жіберіпті. Жалма-жан шәліні тез оттан алғанша жартысы жанып кеткен еңбегін қынжыла айтып, Шәрбан ішін босатты. Болған істі баяндаған Шәрбанның әңгімесін бәрі аяушылықпен тыңдады. Ашуы өте тез келетін Тілеуқабылдың мінезін білетіндер Шәрбанды түсінгенімен, тыңдағаннан басқа айтарлары жоқ еді.

Шәрбан кеткен соң, соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің бірінші жылының қуанышына жұртшылықпен бірге мәз болып жүрген Ырысгүлдің бірде Әубәкірмен ұрысқаны есіне түсті. Не үшін екені есінде жоқ, бұрын қатты мінез көрсетпейтін отағасы осы жолы шындап ашуланған сияқты. Ырысгүл кінәлі бола тұра, шамына тиетін сөз айтып қалып еді, отағасы ойға келмейтін жылдамдықпен ілулі тұрған қамшыны алып, Ырысгүлді бір салып өтті. Отасқалы мұндай өрескелдік көрмеген Ырысгүл далаға атып шығып, қаша жөнелді. Өзін қамшысын үйіріп қуып келе жатқандай көрінгені сонша, тіпті артына қарауға да қорқып, қашып біраз жерге барып қалғанын байқамады. Демін аздап басып, артына қарағанда, ешкім көрінбеді. Қуғыншының болмағанын, өзінің асығыс ісін қараңғылық басым болғандықтан ешкім көрмегеніне қуанды. Мінезі шата ері болса, сөз жоқ мүлде үйге тұрмайтын қорқақ әйел болатынын мойындап, өзіне осылай баға берген Ырысгүл енді, бүгін үйіне барудың жөні жоғын түсінді.

Сонда қазір қайда баратынын білмей жан-жағына барлай қарап, Түңілі апайдың үйінің жанында тұрғанын білгенде қуанғанынан кідіріссіз апайдың үйіне қарай жүрді. Өздерімен рулас Түңілі апаның баласы болмады. Шалы қайтыс болғалы апай қазір бір өзі тұратын. Жерден жеті қоян тапқандай жаңа ғана жабырқап тұрған Ырысгүл иығынан жүк түскендей, көңіл-күйі әжептәур көтеріліп қалды. Апайдың үйіне баруды ойлаған ақылына өзі ырза болып, аяғын нық басып үйдің терезесін қақты. Ешқандай дыбыс естілмегеннен кейін қобалжып, терезеге жақындап үйдің ішін шола қарағанда, түсірулі жұқа перденің онша кедергісі болмай, төргі бөлмеден май шамның жарығын көріп қуанып қалды. Май шамның сәулесі адам көлеңкесімен бірге есікке жақындады. Жақындаған сайын аяқ дыбысы естіле есіктің жанына келіп тоқтап:

- Бұл кім? - деген апайдың дауысы естілді. Келіп тұрған кім екенін білгеннен кейін есігін ашқан апа, кештетіп жүргеніне сұрақ қойып, орынды сұрағына жауап күтіп, кідіріңкіреп тұрып қалды.

- Апа, үйіңізге шақырсаңызшы, келген себебімді айту ешқайда қашпас, - деп үйге тезірек кіргісі келген Ырысгүл батылырақ сөйледі.

- А-а иә, үйге кір, кештетіп келгеніңе қорқыңқырап қалғаным ғой, төргі бөлмеде төсегімді салып жүріп терезені қаққаныңды естімеппін. Күндегі әдетіммен ертерек жату үшін дайындалып жатыр едім. Ал енді келген жұмысыңды айта ғой, - деп Ырысгүлге қарады.

Ырысгүл қулана күліп:

- Апа сізбен әңгімелесуге келдім.

Сенбеген Түңілі апа:

- Түн ішінде ме? - деп қарсы сұрақ қойып, таңдана қарады. Әңгіменің шындығын айтпаса қиюы келмейтінін түсінген Ырысгүл:

- Апа, ініңіз ұрып үйден қашып шықтым, - дей бергенде апай Ырысгүлдің қолын ұстай алып:

- Не дейсің, қарағым-ау, Әубәкіржан сені ұрды дедің бе? Шынымен ұрды ма, батыр-ау? Иә, содан кейін сен қашып шыққансың ғой, - деп мінезі өзгеріп қалған апа, іле -шала артық айтып қалғанын түсініп:

- Қарағым, жоғары шық, ал мен шай қойып жіберейін, - деп ширақ қимылдап самауырынға су құя бастады. Естіген жай апаны қуантып тастағаны көрініп тұр. Шайға әуре болмағанын сұраған Ырысгүл апайдың салып берген төсегіне сырт киімдерін шешіп, жеңілденіп жайғасты. Баптап салынған төсек жайлы болғанымен, Ырысгүл түнімен ойдан ұйықтай алмады. Жаңа апайдың өзіне нанбағаны көп ойларды қозғады. Сәтен әженің баласын білетіндердің бәрі жаңағы апайға ұқсап таңданар еді. Шынында ол туралы ешкім жаман ойламайды. Шамалы қиындыққа шыдамай, үйінен кетіп қалғанына енді өкіне бастады. Ой сарабына салғанда өзінің Түңілі апаның үйінде екенін білсе де, отағасы үйге қайтуын қалап апайдың үйіне келмейтінін, балалары келгенімен оларға еріп үйіне бара салудың орынсыз екенін түсінгенде жүрегі май ішкендей болды.

Сиыры үшін де алаңдап сиырым сауылмай кетсе, кешкі сауынға дейін сүт кернеген желінімен қалай шыдайды?.. Болған жағдайға байланысты ойлар түнімен төңбекшітіп, ұйықтай алмай таңды атырған Ырысгүл ешкім көрмей тұрғанда сиырын сауып алу үшін, киініп сыртқа шықты. Шығарда апаның төсегіне көз салып еді, апай ұйықтап жатқандай, күнде малы үшін ерте тұратын кісі бүгін қимылсыз жатыр. Демек, әлі ертерек болғанына қуанып, тездетіп үйіне келді. Сиыр сауатын шелекті алуға кірген Ырысгүлді келесі бөлмеде есікке қарсы кереуетте жатқан қызы көріп қалып, төсегінен атып тұрып жылап анасын құшақтай алды. Бір түннің ішінде көзі ісіп, реңсіз болып кеткен қызын жұбатып төсегіне жіберді де, өзі сиыр қораға қарай асықты. Қораның есігін аша берген Ырысгүл сиырды бұзауына емізіп тұрған отағасын көріп, сасқанынан рақаттана еміп жатқан бұзаудың бас жібінен ұстап өзіне қарай тарта бастады. Әубәкір әйелінің қолынан бұзаудың бас жібін алып, күшпен бұзауды сиырдың желінінен айыра қазыққа байлап, қорадан шығып кетті. Сиырын сауып отырып, отасқан жылдарында болған бір ғана ұрыстың кесірі кешегідей қателік жасатқанын, сол ісіне талдау жасап, алдағы өміріне сабақ болатын ойларды жинақтады. Сиырдан орта шелек сүт сауып алып, қалған аз сүтті еміп болған бұзауды қазығына байлап, сиырын өріске қосу үшін ауласынан шықты. Өрістен келе жатып хабарландыру тақтасында өте үлкен әріптермен жазылған әнші Роза Бағланованың концерттік қойылымының хабарламасын ежелеп оқығанда, кешегі болған келеңсіз жайды ұмыттыратын мына жаңалыққа қуанып, жақсы көңіл - күймен үйіне бет алып еді.

Соғыс біткелі халықтың әл-ауқаты жақсарып, бұрын тамақ тауып жеуді ғана ойлайтын халық мәдени жаңалықтарға мән беретін болды. 9- -май жеңіс күнінің бір жылдық мейрамына орай, соғыс уақытында майдандағы жауынгерлерді рухтандыра ән айтып, атағы даңқы шарықтап өскен әнші Роза Бағланованың халыққа әнін тыңдатуға келген жаңалығы бәрін елең еткізді. Әншінің концерттік бағдарламасын тыңдау үшін аумағы аз мәдениет үйінің залына, одан сәл ғана үлкендеу мектептің дене шынықтыру залына халық симайтын болғандықтан, көктемнің жылы кешінде далаға сахна құрылды. Әншіні тыңдауға сол маңайдағы барлық халық жиналды.

Орта бойлы, денесі талдырмаш, түр-келбеті әдемі әншінің әндерін тыңдап отырған Ырысгүлге, Роза Бағланова өзімен жасты немесе бір-екі жасқа ғана кіші көрініп, концерт біткен соң әншіні жақыннан көргісі келетін ой туындады. Қоңыраудың дауысындай, бұлақтың сылдырындай таза дауысына ырза болған халық әншіні сахнадан шығарғысы жоқ. Қолдарын соғып, алақан шапалақтарын бірдей ырғағына келтіріп, ырза болған дауыстарымен орындарынан тұрып, әншіні сахнаға қайта-қайта шақырумен болды. Әнші де халықтың ықыласына орай әндерін нақышына келтіріп орындап, тыңдаушылардың көңілінен шығып, қошаметпен сахнадан кетті.

Көрермен халық тарағысы келмей, өзара әнші туралы айтуда. Ырысгүл де әңгімеге қосылғысы келіп, бірақ әншімен кездесу ойын жүзеге асыру үшін, орнынан тез тұрып сахнаның аржағына барды.

- Сіз қайда барасыз, апасы? - деп бейтаныс жас жігіт Ырысгүлдің жолын бөгеді. Әншімен сұхбаттасу ойын айтуға оқтала бергенде шымылдықтың арғы жағынан естілген өктем сөздер кідіртіп айтпай қалды.

- Т-у-у! Түнімен шағып, денемді ашыта дуылдатып, ән айтқанда берекем кетті, бұған не айтасыз?.. Халықтың көңілін қимадым, әйтесе...

- Іле-шала бәсең дауыс:

- Кінәліміз. Сізге арналған бөлмеде бүрге барын білмедім. Мүмкін болса ... кешіре алсаңыз, - деген үздік-үздік әйел дауысы жауап берді.

Ырысгүл мен жігіт естігендеріне екеуі де ыңғайсызданып бір-біріне қарауға ұялды. Орын алған келеңсіз жағдайдың әсері, әншімен кездесудің қисынсыз екенін түсінген Ырысгүлді кетуге мәжбүр етті.

Халыққа еңбегі сіңген әнші Роза Бағланованың концертінен өте көңілді оралған Ырысгүл әншінің ән орындаудағы шеберлігін, концерттен алған әсерін айтуға асығып:

- Әже, әже! - деп үйге дауыстай кірді. Әжесі өзі өте жақсы көретін, бәрінен жақын абысыны Шәмшия әжемен сөйлесіп отыр екен. Даладан бір жаңалық айтарда осылай келетін келініне үйренген әже, әңгімесін доғарып Ырысгүлді ықыласпен тыңдады.

- Роза Бағланова майданға барып, жауынгерлердің еңсесін көтеріп, күш-қайрат беретін әндер айтып, отан қорғау жолында оқ пен оттың ішінде жүрген бауырластарымызға ел сәлемін жеткізіпті,- деп қуана айтып жатыр.

Екі әже Ырысгүлді тыңдап, өздері де әңгімеге араласты. Сәтен әже әңгімелесіп отырып кәріліктен арықтаған білегін сипап, еті қашып бос қалған терісін шымши ұстап қайтадан жібергенде, бос тері орнына келмей тұрып қалған жеріне қарап, әрі қоңыр дақтар көбейген білегін, қолдарын көзімен шолып:

- Денем сүттей ақ еді, - деп қабаржи абысынына қарады. Абысыны Шәмшия әже "иә бәсе, иә солай" сөздерімен келіскенін білдіріп отыр. Әжелердің сөзін бөлгісі келмеген Ырысгүл далаға шықты. Концерттен алған әсері басылмай, үйге кіргісі келмей тұрған Ырысгүлдің көзі әжесінің дәрет құманына түсті. Көтеріңкі көңілдің әсерімен ойланбай, әжесінің құманын жасыра қойды.

Көп кешікпей кеш болып қалғанына таңданған дауыстары естіліп, әжелер далаға шықты. Шәмшия әже қоштасып үйіне кетті. Дәретке шыққан әже өзіне-өзі күбірлеп, құманын жаңа ғана осы жерге қойып кеткенін, соңғы кезде мүлде ұмытшақ болғанын мойындап, құманын іздеп әуреленіп жүр. Біраз күліп тұрған Ырысгүл одан әрі шыдамай әжесін аяп, құманды орнына қоя қойды. Дәрет құманды іздеп жүрген әже құманын қойған жерінен көргенде, енді тіпті ештеңе түсінбей, есінен адасқандай сезінді. Қорқыныш билеген жүрегі мазасызданып, жан-жағына қарап сілейіп тұр. Өзіне қарап күліп тұрған Ырысгүлді көріп, кімнің шаруасы екенін түсінген әже:

- Қартайсаң мендей бол, қара жердей бол дегендей, мені енді мазақ еттің-ау! - деген әжесінің қатқыл дауысын естігенде қатты ұялды. Әжесімен ойнағаны орынсыз болғанын кеш түсінген Ырысгүл:

- Әже, мен үйіме кеттім, - деп кінәсін мойындаған бәсең дауысымен қоштасқан келініне Сәтен әже жауап берген жоқ.

Үйіне көңілсіз келген Ырысгүл шешініп жатып айнаға көзі түскенде бетінің ісінгенін байқады. Соңғы кезде неге байланысты екені белгісіз бетінің ісетіні болып жүр. Еш жері ауырмай, бетіне ісік пайда болады да, кейін өзінен-өзі қайтады. Осылай қайталанған белгісіз ауруды емдеу үшін, ауруханаға жатпаса болмайтынын талай түсіндірген Иванова дәрігердің кеңесін орындаудан басқа лажы жоқ Ырысгүл ауруханаға жатты.

Ауруханадан емделіп үйіне келгенде, кіші ұлының қабағы түсіп ренжіген түріне мән бере баласының денсаулығын қобалжи сұрады. Баланың жауабынан анасы жоқта тамақтанудан бастап, от басының барлық қиындығы туралы тауып айтқан орынды пікірімен ойша келісіп, Темірін бауырына қыса түсті.

Құшағындағы ұлына ойлана қарап отырған Ырысүлдің назарын терезенің алдынан өткен әйелдер тобы өзіне аударды. Әрқашан даурығып, шулап жүретін үш абысындары көп күттірмей үйге кірді. Біраздан бері бастары қосылмай, ауруханада болған Ырысгүлді бәрі келе құшақтап, сағынғандарын осылай білдірген абысындар төрге шығып жайғасты.

Ырысгүл де қуанып, жағдайға байланысты өзгеретін мінезінің ықпалымен жаңа ғана пәс болған көңілі көтеріліп, жақсы көретін абысындары үшін дастарқанын жайды. Біраз әңгіменің басы шалынып, әңгіме таусылғандай бір сәт бәрі үнсіз қалып еді, кенет бүреуі:

Мен сендерге жұмбақ айтайын, тыңдаңдар.

"Көмей аузым қайыршақ,

Тіпә, бәлекет тіпә"...

Осы жұмбақтың шешуі қалай? - деп абысындарына қулана қарады.

Аздап ойланған әйелдер білмейтіндерін мойындап, шешуін айтуын сұрап жатыр. Абысындарын қинай түскісі келген жұмбақшыл әйел:

- Тағы бір жұмбағым бар, соны шешсеңдер алдыңғысын айтам,- деп тақпақтап жіберді.

"Күркіременің аржағында,

Сарқыраманың бержағында,

Маңыраманы ұлыма жеп жатыр."

- Бұл жұмбағыңның шешуін білеміз, салт-дәстүр бойынша келін аталарының атын айта алмай, көргенін ауылға келіп айтып түсіндіргенше, қойларға шапқан қасқыр біраз қойдың шабын жарып үлгеріпті, - деді бәрі бір ауыздан, дәл қазір өздеріне ырза болған абысындар бір-біріне жымыңдай қарасып,

- Екінші жұмбақты шештік, бірақ бұл жұмбақ емес, келісім бойынша бірінші жұмбақтың шешуін айт,- деп абысындар құрбысына талап ете қарады.

Ол күліп:

Бірінші де жұмбақ емес.

" Тіл аузым тасқа,

Тіпә бәлекет, тіпә", - деген сөз тізбектері. Мына жауапты естіп таңқалған абысындар:

- Сонда, ол елдің де келіндері аталарының есімін айта алмай "тіл", "тас" деген сөздерді бұрмалаған екен ғой, - деп бір-бірін қуана қоштағандардың назарын өзіне аударған жұмбақшыл құрбы мәліметін толықтыра "тілес" руының әйелдерінің сөз тізбектері екенін айтып өтті. Енді бұрынғы әдеттерімен бір-біріне сөз бермейтін абысындар жаңа естігендерін сөз етіп, бұрынғы білетіндеріне тоқталып біраз әңгіменің басы шалынды.

Шамалы пікір таласынан кейін, әрқашан бірінші сөйлейтін Ақтамақ ең басты жаңалықты өзі айтқысы келіп:

- Ырысгүл, саған айтарымыз бар, кұлағыңды сал. Ертең жергілікті басшылық алуан түрлі ойындар ұйымдастырады екен. Жеңімпаздарға сыйлықтар берілетін көрінеді. Ойындардың ішінде әйелдер күресі де бар дейді. Сен осыған дәл келдің. Ертең бәріміз күреске шығайық, атың шықпаса жер өрте... - деп аузын барынша ашып қатты күлетін әдетімен күліп алды. Бұған бәрі қосыла күліп, біраздан бері бастары қосылмай сағынысқан абысындар ертең ойын болатын алаңда кездесетін болып тарасты.

Ертеңіне ойын алаңына халық көп жиналды. Соғыс зардабынан жүректегі жаралар жазыла қоймаса да, бейбіт өмірдің самал желі халықтың жан - дүниесін емдегендей көңіл-күйдің көтерілуіне септігін тигізіп жатыр. Құлақтанған жұртшылық тез жиналып, қызық ойындарды көруге дайын. Кешегі күреске түсу жөнінде ойын сөздерін талқыға салып, болып жатқан ойындарды абысындарымен қызықтап қарап тұрған Ырысгүлге бір бала келіп, өзін бір апаның шақырып тұрғанын айтты.

Тұрған жерінен шығып, жан-жағына қарайлап, шақырған адамды көзімен іздеп тұрған Ырысгүлдің жанына Айкүміс атты толықтығы зор денесіне сай ақсары әйел келді. Амандық сұрасқаннан кейін, Айкүмістің өзінің әдемі толықтау денесіне көз жүгірткенін байқап қалған Ырысгүл жұмбақ көзқарастың сырына мән бермеген қалпы, кездесуге келген ауылдасына сұрақпен қарады. Денелерін ойша салыстыра күлімдей сөйлеген Айкүміс:

- Әйелдер күресіне екеуіміз түсейік, күресте бір-бірімізді жыға алмай көп жүрсек, жалығып кеткен қазылар алқасы күресімізді тоқтатып, әрқайсымызға сыйлық береді, - деп кеңкілдей күлген Айкүмістің мол денесі өзімен қоса күлгендей қозғалып тұрды. Бұл ұсынысқа қапелімде не айтарын білмей тұрған Ырысгүлді асықтырған Айкүміс:

- Бол енді жүр, сыйлық аламыз. Манадан бері қанша хабарланса да әйелдер күресіне ешкім шықпай жатыр. Бәрін таңдандырайық, бір ұмытылмас қызық болсын. Әрі сыйлық аламыз... - тағы өзіне тән күлкісімен күліп алып, Ырысгүлдің қолынан тартты. Мына ұсынысты қалай шешерін білмей тұрған Ырысгүл Айкүмістің сыйлық туралы айта бергені жүйкесіне тиіп, ат басындай алтын алатындай қайталай бергені ұнамай екі ойда тұрғанда, ойын жүргізетін жігіттің әйелдер күресіне өкінішке орай күрескерлер жоғын, енді келесі ойынға көшу туралы хабарламасын естігенде, шешім қабылдау уақытының аздығынан ойлана алмай жігіттің сөзін бөліп:

- Біз шығамыз, - деп Ырысгүл Айкүмістің қолынан ұстап ортаға шықты. Мына күтпеген хабар бәрін дүр сілкіндірді. Айқайлап, ысқырып жиналған халық бір-бірін итеріп күрес болатын кеңістікті тарылта күресушілерге жақындап жатыр. Күрес әлі басталмаса да, халық бір тамаша қызықты көргісі келгені сондай, бәрі алға шығуға тырысып, ешқандай ескертулерді тыңдар емес. Тыныштық орнамаса күрес басталмайтыны қатаң түрде ескертіліп, тек содан кейін ғана күресті көргісі келген жиын тынышталды. Тез қарсыластардың аты-жөні хабарланып күрес басталды. Күрес жөнінде әйелдердің білімі жоқ болғандықтан, олардың қимыл-әрекеттері де жұртты күлкіге кенелтіп, бүгінгі болған ойындардың ішінде нағыз қызық осы күрес сайысы болды. Күресіп жүріп келісім бойынша жеңіліс болмау үшін тырысып жүрген Ырысгүлге қарсыласының:

-Бір-бірімізді күресте жеңбеу үшін өте көп уақыттың кететін түрі бар. Сенің жасың кіші ғой, әрі денең де менен аздау сен жеңіле сал, менің мол денеммен жеңілгенім ұят болар сыйлығымды берем, - деген Айкүмістің өзгерген ұсынысын естігенде, қаны басына шапшып, өзін алдап күреске шығарды деп түсінген Ырысгүл Айкүмісті белінен ұстап қаттырақ өзіне қарай тартып қалғанда, ескіріп тозығы жеткен іш киімнің матасы дар етіп жыртылып, жыртылған матаның дауысымен бірге көрермендердің күлкісі қосылып у-шу болды да кетті. Ойын жүргізген жігіт әдейі күреске дайындалып келмеген әйелдерге кедергі болмауы үшін көйлектерінің етегін ыстандарының ішіне салғызып еді. Өмірі күн тимеген толық, аппақ саны көрініп жұртты күлкіге батырған Айкүміс тезірек күресті тоқтатқысы келіп, Ырысгүлдің ашуын түсінбей алдында айтқан жеңілу жөніндегі ұсынысын тағы қайталады. Сол кеде ұсынысын айтып босаңдау жүрген Айкүмістің зор денесін ыза болған Ырысгүл көтеріңкіреп жерге алып ұрды. Жыртық ыстаннан көйлегінің етегі желмен көтеріліп кетіп, саны жалтырап жерде жатқан Айкүміс қас-қағымда болған бұл өзгерістен есеңгіреп, орнынан тұра алмай жатты. Ырысгүл болған жағдайды қалай істегенін өзі де білмей, жерде жатқан қарсыласының жанынан тез кетіп қалды. Сөйтіп, Айкүмістің екі сөйлегені осындай жеңістің негізі болды. Талай уақыт бас қосылған жерде әңгімеге жиі тиек болған бұл жаңалық Ырысгүлдің тұрған жеріндегі соңғы оқиға еді.

Көп ұзамай Әубәкір көптен ойлап жүрген қоныс аудару жоспарын іске асыру үшін кірпіш құйып, үй салуға кірісті. Кірпіш дайындауда ұлы Темір мен оның мектепте бірге оқитын Шәмшия әженің немересі Сараның еңбектері зор болды. Көп жұмыс істелініп, үй салынып бітті. Жаңа үйлі болып, көңілдерін демдеген отбасының қуаныштары орынды еді. Тек қоныстанған жер мектепке алыс дегені болмаса.

Қуанышқа қуаныш қосылып, жаңа баспаналы болған отбасына 1952 жылы Ырысгүлдің көтерген онбірінші баласы Алмагүл дүниеге келді.

Жаңа үйге толық көшіп орналасқан Ырысгүл оқушы балаларын мектепке шығарып салғаннан кейін, үйдің есіктерін ашып-жауып дұрыс жабылатынын тексеріп жатып, есікке байланысты күлкілі жай есіне түсті. Сол оқиға дәл қазір болғандай біраз күліп, жадында сақталған қызық естелікті тағы көз алдына елестетті.

Бұрынғы үйдің бір есігі дұрыс жабылмайтын, соған орай бірде Әубәкір Ырысгүлге:

- Шыға беріс есіктің көптен бері дұрыс жабылмай жүргенін айтып жүрсің ғой, соған Бордаков деген орысты жіберейін, қолынан осындай жұмыстар жақсы келеді. Жөнделетін есікті көрсетерсің, керекті құрал-саймандарды да өзің бере сал, - деп жұмысына кетті.

Айтқандай, көп күттірмей есік жөндейтін орыс келді. Ырысгүл жөнделетін есікті көрсетіп, керекті құрал-саймандарды беріп, өзі үй жұмыстарымен айналысып кетті. Шамалы уақыттан кейін орыстың өзін шақырып жатқан дауысы естілді. Есік жөндеп жатқан шебердің жанына келген Ырысгүл, өзіне көп қайталанып айтылған сөздерді түсіне алмай, қозғалыссыз тұра берді. Сондағы орыстың Ырысгүлге қайталай берген сөзі: "Топыр тыржи!" болды.

Түсіне алмай, ұялып қолайсыз жағдайда тұрған Ырысгүл:

- Мынау маған не айтып тұр, құдай-ау? Мен бетімді тыржитсам, бұған сонда не түседі. "Топыр" дегені не сөзі екен. Аяғыңды тыпырлат дегені ме? Аяғымды тыпырлатып, бетімді тыржитсам оның есіктің топсасын жөндеуге қандай қатысы бар? - орыс тілінде айтылған сөздердің мағнасын ой сарабына салып, ойын жинақтай алмай тұрған Ырысгүлге орыс дауысын қатты ызалана шығарып тағы қайталап:

- Тыржи топыр, топыр тыржи! - деді.

Енді Ырысгүл да ыза болып:

- Мына орыстың жалмауызы маған не дейді? Саған тыпырлау керек болса, - деп аяғын жылдам-жылдам тыпырлатты да, орысқа қарап бетін тыржитып, тістерін ақсита көрсетіп:

- Ал саған керек болса! - деді.

Кенет мынадай өзгерісті күтпеген орыс бір сәтке әйелдің есінің дұрыстығына шүбә келтіріп, оған үрейлене қарады. Енді Ырысгүлдің түріне барлай қарап, аурудың денсаулығын тексерген психолог-дәрігерге ұқсап, көзін алмай тұр. Орыстың өзіне өңменінен өте қараған кескіні алаңдатып, Ырысгүл де оған қарап тұрды. Сол кезде ұлы Арыстанбай күлкіден ішін ұстап жерде аунап жатты. Сонда ғана әйелдің денсаулығының дұрыстығына көзі жеткен орыс, өзін түсінбеген Ырысгүлді жетелеп есіктің жанына әкелді. Балтаны Ырысгүлдің қолына ұстатып есіктің төменгі жағына салып, осылай ұстап отыру керегін қимылмен түсіндірді. Сонымен Ырысгүлдің көмегімен есік жөнделіп, жұмысын бітірген орыс кетті.

Енді, мұндай қызықты біреуге айтпаса болмайды. Айтқысы келген абысындарын ойша шолып шықты, бәрінің үйлері алыста. Ал, тезірек айтпаса ішіне симай, жалғыз өзі күлгеннен басқалармен бірге күлгенді қатты ұнатып, көрші Бірліктің үйіне шабыттана келді. Бірліктің әйелі Ұлжан көршісін төрге шақырып, қуана қарсы алды. Түскі астарын ішуге дайындалып жатқан үй-ішінің бәрі түгел екен. Ырысгүлге керегінің өзі бәрінің үйде болғаны еді, көп адамды күлдірген тамаша бір ғанибет қой!

Дастарқан жайылып, астары алдарына келгеннен кейін Ырысгүл әңгімесін бастап, болған оқиғаны бояуын қоюлата рольде ойнаған әртіске ұқсап, орыстың орнына Бірліктің бір баласының қолына балта ұстатып, балтаның көмегімен есікті көтеріңкірегеніне дейін көрсетіп, бетін тыржитып, тісін ақситып, аяғын қатты-қатты тыпырлатып, кішігірім спектакль қойып берді. Жаңа қойылымды көрген Бірлік пен Ұлжанның отбасы күлкіге әбден батты. Бұл әңгіме де ауыздан-ауызға таралып айтылып, Ырысгүлдің бұрынғы қызықты оқиға қорына тағы бір әңгіме қосылды.

Иә, осы сияқты Ырысгүлдің өміріндегі күлкілі оқиғалармен қатар өмірден алынған мақалдарға мән бергізетін оқиғалар да болып тұрды. "Ұйқы дұшпан" деген мақалды дұрыс деп білетін Ырысгүл, "күлкі дұшпан" деген мақалға өмірі мән беріп көрмеген еді. Бұл мақалдың да өмірден алынғанына бірде біржола көзі жетті.

Арыстай бір үйдің азаматының жаназа намазы күні туыстары, көршілері толып отырған үйге сол үйдің қайғысына ортақтасып өздерінің көңілдерін білдіруге келушілер көп-ақ. Қазақтың салты бойынша өлік шыққан үйдің жақындарының кейбір әйелдері даладан дауысын қаттырақ шығарып жылап келетін салтты орындаған бір әйел есіктен кіргенде, есікке қарсы тұрған сарғыш қоңыр шифоньердің айнасына жабылған мата сусып жерге түсіп кетіп, айнаға қарсы отырған өмірлік жары қайтыс болған әйелдің бейнесі айнаға түсті. Үйге дауыс салып кірген әйел айнадағы бейнені құшақтап көрісем дегенде басы айнаға тарс ете қалды. Болған жағдайға байланысты үй толы кісілерді күлкі қысып, бәрі қиналғандары анық. Бірен-саран еріксіз мырс ете қалған дауыстармен бірге ер-азаматын жоғалтып отырған әйелдің өзінің дауысы шығып кетті. Осындай қысылтаяңда басымен айнаға тірелген апа бәрін тығырықтан алып шыққандай, басын соғып алысымен тез кейін шегіне айнаға қарсы отырған ері қайтыс болған әйелді дауысын қатты шығарып жылап құшағына алды. Осында отырған үй толы адамның әрқайсысы шынымен ұйқы сияқты, күлкі де дұшпан екен деген шешімге келген болар.

Осы жерлеу намазынан шығып келе жатқан Ырысгүл өзіне қарсы келе жатқан үш қызды байқап, жақындай келе өзара дос үш қызды таныды. Ырысгүл кездескен сайын қыздардың біреуі ғана қайынсіңілісі, ал қалған екеуіне де қайынсіңілідей ойын сөзін айтпай кетпейтін. Өздерінің қалжың сөздеріне орай жауап берген болып:

- Бастарыңның бостығы өздеріңе ұнап, еркіндікте жүруді қалап жүргендеріңде, уақыт өтіп кетіп әйелі қайтыс болған, немесе ажырасқан азаматқа кездесіп қалуларың мүмкін, - деп әзілдейтін. Бұл әзілге құлақтары үйренген үшеуі Ырысгүлді құшақтап, таласа жауап беріп:

- Асықпа, бізге таласып жүрген жігіттер көп, таңдап жүрміз. Тойымыз болады әлі, сонда келмей көр, сен қатын, - деп бәрі Ырысгүлді ортаға алып әурелеп жібермейтін. Әзілдесіп, күлісіп әрқайсысы өз жөндерімен кеткенде, қыздардың түр-сипатына еріксіз талдау жасап, әрқайсына ойша тоқталды.

Біреуінің шашы төбесіне жақындау шыққандықтан, маңдайы жырта қарыс көрініп, дөңестеу томпиған маңдайы жалтырап тұратын. Бояуы солғын жасыл, не боз екені белгісіз көздері күлген кезде кішірейіп, қатты күлгенде ірі азу тістеріне дейін анық көрініп, жайын ауызы күлкіден бір жабылмайтын.

Қалған екеуі керісінше, тіп-тік маңдайлары бір-біріне ұқсас. Шаштары маңдайларына жақын шыққандықтан маңдай көлемі аз сияқты көрінеді. Жеке салыстырғанда біреуінің шашы маңдайына жақын шыққаны сондай, тіпті қасының үстінен екі елі ғана жоғары болатын. Түсі солғын, жаны жоқ үрпиген жұп-жұмсақ шашын тәрелке тәрізді бас киім киіп жасыратындай. Бетіндегі өте ұсақ сары түктер күн сәулесімен жақсы байқалып, көздері боз түсті, жанары солғын болса да көзқарасы өткір, аласа бойлы қыздың қимыл қозғалысы өте тез, дене бітіміне сай.

Үшінші қыздың шашының түсі қара, бұрымдары мақтанарлықтай жуан. Тікірее өскен қалың қара қасы көзіне жақын орналасқан. Дене бітімі өте ірі, бойы ұзын. Қызыл-қоңыр түсті толық еріндері жалпақ бетіне үйлесіп, қыздың басқаларынан әдемілеу екенін байқатады.

Бастарына тарелкаға ұқсаған әртүрлі түсті бас киім киген қыздар қарсы келе жатқан Ырысгүлді көріп:

- Әй, қатын, тезірек жүр, саған айтатын жаңалығымыз бар, - деді үшеуі бірдей айқайлап. Көңілді қыздарға Ырысгүл де жақындап:

- Бәрің күйеуге шығатындай, неменеге даурығып келесіңдер? - деген әзіліне қыздар қуана жауап беріп:

- Әзірге біреуіміз, содан кейінгісін көре жатармыз, - деп маңызды жаңалықты айтып, үшеуі мәз болып сылқ-сылқ күлді. Жаңалықтары Ырысгүлді шынымен қызықтырып:

- Иә сонда қайсың? - деді үшеуіне кезек қарап, тез білгісі келген ынтамен.

- Қане, өзің айт, болашақ қалыңдық қайсымыз? Білгішсініп тұрмысқа шықпайсыңдар деуші едің, - дәл осы сәтті армандап жүргендей қыздар сұрағын масаттана қойды. Болатын той - беті гүлдей жайнап тұрған қайынсіңіліне тиесілі екенін байқаған Ырысгүл:

- Енді күлкіні азайту керек, күйеуге шығатыныңа қуанып жүргендей боласың, - деген ескертуге қалыңдық ешқандай мән бермей:

- Бүгін кешке менің ұзатылу кешіме кел, - деп Ырысгүлге қойған қосалқы "әй, қатын" деген сөзін шаттана айтты.

Үйге келе Ырысгүл кешке бос болу үшін үй тірлігін дәл бүгінгідей шапшаң орындамаған шығар. Бүгінгі сауық кешіне ерекше асыққаны сондай, кешкі ас жабдығын тез реттеп, аяғы-аяғына жұқпай қалыңдық-қайынсіңілінің үйіне келді. Ырысгүлді бұрын келген абысындары қуана қарсы алып, үйге қаумалап кіргізіп жатыр.

Қуанышқа жиналған үйдегі көпшіліктің ішінде қалыңдықтың шешесі-жеңешесін таба алмай көзімен үй-ішін шолып тұрғанда, төр жақта отырған жеңешесі Ырысгүлді өзі дауыстап шақырып алды. Қыздың шешесінің жанына келіп құтты болсын айтып жатып ерекше келбетті жеңешесіне қарап, қызы қалай анасына ұқсамаған деген еріксіз ой келді. Ырысгүлдің құтты болсынын маңыздана қабылдаған қараторы өңді, әдемі жеңешесі оның күйеу жігітті көргісі келіп, асығып келгенін білетіндей кімге айтқаны белгісіз есік жаққа қарап:

- Мына Ырысгүлге жаңа болған баламды әкеліп көрсетіңдер, - деді. Бұйрығын орындауға кеткен келінді күтіп есікке қарсы отырған жеңешесінің көзқарасынан жас күйеудің келгенін сезіп, Ырысгүл есік жаққа қарай бере, күйеу жігітке көзі түскенде еркінен тыс дауыстап:

- Тәйт-әрі! - деп, сасқанынан мына сөзіне ду күлген үй толы әйелдермен ұялған тек тұрмас дегендей бірге күлген болды.

Ал, қыз шешесі - жеңешесіне Ырысгүлдің "тәйт-әрі"деген сөзі майдай жаққандай рақаттана ұза-а-ақ күлді.

Қайтадан күйеу жігітке еріксіз қараған Ырысгүлге түрегеліп тұрған ұзын бойлы, реңі аппақ, қап-қара шашы күлтелене бұйраланып өскен өте көрікті жылы жүзді "жігіттің сұлтаны" күлімсіреп басын иді. Шынымен күйеу жігітті көргенде таңқалысын жасыра алмай аузын ашып есеңгіреп отырған Ырысгүлге, мұрнының жанына біткен меңіне дейін өзіне жарасып тұратын жеңешесі әрі мақтана, әрі сынай қарап күлкісін жалғастырды. Әдемі шешесіне ұқсамаған бүгінгі қалыңдық мынадай жүзіктің көзінен өткендей жігітке ие болуы, әрине, бақыт! Мана күндіз үзбей күліп тұрған қалыңдық шын бақыттың иесісі екенін сонда сездіріп еді.

Көпшіліктен бөліне үйіне қарай бұрылған Ырысгүлдің ойына қалыңдықтың шешесі - жеңешесінің астарлы көзқарасы есіне түсіп, қызына өзінің айтатын ойын сөздерін білетінін түсінді.

Көп ұзамай дос қыздардың қалған екеуі де өздерінен артық жігіттерге ие болды. Кейін Ырысгүлді көргенде үшеуі таласа сөйлеп:

- Әй, қатын, айтқаның болмады, сені тағы тыңдайық - дейтін бақытты келіншектер.

- Менің айтқаным сендерге майдай жағып, үшеуің де жақсы орналастыңдар, басқаша айтсам кім біледі тағдырларың қалай болатынын, - дейтін Ырысгүл де жеңілмей.

Орнын тапқан бүгінгі қайынсіңілінің сауық кешінен келе жатып, әр адамның маңдайына жазылған тағдыр өмірдің айнымас қағидасының дәлелі екенін Ырысгүлге мойындатып үйіне келгенде, көшіп кеткелі сирек келетін әжесін көріп өте қатты қуанды. Ұлының үй-жағына бір мәшине баратынын пайдаланып, кеш болса да қонып кетуге келген әжесін құшақтап сүйіп Ырысгүл мәз болды. Ырысгүлдің әжесіне айтатын әңгімелері де жиналып қалып еді, әрі жаңа ғана барып келген қыз ұзату кеші өз алдына бір әңгіме.

Ертеңіне әжесінің үйінде болғанын пайдаланып, түске жақын бұрынғы тұрған жеріндегі абысынына бару үшін Ырысгүл жолға шықты. Аяғында мәсінің сыртынан бүрі кеткен галошпен қары бар жерде амалдап келе жатып, екі шыңның арасындағы мұз айдынына келе әбден берекесі кетті. Жалтырап жатқан мұзда аяқ басу мүлде мүмкін болмады. Бір-екі аттасымен шалқалай құлап, мұзға басы тиюге сәл-ақ қалды. Қолымен жер тіреп үлгермегенде, басының жағдайы қалай болатынын бір құдай білер еді. Мұздың үстіндегі қарды жаяу борасын желмен алып кеткен жалтырап жатқан кеңістіктің аумағы аз екенін білетін Ырысгүлге, қазір кеңістік ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін үлкен мұз айдыны сияқты болып көрініп тұр. Мына үлкен мұз айдынынан қалай өтерін білмей қиналып тұрғанда көзі у-шу болып мұздың үстінде шаналарымен бір-бірін сүйретіп жүрген бір топ балаларға назары ауды. Солардан көмек сұрағысы келген Ырысгүл, тезірек өтінішін айту үшін балаларды шақырып, дауыстап та жіберді. Өздерінің у-шу дауыстарынан естімеген балалар Ырысгүл екі-үш рет айқайлағанда ғана біреуі емес, бәрі шаналарын сүйретіп келе қалды. Ырысгүлдің өтінішін қуана құптаған балалар екі шананы бір-біріне тіркестіре байлап, Ырысгүлдің аяғын созып жайластыра отырғызып, екі бала Ырысгүл отырған шананы сүйретіп, қалғандары өздерінің шаналарына біреуі отырып, екіншісі сүйретіп мұздың екінші жағына жол тартты. Мына қызыққа бәрі күліп Ырысгүл де мәз болып рақатқа батты да қалды. Міне, рақат деп осыны айт! Ортада өзі мінген күйме, айналасын қоршаған нөкерлер. Ырысгүл өзін патшаның әйелі - жас патшайымдай сезінді. Бақытты сезімдерге шаттық күлкімен балалардың сыңғырлаған күміс күлкүлері қосылып, мұз айдынының қарсы жағына өте тез келіп қалыпты. "Келдік" деген бала дауысы Ырысгүлге "өкінішті-ақ" деген оймен бірге келді. Шанадан түскісі келмей, аяғын ақырын қозғап амалсыздан түсуге ыңғайланған Ырысгүлге:

- Тағы шана тебесіз бе? - деген бала сөзі қалай қуантты десеңші. Жаңа ғана болған қуаныш сәттер тағы қайталанатынын ойлаған Ырысгүл:

- Мені мұздың екінші жағына апарыңдар! - деп жаңа ғана болған патшаның зайыбы Ырысгүл ханым бұйрық бергенін сезбей қалды. Балалар да өздері шанамен сырғанаудан, мына апамен сырғанау әлде қайда көңілді екенін байқап, шаналарын қарсы жаққа бұрды. Шаналары сырғанасымен ішектері түйілгенше күліп мұздың екінші жағына бұрынғыдан да өте тез келіп қалды. Тез келіп қалған қысқа жол Ырысгүлдің көңіліне қонбай:

- Сендер тез келіп қалады екенсіңдер, жолды ұзартып мұз айдынын жағалаңдар, - деп еді, бұл бұйрықты қуана орындағысы келген балалар Ырысгүл мінген күйме-шананың басын жағалауға қарай бұрды. Енді бұл бір ғанибет серуен болды. Жас патшайым Ырысгүл хан сарайынан не үшін шыққанын ұмытты. Осы жасында дәл бұлай рақатқа бөленбеген шығар. Нөкерлері де шанамен ешқашан осындай қызық серуен құрған жоқ еді. Сонымен мұз айдынының жағалауын неше рет айналғандарын білмеген жас ханым мен оның нөкерлері әбден шаршады.

Үйінен түске қарай шыққан Ырысгүл кеш болғанын байқап, тәтті қиялын еріксіз ойынан қуып, уақытын көп жіберіп алғанын түсінді. Аяғы тоңазығанын сезініп, шанадан түсіп ұйып қалған аяғын соза бергенде табанына инелер қадалғандай болып, әзер жүре бастады. Бір-екі аттап тоқтаған Ырысгүл енді абысынына барса кеш болатынын, қайтарда мұздан өтудің қиындығын ойлап, ұзап кеткен балаларды айқайлап шақырып алып:

- Қайтадан қарсы жаққа апарыңдар, - дегенде балалар апаның есінің дұрыстығына сенімсіздік білдіре үреймен бір-біріне қарап, екі шананы қайтадан тіркестіре байлап, Ырысгүлді қарсы жаққа апарып салды.

Мұз үстіндегі ойыннан хабарсыз әже Ырысгүлден барған үйдің амандығын, жаңалығын сұрап маза берер емес. Бәрі жақсы деген бір жақты жауапқа қанағаттанбай, бұрын бір жерге барып келгенде қызыл шайды ішіп, тоқтамай толығынан бәрін сұрақсыз айтып беретін келінінің мына жауабына таңданып отыр.

Ырысгүлдің өтірігі көп кешікпей әжесіне белгілі болды. Сәтен әжеге амандасуға барған Әубәкірдің ауылдасы келінінің мұздағы сырғанағын шыңның үстінде тұрып көргенін күлкі қысып әзер айтып беріпті. Мұз үстіндегі бұл қызық оқиға жаңа қоныстағы көршілерін біраз күлкіге кенелтіп еді.

Ырысгүл туралы естіген әңгімеден кейін, Сәтен әже пәк жүректі келінін бұрынғыдан да жақсы көретінін сезді. Сол сезімді жандандырғандай әжесіне келе қалған Ырысгүлге өзі туралы ауылдасынан естіген әңгімесін айтқанда, ұяла күліп тыңдап отырған келінінің арқасынан қағып, жаулығының астынан шығып тұрған қос бұрымына сүйсіне қарады. Әжесінің бұл мейірімді көзқарасы жүрегіне жылылық, көңіліне шаттық сыйлап әжептәуір көңіл күйі марқайып, бұрынғы тұрған жері әжесінің үйімен өзінің үйінің ара қашықтығы едәуір жер болғандықтан шаршаңқырап үйіне келген Ырысгүл, даладан амандаса кірген дауысқа елең етті.

Бір көзі көрмегендіктен «Соқыр ноғай» аталған ұлты ноғай сұраушы үй аралап сұрау сұрап, әрі күнделікті тұрмысқа керекті заттар сататын. Көбіне әйелдер қойдың жүнін, жүннен иірілген жіптерді бояйтын бояу мен шай ішетін кеселер, түзі өте жиі мүйіз шаштарақ, сырлы тостағандар тапсыратын.

Әубәкірдің от басы көшіп келген жаңа қоныс тұрғындары жаппай кілем тоқу жүйесін алға қойып, міндеттеме алғандай кілем тоқымайтын үй бұнда жоқтың қасы екен. Ырысгүл де қолындағы қойдың күзде қырқылған қыруар күзем жүнінен кілем тоқу үшін жіп иіре бастады. Сол жіптерді бояуға керекті бояу түрлерін ноғайға тапсырып еді. Ноғайдың әкелген бояуларын көре жүріп, кім келсе де ашық қабақпен қарсы алатын Ырысгүл тездетіп шай дайындады. Бұрын Ырысгүлдің қолынан талай дәм ішкен ноғай қуанғанынан арқасындағы дорбасын бұрышқа тастай салып, дастарқан шетіне келіп отырды. Әңгімесі қызықты ноғайды Ырысгүл шетелден келген жаңалық айтушы ретінде тыңдайтын. Рақаттана Ырысгүлдің шайын ішіп отырған ноғай:

- Бұрын естігенімді айтсам, бұл жолы көргенімді айтайын. Бүгін бір үйдің есігін ашып қалғанымда жан дауысы шығып, шыңғырып аузынан қан ағып, қолында жіпке байланған қанды тісі бар адам отырғанын көріп, шошып кеттім. Үйге кірерімді, не кетерімді білмей сілейіп тұрып қалып, есімді тез жиып, қашу үшін есікті аштым. "Қорықпа, тоқта!" деген дауыс әзер құлағыма жетті. Санамды зорлап бағындырып кері бұрылдым. Болғанды баяндап жүрегімді орнына түсірген бейтаныстың тісі қатты ауырып маза бермеген соң, ауру тісінен құтылу үшін босап тұрған тісіне жіп байлап, жіптің екінші жағын есікке байлапты. Тісінің шешуші кезеңін күтіп отырғанда, солқылдатып қатты ауырған тісі аздап бәсеңсіп, күні-түні қақсаған тіс ауруынан әбден қажыған кісінің көзі ілініп кеткенде, мен кіріп келіппін.

Бұл оқиғаға біресе күліп, біресе аяушылық білдірген Ырысгүл осындай әдіспен үтікпен тіс жұлуды естігенін айтқанда, ноғай бұл жөнінде өзінің пікірін ортаға салып:

- Үтікті түрегеліп тұрып тастап жіберуді батыл адам ғана орындай алады. Сондықтан, есікке байланысты әдіс дұрыс, біреу келіп сырттан есікті ашқанша біраз уақыт кетеді. Сол уақыттың ішінде жүректегі қорқынышты басып, сыртқы есіктің ашылуын күткен адам ұйықтап кетуі де мүмкін, мысалы бүгінгідей. Бұл тәсілді қолдану үшін ауру тіс әбден жақсы босаған болуы керек, - деп бір ғылыми жаңалық ашқандай бос кесесін Ырысгүлге маңыздана ұсынды.

Әбеннің тісі ауырғанда түнімен ұйықтамай түрегеліп жүргенін көрген Ырысгүл ноғаймен келіспей, тіс ауырғанда ұйқы болмайтынын, сондықтан үтікпен жұлу әдісін дұрыс санаған ойын нықтап айтты. Сөйтіп, екеуі әжептәуір пікір таластырып тарасты.

Әжесінің үйіне барып келгелі көп уақыт өтті. Көшіп кеткелі әжесін жиі көре алмайтын, себебі онда бару үшін үйінен әдейі шығуы керек. Соңғы кезде әжесі жиі ауыра беретін болды, бұл туралы ойласа, жүрегі сыздап шыға келеді. Жүрегі құрғыры себепсіз қатты соғып тұрғанынан қорқып, далаға таза ауаға шығуға ыңғайланған Ырысгүл үйге кіріп келе жатқан кісіні көріп, кідіріп қалды. Келген кісіні танитын, бірақ онша араласып жүрмегендіктен бұл кісінің келуі жай емес екенін түсініп, қонаққа мазасыздана қарады. Қонақ амандықтан кейін үйде отағасы жоқ екенін, әзір келмейтінін естіп:

- Онда келін, сағап айтудан басқа амал жоқ, - деп үндемей отырып қалды. Ырысгүл мына үнсіздіктен қорқып:

- Айтыңызшы неде болса әжем,.. әжем туралы ма ауырып жүр еді, - деп үрейлене сұрағын қайталай берді. Келген кісі:

- Иә, әжең қысылып нашар жатыр, соны хабарлауға әдейі келдім... - кісінің сөзінің артын күтпей, Ырысгүл атып тұрып:

- Манадан бері созып неге айтпай отырсыз? Қысылып жатса мен жетуім керек, мен міндетті түрде жетуім керек.

.- Әжем-ай, әжем! Мен барғанша тұра тұр, - деп көзінен жасы парлап үйден атып шықты. Жүгіріп бара жатып, хабар айтуға келген кісіге ыза болып: "Ақырындап сөз бұйдаға салғаны несі, қысылып жатса! Асықпай жүрген жүрісінің өзі түсініксіз, қысылып жатса, неге асықпаған?.. Асықпағанына қарағанда, әжем жоқ шығар бұл дүниеде."

Көзінен жас парлаған Ырысгүл өкпесі ұша бар күшімен жүгірді. Асыққанда жол да ұзарып кетеді екен, тез жүгіре алмай аяғы шатысып болар емес. Тері ағып, борша-боршасы шығып алқынып жүгіре Ырысгүл әжесінің үйіне келді. Үйдің жанында тұрған кісілер өзіне қарай жүріп, Ырысгүлдің екпінін көріп, токтай қалғандарын байқаған да жоқ. Әжесінің үйінің тұтқасын айқара ашты. Үй толы адамдарды көріп, жүрегі су ете қалған Ырысгүлдің:

- Әже!!! - деген дауысы үйдегілерді селк еткізіп, ащы шықты.

Әжесінің төсегінің жанында отырғандарды көзімен итеріп әжесіне бір-екі аттап жетті. Көзін жұмып жатқан әжесін көріп, өліп қалған екен деп ойлаған Ырысгүл дауысын өкіре шығарып әжесін құшақтай жығылды. Біреу иығынан ұстап тұрғызуға тырысып, құлағына бірдеме айтып жатыр. Ертерек айтпағандарына ыза болған Ырысгүл ешкімді тыңдағысы жоқ.

Екі адам иығынан тартып:

- Әжең қысылып жатыр, үстінен тұр, - деген ескертуді әзер түсінген Ырысгүл басын көтере дереу әжесінің қолынан ұстап еді, сұлық жатқан әже қолы сәл қимылдағандай болды. Әжесінің қолын қаттырақ қысып:

- Әже, Ырысгүл тентегің келді. Қолыңа 16 жасымда келіп едім, білместігім көп болған шығар. Сол білместігімнен ренжіткен кездерімді кешір. Кешіресің бе, әже? - дегенде отырғандардың бәрі еңіреп жылап жіберді. Әжең қысылып жатыр деген ескертуді естісе де, әжесінің кешірімін алмай кетер емес. Ырысгүл әжесінің ұстап отырған қолын босатпай:

- Әже, Ырысгүліңе не айтасың, тентегіңді кешірсең қолымды қаттырақ қыс, - деп жас жуған бетін әжесінің қолына басты. Кірпігін әзер ашқан әже жанарын келініне бұрып, тамырлары айқын көрініп тұрған ұзын арық саусақтар өте әлсіз қимылмен өзінің қолын қысқанын Ырысгүл сезді. Қазір өзі үшін ең қымбатты адамын жоғалтатынын білген қандай қасірет!.. Еңіреп жылаған келініне сол кезде "Кымбатты адам" солғын көз жанарымен соңғы рет қарады. Әжесінің қоштасқан көз қарасын көрген Ырысгүл іші-бауыры елжіреп, әжесін қайтадан құшақтап басын кеудесіне салып босатар емес.

Кім екені белгісіз ер адам дауысын қаттырақ ашулана шығарып:

- Келін, тұр! Әжең қысылып, қиналып жатыр кеудесін босат, - деп Ырысгүлді әжесінің кеудесінен күшпен иығынан ұстап тұрғызды. Ырысгүл тұрысымен Сәтен әженің бас жағында отырған молда әженің қиналып жатқанын көріп:

- Алладан бәріміз жеңілдік сұрайық, әже сіз де кәлимаға тіліңізді келтіріңіз, - деп еді, отырғандардың бәрін таңданта Сәтен әже:

- Айтпаймын, - деді.

Адам жаны шығарда періште мен шайтан бір-бірімен таласып тұратын болжамды естіген Ырысгүлді сондай күдік толқытып, әжесі үшін ішінен білетін аятын айта бастады.

Молда:

- Олай демеңіз, бәйбіше, - деп дауысын қаттырақ шығарып аят оқып, дем салды. Аят оқыла бастағанда әже аузын жыбырлатып бірнәрсе айтып жатты. Молда әжеге еңкейіп құлағын салып тыңдап, отырғандарға қарап басын изеді. Ақырындап, тынышталған әже сұлық жатыр. Үй толы кісілер де үнсіз. Үзбей аят оқып, қайта-қайта дем салып отырған молданың дауысы қаттырақ шықты. Сәтен әженің бұл дүниеден кетіп бара жатқанын түсініп, отырғандар әжеге жақындағысы келіп қозғала бастағандарға, молда қолын сілтеп қарсылығын білдірді. Әжесінің қолын ұстағысы келіп, жақын жатқан әжесіне бара алмай, көзінің жасына ие бола алмаған Ырысгүл аятты үзбей оқып, әлсін-әлсін дем салып отырған молданың орнында ойша өзі болғысы келіп әжесінен көзін айырмай отыр. Соңғы демін қаттырақ алып, алған демін соңғы рет шығарған қадірлі Сәтен әже бұл пәниден өтті.

Сәтен әже Ырысгүл үшін мықты пана, берік қорған еді. Әжесінің өзіне берген бағасы есіне түссе, сол бағадан күш-қуат алғандай болатын.

- Дастарқаның ортадан жоғары, өзің қатарыңнан кем болмайсың. Алға асып та кетпейсің, жақсы ортадағы үй боласың. Себебі, ниетің түзу, қонақты әр қашан қабағыңды шытпай қарсы аласың, - дейтін.

Қайран әжем, соңғы кезде қартайып ауырып жүрсең де, қасыңнан көшіп кетіп алыс тұрсам да, сенің бар екенің көңіліме медеу еді, енді жоқсың. Сенің орның мен үшін бөлек еді, әжешім! Осы сөздерді ішінен көп айтып жылап жүрді. Әжесі мен өзінің үйінің ара қашықтығы алыс болса да, әжесі тірі кезіндегідей барғысы келіп жинала бастағанда, әжесінің жоқ екені есіне түсіп, көңілі құлазып сала беретін.

Осылай уақыт өзінің дегенін орындап әжесінің жетісі өтіп, көзді ашып жұмғанша қырқы да берілді. Қырқын атқарысып үйіне келе жатқан Ырысгүл, соңғы кезде мазасын алып ұрт етінде пайда болған ісікті тілімен байқап көріп еді, пышақтың қырындай болған бір азу тісінің қалдығын байқады. Сол тісі ұрт етін қажап, сынық тісінің тиетін жері ісікке айналыпты. Тамақ шайнағанда іскен ұрт етін тістеп алып, қиналып жүрген.

Екі шыңның ортасынан өтетін өзеннің суы қыста қатып, мұздың үстімен жүру жолды қысқартатын. Ал жазда шыңның үстімен жүруге тура келеді. Осы жолмен келе жатқан Ырысгүл шыңның төбесіне шықты да, одан әрі шаршап бір тастың үстіне отыра кетті. Демалып біраз отырған Ырысгүлді іскен ұрт еті сыздап, тағы мазасын ала бастады. Ауырған жағын сипап отырған Ырысгүлдің көзі жанында жатқан шыңның тасына түсті. "Мына таспен тісімді егесем, сонда тісімнің ұртыма қадалып тұрған жері жоқ болып, жаным жай табар еді" деп ойлады. Бұл ақылы көңіліне қонып, дереу жаңағы тасты алып қарап, пішіні дұрыс келмейтінін түсінді. Енді жан-жағына қарап, қайраққа ұқсас аузына сиятын кішірек тасты іздеді. Біраз уақыт іздеп, өз ойынша қайрақ болатын керекті тасты тапты.

Жан-жағына қарап, ешкім жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін Ырысгүл іске кірісті. Алғашында кедір-бұдыры көп таспен егеу нәтиже бермеді. Кішкентай аузын қанша қатты ашқанымен азу тісінің үшкір тұқырын егеу оңай болмады, басын оңды-солды қисайтып әбден әлекке түсті. Қанша қиын, әрі ыңғайсыз болса да, қадалып тұрған тісін егегісі келгені сонша, бұл іске бар ынтасымен кірісті. Шамалы егеп, тілімен тексеріп жұмысын әрман қарай жалғастырды. Әрбір тексерістен кейін, қадалып тұрған үшкір тістің тұқылы азайған сияқты болғанын байқаған Ырысгүл, одан сайын бұл жұмысқа құлшына кірісті. Егейтін тіс үстіңгі азу тіс болғандықтан, бұл жұмыс әжептәуір қиындыққа түсті. Басында жан-жағына қарап, ешкім жоқ екеніне көзі жеткен соң ғана егеу жұмысын жалғастыратын еді, енді ол сақтықты ұмытып тісін үзбей егеумен болды. Тісінің үшкір жері өте аз қалғанына қатты қуанып, басын шалқайта аузынан сілекейі аққанына қарамай бар ынтасымен егеп жатқан.

Кенет:

- Ау, ке-елін! Не істеп жатырсың? - деген дауысты естігенде төбесінен жай түскендей болды. Аузын ашқан күйі, егеу тасын ұстаған Ырысгүл, жоғарыдан өзіне қарап тұрған қайынағасын бірінші рет көріп тұрғандай одан көзін алмай, отырған тасының үстіне біреу байлап қойғандай қатып қалды. Әуелі қорқып кеткен қайынағасы:

- Келін-ау, не болды? - деп қолынан ұстағанда есін жиған Ырысгүл:

- Әжемнің қырқына дайындық үстінде жүргенде үш күн бойы тісімнің тұқыры пышақтың жүзіндей болып, ұрт етімді қажап, тыныштық бермей жүрген. Бүгін шаруашылық бітіп, үйге келе жатқан бетім еді, иә, мана өзіңіз де болдыңыз ғой, әжеме арналған асымызда. Сөйтіп, жолда үйге жетуге шыдамай, мына тісі құрғырдың қадалып тұрған үшкір жерінен құтылғым келіп әрекеттеніп жатыр едім, - деп дәбдіреп айтып бола бергенде, не болғанын енді ғана түсінген жамағайын қайынағасы күлкіден ішек-сілесі қатып Ырысгүлдің жанына қисая кетті. Ұялғанынан не істерін білмей отырған Ырысгүл өзінің жаңағы әзірдегі ісін көз алдына елестетіп күлкіден шегі түйіле күліп, күлкілері тиыла бергенде бір-біріне көздері түссе қайта күліп, күлкілерін тия алмай күлумен болды. Бұлардың тым қатты күлкілеріне шыңның жаңғырығы қосылып, бір-біріне қарсы тұрған екі шың да қосыла ұзақ күлгендей. Біраздан бері дәл бұлай күлмеген Ырысгүлдің көңілі сергіп, әжесінің бар уақытындағыдай бұрынғы көңіл-күйі қайтып келгендей болды. Әрине, бұл уақытша қуаныш. Әжесін есінен кетіре алар ма?!

Бұл дүниедегі ең қадірлі адамын жоғалтып, сол орны толмас қазаны көтере алмай күйзелісте жүрген Ырысгүлдің тағы жанына жара салынып, кенже қызы қызылшадан қайтыс болды. Кенжесін Ырысгүлге ұмыту өте қиын болды. Ашық қоңыр, сары түске жақын бұйралау шашты, ақ жүзі керемет сүйкімді кенже қызы Алмагүлге Ырысгүл көп қайғырды. Бұрын шетінеген балаларын өзі жас болғандығынан тез ұмытып еді. Бұл жолы өзімен бірге ересек балалары да жылауларын қоймай, Ырысгүлге қызын ұмыттырмады. Анасы Торғын бәйбішеге ұқсап он бір құрсақ көтерген Ырысгүл сол уақыттағы көп аналардың біріндей, құдай бергенін өзі алатынын пендеге лайық ырзашылықпен мойындап, қалған бес балаларының тілеуін тілегеннен басқа амалы бар ма еді?..

Соғыс біткелі жыл сайын азық-түлік, халық тұтынатын заттар аз мөлшерде болса да арзандап, халық өздерінің бейбіт өміріне мәз болып жүріп жатты. Бұл жетістіктер Сталиннің ел басқарудағы даналығы болып есептелді. Осы туралы жұртшылыққа жиі айтылып, көсем халық санасының биігінен орын алды.

Сталин қайда болса, халық сонда.

Халық қайда болса, Сталин сонда... - осы өлең жолдары Сталин мен

Коммунистік партия біртұтас - деген ұрандар халық жүрегіне мықтап орнады. Халықтың көсеміне деген сенімі зор еді. Ұлы Отан Соғысы Сталиннің орнатқан қатал тәртібінің арқасында ғана жеңді, - деп бәрі бір ауыздан айтты. Өмірдің жарқын болашағына кәміл сеніп, көсемін қатты құрметтеп жүрген халыққа Сталиннің өлімі бұлтсыз ашық күнде болған найзағайдай әсер етті. Қарттардан бастап мектептің бастауыш сынып оқушыларына дейін қайғылы хабарды естігенде еңіреп жылады. 1953 жылдың 5 наурыз күні Сталин Иосиф Виссарионович жалпы халықтың сеніміне бөленіп дүниеден өтті.

Өкімет басына Хрущев Никита Сергеевич келгеннен кейін Сталинге тағылған кінәларға халық сенгісі келмеді, көсем туралы ақпараттың шындық жағын жалпы жұртшылық білмегендіктен сенудің өзі қиын еді. Халық басшының жаңа жүйесін орындап жүріп жатты.

Далаға шығып тұруға уақыт таппайтын Ырысгүл, көктемнің шуақты күніне қызығып, есіктің алдындағы атаяқ орындықтан тұрғысы келмей біраз отырып қалды. Алыстан көрінген бір нүктеге назары ауып, ақырындап жақындаған нүктеден көз алмай бақылады. Нүкте жақындағанда шамамен бес жастағы баланы көргенде, оның жалғыз өзі қайдан келе жатқаны қызықтырып, үйіне кірмей бөгеле түсті. Келе жатқан Әуез қайынағасының немересі екенін танып, баламен сөйлесетін әдетімен Ырысгүл Мұхамеджаннан қайдан келе жатқанын сұрады.

Ол да іркілмей:

- Ақ түйемді, кәстөм-шалбарымды көріп келе жатырмын, - деді байсалданып. Баланың мына жауабына таңданған Ырысгүл:

- Не дейсің, батырым? Ақ түйең мен кәстөм-шалбарың қайда болғаны сонда? - деп еді баланың жауабы әзір екен.

- Қырдың ар жағына тығып қойғам, өскенде керек болады, соларды анда-санда барып тексеріп көріп тұрам, - деп бала бір үлкен жұмыс бітіргендей байсалдана жауап беріп, үйіне қарай кете барды.

Мұхамеджанның жауабын түсінбей, баланың айтқандарын ой елегінен өткізіп тұрған Ырысгүл, өзара шуылдасып кетіп бара жатқан балалар тобына назар аударды. Балаларды қолын бұлғап шақырып еді, бәрі Ырысгүлдің жанына келе қалды. Үйіне кетіп бара жатқан Мұхамеджан да қосылыпты. Көңілі жас Ырысгүл балаларды көрсе ойнағысы, сөйлескісі келіп бір сәт өзін балалары бар әйел екенін ұмытатын. Бір-біріне сөз бермей жамырай сөйлескен балалардан гүл теруге кетіп бара жатқандарын естіп, Ырысгүлдің есіне бір нәрсе түскендей қулана жымиды.

- Кетпей тұра тұрыңдар, сендерге сақтаған тамағым бар, - деп үйінен сүтті қайнатып, құрт немесе ірімшік жасарда бөлініп алынған сарысудан жасалған дөңгелекшелерді әрқайсысына үлестіріп, тастауға обалсынып жүрген заттан құтылғанына қатты қуанды. Балалар бір-бір сарысу күлшелеріне ие болып, қуанып гүл теруге кетті. Қырдың ар жағына барып түрлі ойындар ойнап, даланың көктемгі хош иісті гүлдерін тере жүріп, бірінен кейін бірінің іштері ауырып, іштері өтіп берекелері кетті. Не болғанын түсінбей, Жауһаздың апасының берген тамағы туралы бір-бірінен сұраумен болды.

Ал, Ырысгүл біраздан бері көп болып жиналып қалған сарысу күлшелерінен құтылғанын айтуға үйі өте жақын Үміт абысынына келсе, Үміт Махаң қайынағаға шай беріп отыр екен. Махаңның кесесіне шай құя алмай әуре болып отырған Үмітке Ырысгүл таңдана қарап, себебін түсінгеннен кейін күлкісін әрең тоқтатты. Оттың шоғына аққұмандағы шай бұқтырылып көлемі өте көп болып ұлғайып кетуінің салдарынан кесеге әзер құйылған шайды Үміт Махаңа ұсынды. Махаң кесесін тез босатып, шынымен шай ішіп болды ма әлде, кесеге шай құя алмай әуре болған Үміттің шайын ішікісі келмеді ме кесесін төңкеріп, дастарқанға бата қайырып, орнынан тұрып тез-тез басып шығып кетті.

Аққұмандағы шайдың жартысын алып тастаған Үміт Ырысгүлге ақтала қарады. Шай дайындап жүріп Махаң қайынаға қарап отырған соң, шайының көптігін білдіргісі келіп аққұманға шайды сала берген мақтаншақ Үміттің шайын екеуі сораптай іше біраз әңгіме-дүкен құрды. Ырысгүл біраздан бері көп болып жиналып қалған сарысу күлшелерінен құтылғанына мәз болып, гүл теруге кеткен балалар туралы өзінің жаңалығын айтып отырғанда келіндерінің бірі Мұхамеджанның шешесі келіп:

- Жеңеше-ау, өзіңді іздеп үйіңе бардым. Айтпағым, балаларға не беріп едің? Айтуларына қарағанда сарысу бергенсің ғой. Қалай тамаша болған! Туғалы іштері тазаланбаған балалардың сауабын алыпсың. Аскарида жоқ шығар, ал острицалар - кішкентай ақ ішек құрттары бар екеніне шүбәм жоқ. Қайсысы тамақ ішерде қолдарын тазалап жуды дерсің. Іштері өтіп, құрттарынан құтылған шығар, - деп келіні Айтжан үзіп-үзіп күлетін әдетімен күлкісін тия алар емес. Оған Ырысгүл мен Үміт қосылып:

- Мынау бір есте болатын жай екен, балаларымыз дүзге отыра алмаған кезде қолданатын, - деп күлуде. Талай әңгіменің басын шалып, әйелдер үйлеріне тарасты.

Ертеңіне үй арасында үй жоқ Үміт күнде таңертең өзінің үйінің пешінің отын жағып болып, Ырысгүлдің үйіне келуші еді. Оның бүгін келмеуі Ырысгүлді алаңдатты. Және Үміттің күнделікті айтатын түнімен бәріміз өлім аузынан қалдық дейтін үйреншікті хабары шын болып қалмасын!

Жағдайларын білуге Ырысгүл Үміттің үйіне келді. Ауызғы бөлмеде ешкім болмағандықтан, төргі бөлмеге өтіп, төсегінен тыс жерде жатқан Үмітті көрді. Жақындап атын атап, қолынан ұстағанда қозғалмағанынан қорқып, басына келген бірінші өлім туралы ой зәресін ұшырып, Ырысгүл үйден атып шықты. Сыртқа шыға не істерін білмей кідіріп, кенет өткенде осы үйден шай ішкен Махаң есіне түсіп, соның үйіне жүгірді. Алқынып жүгіре үйге кірген Ырысгүл жастыққа шынтақтай сүйеніп, көзін жұмып тәспі тартып отырған Махаң қайынағасына асыға Үміттің жағдайын айтып, тезірек барғанын қалап, жалынып жатыр. Жер қозғалса да асықпайтын Махаң күбірлеп тәспісін серпіп қалып, көзін ашып өзіне жақтырмай қарағанда Ырысгүл қатты ыңғайсызданды. Бірақ, адам өмірі қыл үстінде тұрғанда, тездетіп айтпауға дәрмені жоқ Ырысгүл Махаңа шыдамсыздана қарап тұр. Үміттің өмірі қатерде дегендіктен бе, әйтеуір тәспі тасының соңғысын күбірлей екінші жағына аударды да, тәспісімен маңдайын жүре сипап, мәсісінің сыртынан галошын киіп Ырысгүлге ештеңе айтпастан шығып кетті. Бұған түсінбей қалған Ырысгүл, шығып кеткен Махаңның соңынан еріп жүре берді. Махаң Оразәлінің үйіне қарай бұрылған кезде, қайынағасының қайда бара жатқанын түсінген Ырысгүл Үміттің жанын сол кісі алып қалатындай Махаңның соңынан қуана қаттырақ адымдады. Оразәлінің үйіне жете бере Махаңнан озып үйдің сыртқы есігін айқара ашты. Оның тезірек үйге кіргенін қалап, басқа ой ойлауға мұршасы жоқ Ырысгүл Махаңмен бірге үйге асыға кіргенде, Үміт жатқан жерінен қозғалған сияқты болып көрінді. Махаң келе Үміттің тамырын ұстап біраз уақыт үндемей отырды да, тұрып шығуға бет алды. Кетіп бара жатқан Махаңа, жатқан Үмітке қарап абыржыған Ырысгүл жалынышты көзқараспен қайынағасына қарап еді, Махаңның түрінен күлкі нышанын көріп, түсінбей қалды. Ырысгүлді аяп кеткен болар Махаң сәл кідіріп:

- Ештеңе етпейді келін, қамықпа! Абысыныңның шалына еркелегені ғой, - деді шығып бара жатып. Аң-таң болып, Махаңның соңынан қарап Ырысгүл шарасыздықтан не істерін білмей тұр. Алдымен Үмітті төсегіне жатқызуды ойлап, жалғыз өзі түндегі төсегіне әрең жатқызды. Енді үйге барып біреуді шақыру керек деген оймен Үмітке қарады. Сол сәтте Үміт өтірік жатқан сияқты болып көрінді. Бұл ойын тез ұмытқысы келген Ырысгүл, өзіне олай ойлауға тиым салды. Бірақ, күдікті ой мазалап Үміттің не үшін өтірік ессіз жатқанын, бұл ісімен нені дәлелдегісі келгенін шынымен түсінбей, таңданып үйіне келді.

Түндегі төсегінен әлі тұрмаған ұлының маңдайына алақанын басып еді, ыстығы әжептәуір көтерілгенін байқады. Қатты алаңдап, ұлы мен Үмітке білімді молда атасынан ішірткі жаздырып алса, шипа болып екеуі де тез жазылып кетер деген үмітпен молда атасының үйіне асықты. Есік алдында жүрген енесіне амандасып, атадан ішірткі алып, тезірек емге қолданғысы келетінін айтып өтті. Енесі үйіне келгендерді тамақ беріп қарсы алатын әдетімен үйіне шақырды.

- Балам ауырып жатыр, тезірек жетейін. Үміт те ауырып қалып еді, - асығатынын осылай жеткізген Ырысгүл енесінен тез жауап алды.

- Тамақ жемесең, онда кет! - деп бәріне айтатын өктем сөздерін айтып қулана жымиған өзіне ұнайтын адуын енесінің сөзіне үйренген Ырысгүл кім келсе де тамақ бергісі келіп тұратын енесінің жиналмайтын дастарқанынан нан ауыз тиіп, тұмар мен ішірткіні алып баласын емдеуге, әрі Үмітке соғып өзіне арналған тұмарды беруге асықты.

Жолай Үмітке келген Ырысгүл Оразәлінің үйінің есігіндегі үлкен қара құлыпты көргенде таңданысында шек болмады. Кетіп қалатындай көп уақыт та өткен жоқ. Шынымен Үміт өтірік ойластырған ба, сонда не үшін?.. Кейбіреулердің осындай істері Ырысгүл үшін түсініксіз дүние еді. Енді, манағы Махаңның жымиған күлкісі есіне түсті. Үміттің мына жұмысына қайран қалған Ырысгүл баласының жағдайы алаңдатып, үйіне қарай қаттырақ адымдады. Анасының қамқорлығымен ұлы аз уақыт ішінде ыстығы басылып, түсте басталатын сабағына үлгеріп мектебіне кетті.

Ұлын мектепке шығарып тұрып, балалардың оқитын айы болды, енді киіз басу науқаны да басталады. Қойлар мен қозылардан қырқылған күзем жүн бір үлкен киіз-текеметке жетерлік болып жиылып қалыпты. Киіз басуға шақырылатын әйелдердің еш кедергісіз келулерін қамтамасыз ету үшін, ертерек хабарлауға көрші үйлерге бет бұрды.

Киіз басатын үйдің алдында балалардың көңілді дауыстарын есту айнымас тәртіп сияқты. Шақырылған әрбір әйелдің соңында екі-үш немесе бір бала міндетті түрді еріп келетін. Күздің жанға жайлы, соңғы күндерінің бірі. Қазанда былқып алғашқы туған қозының жас еті пісіп, Ырысгүлдің сыртын жылтырата сүрткен сары мыс самауырыны даурыға әзілдескен әйелдерге шай беру үшін екі иығынан дем алып, теріні күйдірер ыстық буды ысқыра шығарып тұр. Киізді басып болып, өздеріне тиесілі қонағасыларын ішіп-жеп, Ырысгүлдің ырза болған ықыласына бөленіп, әйелдер үйлеріне тарады.

Өзі үшін ойына алған таудай жұмысын бітірген Ырысгүл далада жаюлы тұрған жаңа ғана басылып біткен текеметіне жақындап, киізге жазылған үлкен қызының есімін сипады. Қызымның төсек-орнының бірінші дүниесі болар, әрі иіріп жатқан жіптерім де боялып тұр, енді кілемін тоқуды бастауға болады. "Жеті жастан жинасаң жетеді" деген бұрынғылардың айтқандарын ескерсем,.. деп ойлап қалып, қызының келешегін таныс емес отбасымен байланыстырған Ырысгүлдің жүрегі шым етті. Тез ойын басқаға аударғысы келіп, киіз басқан әйелдерді есіне алды.

Өзін қатты-қайырым жұмысқа салғысы келмей, күшке тимейтін жайлы жағында жүретін Ақжібек абысыны әрқашан қай жұмыста болмасын өзгерген емес. Білегін сыбана бар ықыласымен істейтін басқаларын есіне алғанда көңілі жылып жүре берді. Абысындарының ішінде айтылған қасиеттердің дәлелі болатын Махаңның бәйбішесі Шарқия көмектесу үшін барған жұмыстың басы-қасында аяғына дейін болып, үйіне кететін. Өте келімі келген шалы Махаң туралы мақтана айтып, өзінің келін болып түскен уакытын қызыға баяндағанда Шарқияның әңгімесін естігендер өңді, аққұба жас келінді көргендей оны ықыласпен тыңдайтын.

Бүгінгі жұмысына ырза болған Ырысгүл, көптен бері жол шалғайлығынан хабарласпаған сырдағы қайын-жұртына кеткен отағасыдан хабар жоқтығына қобалжи үйіне кірді.

Үйде соңғы кезде тісі жиі ауырып жүрген Майрасы жағын ұстап жылап жүр екен. Қызын аяп, тіс құртын шақырып емдейтін Мәтерия әженің үйіне қызын ертіп келді. Қазір ешкімді емдемейтін жағдайын айтқан әже Ырысгүлдің өтінуімен, Майраның қиналғанын көріп, емді бастады. Меңдуана шөбін табаға салып жақты. Табадағы шоқтың қызуына Майраның аузын ашқызып екпетінен жатқызды. Басына үлкен орамал жауып, қолындағы төңкере ұстаған екінші табаны қасықпен ұрған әже, аздап сақаулау тілімен тақпаққа ұқсас өлең жолдарын айтып, Майраның тісіндегі тіс жегіш құрттарды шақыра бастады. Әже біраз еңбектеніп табаға тиген қасықтың тарсылын тоқтатты. Екпетінен жатқан Майра ұйықтап қалыпты. Майраның басына жастық салып жатқызған әже, табадағы көзге әзер көрінетін өте ұсақ жәндіктерге ұқсас белгісіз көріністі Ырысгүлге көрсетіп:

- Міне, тістегі құрттар түсіп, бала тынышталып ұйықтады. - деді. Кейін осы туралы ойлағанда сол шынымен тіс жегіш құрттар ма, әлде меңдуананың өлген құрттары ма, Ырысгүл үшін осы - жұмбақ еді.

Жаңа оқу жылы басталып балалары мектепке барып көңілі орныққан Ырысгүл енді отағасы туралы жиі ойлап, бұрын оны көп мақтап жүретін еді, осы жолғы ұзақ қыдырысы онша ұнай қойған жоқ.

Қайын-жұртында бір айдан аса уақыт болып әйелін, балаларын қуантып Әубәкір үйіне оралды. Төркінінің әрқайсысын қызыға сұрағанда, берілген жауапқа қанағаттанбаған Ырысгүл, отағасының көңілсіз жәй-күйінен бір нәрсеге қатты қобалжып жүргенін білуге асығып, оны әңгімеге тартты.

Өзара болған жеке сөйлесудің соңы ұрысқа айналды. Ұрыстың негізі екеуіне де өте жақын туыс Бәтиманың қолқа салған өтінішіне байланысты болды. Нағашы туысын көргеніне қатты қуанған Бәтима жолдың шалғайлығынан кездесудің реті келе бермейтіндігін, құдай қолдап жол түсіп нағашы жағынан іздеген адамының келе қалғаны, соңғы кезде ойында жүрген өте маңызды мәселені осы жолы ортаға салып, талқылаудың кезі келгеніне ырза болып айтқаны:

- Үйлеріңе келген қонақтарға мектепте оқып жүрген қызың анасының үйде жоқтығын білдірмей тез арада қонағасы беріп, жақсы күтіп алыпты деген мақтауды естідім, - деп сөзін бастаған екен айтатын өтінішін дәлелмен жеткізгісі келген Бәтима. Соңғы кезде ұлдарының үлкені өсіп жетіле бастағанда ойынан шығатын келіні болғанын армандап жүргенін айта келіп, инженер мамандығы бойынша бірінші курста оқып жүрген баласы барын, сол баланың болашағын ойлап, бұрын сүйек жаңғыртудан болған өмірлерінің жалғасы - балалары түбі бір, туыс қанды болғандықтан қиындық болса бір-біріне жаны ашып, өмірде болатын ащы кезеңдерде жамандыққа бармай, бірге бақытты өмір сүрулеріне тілектес болып, балаларымыздың өмірлік бірге болуына екеуіміз дәнекер болайық, - деген өтінішпен туыстығын ескертіп, сөзінің жерде қалмайтынына сенімінің молдығын айтып сөзін бітіріпті.

Мынадай тосын, қиын қолқаға жауап бере алмай қатты қиналған Әубәкір демалысқа келетін студентті көруді жөн көрген. Сөйтіп, болашақ баласын көргеннен кейін келісімін бергенін, осы әңгімені қанша мәнерлеп жеткізсе де, бұл жаңалық Ырысгүлді қатты толғантты. Күтпеген мәселенің шешілуі отбасында күнде талқыланып, үйлерінен береке кетті.

Хабар тез тарап, мұндай жаңалықты талқыламаған туыстарға жақсы болды. Бір шешімге келе алмай басы қатып жүрген жас қызды азғырып, басқа жігітке тұрмысқа шығарғысы келген белсенділер аз болмады. Осындай кедергілер ойландырып, ӘКЕ берген уәдесін орындауға бел байлады. Өзінің шешімінің дұрыстығын айтып, бала тағдырын шешетін ата-анасынан басқалардың кіріскісі келген орынсыз әңгімелерін дәлелмен түсіндіргеннен кейін, Ырысгүл қинала келісті. Қызын ұзату күні жақындаған сайын Ырысгүлдің іші-бауыры езіліп, отағасына себепсіз тиісіп маза бермей жүрді. Қызының болашақ елі алыс болғандықтан төсек- -орынды бірге алып баратын болып шешті.

Беретін төсек - жабдықтарын жинастырып, ескерткіш үшін анасы Торғын бәйбішенің Ырысгүлдің өзіне берген ақшыл жасыл түсті қымбат матадан тігілген шатырын қосып беруді ұйғарды. Бұл ойын отбасымен талқылағанда баласы Темір шатырды үйде қалдыруын қош көрді. Анасына өзінің ата-тегін дәлелдейтінін түсіндіргенімен, ана шіркін қолындағы қымбатты мүлкін қызына бергісі келді де тұрды. Қызы туысы Бәтимаға келін болады, ата-анадан қалған мұра ескерусіз болмайтынына сенімі зор Ырысгүлге жақсы сезім бойына күш-қуат беріп, қызының төсек-орынын дайындады.

Болашақ күйеу баланы Әубәкірдің Бибіқатша апасының баласы Тұяқбай ертіп келді. Ұзатылу күніне арналған тойға туыстар, жекжаттар, көршілер күйеу жігітті көруге, әкелінген сый-сияпаттың көлемі қызықтырып, кейін көргендерін талқылап ойларын ортаға салудың жаңа тақырыбы табылғаны қуантып, ықыластана келді.

Ұзату тойы өтіп, қызын құтты жеріне қондыру үшін Ырысгүл жолға шықты. Өзімен бірге оныншы класқа көшкен ұлы Темір мен алты жастағы қызы Жауһазды ертті. Бұрын поезбен алысқа бармаған Ырысгүл мен балаларға бұл жолға шығу өте қызық болар еді, тек толғандыратын мақсаты бар жол жүру, аса қатты қуандырмады.

Жаздың ыстық күнінде вагонның іші қапырық. Бәрінің су ішкілері келіп, ыстықтан берекелері кетуде. Пойыз жүрісін баяулата бастағанда, тез арада су ішетіндерін айтып Тұяқбай жолаушыларды қуантып тастады. Айтқанындай пойыз тоқтасымен кішкентай өзбек балалары:

- Суық су, мұз салынған суық су, - деп ыдыстары толы суларын алып жағалап жүр. Мұз салынып салқындатылған суды қанып ішіп, жолаушылар жол жүру сапарын әрі қарай жалғастырды.

Біреумен сөйлеспесе іші пысатын Ырысгүл вагонның бүйіріндегі орындыққа жайғасқан өзбек әйелінен жөн сұрасып, өзінің қайда бара жатқанын айтып үлгерді. Әйел Ырысгүлге құтты болсын айтып, былтыр өзі де қызын ұзатқанын бірақ алысқа емес, қайынағасының баласына қосқанын айтқанда Ырысгүл от басып алғандай қиналып, тап бір осы қателікті өзі жасағандай дауысы қатты шыққанын байқамай қалды. Өзбек әйелі қатты таңқалған жолаушы әйелге өздерінің салтында үйленетін жастар бір ананың сүтімен қоректенбесе, яғни сүт араласпаса үйленуге болатынын жайбарақат түсіндіріп, көршісіне күле қарады. Өзбекстанда тұрғанда қайынағасының баласына қызын ұзататынын айтқан көрші өзбек әйелінің сөзі Ырысгүлдің есіне түсті. Өзбектердің өзіндік осындай өрескел салт-дәстүрі ойландырып, жолаушы өзбек әйелінің жауабынан кейін өзімен-өзі болып үндемей қалған Ырысгүлдің көзі вагонның келесі бүйірінде жиналмалы кішкентай столды құрып, шамасы алты жасқа келген қызбен тамақ жеп отырған орыс кемпіріне түсті. Кенет, бәрін таңдандыра Ырысгүл:

- Ақ-тіпә, ана қараңдар! Тауықтың тарбиған аяқтарын сорып отыр, - деді орыс кемпірін сұқ саусағымен көрсетіп. Ырысгүлдің әрбір ісіне күлетін Тұяқбай осы жолы да күліп:

- Бұл бір өте дәмді тағам. Қатты қыздырылған табада жақсылап пиязбен, бұрышпен қуырылып, әртүрлі керекті шөптермен бұқтырылған тауықтың аяқтарын сорғанда тіліңді жұтып қоя жаздайсың, - деді өзі тап бір тауық аяқтарын сорып тұрғандай көзін жұма тамсанып.

- Пойыз келесі аялдамаға тоқтағанда алып берейінші, - деді қамқорсып.

Тұяқбай алып беріп, тауықтың тарбиған қып-қызыл аяқтарын сорып отырғандай Ырысгүл «ақ-тіпәні» көбейтті. Іші пысып жүрген Жауһаз кемпірдің жанындағы өзі шамалас қызбен ойнағысы келіп тауықтың аяғын құмарлана сорып отырған кемпір мен өзі қатарлас қызға жақындап қарап тұр. Орыс кемпір жандарына келіп тұрған Жауһазға тауықтың бір аяғын ұсынды. Оны көрген Ырысгүл Жауһазы соны жесе өлетіндей шапшаң қимылмен қызының жанына келіп, жемеу керектігін қатты ескертіп жатыр.

Шамалыдан кейін жастары шамалас екі қыз бір-біріне таңдана қарап, ақыры бірге ойнап кетті. Орыс қыз өзінің тілінде Жауһазға бір нәрсе айтса, Жауһаз түсінбесе де орыс тілінде сөйлеген болып, өзіне де түсініксіз былдырмен жауап береді. Ал, орыс қызы бейтаныс қазақ қыз өз тілінде сөйлеп тұр деп ойлайды-ау шамасы, Жауһаз сөйлегенде зейін қойып тыңдап тұрады. Екеуіне де түсініксіз сөйлесу өздеріне ұнағаны сондай, орыс қыз өз тілінде, Жауһаз өзіне де түсініксіз тілде кезек-кезек сөйлейді де, күлкілі әңгіме айтқандай бір-біріне қарап бастарын изеп, сосын бастарын шайқап күледі. Осындай сөйлесуді көрген үлкендер кішкентай қыздарға қарап қосыла күлді.

Пойыз бір үлкен станцияға тоқтады. Ырысгүлдер пойыздан түсіп басқа поезға мінулері керек еді. Бұлар мінетін жолаушылар поезы ертең кешкі бесте жүреді екен. Түнеп шығатын үй іздеген жолаушылар дуалы биік бір үйге жақындап, аулада жүрген өзбек әйелмен сөйлескен Тұяқбай адам басына үш сомнан сұраған бағасына келісіп, пойыздың үстінен шаршаған жолаушыларды дем алуға шақырды. Ырысгүл бір түнегенге адам басына үш сом сұрағанына таң қалып, өзбектердің ақша сұраған өрескел жұмысын сынап, үйге кірді. Жайғасқан соң, шай ішкілері келгенін айтқан жолаушыларға, үй иесі әйел шайнекпен шай және бір кесе әкеліп қойды. Бүған түсінбеген Ырысгүл кесеге бір қарап, әйелге бір қарап:

- Мына бір кесеңмен алты адам қалай ішеміз? Бөлмеде тұрған серванттың ішіндегі көп кеселермен тағы басқа ыдыстарды көрсетіп:

- Ана шкаптан енді бес кесе берің, - деді бұйрық бергендей. Әйел ол ыдыстарды пайдалануға болмайтынын себебі, ол қызының жасауы екенін түсіндірді. Өзбек әйелі бес кесе әкеліп, пайдаланғандары үшін келісілген пұлдан басқа қосымша төлем ақы сұрайтынын Тұяқбайға айтып кетті. Бұны естіген Ырысгүлдің ашуында шек болмады.

Тұяқбай түсіндіруге тырысып:

- Бұлар осылай күн көреді, бәрінің кәсібі осындай болғандықтан мұның еш сөкеттігі жоқ деп есептейді. Ана шкаф толы ыдыстар өзбек қызы кішкентай күнінен бастап жұмыс істеген ақшаға алынған. Бүгінгі пойыздағы су сатқан балаларды көрдіңдер ғой, қолдарынан келетін жұмыс істеп ұлдары үйленетін, қыздары ұзатылғанда берілетін жасауды алатын ақша жинап жүр, - деді күндізгі көргендерін айтқан әңгімесіне дәлел етіп.

Өзбектермен көрші тұрған Ырысгүл өзбек ағайындардың ақшаға жақын екенін білсе де, кесе туралы өте өрескел жайды кейін басын шайқап еске алатын. Өзбек үйіне қонып шыққан жолаушылар есептесіп, ертерек вокзалға келіп, пойыз келгенше вокзалдың күту залына барып отыра тұруды жөн көріп, аяңдап жолға шықты.

Әлі уақыт бар деген оймен асықпай жан-жағына қарап келе жатқан Ырысгүл жермен-жексен болып арқасына үлкен үш чемоданды салып келе жатқан арық өзбекті көріп, бейшараны аяп көзін алмай орнында тұрып қалды. Бұндайды көрмеген Ырысгүлдің өзі және ұлы мен екі қызы бастарын шайқап, тіпті аяғандары сондай, өзбектің арқасындағы чемодандарды алып көмектесуге дайын. Ырысгүл өзбекті қатты аяп басын шайқап,таңдайын қағып:

- Алда байғұс-ай бәрі бала - шағаның қамы ғой, шамасы баласы көп болғаны ғой мына өзбектің. Әй, Тұяқбай! Мына өзбек жүгін апарып қойған соң құдайы беру керек. Ырысгүлдің бұл сөзіне Тұяқбай күліп:

- Бұған құдайы беріп керегі жоқ, жүгімізді тасытқызып ақысын беруге болады. Бұл кедей емес, үйінде қырық мың ақшасы бар, - деген Тұяқбайдың сөзіне таңқалып:

- Ойбай, қара қатын!Ондай ақшасы болса бұл неге мынадай қиын жұмыс істеп жүр. Сонда осы жұмысына қанша алады, - деді сұрақты жаудыртып. Әр чемоданды тасу үш сомнан екенін, сонда бар болғаны тоғыз сом алатынын естігенде Ырысгүлдің «қара қатыны», көбейді. Енді Ырысгүл жаңағы өзбектің соңынан қалмай жүгін апаратын жерге дейін еріп бара жатыр. Мінетін пойыздың жүретін уақытына әлі ерте болған соң, ешқайсысы алаңдамай өзбектің соңынан кетіп бара жатқан Ырысгүлді бақылап қызықтап тұрды. Өзбек үстіндегі жүкті түсіріп белін жазды. Ырысгүл құтты бір адамзатты бірінші көріп тұрғандай өзбекті бас аяғына дейін шолып қарап тұр. Өзбек бұл көзқарастың өзгеше екенін сезсе де:

- Айы, сіздің жүгіңізді қайда апарайын, - деді өзіне қарап тұрған жұмбақ әйелге тер жуып шаршаған жүзін әзер жымитып. Сөйлесудің ыңғайы келгеніне қуанған Ырысгүл:

- Әй, Тұяқбай, мына өзбекке біздің шамадандарды арқасына тие! - деді айқайлап. Манадан бері күле бақылап тұрған Тұяқбай тобына Ырысгүл өзбекті ертіп келді. Чемодандар өзбектің арқасына тиелген соң, жүк тасушы арқасындағы ауыр жүктен әзер дегенде басын көтеріп, қайда апарамын деген үнсіз сұрақпен Ырысгүлге қарады. Чемодандарды қайда апару керектігін білмейтін Ырысгүл Тұяқбайдан сұрап, оның жауап беруге асықпаған түріне ызалана қарады.

Арқасындағы жүктің ауырлығынан омыртқасы сынып кетердей жағдайда тұрған өзбек екеуіне тағатсыздана қарап тұр. Шыдамы таусылған Ырысгүл Тұяқбайға қойған сұрағын ашулана қайталады.

- Ешқайда апарып керегі жоқ, осы жерден поезға мінеміз,- деді Тұяқбай жайбарақат. Тұрғандар ішектері қатып күлкіге кенелді де қалды.

Жауапты естіген Ырысгүл, онда өзбектің арқасына неге жүктерді тиегенін Тұяқбайдан ренжи сұрады.

Тұяқбай күлкіден әзер сөйлеп:

- Мен сенің әміріңді орындап, чемодандарды өзбектің арқасына тиедім. Маған өкпелеудің ешқандай реті жоқ.

Өзінің қателігін түсінген Ырысгүл:

- Мына өзбекке ақысын беру керек, - деді ұялғанынан.

Тұяқбай да Ырысгүлді ызаландыра түсіп:

- Не үшін береміз жүгімізді ешқайда апарған жоқ.

Енді, шынымен айтары жоқ Ырысгүл:

- Өзі қанша сұрайды екен? - деді амалсыздан сұрақ қойып.

Нағашы жеңгесімен әзілдесуді ұнататын Тұяқбай:

- Өзбектердің ақшасы көп, ештеңе бермей-ақ қоюға болады, - деді отқа май құя.

- Қой, аздап беру керек қарғап жүрер, өзінің түрі де келісімсіз екен, тым арық. Бұған бермеген ақшамен біз байымаспыз, - деді бәсең дауыспен.

- Берсек, чемодандарымызды арқалап жанымызда тұрған ақысын бергеніміз әбден орынды, - деді Тұяқбай бәріне қарап қулана жымиып.

Күлкілерін тия алмай тұрған туыстарына Тұяқбай үлкен базарға баруды ұсынды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып өзбек акалардың қалай өмір сүріп жатқанын жақындарына көрсеткісі келген Тұяқбайдың пікірін бәрі қоштап, базарды көруге асықты. Чемодандарын жүк сақтайтын қоймаға өткізіп, жолаушылар базарға келді. Базарға кіре бергенде ығы-жығы халықтан бастары айналып, мұндай көпшілікті көрмегендіктен шамалыдан кейін берекелері кетіп шаршаса да, ұшы-қиыры жоқ сияқты базарды қызықтап жүре берді.

Ырысгүлдің балаларының назарын аударған нағыз қызық - керексіз болып лақтырып тастайтын заттарды, киілген киімдерді, тіпті тот басқан пышақ, қолданылған саймандарға дейін сатып отырған өзбектерді көріп, Сарыарқадан келген жолаушылардың таңданысында шек болмады.

Сатылымда аяққа киетін мәсілерді байқап қалып, кідіріңкіреген Ырысгүлді мәсілерін мақтап, өзбектер қоршап алды. Қара лак жағылған жылтыр мәсілерді бұрап-бұрап қайтадан қалпына келтіріп, қанша бұралса да жылтырағы сынбайтынын, сәнді әрі мықтылығы айырықша мәсілер Америкада жасалынғанын мақтауын жеткізіп айтуда. Бір-бірін танитын саудагерлер ұялмай жанындағы көршісінің мәсілерінің сапасының төмендігін байқап қалғанын да ұялмай айтып жатыр. Осындай жолмен өзінің мәсісін мақтаған бір арсыз саудагерден Ырысгүл таңдап мәсі алды.

Жанында тұрған өзбектен қыжым туралы Ырысгүлдің сұрағын естіген саудагерлер сататын жерді білетіндерін таласа айтып, өздерінің пайдасы үшін бар өнерін салуда. Толқып тұрған Ырысгүлді көндіріп, сататын жерді көрсету үшін бір өзбек Темірді ертіп кеткен хабарды тез келе қалған Тұяқбай тобы естіп, іздеуге кетті. Темірдің қолын мықтап ұстап, ары қарай барғысы келмеген жас жігітті көндіргісі келіп тұрған саудагер Тұяқбай тобын көріп, Темірдің қолын босатып жөніне кете барды.

Ұлын аман-есен көріп, Тұяқбайдан ескерту алып, тобасын жаңалап тұрған Ырысгүл сәлдесінің үстіне табаққа салған самсалары бар жандарынан өтіп бара жатқан өзбекке көзі түсті. Қөтеріңкі көңіл-күйдің әсерімен өзбекке көңілдене дауыстап:

- Әй, өзбек! Түрің менің абысыным Үміттің баласы Төлегенге ұқсайды екен. Бұл енді қызық ұқсастық болды. Сен - өзбексің, ал Төлеген - қазақ, - деп күлген Ырысгүлдің мәз болған түріне қараған өзбек:

- Үмітіңді білмәйім, - деді де іле-шала:

- Самса алың, жана ғана піскен ыстық самса - деп өзбек ағайындардың қанына сіңген қасиетін орындап жатыр. Бәрі осы өзбектен самса сатып алып жеп тұрып, Тұяқбай жолға шыққалы Ырысгүлдің күлдіргі жұмыстары жолды қысқартып жүргенін айтып, жолаушыларды көңілдендіріп бәрі күліп алды. Ұшы - қиыры ұзақ базарды аралауды доғарып, поездан қалып қоятындай қауып болмау үшін жолаушылар вокзалға қайтып келді. Уақыттың барлығын пайдаланып Ырысгүлдің қызы Шара мен ұлы Темір вокзалды аралап жүрген.

Кенет, балаларының өзін шақырған қуанышты дауыстарын естіген Ырысгүл, екеуінің бір-бірін тыңдамай қосарлана айтқан сөздерінен қолында кішкентай бір жасар шамасында баласы бар Қорлан апасын көргендерін түсінді. Мына жаңалық Ырысгүл тобын бір минут та тоқтатпай бәрі солай қарай жүгірді. Екпіндеп келген топ өз көздеріне өздері сенбей қалды. Шынымен Ырысгүлдің Қорлан апасы бір жасқа жақындаған ұлын алдына ұстап, цементтен жасалған арықпен сылдырап ағып жатқан Шыршық өзенінің суына қолын жуып отыр. Құшақтасып, амандасып мәре-сәре болған туысқандардың қуаныштарында шек жоқ. Әдейі ойластырылған кездесудің өзі дәл бұлай болмас еді. Бірақ, әттеген-ай, уақыт тығыз. Қорлан апасының поезының жүретін уақыты болып қалыпты.

- Білсем ғой, кеше өзбектің үйіне түнемеген болар едім, - деп Ырысгүл тұр. Апасының қанша уақыт вокзалда болғанын сұрау ойына да келмейді. Қорлан апасын поезына шығарып, қызу әңгімемен апасынан кішкентайының есімін сұрауға үлгермеген Ырысгүл ақырын жылжып кетіп бара жатқан вагонның жоғары жағы ашық терезесінен баласын көтеріп қолын бұлғап тұрған апасына:

- Аты кім? - деп айқайлады баланы көрсетіп. Ақырындап жүрісін жеделдете жүріп бара жатқан пойыздың гудогының дауысымен қабаттасып айтылған Қорланның жауабынан Ырысгүл баланың атын ести алмай, жылдамдық қосылып тез алыстап бара жатқан поезға ере түсіп, апасы мінген вагон ұзап кеткенше қолын бұлғауын тоқтатқан жоқ.

Қорлан апасын шығарып салғаннан кейін Ырысгүлдер өздерінің жүруге өте аз уақыт қалған пойызына тездетіп мініп жайғасты. Пойызға мінісімен вагонның терезесінен далаға көңілсіз қарап отыратын Шара кенет қуанып, әрі таңдана дауыстап:

- Апа, Гришканы қара! - деп орнынан атып тұрды. Ырысгүл дереу вагон терезесінен қарап, келесі теміржолда жолаушылар таситын поезға тіркелген вагондардың бірінің есігінен қарап тұрған жерлес жас орыс жігітін көрді. Өте маңызды шаруасы бардай Ырысгүл жанталаса тамбурға жүгіріп шығып, туған інісін көргендей қуанып:

-Кірішке, әй Крішке, деп айқайлады. Өзін бір қазақ әйел дауыстап шақырып жатқанынан хабарсыз жайбарақат темекі шегіп тұрған жігіт Ырысгүлді естімеді. Тамбурға Ырысгүлдің жанындағылардың бәрі келді. Сол кезде орыс жігіті мінген пойыз гудок беріп ақырын орнынан қозғала Ырысгүлдердің поезына жақындай бастады. Ара-қашықтықтың азайғаны үміт беріп, тағы айқайлаған Ырысгүлді Крішке естімеді. Тамбурда темекі шегіп жалғыз тұрған Крішкеге проводник әйел бірнәрсе айтқанда, орыс бұрылып вагонның ішіне кетуге ыңғайланды. Вагон ішіне кірсе, өзін орыс естімейтінін анық сезген Ырысгүл бар дауысымен айқайлап, қолын бұлғады. Тамбурда тұрған орыс вагонға кіретін есікті аша беріп, өзінің атын естігенде дауыс шыққан жаққа жалт қарап, қол бұлғаған адамды көрді. Сол кезде Ырысгүл мен Крішкенің бір-бірін көріп, дауыстары естілуіне жағдай жасағандай вагондар теңесе қалды. «Крішке, Крішке!» деп айқайлап тұрған әйелге орыс таңдана қарады. Еңбегі еш кетпей Крішке өзін көргеніне қуанып, «Крішке, Крішке!» деп айқайлағаннан басқа не айту керектігін өзі де білмеген Ырысгүл әйтеуір, Крішкенің өзін көргеніне мәз болды. Крішке де алғашында түсінбей қалып, сосын таныды-ау шамасы, ол да қолын бұлғап бірдеме айтып жатыр. Әдейі Ырысгүл мен Крішкенің сөйлескенін күткендей Ырысгүл мінген пойыз да орнынан жайлап қозғалып, екі пойыз жүрісін тездетіп екі жаққа кете барды.

Маңызды шаруасын бітіргендей, өзіне ырза болған Ырысгүл тамбурдан орнына келді. Қалғандары да Ырысгүлдің соңынан ере орындарына жайғасты. Желпіне келіп орнына отыра беріп, қызына көзі түскенде көңілі су сепкендей басылды. Терезеге қарап жылап отырған қызын көргенде, қандай қателік жасағанын түсінген анасы шарасыздан ернін қатты тістеп алды. Шарасының тамбурға келгенін, не келмегенін білмеген Ырысгүл, бұрын тек амандаса салатын жүзі таныс орысқа осынша ілтипат көрсеткеніне түсінбей отыр. Ойланбай болдырған осы ісі үшін өзіне іштей ұрысты. Жаңағы қателігі қызын алысқа шығарып салып бара жатқанының айғағы еді. Көп ұзамай бәрі үйіне қайтады, ал қызы?.. Осындай ауыр ойда отырған Ырысгүлді Тұяқбай жиенінің қолын иығына салып:

- Жаңағы Крішке жақсы таныс па еді? - деген сұрағы бөліп жіберді. Шарасының жылап отырғаны ойынан кетпей, қабаржып отырған Ырысгүл Тұяқбайдың сұрағына жауап берген жоқ.

- Крішке деген аты да қызық екен, - деді Тұяқбай жаңағы орыс туралы кеңірек білгісі келгенін жасырмай. Ырысгүлден жауап болмаған соң Темірден сұрап, орыстың аты Григорий таныстары Гришка десе, Ырысгүлдің тілі келмей Крішке деп атағанын, орыстың жай ғана таныс екенін естігенде вагонды басына көтере күлген Тұяқбай:

-Әй, Ырысгүл! Менен нағыз Қожанасыр кім деп сұраса, сені айтар едім. Сенің жаңағы құрметіңе қарап, сендер үшін қадірлі адам десем, жай таныс орыс екен ғой, - деп ішек-сілесі қата күлгенде бәрі қосыла күліп вагонның ішін жаңа ғана жайлаған көлеңке сейіліп, жүзі сынық тоң-торыс отырған Шара да қосыла күлді. Аздап болса да көңілі көтерілген қалыңдықты пойыз өмірлік үйіне апару үшін жүйтки жөнелді.

Осындай қызықты уақиғалардың басты кейіпкері болған Ырысгүл апасы Бәтиманың қолына қызын қалдырып, Темірі мен Жауһазы үшеуі үйіне қайту үшін жолға шықты. Пойыздағы ұзақ уақытын терезеден қарап жылаумен, күрсінумен үйіне келді. Қызының өмірін өздері осылай өзгерткендеріне өзін де, отағасын да кінәлап күнде сан қайталап айтып, шаршап жүрді.

Тек келесі жазда үйіне жанжолдасымен төркіндеп келген қызының түр-сипаты, көңіл-күйі Ырысгүлдің жүрегін орнына түсіріп, Шараның әкесінің құлағы мәңгі тынышталды.

Осы күзде жоспарланбаған іс болып, алты жасқа толған Жауһазы мектепке барды. Кейін Жауһаз өзінің мектепке барған тарихын айтып күлетін.

- Бірінші қыркүйек. Шіркін, бұл күн әсіресе, бала атаулы үшін ерекше күн ғой. Жаз бойы үш ай демалып, бір жылға сарқылмас күш жинаған балалар бұл күнді асыға күтеді. Барлық балалардай Ырысгүлдің да балалары мектепке баратын киімдерін дайындап, бірінші қыркүйек күні мектепке кетті.

- Жауһаздың да үйде жоқ екенін байқаған Ырысгүл онша мән берген жоқ. Таңертеңнен кешке дейін ойынға тоймайтын қызын үйде отырғызу қиын болатын. Үстіне киген көйлектің ашық жерінен көрінетін денесінің қарайып күнге күйгені өз алдына, самай шашы ұзақты күн далада ойнағандықтан сабанның түсіндей болып сарғайған. Ағалары мен апалары кітаптан бетіне өскен шаштан тек көздері ғана көрінген жабайы адамның суретін көрсетіп:

- Егер далада ойнай берсең осындай болып бетіңе шаш өседі, - деп қорқытқанда Жауһаздың далаға шықпауға тағаты 10-15 минутқа ғана шыдап, лезде бәрін ұмытып тағы ойнауға кететін. Қызының бұрынғыдай ойнап жүргеніне сенімді Ырысгүл балаларының мектептен келуіне қарсы түскі ас дайындауға кірісті.

Мектептен бірінші келген Майраның жаңадан келген оқытушылар, оқушылар туралы айтқан әңгімесін қызыға тыңдап, ас ішіп отырған Ырысгүл есіктен кірген Жауһазын танымай қалды. Аспан түстес көгілдір көйлегінің жағасы лимон түстес матамен көмкерілген өзіне ұнайтын көйлегін киген, қолында көп гүл шоқтары бар Жауһаз мектепке барып, оқушы болған жаңалығын қуана жеткізгенде Ырысгүл мен Майра оны таңдана тыңдады.

- Күндегідей ойнауға далаға шығып едім, балалар әдемі киімдерін киіп кетіп бара жатыр екен. Бәрі бүгін ойнамайтындарын, мектепте оқушы болып сабақ оқитындарын, бұдан былай ойнауға уақыттарының болмайтынын айтты. Менімен ойнайтын ешкім болмаса, онда мен де мектепке баруым керек екенін түсіндім. Ең әдемі көйлегімді киіп, кетіп бара жатқан балаларға қосылдым. Тұрар да мектепке бірінші рет бара жатыр екен, сонымен бірге жүрдім. Екеуміз адасып орыс балаларының арасына кіріп кетіппіз. Мен қорқып жыладым. Тұрар мені жұбатып жүрді. Жанымызға келген бір орыс апаның айтқанын түсінбей, біз басымызда изеп «да-да» дей бердік. Орыс апа қолымыздан ұстап қазақ балалары тұрған жерге алып келді. Қазақ балаларының жанында тұрған Түсіп аға, Тұрар екеумізді қатар тұрған балалардың жанына тұрғызды. Шамалыдан кейін алдымызға бір аға шығып сөйледі. Одан кейін көп апалар, көкелер сөйледі. Сосын үлкен оқушылар бізге гүл әкеліп берді. Маған ғана үлкен оқушылардың көбі өздерінің гүлдерін берді, олар Темір ағаның достары екен, - деп Жауһаз құшағындағы көп гүл шоқтарын мақтана көрсетті.

Жетіге толмаған Жауһазды мектепке келесі жылы беру туралы әңгіме болған. Ырысгүл мен Майра үшін бұл тосын жаңалық болды. Сөйткенше, оныншы класқа көшкен ұлы Темір келді. Ол да келе әңгімеге араласып мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге гүл беру кезеңінде өзінің кішкентай қарындасын көріп, таңданғанын білдірмей достарына таныстырыпты. Бәрі Темірді құттықтап, Жауһазға көп гүл шоқтары табыс етілгені содан екен. Сөйтіп, Ырысгүлдің кенжесі бірінші кластың оқушысы болды.

Күнде жиі есіне түсетін Шарасы ойына келгенде Ырысгүлдің көзі жасқа тағы толды. Жауһазды өзім мектепке апарып, алып келемін деуші еді. Міне, оған жеткізбей өз қолдарымен алысқа өздері орналастырды. Көзіне жас алған анасын көріп, жанына келген Жауһазды Ырысгүл құшақтап, мектепке апаратын тәтесінің алыста екенін айтып, көз жасына ерік берді. Жауһаз да көзіне жас толып, тәтесінің:

- Мектепке баратын уақытың жақындады. Оқуың басталғанда саған өзім қамқор болам, сабағыңды оқытамын. Мектепке апарып, алып келемін, - деп сүйетіні есіне түсіп, күрсіне анасын қысып, құшақтай түсті.

Мектепке барып жүрген Жауһаз күнделікті болған уақиғаларды айтатын әдетімен Түсіп аға Тұрар екеуін алдыңғы партаға отырғызып, екінші партаға Шынар мен Қамбарды отырғызғанын, келесі күні Баршагүл мұғалімнің көмегімен «А» әрібін жазып үйренген маңызды жаңалығын қуана айтып келді. Қамбар «А» әрібін дәптердің екі парағына үлкен етіп бір ғана әріп жазғанын, дәптерге жазып көрсеткенде бәрінің беттеріне көңілді күлкі жүгірді.

Мектепке балаларының жиналысына барса Ырысгүл бұрын көрші тұрған, көшкеннен бері көптен көрмеген абысындарын көріп бір жасап қалатын. Жиналысқа келген ата-аналардың көбі Ырысгүлдің бұрынғы көршілері, абысындары болғандықтан әрқайсысымен амандасып, шұрқырасып бала-шағаның, мал-жанның, үйлерінде қарттары болса солардың денсаулығын сұрап, ұзын-сонар амандасу таусылмайтын.

Осы жолы бірінші класқа барған Жауһазының жиналысына кешігіп келген Ырысгүл мен жиналысқа келген абысындарының амандасулары ұзаққа созылды. Амандық сұрасудың бітуін күтіп тұрған Баршагүл Тұрысбек қызының шыдамы таусылып:

- Аубакирова, жиналысты бастауға кедергі жасап отырсыз, ... мұғалімнің ескертуімен ата-аналар күлкілері бірге шығып, тоқтайтын түрлері жоқ. Оқушысының фамилиясы әкесінің атымен аталғанын түсініп, мұғалім ата-аналармен қосыла күліп жиналысты бастады.

Жиналыстан шыққан Ырысгүл 6 жастағы Жауһазын мектепке ерте бергенін түсінді. Бірге оқитын балалардың ішінде 7 жас түгілі 8, 9, 10 жастағы балалар да бар екен. Солармен салыстырып алты жастағы Жауһазының сабағы жөнінде күдік ойынан кетпей қойды. Ырысгүлді мазалаған ой оқу жылының бірінші тоқсаны біткенде болған жиналыста сейіліп, үйіне көңілді оралды. Еш дайындықсыз мектепке барған Жауһаздың оқу үлгерімі жаман емес екен.

Сол уақыттағы ата-аналардың көбісі сияқты Ырысгүл балаларының сабақ оқуын қадағалаған емес. Жауһаздың өзі мектептен келісімен үй тапсырмасын орындамаса тамағын ішпейді, таңертең ерте мектепке бару үшін сабақтан қалып қоятындай бәрінен бұрын тұрып, ешкімнің көмегінсіз өзі жиналып, қыстың ызғарлы қараңғы таңында мектепке баратын балалармен екі шыңның ортасындағы мұздың үстімен төрт-бес шақырым жолы бар мектебіне барады. Ал, түсте сабақ бітіп мектептен келе жатқанда аяқ басқан сайын соқталанған қатты қардың өзіндік құлаққа жағымды сытырын естіп, үйге келеді. Мектепке баратын жол алыс, сол алыс жолмен қыс бойы сабағына барған Жауһаз суық тиіп ауырған емес. Ырысгүл мұны сол уақыттағы таза ауа, жиі жауатын таза қар мен қоспасы жоқ таза тамақтың көмегі деп білетін.

Бірде демалыс күні киімін ауыстырып, тойға шақырған үйге баруға жиналған Ырысгүлді көріп, Жауһаз да барғысы келіп жалынып тұрып алды. Барған үйде Баршагүл мұғалімнің болатынын, анасымен бірге себепсіз қыдырған оқушы мұғалімге ұнамайтынын ескерткен Темір мен Майраны тыңдамаған қызын, анасы өзімен бірге ертіп кетті. Шақырған үйге кіре бергенде Темір мен Майраның көріпкелі бардай сол үйде отырған Баршагүл мұғалімді көріп Ырысгүлдің өзі таң қалды. Оқытушысын көрген Жауһазды үйге кіргізе алмай Ырысгүл әбден әуре болды. Қызының неге үйге кірмей қойғанын мұғаліміне түсіндіргенде, тойға келген үй толы әйелдер әдепті бала Жауһазды бәрі мақтап жатыр. Ал, Баршагүл мұғалімі үйге оқушысын көтеріп кіргізуіне тура келді. Ертеңіне сабақ уақытында Баршагүл мұғалім:

- Үй тапсырмасын орындаған болсаңдар, анда-санда аналарыңа еріп қыдыруларыңа болады деген ойын айтқанда, бұл кешегі уақиғаға байланысты екенін түсінген Жауһаз қызарып төмен қарап, кітабына үңілумен болды. Соңғы сабақ бітіп, кітаптарын жинастырып жатқан Жауһаздың жанына келген Баршагүл мұғалім Жауһаздың аты-жөні жазылған дәптерін қолына алып:

- Сенің есімің өте тамаша, ол былай жазылады «Жаухаз» емес «Жауһаз» деп әдемі жазуымен жаңа дәптерінің сыртына жазып берді. Жауһаздың ұзын қалың бұрымын сипап, арқасынан қаққан мұғалімінің әдемі ақшыл жүзді, екі қасының арасында үнемі тіке бір сызық тұратын, шашын тап-тұйнақтай етіп желкесіне түйген дене бітімі, бет әлпеті әдемі өте қатал мінезді ұстазының көзіне қараған Жауһаз енді бара ғой деген ойын түсініп, қанат бітіп ұшатындай сезіммен кластан шықты.

Шыншылдығын үлгі тұтатын, шын жүрегімен өзі сыйлайтын, алғаш қолына қалам ұстатып әріп үйреткен ұстазы Ақпанбетова Баршагүл Тұрысбекқызы, өзін сыйлата білетін класс жетекші болған, ұстаздық еңбекте беделді, математика пәнінің өте жоғары білімді маманы Жанбосинов Өмірзақ Жанбосынұлы, кімге болса да әрқашан көмектесуге дайын кластасы, оқу озаты Исмаилова Аймарал Әділханқызы- - марқұмдар Жауһаздың есейген саналы өмірінде жүрегіне мәңгі орнаған жандар.

Ал, жұмыс атқарған кезеңдерде Партия комитетінің бірінші басшысы Әменов Сұлтан Хасенұлы өзіне жұмыс бабымен тапсырма бергенде "қалқам" деп бастап, бұйрықпен емес өтінішпен айтатын сөздері жан дүниесіне қуат беретін. Жауһаз орта жастан асқанда сол кісінің «қалқам» деген сөзін жастарға қарап сөйлегенде шын ниетімен қолданып жүр.

Балалар оқуының екі тоқсаны бітті. Жылдағыдай мектепте жаңа жылға арналған шырша орнатылып, кешті ұйымдастыру шараларымен үйге келе алмай Темір мен Майра жаңа жылға арналған сыйлық қалталарын бір баладан беріп жіберіпті. Сыйлық қалталарды балалары келгенше шыдамай ашып көрген Ырысгүл конфеттер мен әртүрлі тәттілер, алмадан басқа қызғылт сары сыртын инемен тескендей тесіктері бар, домалақ өмірі көрмеген жемісті көрді. Өзіне таныс емес жемісті кейінірек көруді жөн санап, сыйлық қалтаның ішіне тағы үңілді. Қалтаның ішінде алдыңғы жұмбақ жемістен кішірек, бүйірі шығыңқы, қызғылт түсі басым сырты алғашқыдан жұмсақтау тағы бір белгісіз жемісті көрді. Екінші сыйлық қалтаны ашып көріп, ішіндегілер алдыңғы қалтадағыдай екеніне көзі жеткен соң, жаңағы жұмбақ жемістерді көргісі келіп, қызғыш түсі солғын үлкендеуін тістеп еді, тістелмеген соң қаттырақ тістеп қалғанда аузына бұрын таныс емес, ащы жағымсыз дәм білінді. Жемістің тістегенде алынған жерін шайнап жұтқысы келгенде, тілі ащы тамақты қабылдамай кері қайтарды. Түсініксіз жемістің түрі қызығарлық, дәмінің ащы болғанына таңданып, аузындағысын түкіріп тастады. Енді екіншісінің дәмін көргісі келген құмарлығын, жемістің жаңағыдай ащы болу күдігі мен балаларының жұмбақ жемісті өздерінің көргендерін қалаған дұрыс ойы Ырысгүлді тоқтатты. Мектептің мұғалімдерінің түкке тұрғысыз ащы жемісті сыйлық қалтаға салғандарын іштей сынап, жаңа жей алмаған ащы жемісті пештегі жанып жатқан отқа лақтырып жіберді. Ащы жемістің қалай жанғанын көргісі келіп, пештегі отқа қарап тұрған Ырысгүлді есіктен дыбыссыз кіріп, беріп жіберген сыйлық қалталар туралы сұраған Темірдің дауысы селк еткізді. Баласына тез жауап беруге тырысып, сыйлық қалталардағы бұрын көрмеген жемістердің біреуін ащы болғандықтан отқа лақтырып жібергенін қысыла жеткізген анасының сөзіне Темір біраз күліп алды. Мектеп сыйлығына бірінші рет салынған тәтті жемістер апельсин мен мандариннің қабықтары аршылу керектігін ұлынан естіген Ырысгүл өкінішін жасыра алмай дауыстап қалып, өзі дереу пештің аузын ашып қызғыш-сары жемісті алғысы келгендей пештің ішіне үңіле түсті. Қанша қарағанымен жұмбақ жемістен ештеңе қалмағанын, қалмайтынын білсе де пештің ішіне қарап тұрған Ырысгүл ұлының шығып кеткенін есік жабылғанда ғана байқады.

Пешке отынды молырақ салып жүріп, күнде осы уақытта ұйықтап алатын іңір ұйқысы пештің жанындағы көрпешеге жастығын әкелдіріп, жаңа жыл қарсаңында жоспарлаған жұмысын орындай алмай, көзі ілініп кетті. Қанша ұйықтағаны белгісіз, ұйқысы қанып қалыпты.

Балаларын тамақтандыру үшін тұра бергенде, үстінен неше түрлі қағаз қиындылары сусып түсіп, айналасы түрлі-түсті қиындыларға толып кетті. Бұл көрініске таңданған Ырысгүл кеше күнімен Майрасы ақ қағазды түсті қарындаштармен бояп отырғанын көріп еді. Қағаздарды бояп, боялған қағаздар мен шай оралған жылтыр қағазды қиып кішкентай қиындылар жасап, қағаз қиындыларын жаңа жылға арналған кеште киген киімдеріне себетіндерін айтқан. Себебін білгісі келген анасына әртүсті қиындылар әдемі болуларына, әрі көңіл-күйлерінің көтеріңкі болуына әсерін тигізетінін түсіндірген қызының сөзі есіне түсті. Айналасындағы түрлі-түсті өте кішкентай қиындыларға қарап, еріксіз күлген Ырысгүл шынымен көңілділік әкелгенін мойындап, орнынан тұрды. Үстіндегі түспей қалған шайдың жылтыр қағазы мен түрлі-түсті бояулы қағаздардың қиындылары жаңа жыл келетінін дәлелдегендей Ырысгүлдің үстінен жүрген сайын сырғып түсіп жатты.

Иә, жаңа жыл да келді. Бұл жердің қыс мезгілін сипаттау көп теңеулермен толықтыруды талап етер еді. Жауған қар соқталанып үстінен жүрген адамды жақсы көтеретін. Күндізгі күн сәулесімен шағылысқан қар далаға қалай сән береді десеңізші! Тап-таза ауаны кеудені кере дем алғанда, күш-қуат қосылып балалар далада қанша тоңып ойнағанымен суық тиіп, жөтеліп ауырмайтын. Қыстың қасиеттері: аяз, қар жауу, боран соғу табиғаттың осы маусымына тән жарасымды құбылыс. Аязды күндер болып тұратын, бірақ жауған көп қардың әсерінен қара суық мүлде болмайтын еді. Қардың жиі жауатыны сонша, қар шетте тұрған үйлердің төбесімен бірдей болып кететін.

Бұл жердің қысы қалың қарымен өзіндік ерекшелігі болса, көктемде өзеннің суы тасуымен ерекше болатын. Арнасынан асқан су өзен жағалауына жайылып, су жайылған жағалау көктемнің жылынып көк шығатын уақытында, жасыл масатыдай біркелкі шөп өзен табанына қаулап өсуші еді.

Әубәкір мен Оразәлінің үйін орташа көлемді сай басқа үйлерден бөліп тұратын. Көктемнің қар еритін уақытында жан-жақтағы еріген қардың суы осы сай арқылы өзенге құйылады. Екі үйдің балалары тасыған сайдың суынан үлкеннің көмегінсіз мектепке бара алмайтын еді. Сонда қамқор Әуез ата мен інісі Сыздық көмекке келеді. Әрбір оқушыны сайдан көтеріп өткізіп жатып, қыздарға келгенде ойын-шыны аралас әзілмен Әуез ата:

- Осы кішкентай қыздарға оқудың не керегі бар? - деуші еді. Атаның ойын сөздерін жанында тұрған үлкендер күле қабылдап, жылда көктемде осы көрініс қайталанатын.

Су тасыған уақытта Ырысгүл көп уақытын далада өткізеді. Үйінің төбесіне шығып алып, тасыған суға ұзақ қарап, сумен кетіп бара жатқан бөренелерге, әр түрлі көлемді ағаштарға, әйтеуір суға батпайтын заттарға қарап отырып, қиялдап кететіні жиі болатын.

Сонда су тасқынына байланысты кішкентай кезінде Тиындық әжесінің айтқан әңгімесі есіне түсетін еді. Бір жылы қар қалың жауып, көктем жаңбырлы болып, Сырдарияның суы тасығанда арнасынан көп асып жағалауға жақын тұрған үйлерді қатты тасқынды су алып кетіпті. Су тасқыны түн ортасында болғандықтан ұйықтап жатқандар тұншығып өліп кеткен. Ал судың бетінде бесігімен қалқып кетіп бара жатқан нәрестенің аман қалғанын ешкім білмейді. Жағалауға жақын үйлердің бірінен дәретке шыққан қария тасқын су келіп қалғанда жағалаудан әрірек жүгіріп, аман қалыпты. Үстінде ақ жейде-ыстанымен бір үйлі жаннан жалғыз өзі ғана қалған қария атып келе жатқан күнге қарап, аспанға басын шалқайта қолын жая жоғары көтеріп, жаратушыдан өмірінің жалғасын сұрап, күңіреніп көзінен жас парлап отырған қартты жанынан өтіп бара жатқан салт атты екі жолаушы көріп, жасы келген кісі құдайдан өміріне қандай өзгеріс сұрап отырғанын түсінбей, қарияны сөз етіп бара жатыпты.

Екі жыл өте Сырдария өзенінің жағалауымен келе жатқан екі жолаушы өзеннен өте алыс тұрған үйге кіріп, шөлдерін басу үшін сусын сұрайды. Сусын ішіп отырған жолаушылар сөйлесе отырып:

- Балаңыз кішкентай бесік баласы екен, өзіңіз біраз жасқа келген сыңайыңыз бар, шамасы немереңіз болар, - депті.

- Қарақтарым, сендер сұрадыңдар, мен айтайын. Осыдан екі жыл бұрын көктемде осы жасымда болмаған су тасқыны болып, бүкіл жан-ұямнан айырылып бір өзім қалдым. Сол түні бар ынтаммен шын жүрегіммен жаратушыға тілегімді айтып, таң қылаң бергенше отырдым. Қайда отырғанымды, жан-жағымда не болып жатқанын сезген жоқпын. Ойым, бар сана-сезімім жоғарыда болды. Аспанға қарап аллаға жалбарына бердім, жалбарына бердім. Жаратушы мені аяп тілегімді орындады, - деп бесіктегі кішкентай нәрестені жыламаса да тербете бастады. Сол кезде қарияның сөзін растағандай қолында кішкентай шарашада ақталған күріші бар жас әйел үйге кірді. Жолаушылар осыдан екі жыл бұрын көргендері осы қария екенін екеуі де түсініпті. Осылай Тиындық әжесі әңгімесін бітіріп еді.

Көктем айлары осындай өзіндік ерекшеліктерімен ақырындап жаз айына ауысты. Жазбен бірге оқушылардың көңілді үш айғы демалысы да келді. Шіркін, осы үш айғы демалысты айтсаңшы! Балалардың арқасы кеңіп, рақатқа батып жүр.

Түсте келген қой-ешкілерін сауып болып Ырысгүл есіктің алдындағы атаяқ деп аталатын ұзын орындыққа ойнауға келген балалармен отырған. Араларынан көшіп кеткен қайынысы Сыздық келе қалды. Амандық-саулық сұрасып орындыққа жайғасқан Сыздық балаларға қарап:

- Кәне, кім айтады «сүзеген сиыр», «жебір сиыр» деген сөздер орыс тілінде қалай айтылады, - деді сұстанып. Сыздықтың түріне қарағанда бір өте маңызды сұрақ бергендей балаларға қулана жымиып, қатты ойланып қиналмаңдар, бәрібір білмейсіңдер дегендей маңғаздана қарап отыр.

Бір сәтке бәрі үндемей қалды. Шынында да бұл сұрақтың жауабын ешкім білмейді екен. Оқушы балалар ұялып бір-біріне қарады. Осы әлсіздіктерін байқаған Сыздық:

- Ешқайсың білмейсіңдер, не үшін оқып жүрсіңдер? Бұрын он жыл оқыған адам ағын суды теріс ағызатын. Осы күнгі оқығандар жай сөздің аудармасын да білмейді, - деп ұялып отырған балаларды одан сайын ұялтты.

Әңгімені тыңдап отырған Ырысгүл Сыздықтың өтірік білгішсініп айтқандарына шыдамай, ойындағысын дәл қазір айтуды жөн көрді.

- Сенің сиырың сүзеген. Сиырың әрі жебір, шүберек жейді. Ойнап жүрген балаларды сүзіп, ата-аналары сендерге жиі ескерту айтып жүріпті. Көршілеріңнің жайып қойған жуылған киімдерін сиырың шайнап тастайды екен. Көршің Майорова деген орыс әйелдің жуып, кептіру үшін далаға жайып қойған емшек қабын шайнап тұрған сиырыңның аузынан сол әйелдің өзі суырып алып, үйіңе келіп жартысы жоқ емшек қапты көрсетіп, сендермен ұрысқанын көргенмін. Сондықтан, «сүзеген сиыр» мен «жебір сиыр», деген сөздер орыс тілінде қалай айтылатынын сенен артық кім біледі, - деген Ырысгүлге Сыздық қайнысының мұндай дәлелге үлкен аузын аша көмекейіне дейін көрсете күлгеннен басқа айтатыны да жоқ еді. Жаңа ғана ұялып отырған балалар енді күлкілерін тоқтата алмады. Ырысгүл өзіне ырза болып шахмат тақтасында Сыздыққа мат бергендей күлген дауысы ерекше шықты.

Бұлардың қатты күлкілеріне сүзбеден жасалған құртты жайып кептіруге шыққан Үміт күлкі мәнісін естігеннен кейін ол да қосылды. Армансыз күліп, Үміт қабырғаға сүйеулі тұрған баспалдақтың көмегімен үйінің төбесіне шығып, өзі жасаған құрт формаларын жайып үйіне кетті. Енді Сыздық атаяқ орындықтан тұра жақсылап керіліп алып:

- Ал мен кетейін, - деп аздап мұрнынан сөйлейтін дауысымен жаңа ғана Ырысгүлдің сөзінен әзіл соққысын алған қайынысы үлкен аяқтарымен алшақ адымдап кете барды. Ірі денелі Сыздықтың артынан қарап тұрып қайнысының ауылдастарына жасаған көмегі есіне түскен Ырысгүл өзінің үйінің кең ауласына көкөністің қандай түрі болса да егуге болатын жер көлемі бар кеңістікті шола қарады. Су болмағаннан кейін егін егу орындалмайтын арман еді. Сол арманды ауылдастарына орындап берген осы қайынысы болды. Шахтада жұмыс істейтін Сыздық жердің астынан шыққан шахтаның суын арықпен әкеліп, ауылдастарын қатты риза етіп еді.

Тың жерге егіліп, жердің астынан шыққан таза сумен суарылған дақылдар өте бітік болып шықты. Ырысгүл картоп, көкөніс, тіпті бидай да екті.

Осы оймен аздап отырып қалған Ырысгүл өз жұмыстарымен айналысу үшін үйіне кетті. Ырысгүлмен бірге отырған балалардың үлкендері кетіп, ойын балалары қалды. Қалған балалар доп ойнауға кірісті. Ойын өте қызықты өтіп жатқанда қарсы жаққа лақтырылған доп Үміттің үйінің төбесінде қалып қайды. Қабырғаға сүйеулі тұрған баспалдақпен төбеге шығып, допты алуға барған бала жаюлы құрттан балаларға құрт әкеліп берді. Аздап дегдіген, тәтті құрт балалардың тілін үйіріп ойнауды қойып, бәрі отыра қалып құрт жеуге кірісті. Құртын жеп болған балалар Оразәлінің үйінің төбесіне еріксіз қарады. Бәрінде бірдей ой, тағы құрт жегілері келіп тұр. Үлкендері төбеге шығуға ұялып, кіші біреуін жұмсады. Төбеге шығатын баланың баспалдақпен шығуына бәрі көмектесіп, құртты бір-бірлеп лақтыр біз қағып аламыз деп шулап жатыр. Енді бәріне бір-бір құрт тиген балалар атаяқ орындыққа отырып, орын жетпегендері жүрелерінен отырып жас құртты бір жалап қойып, әңгімеге кірісті.

Қолдарындағы құртты әрқайсына шешелері бергендей, рахаттанып отырған балаларға кімнің жасаған құртын жеп отырғандарын естеріне салуға шықандай Үміт үйінің бұрышынан шығып, екі терезенің ортасында тұрған баспалдаққа қарай жүрді. Сасып қалған балалардың біреулері құрт ұстаған қолын артына тықты. Ал, кейбіреулері құртын аузына апара берген бойы отырып қалды.

Үміт болса балаларды таңдандыра бір ауыз сөз айтпастан басын сәндеп жоғары көтеріп, белін түзеп, бөксе жағын қайқайта маңызданып асықпай баспалдақпен үйінің төбесіне шығып, азайып қалған құрты бар ыдысты алып үйіне кіріп кетті. Балалар бір-біріне қарап отырып қалды. Енді ешкімнің әңгімелескісі де, ойнағысы да келген жоқ.

Кешке құрт туралы естіген Ырысгүл:

- Сендерді Үміт шешелерің мақтамен бауыздаған екен, - деп шегі қата күлген анасын түсінбеген Жауһаз, күлкілі ештеңені көре алмай, әрі мақтамен бауыздаған деген сөзге түсінбей таңдана анасына қарады. Күлкіні естіп, төргі бөлменің есігінен қараған Майраға Ырысгүл құрт туралы айтып еді, ол да анасының мақтамен бауыздаған жорамалына қосыла күлді. Жауһаз тағы түсінбей екеуіне кезек қарап тұр.

Күліп отырып Ырысгүл Майра қызының шаштары қағазға ораған жіңішке баулармен бірнеше жерден орап байланғанын көріп, сұрауға оқтала бере кідіріп қалды. Себебі, сол кезде Майра пештің сөресінен алған сіріңкенің шырпысын жағып, қаламсаптың ақ қаңылтыр жағын шырпының отына ұстады. Қаңылтыр қызған кезде маңдай шашының бір топ талын сол қаңылтырға орады. Қызының бұл жұмысын түсінбей, шаштың аздап күйген иісі таңданта жедел қойған анасының сұрағына жауап берген Майра:

- Бүгін кешке биге барамыз, соған дайындалып шашымды бұйралап жатырмын, - Майрасының толық берген жауабына қанағаттанған қамқор ана қызына сынай қарады. Кешке бір топ жастар жазғы паркте орналасқан би алаңына кетті. Сол жаз бойы биге Майра жиі барып жүрді. Биге баратындар туыс балалар болғандықтан, Ырысгүл бұл жөнінде қобалжыған жоқ.

Бірде жастардың билейтін билері туралы қызығушылық, Ырысгүлдің көргісі келген ойын іштей құптаттырып, кешкі үй жұмыстарын тез бітіріп, үйінен көп жер алыс би алаңына келді. Би алаңы дөңгелек, алаң жасыл сырмен сырланған темір қоршаумен қоршалыпты. Еденіне ағаш тақтайлар төселген. Тақтай көп жылдар алаңға келіп билеушілердің аяғынан тозғаны көрініп тұр. Коршаудың темірін екі қолымен екі жағынан ұстап Ырысгүл би алаңына біраз қарап тұрды. Құлаққа жағымды музыканың ырғағымен жігіт пен қыз, қыз бен қыз құшақатасып билеп жүр. Билеп жүргендердің көбісі қыздар. Дөңгелене билеп жүргендер де қыз бен қыз. Кейбір жігіт пен қыз құшақтасып би алаңында жай жүр. Бидің осындай түрін көріп, жай жүрген би туралы өмірі естімеген Ырысгүл ойлана қарап тұр. Орыс қыздарының шаштарының түсі де таңқалдырды. От сияқты қып-қызыл, көмірдей қап-қара, өте ашық сары түстері бар. Ал, аппақ шаштары тіпті қызық, қарт кісілердің ағарған шаштарына ұқсамаған, басқаша өзгешелік бар. Неше түрлі қызықтыратын жай көп екен, күнде кешке кететіндерін түсініп, енді көзімен би алаңындағы жастардың ішінен өзінің қызы мен бірге кеткендерді іздей бастады. Олар көзіне түспеген соң, ақырындап би алаңының есігіне қарай жүрді. Есіктің жанына келіп, мойнын созып оңды-солды қарап, өкшесін көтере түсіп қарап, биге келмегендері ме?.. Осындай күдікті ойдың жетегінде тұрған Ырысгүлді кенет күшті қол артынан екі шынтағынан көтере би алаңының ішіне алып кіріп, белінен ұстап билете бастады. Кенеттен болған оқыс шаруаны орындаған бейтанысты білгісі келгенімен, ұзын бойлы кісі бетін ары бұрып Ырысгүлді дөңгелетіп, өзі күліп жүр. Бейтаныс қанша бетін көрсетпегенімен Ырысгүл Қоянбайды таныды. Ойыншыл қараторы, күлімкөз күйеу - Қоянбай Ырысгүлді босатар емес. Кенет музыка тоқтай қалып, ізінше қайтадан басқа музыка ойнай бастады. Билеп жүрген жастар билеуін қойып, Ырысгүл мен Қоянбайдың биін қолдарын шапалақтап тамашалап тұр. Қайынсіңілі Базардың күйеуі Қоянбаймен әзілдері жарасатын, бірақ мынадай жағдайда болып көрмеген Ырысгүл қанша тырмысып биді тоқтатқысы келгенімен, ол ойын орындай алмады. Қоянбай Ырысгүлдің аяғын баса-маса оны шыркөбелек айналдырып жүр, әрі музыка да ұзаққа созылды. Жастарды күлкіге тойдырып, екеуіне ғана арналған музыка бітіп, Қоянбай мен Ырысгүл биді тоқтатты. Алаңдағы жастар қошаметпен қол шапалақтап бишілерді шығарып салды.

Би алаңынан шыққан Ырысгүл мен Қоянбайды Майра мен достары шуласып ортаға алды, Екеуінің биін тамашалағандары көрініп тұр. Бәрінің сұрақтарын Қоянбай қанағаттандырды.

- Жұмыстан келе жатсам, алаңда билеп жүргендерге мойнын созып қарап тұрған Ырысгүлді көрдім. Билегісі келіп тұрған әйелімнің жеңгесіне дәл қазір көмегім керегін түсініп, тез шешім қабылдап би алаңына бір-ақ шығардым.

- Сендер күнде баратын билерің қандай екен, бүгін бір көргім келіп келе қойып едім, Ырысгүл де қалыспай ақталып жатыр. Күлкіге кенелген жастардың ішінде жақын қайынсіңілісі Сара:

- Ырысгүл, сені біздің барып жүрген биіміз туралы қызығушылық жеңіп келіп едің, егер бізді таппасаң жалғыз қайтуыңа тура келер еді. Дегенмен сен батырсың ғой, менің ағам сені «Дәу» деп бір негізге сүйеніп атаған шығар, - десе Қоянбай:

- Мені де мақта балдыз, мен болмасам жеңгеңе би қайда! Сөйтіп, көңілді топ шуласып, сүттей жарық айдың сәулесі жол көрсете үйлеріне қарай бет алды. Сол кеште болған қызық оқиғаны бәрі күлкімен еске алып, көпке дейін өз ара жиі айтып жүрді.

Ертеңіне қалашықтың орталығынан үйіне апаратын қысқа жолмен көпшілік жүретін екі шыңның арасындағы өзен табанымен келе жатқан Ырысгүл артынан естілген қаттырақ аяқ дыбыстарының кімдер екенін білгісі келіп артына қарай бергенде, әйелімен қуып жеткен Әлжаппар қайынысы жеңгесін белінен көтере суға тастайтын болып ыңғайланған Әлжаппарға әйелі:

- Таста-таста деймін, таста! Сен мені естисің бе? Таста дедім ғой! - тез қайта-қайта айтқанын қайталаған келіннің сөзіне орай Ырысгүл:

- Мені суға тезірек таста. Келін айтса, келіннің сөзін жерге тастамағаның жөн, - қулана жымиған жеңгенің сөзі келіншекті шынымен састырып:

- Тастама, тастама! - деп қайталай қойды. Осындай қызықты уақиғалар Ырысгүлдің басынан өте көп өтті.

Қайындары, қайынсіңілдері, жеңгелері, жезделері, құрдастары, қайынапалары, абысындары, өзімен жас шамалас күйеу балалары, тіпті қайыненелері мен қайынағаларына дейін Ырысгүлді көрсе ойын сөздерін айтпай тұра алмайтын. Мұндай қарым-қатынас оның келген еліне тастай батып, судай сіңгенінің дәлелі еді. Ырысгүлмен байланысты болған қызық уақиғалар жұртты күлдіріп, тілдеріне тиек болып, жиналған жерде айтылатын әңгімеге негіз болып, Ырысгүлдің құлағы жиі шулайтын еді.

Ырысгүлдің қалжың мен ойынды көтеретін таныстарының ішінде, өзгеше мінезділер де бар еді. Шекер есімді ауылдас әйел Ырысгүлдің үйіне қыста келсе қардың қалыңдығынан құлап қалғанын, жазда келсе адам ойына келмейтін әртүрлі өкпесін айта келуші еді. Сонда Жауһаз кедергілер болса, оның неге келетінін түсінбейтін. Ал, анасы Шекерді ықыласпен қарсы алып, төрге шақырып бәйек болушы еді. Осындай келуінің бірінде көзінің қарасы үлкейіп, шошына келген Шекер үйінде жаңа ғана болған қорқынышын асыға айтып жатыр. Үйінің төбесіне жылқысын қарау үшін шыққан екен. Төбенің осалдау жерінен төмен қарай құлап бара жатып:

- Қаражігіт, Қаражігіт, Қаражігіт! - деп үш рет айқайлап мал қораның ішіне топ ете түскен Шекердің мәліметі айтылуға тиіс пікір таласы керек болып:

- Шалыңның атын үш қайталауға қалай үлгердің, шалыңның есімі екі-үш әріптен емес, бір қабат үйің де биік емес? - қатты дауыстап күлген Ырысгүл ерекше ауылдасына сынай қарады. Жауап орнына Шекердің дөңгелек қара көздері Ырысгүлге қадала қарап, ашулы түрі сұрлана есікті тарс еткізіп жауып шығып кетті. Ашуланып кетіп қалған Шекердің бала сияқты мінезіне Ырысгүл ренжіген жоқ. Әйелінің өзіне қойған «Қаражігіт» есіміне үйренген бет-пішіні, сақалы тау халқына ұқсас, назары өткір Әбдірахман мен Шекердің жалғыз баласы Қабылда еркелігі басым болып өсті. Екі шыңның арасындағы мұздың үстімен мектептен келе жатқан балалар, ұлын күтіп алуға шыққан анасына дөрекі сөздерін айтып, төсін ашып бойы кішкентай анасының емшегін еңкейе еміп тұрған қайқы ерінді Қабылданың өрескел еркелігін көріп таңданып жүрді. Ерсі еркелігі көп болған, сол жалғызынан айырылған Шекердің өзгергіш мінезін Ырысгүл көтеретін.

Көктемнің күншуақ ашық күндері өтіп жатыр. Сол көктем күндерінің бірінде бүкіл әлемді таң қалдыра ғарышқа тұңғыш рет адам ұшты деген дабылы жер жарған хабар 1961 жылы 12 сәуір айында болды. Бұл жаңалыққа мән бермеген адам жоқ шығар.

Ал, сол күннің түнінде жан түршігерлік сұмдық қылмыс жасалып, алты адам өмірмен қоштасты. 13 сәуір күні таңертең халық саны көп емес кішкентай қалашық шетінде орналасқан азық-түлік дүкені сағат онға дейін ашылмады. Күткендердің арасынан біреуі сатушының үйіне барып, есікте құлып ілулі тұрғанын айтты. Тұрғандардың бәрі бір-бірін жақсы білгендіктен, үй-іші таң атпай бәрі кетіп қалғандарына таңданып, бір-екеуі тағы сатушының үйіне кетті. Барғандар үйдің терезесінен қарағанда перделер жабық екенін, перденің ашық қалған саңылауынан қабырғадағы шашыранды қанға ұқсаған нүктелерді көргендерін үрейлене жеткізді. Дереу милиция сақшыларына хабарланып, сақшылар құлыпты бұзып ашқанда дүкен сатушысының үйінде төрт адам өліп жатқанын, еденде ұйып қалған көп мөлшерде қанды көрді. Милиция жасақшылары қабырғадағы төрт бұрышты тесікке қарап, қабырғалас үйдің ішінде ер кісінің қанға боялған жансыз денесін көріп, дереу тексерісті бастап, дәрігерлерді шақырды. Бұрын-соңды мұндай сұмдық болмаған қалашық халқының төбелерінен жай түскендей. Милиция сақшылары мен жиналған халық өліктерді носилкамен жедел жәрдем машинасына салып жатыр. Көмектесіп жүргендердің ішінде бетінің қаны қашқан, носилканың бір жағын көтергенде қолы дірілдеп, носилканы түсіріп ала жаздаған орыс ер кісіге милиция бастығы назар аударды. Дереу күдікті адамның қолына кісен салуды бұйырды. Қарсыласқан бірақ, қарсыласуға шамасы жоқ «күдікті» қамауға алынды. Көпке дейін қылмысқа қатысы жоқтығын айтып, тергеудің нәтижесінде қылмысын мойнына алған қылмыскер қылмысты қалай жасағанын айтып берді.

- Дүкенде жұмыс істейтін әйелдің күйеуі екеуіміз кешкілік біздің үйде арақ ішіп, жақсы көңіл-күймен отырдық. Көтерілген көңіл біраз сырдың ашылуына жол беріп, мотоциклге жинаған ақшалары туралы құпиясын жанымызда ешкім болмаса да, көршім құлағыма сыбырлағандай ақырын мақтанышпен жеткізді.

Оның қызы Надя менің қызыммен киноға кетті. Тағы біраз арақ ішіп, әртүрлі әнгімелер айтып, тарастық. Қызымның бөлмесін ашып карап едім, төсегінде жатыр екен, қашан келгенін байқамаппын.

Жатын бөлмеге келдім. Әйелім шырт ұйқыда жатыр, мен де келіп төсегіме жаттым. Жатқаныммен ұйқым келер емес. Көршімнің мотоцикл үшін жинаған ақшасы ойымнан кетпей қойды. Көзіме көп ақша елестеп тиыштық бермеді. Ұйқым келмегендіктен киініп далаға шықтым. Үйге кіргім келмей, біраз уақыт темекі шегіп жүрдім. Белгісіз күш мені бөтелкелес көршімнің үйіне қарай жүргізді. Үйінің жанына келіп тұрдым. Есігін жай итеріп көріп едім, ашылып кетті. Енді еріксіз үйіне кірдім. Кіре берістегі бөлменің шамы жанып тұр. Шамасы бес-алты минуттай тұрдым. Ешқандай дыбыс естілмеді. Сыртқы есікті түнде жаппағандарына таңқалдым. Дәлізбен жүрдім. Шамасы ыстықтаған болар, ерлі-зайыптылардың бөлмесінің есігі сәл ғана ашық тұр. Бөлменің есігінің алдына келіп тың-тыңдап тұрдым. Ерлі-зайыптылар ұйықтап жатыр. Бөлменің ішін шолып, ақша туралы ойлап тұрғанда кереуеттің матрасына көзім түсті. Матрастың астын қарау мүмкін емес, өйткені екеуі кереуетте ұйықтап жатыр. Кіре беріс бөлмеге қайта келдім. Аз уақыт не істерімді білмей тұрдым. Біреуі оянып қалмай тұрғанда тезірек кетуге асығып сыртқа шығатын есікке бұрыла бергенде, есіктің жанында қабырғаға сүйеулі балтаға көзім түсті. Балтаны көрген кезде белгісіз күш балтаны қолыма алғызды, балтаны алып жатын бөлмеге жақындадым. Есіктің ашық саңылауынан тәтті ұйқы құшағындағы ерлі-зайыптыларға қарап дағдарып тұрып қалдым. Сол кезде тосын дүлей күш көзіме ақша елестетіп, жатын бөлмеге кіріп, балтамен екеуінің бастарынан ұрып жібердім. Қас қағымда болған бұл сұмдық әрекетім енді ойлантуға мұрша бермеді. Тез өліктерді жерге түсіріп, матрастың астын қарадым. Ақша ол жерде жоқ болып шықты. Көзіме түскен қуыс ыдыстардың бәрін қарадым, таппадым. Қабырғадағы еңкейте ілулі тұрған айнаның артын қолымды жүгіртіп қарай бергенімде, айнаның артында тұрған үлкен шаштарақ жерге түсіп кетіп, қаттырақ дыбыс шықты. Айнаға көзім түсіп кетіп, көзі ұясынан шыға есіктен қарап тұрған осы үйдің қызы Надяны көрдім. Менің ендігі ойым куәгерден құтылу ғана болды. Дереу балтаны алып қызға қарай жүргенімде, кыз сыртқы есікке қарай жүгірді. Егер қазір қыз сыртқа шықса, не болатыны белгілі. Жан ұшыра есіктен шыға берген қыздың шашына қолым ілекті. Шашынан ұстап кейін қайтара есіктің шөткесін салып үлгердім. Енді екеуміздің арамызда өмір мен өлім арпалысы басталды. Балтаны қалай сілтесем де тигізе алмадым. Бұл жан түршігерлік хайуандық іс еді. Өзін жан ұшыра арашалаған қыз қашып жүріп «ағатайлап» жалынып, өмірін қалдыруымды ешкімге айтпайтынын айтып шырқырап жүр. Қызды өлтіру өте қиынға соқты. Қыз қанша жалбарынғанымен күнәсіз жас қызды өлтіру - бұдан артық зұлымдық жоқ екенін білсем де, өлтірмеуге болмайтын еді. Менен қашып жүріп, қатты шыңғыра көмек сұраған қыздың дауысынан оянған бес жасар ұл бала да аянышты шыңғырды. Енді кыз өзінің өлетінін анық білді. Қашып жүріп кішкентай інісін өлтірмеуімді сұрап, бала тек бес жаста екенін қылмыскер кім екенін айта алмайтынын ескертіп жалынып жүр. Сонымен, арпалыста бетінде сау жер жоқ, басын балтадан алып қашып жүргенде мұрнына балта тиіп, мұрыны бет терісіне ілегіп тұрған бас, денесінде неше жерден балтаның ізі бар адам танымастай қыздың өлі денесі алдымда жерде жатты. Мынадай сұмдықтан кейін ақша іздеудің керегі бар ма деген сұрақты өзіме қойғанымда, тұңғиыққа батып бара жатқандай едім.

Кенет, баланың ыңырсып жылаған дауысы тұңғиықтан шығарып алып, келесі қылмысқа итерді. Енді амалсыздан тағы өлтіру керек деген ой, бейшара мүшкіл қалдегі өзімнің жағдайымды дәлелдеп, бес жасар куәгерден құтылдым. Кішкентай күнәсіз бала балтамен бір ұрғанда жылап отырып, тілін тістеген күйі жан тапсырды.

Миым солқылдап, бас терімді біреулер инемен шұқылап жатқандай шекемді екі қолыммен қатты басып отырдым. Осылай ессіз жағдайда қанша уақыт отырғанымды білмеймін ту сыртымнан тесілген көзқарасты сездім. Артыма жалт қарадым. Екі үйге ортақ қабырғадағы кішкентай терезеден қарап тұрған жалғыз өзі тұратын осы үйдің көршісін көрдім. Енді маған бәрібір, көзіме тек қан елестеп, жаңа куәгердің көзін жоюды ғана ойладым. Балтаны алып көрші үйге жүгірдім. Сыртқа шығып келе жатқан көршіні ішке итеріп кіргіздім. Куәгер беті маған қараған күйі артымен шегіне бөлмесіне кірді. Шегіне өзінің төсегіне қарай жүре берді. Мен балтаны кезеп қарсы жүріп отырдым. Арбасқан қасқыр мен иттей көзімізбен бір-бірімізді жедік. Шегіне-шегіне ол өзінің төсегіне келіп отырды. Сол кезде басынан балтамен бір ұрдым. Бас сүйегінің төбесі ойылып түсті. Куәгер сеспей жан тапсырды.

Қайтадан сұмдық оқиға болған үйге келдім. Енді мұнда кідірудің жөні жоқ. Бас сауғалап ізімді жасырудың әрекетіне кірістім. Есікті сыртынан жабатын құлыпты іздеп әрең таптым. Есікке сыртынан құлып салып, балтаны алып өзенге келдім. Үстімдегі сыртқы киімдерімді тасқа орап суға лақтырдым. Есікке салған құлыптың кілтін де суға лақтырдым. Балтаның қанын суға жудым. Неге жуғанымды өзім де білмеймін. Енді оны да өзеннің тереңдеу жеріне лақтырдым. Таң қылаң беріп келе жатыр. Тезерік үйіме келіп, ізімді жасыруым керек. Шамалы кешіксем іш киіммен жүргенімді біреу көріп қалуы мүмкін. Үйіме келдім. Әйелімді оятып алмау үшін өте сақтықпен төсегіме жаттым. Жатқаныммен менің мүшкіл қалым қазір нағыз сорлы екенімді маған ыңырси айтып қояр емес. Таң атып күн жарық бола бастады. Әйелім мен қызымның ас ішетін бөлмеде дауыстары естіліп жатты. Шамалыдан кейін дауыстары естілмеді, шамасы далаға шыққан болар. Біршама уақыттан кейін тапырлап жүгірген аяқ дыбыстары естілді. Даладан үрейлене жүгіріп келген екеуі төсекте жатқан маған өзіме белгілі жағдайды асқан үреймен айтып жатыр. Миым қазандай қайнап жатқан маған, әйелім бірнәрсе айтып иығымнан қатты қозғап-қозғап кетіп қалды. Оның айтқандарынан, тұрып мен де баруым керек екенін әрең түсіндім. Ішкі ойым да бұны қостайды. Егер бармасам, онда өзімді ұстап бергенім.

Екі тізем, қолдарым дірілдеп әзер киіндім. Бейшара қалымды білдірмеуге барынша тырысып, көршімнің үйіне келдім. Ығы-жығы халықтың үрей толы жүздері қылмыскер қолдарына түссе, қас-қағымда жоқ қылатын әрекетке дайын ызалы көңіл-күйлері маған келешекте болатын сот үкімінен де күшті әсер етті.

Сатушыны қарап жатқан дәрігер, әйелдің жүкті екенін протокол жазып жатқан милиция қызметкеріне айтқанда, естігендер ішектерін тарта таңданыстан үндері шықпай қалды. Күтпеген сұмдық хабарды бір-біріне айқайлап айтып жатқан халықтың қылмыскердің атына айтпаған лағнет сөздері қалған жоқ. Жасаған қылмысыма қосылған тағы бір күнәсіз жанның өмірін қиғанымды естіп, тірі өлік болып тұрғанымда, біреу носилканың бір жағын маған ұстатты. Айтылған сөзді әзер ұғып, носилканы көтердім. Сорыма қарай носилкадағы өлік Надя болып шықты. Беті адам танығысыз, менен қашып жүріп балтаның ізі бетіне тимеген жері қалмаған, балтаның ұшы мұрнына тигенде басын ала қашқан Надяның мұрны бет терісінің бір жеріне ғана легіп тұрған күнәсіз қыздың аянышты түрі жер бетіндегі бүкіл қарғысқа лайық маған сана-сезімім үкім шығарып, сол үкімді мойындап тұрып, носилканы түсіріп алуға сәл қалдым. Қолым дірілдеп басым айналып тұңғиыққа кетіп барамын. Надяның "ағатайлап" өзінің өмірі үшін жалына шыңғырған дауысы, інісі үшін шырылдаған дауысы құлағымды жарып жатты. Есімді жиғанда қолымдағы кісенді көрдім, - деп сөзін бітірді.

Ертеңіне дүкенге бара жатқан Ырысгүл жолай облыс орталығына тергеуге апару үшін милиция бөлімшесінен машинаға мінгізуге алып шыққан қылмыскерге қарғыс айтып жатқан халықты көріп, соларға қосылып кетті.

«Қылмыскерді сотсыз халық ұрып өлтіру керек» деген сөздерге Ырысгүл де қосылып айқайлап жатыр. Милиция сақшылары қылмыскерге халықты жібермеуге шамалары келмей, оны тез машинаға отырғызуды ұйымдастыруда. Ыза кернеген халық, сақшыларды тыңдар емес. Біреулер қолдарындағы тастарын қылмыскерге лақтырып жатыр. Қылмыскерге жақындауға бір-бірін итермелеген халықтың толқынымен Ырысгүл қылмыскердің жанына келіп қалыпты. Қолындағы дүкеннен сатып алғандарын салуға алып шыққан жылтыр қоңыр түсті қатты сумкасымен қылмыскерді басынан бір рет ұрып үлгерді. Жиналғандардың бәрі қылмыскерді ең болмаса бір рет ұрып қалғысы келіп жанталасуда. Арттағылар қылмыскерге жақындай алмай әлек, жақындай алмағандар жерден тас алып лақтырып жатыр. Бірін-бірі итерген халық толқынымен шығып қалған Ырысгүл да жерден тас алып лақтырды. Ашынған халыққа милиция сақшылары әлдері келмес еді, милиция машинасы келіп қылмыскерді алып кетпегенде. Сот қылмыскердің заңды жазасын беретінін әр қайсысы білсе де, бір ғана мотоциклдің ақшасы үшін кінәсіз бес адамның өмірін құртып, сатушы әйелдің өмірге келмеген бейкүнә сәбиінің өмірін жойғаны үшін қылмыскерді халықтың қолына беруін, не ату жазасын беріп, үкімнің халық алдында орындалуын талап етіп айқайлап жатыр.

Дүкеннен ештеңе алмай келген Ырысгүл жаңа ғана көргендерін айтып тоқтар емес. Мектептен келген Жауһаз да естіген жағымсыз жаңалығын Баранникова Надежданың айуандықпен зұлым қанышердің қолынан қаза тапқаны айтылып, марқұм қызды жерлеуге бүкіл мектеп оқушылары баратынын мектеп директоры хабарлағанын айтты.

Сонымен 12 сәуір 1961 жылы ғарышқа ұшкан бірінші адам Юрий Гагариннің аты жер шарына белгілі болса, сол түні зұлымдық жасаған қанышер Захариннің аты кішкентай қалашыққа белгілі болды.

Қандай бір-бірінен алшақ жаңалық еді!!!

Советтік Социалистік Республикалар одағының бірінші басшысы Хрущев Никита Сергеевич басшылық еткен жылдарында көп өзгеріс болды. Ауыл шаруашылығына басшының жаңа нұсқауы берілді. Малды азықтандыруға өте пайдалы жүгері дақылы, сондықтан жүгері егісіне қатты мән берілу керек деген басшының жоспарымен басқа дақыл егістіктерінен жүгері егістігі басым егіліп, жүгерінің сабақтары туралып, қысқы мал азығы дайындалды. Бірақ, жүгері егісі шамадан тыс өте көп болғандықтан, уақытында жинап алу қиынға түсті. Кейбір егістіктер уақытында орылса да, жинап алғанша жаңбырдың суынан дұрыс кеппеген жүгері сабақтарынан дайындалған қысқы мал азықтарының астыңғы жақтары қызып, қарайып жарамсыз болғандары көп болды.

Хрущев Н.С. бір баяндамасында Советтік Социалистік Республикалар одағында мекен ететін халық орыс тілін жетік білулері керек! Егер бәріміз орыс тілін жақсы меңгеріп, қоғам үшін аянбай еңбек етсек, коммунизмге 1980 жылы жетеміз делінген.

Басшының бұл сөзі қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының орыс тілін дүниенің кілті деп бағалаған өзі өмір сүрген ортаға лайық қағиданы жандандырғандай халық жаппай орыс тілін үйренуге кірісті. Орыс тілін жақсы меңгерген халық 1980 жылға да жетті?..

Хрущевтың басшылық еткен соңғы жылы азық-түлік мәселесі күрт төмендеді. Сауда орындарында сатылатын азық жоқтың қасы болды. Сатылу жүйесінде ұн мүлде болмады. Ырысгүл ұнның орнына шинан сатып алып, оны езілгенше суға салып қоятын. Езілген шинанды қамырға айналдырып, сол қамырдан керекті тағамдарын жасап жүрді.

Ал, нан алу үшін қызы Жауһазбен сағат таңғы алтыдан кезек белгілеп, көп уақыттарын жіберіп нан алып үйлеріне келетін. Осылай азық-түлік мәселесінің күрт төмендеуі қалай тез болса, көтерілуі де солай тез болды.

Хрущевтен кейін үкімет басына Брежнев Леонид Ильич келісімен, сауда жүйесінде азық-түлік халық сұранысына сай болды да қалды. Тіпті, халық сұранысына артығымен жауап беріліп жатты. Болған өзгеріс жиналған жерде талқыланбай қалмайтын. Кейбіреулер ойларын ашық айтып:

- Жалтыр бас Хрущев келе сала ақшаны өзгертті. Қолға ұстағанда қомақты ақшаның орнына тілдей ақша шығарды. Соғыс біткеннен кейін Сталин аздап-аздап тамақты, халық тұтынатын заттарды арзандатып еді, Хрущев бейбіт өмір уақытында халыққа күнделікті қажет сары май, қантты қымбаттатты. Әр жанұяға бір сиыр мен бес бас уақ малдан артық ұсталмасын деген бұйрығы тағы бар. Қысқасы, бізді аштан қатыра жаздаған Хрущевтың орнына келген жаңа басшы мәселені шұғыл орнына келтірді. Тамақ үшін ұзын-сонар кезекте тұрып әбден шаршап едік, одан құтылдық. Жаңа басшының келімі де келген екен, түсі игіден түңілме деген әсіресе, қасын айтсаңшы қандай қалың, нағыз патшаға лайық келбет! - деп жатыр. Сонда, біреуінің ойына келген жоқ, калай аз уақыттың ішінде бәрі жоқ болды да, жаңа патша таққа отырғанда қайтадан бәрі бар болып шықты.

Брежнев басшылық еткен халық өмірінің жайбарақат уақытында Әубәкір мен Ырысгүлдің қалада тұратын балалары ата-анасын жандарына көшіріп алу жоспарын жүзеге асыру жолын талқылау барысында көршілері мен елдегі туыстарды, қоян-қолтық араласып жүрген замандастарын қиғысы келмеген отбасы қартаятын шақтарын ойлап, балаларының ұсынысын қабыл алды.

Қалаға көшіп келген әке-шеше өздері үшін сатып алынған үйге көңілдері толып, балаларына ырза болды. Көрші үйде орыстар тұратынын естіген Ырысгүл көршісімен сөйлесе алмайтынына уайымдап еді, көрші әйелдің қазақ тілін білетіндігі қатты қуантты. Көрші әйел Тамара да өзінің ойымен бөлісіп, ешкіммен қазақша сөйлеспеген соң тілді ұмытып бара жатқанын, енді қайтадан жақсы сөйлейтін үмітін айтып жатыр.

Жақсы қарым-қатынастағы көршілер болып бір-біріне ұлықсатсыз барып-келіп жүрген күндердің бірінде көрші әйел Тамара Ырысгүлге келді. Түскі астарын ішіп отырған от басының төрт көзі түгел болатын. Бәрі көрші Тамараға ілтипат білдіріп, шайға шақырды. Тамара ырза болып, әңгімелесіп біраз уақыт отыруға қарсы еместігін, бірақ үй жұмыстарымен жүргенде ыстықтап, осында келерде бюстгалтерін шешіп тастап кеткенін қынжыла айтты. Әубәкір отырғандықтан, кетуді жөн санаған ойын айтқанда, бәрі көпке дейін күлкілерін тия алмады. Тамара кеткен соң балаларынан күлкі мәнісін естіген Ырысгүл қосыла күліп, көңілді түскі ас ішу ұзаққа созылды. Бәрінің не үшін күліп отырғандарына мән бермеген отағасы үндемей тамағын ішіп отыр. Егер күлкі не үшін екенін білсе де жай ғана жымияр еді, жібек мінезді әкеге қатты күлудің өзі ерсі сияқты.

Бірде Ырысгүл Тамараға бару үшін көршісінің ауласына кірді. Көршісі Иван есігі ашық тұрған сарайда жүр екен. Тамара Ырысгүлді қуана қарсы алып, дереу самауырынды тоққа қосып, шай дайындай бастады. Даладан келген Иванның киімінен сарайдың ашық тұрған есігінен шыққандай күлімсі иіс шығып тұрды. Тамара Ырысгүлден қысылып жағымсыз иістің себебін түсіндіре, сарайдың есігін ашып қоймаса ыстық күнде шошқалары тұншығатынын айтып, қонағының кесесіне ілтипатпен шай құйды. Тамараның қолынан ұсынған кесені ала берген Ырысгүл кенет жүрегі айнып, аузын басып атып тұрды. Есікке беттеген Ырысгүлді түсінбей, жолын бөгеген Тамараға шошқадан жиіркенетінін әзер жеткізіп, шығуға бет алды. Тамара шай жасарда қолын жуғанын, қазір Иван сарайдың есігін жапса бәрі орнына келетінін айтып, Ырысгүлдің кетпеуін өтініп бәйек болуда. Тамараның сөзін тыңдауға шамасы жоқ Ырысгүл далаға тез шықты. Үйіне келісімен құсып, төсек тартып жатып қалды. Анасынан ауруының себебін сұрағанда, Ырысгүлдің берген жауабы түсініксіз болып, балалары қатты мазасызданды.

- Әлгі "жаман" бар ғой, содан ұшындым, - деген сөзден басқа ештеңе айта алмаған анасы шарасыз балаларына түсіндіру үшін Тамараның үйіндегі «жаман» деген қосымша ақпаратқа керек сөзін қинала әзер айтты. Тамарадан болған жағдайды естіген балалары анасының ауруының мәнін енді түсініп не күлерін, не күлмесін білмеді. Таңертең Ырысгүлдің беті ісіп, көзі көрінбей кетті. Шошқаның атын атамақ түгілі, есіне шошқа түссе жүрегі айнып қоя беретін болды.

Енді атасының атын айта алмайтын келінге ұқсап «шошқа» деген сөзді айтпайтын. Сөйтіп, шошқа малы Ырысгүлдің әрі атасы, әрі қайынағасы болып, бұл шіркін «Жаман» деген есімге ие болды. Бірде шошқаны телевизордан көріп ауырып отырған Ырысгүл немересіне ауруының себебі «жаман» екінін айтқанда немересі түсінбей ал, әжесі жаманның шын атын айта алмай қиналғаны өз араларында көп уақыт күлкі болды, бірақ таңданарлық та жай еді.

Осыдан көп жыл бұрын Ырысгүлдің түсінде екі шошқа бір-бірін қуалап ауласында жүрді. Шошқаларды ауладан шығару үшін қолына таяқ алып қуа бергенде шошқаның біреуі қорсылдап ашық тұрған есіктен үйіне кіріп кетіп, керуеттің астынан шықпай қойды. Ал, екінші шошқа итке айналып Ырысгүлге қарап шабалана үріп, үрген бойы ауладан шығып кетті.

Кейін екі келін түсірген Ырысгүл келіндерінің мінездеріне қарап, бұрын көрген түсі есіне түсті. Шынында үлкен келіні шошқадай қорсылдайтын, кіші келіні итше үретін. Түсіндегідей үлкені үйінде қалды, кішісі кетті.

Ойынан кетпейтін сол көрген түсінің өмірінде орындалуы, құдайдың құдіретімен болғанды ырзалықпен қабылдау міндетін жете түсініп, Ырысгүл отбасы үшін, өзі үшін алладан тілек тіледі. Оқыған намаздарынан кейін келген еліне, қосқан қосағына, бақытты өміріне, көтерген он бір құрсақтан бес балаға өмір бергеніне ырзалығын айтып, енді Жаратушыдан өзін ешкімге сабытын салғызбай алғанын сұраған тілегін жиі айтып жүрді.

Қалаға көшіп келу Әубәкірдің отбасына көп өзгеріс әкелді. Сатып алған үйлері қаланың ортасында болғандықтан уақ мал ұстау мүмкін емес. Ал, қолдағы бір сиырды таңертең ертемен бақташы бағатын сиырларға қосатын. Әбекең мен Ырысгүл бұл жерде ақ сиыры бар көшіп келген кісілер деген атпен танымал болып, маңайындағы көршілері көшіп келген жаңа көршінің үйін іздегендерге ықыласымен жол көрсетіп жүрді.

Жазда қалада ыстық, жасы келген кісілерге қиын болды. Әрі өздері қатарлас үлкендер көктем айы басталысымен малдарымен қырға шығады екен. Әубәкірдің жылқылары біреудің табынында болатын. Жылқыларын өздері қолдарына ұстап, пайдалану үшін жайлауда болуды жөн көрді. Көктем шығысымен малдарымен жайлауға шығып, күздің қатты суығы түскенше сол жердегі мал ұстаған ауылдастарымен отыратын. Бәрінің салып алған үйлерінің пештері бар. Суықта үйлерінің жылы болуына жағдай жасалған. Қысқы соғымға екі жылқы малын сойып, екі ұлының жанұясына бөліп беріп, немерелері демалысында келіп, мәре-сәре болып бақытты от басы жүріп жатты.

Қалаға көшіп келгендеріне он жылдың көлемінде қырға шығу мен қыста қалада тұрып жүрген жанұяға қара бұлт үйіріліп, отағасы ауруға шалдықты. Емделмейтін асқазан қатерлі сырқаты күннен-күнге ӘКЕ-нің жағдайын төмендетіп жатты. Ауруы қатты болса да, ешкімнің мазасын алмай шыдап жатқан науқастың көңілін сұрай келген көрші:

- Ауруының қаттысын-ай, өзінің сабырлылығын-ай! - деді шығып бара жатып. Отағасының шыдамын білетін Ырысгүл күрсіне мақұлдады.

1908 жылы өмірге келіп, 14 тамыз 1981 жылы Әубәкір жетпіс үш жасында бұл дүниеден өтті.

От басының қадірі, өте салмақты мінезді, балаларын ешқашан қатты сөзбен ренжітпеген ардақты әке оралмас сапарға кетті.

Дауыс көтеріп сөйлемеген, жанға жайлы мінезді, отасқан жылдарының ішінде қатты сөзге келмей бірге өмір сүрген отағасымен Ырысгүл біржола қоштасты.

Қырға шығу қиын болатынын ескерткен отағасы қамқорлығын түсінген Ырысгүл өзін сынау үшін көктем шыға жайлауға шықты. Балаларының көмегімен көп жылдар жайлауда болып, қыста қалаға келіп, бұрынғы уақыттағыдай Ырысгүлдің отбасы тұрып жатты.

Ырысгүлдің көңілінің шарықтайтын уақыты бұрынғы тұрған жерінде болған тойға баруы. Мұндай жиындарда болған Ырысгүл бір жасап қалушы еді. Бұрынғы абысындары, таныстары өзін қошаметпен қарсы алып, жасы келсе де бет реңі өзгермегенін айта қалса, мақтануды ұнататын Ырысгүл бетін шөптердің буына жиі булайтынын айтып, қулана күлетін.

Осындай көңілді сәттер жиі болса да, ауыратын көптің біріндей Ырысгүл соңғы кезде жиі ауырып жүрді. Ауырғанда көбіне құсып тәуір болатын. Бірде қонақ бөлменің дәл ортасына салынған төсекте қатты ауырып жатқан анасының бұл жаңалығын түсінбей, Жауһаз себебін сұрады.

- Өліп қалсам бәрің келіп айналамда отырып жыласын деген ойым ғой, - деп Жауһазды еріксіз күлдірді.

Анасын тыңдап отырып өзіне өмір берген, өмірінің жалғасы үшін күрескен ана құдіретіне шексіз риза Жауһаз, дер кезінде жанында болған анасының көмегі өмір бойы жарық дүниені көрмейтін мүгедек болуынан сақтап, өмірін ұзартқан кезеңді толғана есіне алды. Бес-алты жас шамасында далада балалармен ойнап жүрген Жауһаздың көзінің алдынан қатты дарылдақ дауысты шыбын зу етіп өткенде, көзінің ішіне бір нәрсе пайда болғанын сезінген. Бұған мән бермей ойынды жалғастырып, үйіне келіп ұйықтап оянғанда бір нәрсе көзін тұтып тұрғанын байқады. Осы туралы анасына айтқанда көзін ашып көріп, көзінің ішіндегі жыбырлап жүрген құрттарды көрген ана, жан ұшырып қызын дәрігерге әкелген. Көзіне дәрі құйылғанымен, шамалыдан кейін құрттар қайтадан көріне беріпті. Шәмшия әже көзіне тілін салып құртты тілімен алып көрген, қанша тырысқанымен көзінде құрттар қалып қоя берген екен. Үлкендер көзіне ащы насыбай құйып, жанын қинап емдеген. Анасы еңіреп, қызын арқасына салып жанталасып үй-үйді аралап көмек сұраған. Егер сонда жанында жанашыр анасы болмаса?..

Әңгіме айту анасына дәрідей әсер ететінін білетін Жауһаз, өздеріне айтпаған әңгімесі бар болса тыңдағысы келетінін білдірген қызының өтінішін орындауға Ырысгүл қуана келісті. Жас кезінде бір қарттың әңгімесінен үзінді айтуды жөн көріп ықыласпен сөзін бастады. "Көп жылдардан кейін таққа басында қалы бар патша келеді, сонда елде бір өзгеріс болар. Болашақта жер жүзін орта бойлы, сарғыш түсті халық соғыссыз билейді"- деген көне естеліктен есте қалған анасының жорамал әңгімесіне сол уақытта мән бермеген Жауһаз Горбачев Михаил Сергеевич Советтік Социалистік республикалар Одығының басшысы болып тағайындалғанда басындағы қалға назар аударып, анасының жас кезінде естіген әңгімесіне мән беріп ойланып қалды.

Ал, бойы кішірек сарғыш түсті халық кім болғаны? Неге екені белгісіз Жауһаздың ойына қытай халқы келе қалды. Шынында соғыссыз ақырындап елімізді жайлап жатыр. Қытайда жасалынып әкелінген халық тұтынатын заттар, яғни киім мен тамаққа не қосылатыны белгісіз. Иісі өте жаман аяқ киімдерді, үстіне киетін киімдерді сатып алып халық пайдалануда. Саны көп, сапасы жоқ тігілген киімдер, аяқ киімдер өте тез істен шығып, қайтадан арзан бағалы күнделікті қажет заттарды халық сатып алады. Белгісіз қоспалары бар Қытай өндірген тамақты жеп, халықтың денсаулығы нашарлап жатыр. Тойға, өлікке жыртыс үшін қытай матасын сатып алып, жыртыс дайындау барысында мата бояуының иісі мұрынды жарып түшкіртіп, көзге әсер етіп жыртыс дайындаған әйелдер қиналады. Денсаулықты ойламай, еңбекпен тапқан ақшамызды жоғарыдағы айтылған керексіз мүддемізге жұмсап, басқа елді байытып, қазақ халқы өзі кедейленіп, өзімізге неге жиі ауырамыз деген жауабы жоқ сұрақ қойып, көп жылдар адам өміріне зиянды қоспа қосылған тағамдармен қоректеніп ақырындап өліп, құрып жатамыз. Өкініштісі бұл жағдайда нақты кінәлі жоқ. Халық тұтынатын заттардың зиянды жақтары туралы мысалдар көп. Мысалы: Базардан алынған бала жейдесінің түймесінің ішінен көзге көрінбейтіндей өте кішкентай белгісіз жәндіктердің шығуы, дүкеннен сатып алынған музыка ойнайтын қытай ойыншығын көбірек тыңдағанда адамға бас айналғандай әсер ететіні - тағы басқа көп мысалдарды ойша келтіріп, өзінің қытай жөнінде ойларын дәлелдеді.

Елдегі экономика саласының өзгеруіне байланысты азық-түлік, тұрмысқа қажет заттармен халықты қамтамасыз ету үшін талон жүйесі енгізілді. Жүкті әйелдерге берілетін азық-түлік, өмірге келетін сәбилерге керекті заттар да қарастырылған. Ырысгүл жүкті немере келінінің талонымен алынған етте жеті асықты жіліктер болғаны, өмірге келетін жас нәрестенің болашағына балап қуанды. Бұл қуанышына негіз бар еді. Немересінің үйленуі екі елдің бесінші сүйек жаңғыртуы болғандықтан өмірге келетін шөбере Ырысгүл әжеге қымбат болатын.

Горбачев Михаил Сергеевич басшылық етуі Советтік Социалистік он бес республикадан құрылған одақтың бейбіт жолмен тарап, өз алдарына мемлекет болуымен аяқталды.

Ырысгүл Сүйіндік қызы Романовтар әулетінің соңғы патша Николайдың уақытындағы заманды, алаш орда мен уақытша өкіметтің аз уақыт басшылығын, Совет өкіметінің алғаш құрылғандағы заңсыздықтарын өз көзімен көріп, тәуелсіздік алған қазақ мемлекетін көріп, құдайдан шын ниетімен сұраған тілектері қабыл болып, төсек тартып көп ауырмай отағасы Әубәкір қайтыс болғаннан кейін он тоғыз жыл өмір сүріп сексен алты жасында 1914 жылы көктемде науырыз айының аяғында өмірге келіп, 2000 жылы көктемде бірінші наурыз күні өмірден озды.

Суырып салма қасиеті бар Ырысгүл Сүйіндік қызының өлеңдерінің көбісі жазылмай тек "Жас дәурен - Кәрілік", "Әкем, атам қорғаным" атты азғана өлең шумақтары қалыпты.

Жас дәурен - кәрілік

Қызығын қызыл тілдің қыздырайын,

Өмірімді, көргенімді қайталайын.

Ана сүтін еме алмай, нәзік өсіп,

Ержетіп оралыппын туған үйге.

Жас дәурен ойламадым кетеді деп,

Көрген күн сағым болып өтеді деп.

Жасымда жоқ нәрсеге мән бермедім,

Балаларым аман жүрсе жетеді деп.

Жас дәурен білмедім ғой кетеріңді,

Жас санап үлкендіктің жетеріңді.

Көтерді еркелігімді түскен елім,

Білмеймін, түсінбесе не етер едім.

Жас дәурен әр уақытта керек болдың,

Бақ-дәулет егілген сен терек болдың.

Қартайып қасиетім болмай ма деп,

Бір алла жөнмен ал деп, тілек қойдым.

Жас дәурен өзіңмен бірге болдым,

Өмірдің қызық күнін бірдей көрдім.

Жасымда тарын заман болғанымен,

Бір күннен бір күн қызық өмір сүрдім.

Жасымда талай-талай ғасыр өтті,

Тар заман үстімізден басып өтті.

Үлкендік неғылады дейтін едім,

Күшімнің бәрін ұстап, әлсіретті.

Жасымда жаманмын деп ойламадым,

Ойласам ой түбіне бойламадым.

Жүруге бұрынғыдай адымым жоқ,

Апыр-ай, не болад(ы) деп қорланамын.

Айтайын кәрілік жолын біразғана,

Ойнайтын, күлетұғын күн азғана.

Келмейді өткен дәурен өксігенмен,

Үлкендік қуып жетті-ау ызғарлана.

Санамды тебірентер қиялым бар,

Үлкейген адамдарда қанша күш бар?

Үлкендік жас санап келді жетіп,

Күшім жоқ отырамын тынысым тар.

Азаяр үлкейгенде баста миың,

Келмейді сонда қайтып өткен күйің.

Ойымдағы назымды тыңдаңыздар,

Айтайын үлкендіктің кәріп жайын.

Қартайса адам нәзік болады екен,

Жастардың қатты сөзі батады екен.

Алдына үлкендердің дастарқан жай,

Алыңдар баталарын деген сөз бар.

Береміз батамызды балаларға,

Өсірген балаларды аналарға.

Үлкендер баталарын береді ғой,

Үлкейем деген бар ма хабарыңда?

Сендер де бата беріп үлкейіңдер,

Бір Алла өмір берсе, көркейіңдер.

Арақтың зиянкесін білсеңдерші,

Лақтыр, стақанды төңкеріңдер!

Мен өзім осы кезде «жаман» болдым,

Білмейтін ештеңені адам болдым.

Баратын жерлеріме жүре алмайтын,

Қимайтын дүниені «сараң» болдым.

Үлкендік, мен қайтейін көзіңді ашпа,

Көрсетерсің жек көрінішті бала-жасқа.

Балаларың мінеки деп жөнін айтса,

Үлкендер мәз болады ықыласқа.

Аман бол бәрің дағы балаларым,

Соқтырған ақ болаттан жағаларым.

Тілеймін бәріңе де жақсы тілек,

Сендерге жолдас болмас, аналарың.

Анамыз бәріміздің де өтіп кеткен,

Сұм дүниенің түбіне кімдер жеткен?

Жетерсің деп желдей есіп, жандарым-ай!

Өсиет қып ана сөзін айтып кеткен.

Көпшілік, анам аты - Торғын еді,

Дәулетін қолындағы берген еді.

Қолыңда асың болса бер кісіге,

Бергенің перде бұзад(ы) деген еді.

Көпшілік, енем аты - Сәтен еді,

Балам-ай, әр жұмысың қате деді.

Қатемді түзеу үшін бар ынтаммен,

Тыңдап жүрдім әже сөзін ықыласпен.

Келген елге тастай батып, судай сіңген,

Сарыарқаның келінімін құдай деген.

Үлкендерді сыйласаңдар, балларым!

Сыйларың ешқайда да адаспайды дер едім.

Әкем, атам қорғаным

Көпшілік әкем аты Сүйіндік еді,

Қазыбай ата ұрпағының жалғасының бірі еді.

Құдыреті күшті Жаратушы он бір бала бергені,

Сүйген құлын мадақтап, өсірейін дегені.

Көпшілік атам аты - Молдабек ед(і),

Жылкелді, Сарсенбайдың баласының бірі еді.

Кенжесі Әубәкірдің ақжаулығы, онбір құрсақ көтерген,

Руым бабас, Ырысгүл Сүйіндік қызы мен едім.

Соңы.

11310

Пока нет комментариев. Авторизуйтесь, чтобы оставить свой отзыв первым!